БЕЙНЕЛЕУ ӨНЕРІНІҢ БӘЙТЕРЕГІ

0
3055

Даңқты суретші Әбілхан Қастеевтің туғанына 120 жыл толуына орай тұлғаның атымен аталатын Алматыдағы Мемлекеттік өнер мұражайында қылқалам иесінің туындылары топтастырылған үлкен көрме ашылды.

Ғұмырын шығармашылыққа арнаған сурет өнерінің майталманы Қастеевті халқы «Қазақ бейнелеу өнерінің әкесі» деп атап кеткен. Қарапайым қазақ отбасынан шыққан біртоға баланың кейін бүкіл елге ғана емес, әлемге аты танылған талантты суретші боларын ешкім білген жоқ. Десе де, бала Әбілхан қолөнер мен суретшілік өнерге жастайынан бейім болатын. Оған бір себеп – анасы Айғанша алаша, кілем, бау-басқұр тоқуға, сырмақ сырып, шым ши жасауға шебер адам еді. Әбілхан анасының өнерін бала кезден көкейіне түйіп, оған ою-өрнек салуға көмектесіп, кескіндеме өнеріне машықтанады. Қастеев десе есімізге «Амангелді сарбаздары» (1970), «Жас Абай» (1945), «Түрксіб» (1932), «Жамбылдың портреті» (1937) сынды керемет картиналар елестейді. Мектеп кезінен-ақ даңқты суретшінің осы туындыларына қанығып өскенбіз. 

БАЛА СУРЕТШІДЕН ДАРА СУРЕТШІГЕ ДЕЙІН

Тұлғаның дүниеге келгеніне 120 жыл толуына орай ұйымдастырылған Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайындағы ауқымды мерейтойлық көрме туындыларына қарап, Әбілхан Қастеев еңбек жолын алғашында шопан боп бастағанын елестету қиын. Буыны қатпаған баланың әкесі мезгілсіз қайтыс болып, дүниені ерте тәрк етеді. Отбасын асырау міндеті ұлы Әбілханның мойнына түседі. Еңбектің ортасында жүрсе де болашақ суретші кішкентай кезінен бастап өнерге тартылды. Ол ағаштан әртүрлі қолөнер бұйымдарын, тіпті адамдардың мүсіншелерін ойып салғанды ұнататын. Алайда, мұсылмандықта бұған тыйым салынғандықтан, баланың мұндай құмарлығы қабылданбады. Тіпті, молда оған мешітке кіруге тыйым салды деп те айтылады, бірақ бұл болашақ суретшіні тоқтата алған жоқ. Бала Әбілхан өз өнеріне модель болуға туыстарын, көбінесе әпкесін тартатын.

Осылайша, өмірдің өзі бала Әбілханға мүмкіндіктер есігін ашады. Жас жігіт өмірі мен шығармашылығында шешуші рөл атқарған Түрксіб құрылысында еңбек етті. Кейінірек суретші өз шығармаларында Түркістан-Сібір теміржолының құрылысы тақырыбын бірнеше рет қозғады. Суретшінің ең танымал картиналарының бірі «Түрксіб» деп аталатыны да осыдан. Сөйтіп, болашақ суретші отбасын асырау үшін құрылысшы болып жұмысқа орналасады. Дәл осы мекемеде басшылық оның суретшілік қабілетін байқап, бала Алматыға оқуға жіберіліп, бейнелеу өнері саласындағы алғашқы білімін Николай Хлудовтың шеберханасында алады. Содан 1934 жылы Әбілхан Қастеев Абайға арналған байқауға қатысады: оның жұмысы алғыс хатпен марапатталып, суретшіге Мәскеуде оқуын жалғастыруды ұсынады.

Әбілхан Қастеевтің алғашқы жеке көрмесі 1942 жылы Алматыда өтті. Ал екі жылдан кейін ол Қазақ КСР халық суретшісі жоғары атағын алған республикадағы тұңғыш қылқалам шеберіне айналды. Әбілхан Қастеевке бұл атақ 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс көшбасшысы Амангелді Имановтың портреті үшін берілген болатын.

