Германия канцлері қара сөмкенің неге жаңасын сатып алмайды?

0
738

Жалпы ішкі өнімнің көрсеткіші бойынша әлемде АҚШ пен Қытайдан кейінгі үшінші орында (4,4 трлн доллар) тұрған Германия канцлері Олаф Шольц өте қарапайым өмір сүреді. Неге десеңіз, 85 млн халқы бар бақуатты ел үкіметін басқаратын 65 жастағы саясаткер 40 жыл бойы қара сөмке (портфель) ұстап келеді. Сонда Олаф Шольц сөмкенің неге жаңасын сатып алмайды? Жұртты қызықтырған сұраққа Instagram парақшасында канцлердің өзі жауап берді.

ҚЫРЫҚ ЖЫЛ БҰРЫН САТЫП АЛҒАН ҚАРА ПОРТФЕЛЬ

«Бұл қара сөмке менімен 40 жылдан бірге келеді. Әр кездесуде, әр іссапарда, тіпті демалыста да ұстап жүремін. Себебі, мен оны жас заңгер кезімде сатып алдым», – деп жазды Instagram парақшасында 14 маусымда 66 жасқа толатын Олаф Шольц.

Аталған қара портфель Bree неміс компаниясының өнімі. 40-тан 34 сантиметрге дейінгі Times 16 үлгісінде таза былғарыдан жасалған және алдыңғы жағында екі үлкен қалтасы бар. Өндірушінің мәліметінше, оның құны шамамен 890 неміс маркасын құрайды (890 еуро).

Канцлердің сөзінше, қара сөмкені 1985 жылдары Гамбург қаласында тағылымдамадан өткен кезде сатып алған. Содан бері Олаф Шольц сияқты әлем қатты өзгерді. Бірақ, қара портфель өзгеріссіз қалды.

«Менің бұл қара портфельге байланып қалғаным рас. Жаныма жақын. Кейбір әріптестерім қара портфельдің тозғанын айтып, жаңасын сатып алуымды айтады. Дегенмен, жыртылғанша ұстайтыным анық. Неге десеңіз, жылдан жылға қара портфель өзіме ұнайды», – деп түсіндіреді канцлер.

Олаф Шольц 1985 жылдан бергі саяси мансабына куәгер болған қара портфельді тастамақ емес.

ҚАРА СӨМКЕНІҢ ІШІНДЕ НЕ БАР?

Расында, қара портфель барлық жерде Олаф Шольцпен бірге жүреді. 2022 жылы Украинаға Германия канцлері ресми сапарында ұстап барды. Олаф Шольц Киевтегі Президент сарайының алдындағы қызыл кілемде өзінің қара сөмкесімен пайда болған кезде жиналғандар таңданысын жасыра алмады. Германия канцлері Олаф Шольц Украина президенті Владимир Зеленскиймен қол алысып, екінші қолында қара портфель ұстап тұрды. Кездесу кезінде осыны байқап қалған украин күзетшісі канцлер қолынан алып тастады.

Қара портфельдің ішінде не бары көпшілікті қызықтыратыны рас. Ол үшін енді канцлердің сөмкесін ашу да қажет емес. Олаф Шольц өзінің Instagram парақшасында бұл сұраққа жауап берді.

«Жұрт менен үнемі сөмкемде не барын сұрайды. Олар ойлағаннан әлдеқайда қарабайыр жауап айтамын. Оқу көзілдірігі, күнделікті газеттер және құжаттар бар. Қара портфельдің алдыңғы қалтасында әрқашан Социал-демократиялық партияның (SPD) мүшелік билетімді саламын», – дейді Олаф Шольц.

Айта кетейік, канцлердің сүйікті сөмкесін шығарған Германияның Bree компаниясы жақында өзін банкрот деп жариялады. Осылайша 1970 жылдан бергі уақытта былғарыдан жасалған сөмкелерімен танымал болған компания нарықтан кетті.

ҚАРА ПОРТФЕЛЬДІ ЕКІ ҰЙЫМ АЛҒЫСЫ КЕЛЕДІ

Германия канцлері Олаф Шольцтің қырық жылғы қара портфелін екі ұйым алғысы келеді. Біріншісі – социал-демократтардың бай дәстүрі бар Фридрих Эберт атындағы саяси қор, екіншісі – Германия тарих мұражайы.

Бонн қаласындағы бұрынғы федералды канцлер кеңсесіне қарама-қарсы орналасқан мұражай 1994 жылы ашылды. Германияда халық ең көп баратын мұражайлардың бірі саналады. Онда жылына шамамен 850 мың адам барады.

Мұражай басшысы Харальд Бирман қара портфельді сатып алуға қызығушылық танытқанын айтады. Өйткені, бұл сөмке бұрынғы неміс канцлерлеріне тиесілі заттардың бұрыннан бар топтамасын толықтырар еді. Мұражайда 1982-1998 жылдары канцлер болған Гельмут Кольдің кардиганы және 2005-2021 жылдардағы канцлер Ангела Меркельдің ескі ұялы телефоны бар.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Бір анығы, Олаф Шольц дәл қазіргі жағдайда қырық жыл бойы сенімді серігіне айналған қара портфельмен қоштаспақ емес. Ол қара сөмкесі тозығы жетіп жыртылғанша немесе өмірінің соңына дейін серігі болып қала бермек.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here