Ұлт ұстазы туралы философиялық тұрғыда жазылған кітап таныстырылды

0
2963

15 ақпанда Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінде жазушы Дидар Амантай жазған «Ахмет Байтұрсынұлы: тіл мұраты, болмыс философиясы» (роман-эссе) атты кітаптың тұсаукесері өтті. Тұсаукесер түрлі саладағы алаштанушы ғалымдардың, БАҚ өкілдерінің және әдебиет сүйер оқырман жастардың қатысуымен өтті.

Шараны музей-үйінің бөлім меңгерушісі Әділет Ахметұлы жүргізді. Алматы қаласы музейлер бірлестігінің өкілі, Алматы музейінің жетекшісі Бақберген Тайшеев игі шараны құттықтап сөз сөйледі.

Ахмет Байтұрсынұлының жиені Айман Қабиденқызы мен ғалымның туыс ұрпағы Амандық Шәймерденов жиналған көпшілікке бата береді. Абай атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мектеп интернатының өнерпаз оқушылары Аяла Аманжол, Шерізат Шаяхмет, Ырысты Райым «Ер Тұран» күйін орындады. Ф.ғ.к., ахметтанушы ғалым, А.Байтұрсынұлы музей-үйінің жетекшісі Райхан Имаханбет кітап туралы «Серт пен сенімнен туған еңбек» атты шағын баяндама жасап берді.

Филология ғылымдарының докторы, Қыздар педагогикалық университетінің профессоры Тыныштық Ермекова мен филология ғылымдарының кандидаты, Мемлекеттік тілді дамыту институтының директоры Бижомарт Қапалбек ұлт ұстазы ұлықталған еңбектің авторына ақжарма тілек айтып, ахметтанудың бүгіні мен болашағы туралы ой бөлісті.

Кітап авторы, қаламгер Дидар Амантай түгел түрік жұртына ортақ көшбасшы ғалымның ұлы еңбегін философиялық тұрғыдан саралап зерттей отырып жазған еңбегі туралы айтып өтті.

ҚР Ұлттық кітапханасына, Орталық ғылыми кітапханаға және Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне кітаптар сыйға берілді. Әдебиеттанушы, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері Ерқанат Қуатбекұлы, PhD, лингвист Марат Рысқұлов, «Орхон» баспа үйінің басшысы Жәмила Айдос пен «Атамұра» баспасының менеджері Елмира Жұбанова қатарлы ғылыми қауым өкілдері, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті мен Абай университетінің студенттері айтулы басқосуға қатысты.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here