Ағымдағы мерейтойлық көрменің бір көрме залынан екіншісіне ауыса отырып, суретшінің бүкіл даму жолына үңіле аласыз: кейіпкерлері көбінесе туыстары болған алғашқы портреттік шығармалардан бастап, кеңес жылдарында танымал социалистік реализм жанрындағы көлемді полотноларға дейін. Мысалы, Әбілхан Қастеев 1936-1937 жылдары «Бие сауу», «Колхоздағы той» картиналарын салған. Бұнда ол Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында ауыл өмірінде қандай өзгерістер болғанын анық көрсетті. Суретші сонымен қатар «Ескі және жаңа тұрмыс» деп аталатын кескіндеме мен графикалық картиналар сериясымен жұмыс істей бастайды. 1940 жылы ҚазКСР Суретшілер одағының бірінші съезіне қатысып, соғыс жылдарында ҚазТАГ-та соғыс және колхозшылардың тылдағы еңбегіне арналған плакаттар мен композициялар жасаған.

«КСРО-ның Ұлы Отан соғысындағы жеңісінен кейін, 1957 жылы суретші рекордтық егін жинауға арналған «Егін ору» картинасын салады. Сол жылы егін жинау бойынша Украинаны да басып оздық. Бұл картинаны Қастеев мұражайына бір кездері ерлі-зайыптылар Заманбек Нұрқаділов пен Мақпал Жүнісова сыйға тартты», – дейді өнертанушы Әміре Жадайбаев.

Суретшінің шығармашылығында тарих тақырыбы үлкен орын алады. Мәселен, ол көптеген жылын 1916 жылғы көтерілісті зерттеуге және оның жетекшілерінің бірі – Амангелді Имановқа арнады. Әбілхан Қастеев сол оқиғалардың орнына барып, куәгерлермен сөйлесті және осы зерттеулердің нәтижесі бірқатар жұмыстарынан, атап айтқанда «Амангелді сарбаздары» туындысынан көрінді.  

Ә. Қастеев алматылық пейзаждардан да шабыт алды. Мәселен, өткен ғасырдың ортасында ол «Медеу» мұз айдынына бірқатар жұмыстар арнады. Көптеген өнертанушы мойындағандай, социалистік реализмге бейсаналық түрде қарсылық көрсеткен Әбілхан Қастеев үшін пейзаждар шығу жолы болды: осылайша оның қылқаламынан туған жердің жылы, шынайы, жанды және таңғажайып халықтық көріністері дүниеге келді.

МЕЙІРІМДІ ӘКЕ

Өнертанушылар әлі күнге дейін туған өлке тарихындағы «өте кеңестік» кезеңді суретші өз шығармаларында дәріптеген-дәріптемегені туралы ортақ қорытындыға келе қойған жоқ. Тұлғаның немересі Дәурен Қастеевтің айтуынша, атасы куә болғанын жай ғана кенепке көшірген. Мысалы, мақта теру, тың игеру, т.б.

«Өкінішке қарай, атаммен жеке сөйлесуге мүмкіндік болмады. Бірақ, ол туралы көп естігенім сонша, кейде оны жақсы білетін сияқты боламын да тұрамын. Бала кезімде ертегі тыңдап, қабырғада ілулі тұрған атамның суретіне қарап жатып ұйықтап қалатынмын. Келесі күні таңертең үйдегілерге атаммен сөйлескенімді айттым. Олар мені бұның түс екеніне сендірді. Сондай-ақ, мен бала кезімде атама жиі ренжитінмін: оның жұмысын көшіруге тырыстым, бірақ дәл солай сала алмадым. «Ол мұны қалай жасады? Неге ол сәтті болды да, ал менде бұлай болмады?» деп ойланатынмын. Әрине, отбасы алдында белгілі бір жауапкершілік жүгі бар. Кішкентай кезімнен мені «Қастеевтің немересі» деп айтатын, яғни өзімді дұрыс жақтан көрсетуге тиіспін. Десе де, атамның клоны емес екенімді де түсінемін. Мен үшін өзім болып қалу және табиғи қалпымды сақтау өте маңызды», – дейді Дәурен Қастеев. Шығармашылық гені немересіне атасынан берілгенімен, бүгінде ол атақты бабасымен өзін көп салыстыра бермейді.

