«Екі жиреннің» тағы бір нұсқасы

0
867

Бірде Ахмет Байтұрсынұлының шығармасы, бірде халықтыкі делініп жүрген «Екі жирен» әнінің айырмашылығы бар нұсқалары табылып жатыр. Жақында «Астана ақшамы» газетіне жариялаған «Екі жиреннің екінші нұсқасы» атты мақаламызда («Астана ақшамы», №33, 2023 жыл, 19-наурыз) қазірге дейін өзімізге белгілі болған үш нұсқаны оқырманға ұсынғанбыз. Әсіресе, 1951 жылы төте жазумен баспада шыққан «Қазақ әндерінің» жинағындағы «Екі жиреннің» зерттеуге тиіс тармақтарын ортаға салып едік.

Арада бірнеше күн өткенде «Екі жиреннің» тағы бір нұсқасын тауып алдық. 1939 жылы латын қарпімен Алматыдағы «Комсомол» баспасынан шыққан «Өлең-Әндер» деп аталатын кітапта да «Екі жирен» бастатқан көптеген өнер мұралары енгізіліпті. Шығармаларды жинақтаушы С. Қашқынов, редакторы Е. Смайылов, Қ. Бекхожин.  Таралымы – 20 000 дана. Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында сақталған. Бұл кітаптағы әндердің ішінарасына авторы көрсетілген. Көп сандысына ескертпе берілмеген. Бір қызығы, «Екі жиреннің» мұндағы екі шумақ, бір қайырмасында біз өткендегі мақаламызда аса құнды деп бағаланатын кейінгі кезде «Екі жиренге» қайта қосылған бір шумақ бар.

Екі жирен

Көшкенде жылқы айдаймын аламенен,
Ауылыңа барушы едім даламенен.
Түскенде сен есіме, беу қарағым,
Сағынып сарғаямын санаменен.

Ақау, екеу жирен, жалын түйген,
Жалғанда ғашығымсың жаным сүйген.

Ей, құрбым сөз сөйлейін көрген зардан,
Айтпаймын күдер үзіп ақсұңқардан.
Көңілімде еш дауалық болмаған соң,
Бойымда толып жатыр арыз-арман.

Мінеки, осындағы екінші шумақ қазір орындалып жүрген нұсқасында жоқ. Бірақ, бұл шумақ ахметтанушы ғалым Райхан Имаханбеттің «Ғасыр саңлағы» еңбегінде «Ахаңның асыл әндері» атты тарауында берілген «Екі жиренде» кездеседі. Ол кісі Міржақыпқызы Гүлнардың естеліктеріне сүйенген. Ал, 1939 жылы жарыққа шыққан бұл кітапта «Екі жирен» Ахметке тиесілі еңбек екені айтылмаса да, біз құнды деп қарап отырған сол бір шумағы бірге берілген. Бұл арқылы өлеңді Ахметтің туындысы деп кесіп айтуға келмесе де, «Екі жиренде» Гүлнар Міржақыпқызы келтірген шумақтың «Екі жирен» әнінде шынында бар болғанын, кейін келе ол шумақ біртіндеп орындаудан қалғанына толық көз жетеді.

1939 жылғы жинақта жұртқа белгілі төмендегі бір шумағы берілмеген:

Ғизатлу хат жазамын, қалқам, саған,
Самарқау осы күнде көңілім шабан.
Мұғаллақ екі дүние бірінде жоқ,
Дариға осыменен өтті заман.

Қорыта келсек, 1939 жылғы нұсқада біз атап отырған шумақтың бар болуы құнды да, ал 1951 жылғы нұсқада ән мәтінінде ауыс-күйіс кеткенімен, «Әридашты» қосуы зерттеушілердің назарын аударады.

Торғайдың тумасы, Ахметтің аталас туысы, ғалым мұрасын бір кісідей зерделеп жүрген Ерахан Қабылов Ахметтің «Екі жирені» де, «Аққұмы» да Іңкәрға арналған ән екенін, деректерге негізделе отырып дәлелдейді. Әридаш – Ахметтің Іңкәрді еркелетіп атағаны деп көрсетеді. Е.Қабыловтың «Ахаң мұрасына адал болайық» атты көлемді мақаласында аталған екі әнмен қоса, «Қарғаш», «Қарагөз» секілді әндердің талассыз Ахметтікі екенін, Ахмет Аққұмдағы Іңкәр ауылына ұрыны барғанда қасында болған, анттас досы Бекболаттың Ахметі айтып кеткен деректерге және өзге де қария сөздеріне сүйене отырып аша түседі. Дегенмен, Ераханның бұл мақаласында да нүктесі асығыс қойылған айтылымдар бар. Оны ойлы оқырман ары қарай талқылай түсер.

Аталған әндердің басқа авторларға немесе халыққа телініп кеткені әрине, Ахметтің жазықсыз қуғындалуына, жазалануына байланысты екені басы ашық нәрсе. Тіптен, Ахметтің көзі тірісінде-ақ ғалымның көптеген мұрасы халыққа телінді. Оған, біріншісі, саяси қуғын себепкер болса, екіншіден, Ахметтің түрлі басылымдарға берген еңбектеріне өзін автор ретінде үнемі көрсете бергенінен деуге болады. Александр Затаевичке берген ән-күйлердің ішінде де өз шығармасы бола тұра, оған ескертпе бермегені де барым халқыма ұстанымында болған ғалымның өзіне ғана тән осы бір әдетінен болса керек. Дегенмен, ғылыми, дәделді, нақты тұжырымды ақыр соңында ахметтанушылар қояды деп сенеміз.

Ахметтің туыс ұрпағы, зейнеткер Амандық Шаймерденов ақсақал таластағы Ахмет әндерінің автордың өзіне меншіктеуді жиі айтып жүр. Ақсақал жақын-жекжат, құймақұлақ қариялар сөзіне сүйене отырып, Ахмет-Іңкәр оқиғасын майын тамыза баяндап береді. Аталған әндердің Ұлт ұстазының төл туындысы екеніне ахметтанушы ғалымдардың да күмәні жоқ. 51 жыл бойы Ахмет атын атаудың өзі қиын болған кезеңде Алашқа қызмет еткен егейлердің мұрасы халыққа немесе әлдекімге телініп кетті. Біз неге Ахмет өзі өмір кешкен өмірдің дерегіне емес, кейінгі кер заманның мұрағатына жүгінеміз?! Қалай деген күнде де Ахмет Байтұрсынұлының ән-күй мұрасын, композиторлық қырын зерделеп, ғылыми тұрғыда тұрақтандыратын уақыт жетті.

Әділет АХМЕТҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here