Суретшінің қызы Гүлдария Қастеева әкесін ерекше жылылықпен көзіне жас алып еске алады. «Мен оны әлі де сағынамын, әсіресе таңертеңгілік уақытта. Ол әлі де терезені қағып жатқан сияқты – ұзақ ұйықтаған кезде әкем бізді осылай оятатын. Өзі өте ерте тұрып, бау-бақша күтіміне кірісетін. Бұл кәсіпті қатты жақсы көретін. Гүлдердің түр-түрін өсіріп, оның барлығының атын жақсы білетін. Әкемнің тоғыз баласы болды. Әрине, бәріміз үйде шулап, ол жұмыс істеп жатқанда шеберхананы аралайтынбыз. Бірақ, әкем ешқашан бізге дауыс көтермейтін. Мен кейде орамалмен ғана қол бұлғайтынмын. Біз онымен шеберханада уақыт өткізгенді ұнататынбыз. Еркелеп ойнап қана қоймай, өнерге де араластық. Мысалы, әшекейлерді әкеміз сияқты қиып алар едік. Міндетті түрде ол мақтайтындай етіп әдемі жасағымыз келетін. Сонымен қатар, әкем мен анам қонақтарды қатты жақсы көретін. Біздің үйден қонақ арылмайтын. Сондай сәтте анам бірден самауырын қойып, тамақ пісіре бастайды. Басқаларға қарағанда біздің үйге суретшілер Сабыр Мәмбеев пен Жаңатай Шәрденов жиі келетін. Әкем екеуі өнер туралы дастарқан басында әңгімелескенді ​​ұнататын. Әкем, әдетте, өте көпшіл еді. Тамақтану кезінде отбасының дастарқан басына жиналып, бәрі бір-бірімен сөйлескенін жаны қалайтын. Әкем көп жұмыс істегеніне қарамастан, отбасына үнемі уақыт табар еді. Біз өзімізді сыртта қалғандай сезінбедік», – дейді Гүлдария Қастеева. Ол ылғи да өзінің ғана емес, қазақ бейнелеу өнерінің әкесі атанған Әбілхан Қастеевті өте мейірімді, ақылды, нәзік жан ретінде сағынышпен еске алады.

ҚАСТЕЕВТІҢ «ҚУЛЫҒЫ»

Әбілхан Қастеев артына үлкен шығармашылық мұра қалдырды – ол халықтың өмірі мен тұрмыс-тіршілігі туралы көп картиналарды өмірге әкелді. Қаншама танымал тұлғаларға – өзінің замандастарына және тек оларға ғана емес (көрмеде Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбаев, Жамбыл Жабаевтың портреттерін көруге болады), жоғарыда айтқанымыздай, туған өлкесінің түрлі-түсті пейзаждарына көптеген туындысын арнады. Суретшінің жұмыстарының едәуір бөлігі оның есімімен аталатын Мемлекеттік өнер мұражайында сақтаулы. Дегенмен, соған қарамастан, мерейтойлық көрме аясында бірталай туынды алғаш рет көпшілік назарына ұсынылып отыр. Рас, бұл жолы картиналардың барлығын халыққа көрсетуге тәуекел жасалған жоқ. Мысалы, «Сталинге сыйлық» картинасын көрмеге қоюға шешім қабылданбады, себебі бұл дау туғызады деген қауіп болды. 1950 жылғы бұл туынды өте қызықты, сол заманға тән тұтас бір оқиғаны баяндайды: қазақ қолөнершілерінің дайындаған сыйын бағалау үшін тау етегіндегі шағын ауылға жоғары дәрежелі қонақтар келеді. Бұл сыйлық – Сталиннің портреті бар кілем. Қонақтардың бірі қолөнершілердің жұмысын газетте жарияланған генералиссимус портретімен салыстырады. Сонымен, суретте, бір жағынан, Сталиннің бірден екі портреті бар – кілемде және газетте, ал екінші жағынан, бірде-бір сурет жоқ, өйткені картинаның басты кейіпкері кеңестік тиран емес – қолөнершілері бар қазақ ауылы.

Ол кезеңде бәрі Сталинді мадақтауға міндетті болатын. Бірақ, бала кезден бастап өз еңбегіне сеніп, өзін-өзі жетілдірген тамаша қазақ суретшісі «жоғарыдан» келген жарлыққа өзіндік тәсіл таба білді. Әбілхан Қастеев туған елі мен халқының кемел келешегіне кәміл сенді – бұл оның мерейтойлық көрмесінен айқын аңғарылады.

Нұрлайым ЖАҚЫПҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here