Көзкөрген (поэма-жылнама)

0
1520

Биылғы жылы кезінде Тың эпопеясы деп дәріптеген, солтүстік өңірде қазақ халқын азшылыққа ұшыратқан тың игеру науқанына жетпіс жыл толады.

Тыңның жағымды жақтары туралы қанша ұрандатсақ та көп уақыт оның жағымсыз жақтары туралы ауыз ашпай келдік.

Тың игеру жылдары туып, оның барлық жақсы-жаманын көз алдымыздан өткіздік. Осыған орай газет оқырмандарына «Көзкөрген» атты дастанымды ұсынып отырмын.

Бұл дастанның тараулары әр жылдары, әртүрлі уақытта жазылды. Сондықтан да сол тұстағы оқиғаларға мезгіл мінберінен берілген бағаға түзету енгізбедім, болған жайды сол күйінде алып, мұртын баспауға, сақалын қырықпауға тырыстым.

Сөз басы

Бала едім мен қырда туып, қырда өскен,
Шабақтары шоршып жатқан су кешкен.
Шат күнімді күліп-ойнап, шулаған
Қалай ғана шығарамын енді естен.
Көрдік талай тасқынды да тулаған,
Сатыр-сұтыр сең қозғалып, мұз көшкен.

Есте қалды жүгіргенім, күлгенім,
Есте қалды ат қып шыбық мінгенім.
Есте қалды базарында жастықтың
Дос-жаранмен қоян-қолтық жүргенім.
Есте қалды қастың құрған қақпаны,
Естідім ғой иттердің де үргенін.

Осы күні жұрт білімді, ел есті,
Өткен күндер тартқан шығар көмескі.
Жарық сынды бұлтты жарған қап-қалың
Жаным мөлдір, болса-дағы тән ескі.
Тәтті балдай таңдай қаққан шақтарды
Еске алудың өзі бақыт емес пе?!

1954 жыл.

Кең далада ұғым да жоқ Тың деген,
Бар болғаны үш жаста екем онда мен.
Қар кеткен шақ.
Қазір анық есімде
Дала ұйқыдан еңбек атты жырменен
Оянғанда байтақ өлке төсінде
Аспан астын кернеген үн тыңдап ем.

Кейін білдім, гүрілдейтін трактор,
Дегендей-ақ: «Маған, бала, құлақ түр!»
Балғаменен дүрс-дүрс соққан темірдей
Солқылдайтын, қалшылдайтын қырат-қыр.
Теңтектерге доп қуатын ерінбей
Бұл көрініс қалын еді ұнап тым.

Білмейміз ғой көп нәрсенің өлшемін,
Еңбегінің зейнеттерін көрсе елім,
Қырға барсақ болған кезде сары күз,
Егін ғой деп ойлайтынбыз жер шегін.
Ойыншық қып ойнайтынбыз бәріміз
Комбаинның істен шыққан бөлшегін.

1955 жыл.

Ол күндері ұшқан құстай еркінбіз,
Бір топ бала жиналып ап кей күн біз,
Диірмен жасап, кәдімгідей қамданып,
Кірпішті үгіп, ұн тартамыз дейтінбіз.
Қарын ашса, үйге кіріп, нанды алып,
Сары май жағып, ойнап жүріп жейтінбіз.

Сұлтан ағай бірде үйінің сыртының
Маңайынан нанды көріп бір тілім.
Қара мұрты әп-әдемі қиылған
Тікірейді инесіндей кірпінің.
«Кім тастаған асыл дәмді бұйырған,
Ел нан үшін алмай жүрсе бір тыным».

Босқа шулап жүгіргенше жағалай,
Нан қадірін білу керек бағалай.
«Мен тастап ем!» –деді Сабыр.
Сонда ағай
Жалғыз ұлын белдігімен сабады-ай!
Нанды айта ма,
Бізді айта ма,
Кім білсін?
Әжей айтты: «Әй, обал-ай, обал-ай!»

1956 жыл.

Шағын ауыл бірер жылда ұлғайып,
Достарға да қалдық біздер бір байып.
Бірақ, айтқан сөзімізді ұқпайды,
Дейтін әкем: «Білместігін қылма айып».
Және өздері қасымыздан шықпайды,
Анам болса өреге құрт жүр жайып.

Бала қиял алысқа алып қаша ма,
Әлде аяғын апыл-тапыл баса ма?!
Жаңа досқа құрақ ұшып жетемін,
Содан кейін тұра қалып тасада
Қалай асық ойнау керек екенін
Үйретемін бұйра шашты Сашаға.

Туған далам!
Артта қалды неше бел,
Қадіріңді білмей жүрсем, кеше көр!
Кейде тіпті төбелесіп келуші ем,
Арамызға түсті талай шешелер.
«Әлек салам!» – деп те жауап беруші ем,
Ол орысша «Здрасти!» – десе егер.

1957 жыл.

Балалық-ай!
Елемес жоқ-барды түк,
Жүрдік біздер қара жолдан шаң жұтып.
Әрқайсымыз бір арғымақ мінгендей,
Шыбық-атты соқа үстінен қарғытып,
Жан-серігі біз екенін білгендей
Үнсіз ғана тербелетін дән бітік.

Оның сырын ұғып қалғам мен ептеп,
Күн ысыса айтам: «жауын керек!» – деп.
Көктеп шыққан диқан терін қаулаған
Аямастан рахман-нұрға бөлеп көк,
Бұлттар, бұлттар!
Көптен бері жаумаған
Ақ нөсерін құйды-ай келіп шелектеп.

Бойын жазып, бір сілкінді тал-шыбық,
Түсті егінге миллион, миллиард тамшы-үміт.
Тап-тақыр боп жалтыраған басымыз,
Табиғатқа көрсетпестен қарсылық,
Ұзын болып өседі деп шашымыз,
Су астында жүрдік біздер малшынып.

1958 жыл.

Бар болғаны сонда жеті жастамын,
Керегі жоқ тек ойыннан басқаның.
Көкжиектің шегіне көз жетпейді,
Көкшіл мұхит түпсіз зеңгір аспаным.
Күні бүгін көз алдымнан кетпейді
Әліппенің бетін алғаш ашқаным.

Жүйрік көңіл бұлттан да әрі самғайын,
Деген оймен шарықтайтын әрдайым.
Ұстаз ағай қоя қалса сұрақ бір,
Әріптердің айтатынбыз мән-жайын.
Т дегенім – Тұлпар және Трактор,
К дегенім – Көшет және Комбайн.

Ұқпасам да сонда тыңның құдіретін,
Шексіз екен оған деген құрметім.
Дәптерімнің әкем арнап әкелген
Тұлпарлармен толтырсам да бір бетін,
Бір бетіне алғаш тыңды көтерген
Трактордың салушы едім суретін.

1959 жыл.

Болды ауылда қажымайтын ұста шал,
Жауырынды, бойы ғана қысқа сәл.
Төбем көкке аз-ақ тимей қалатын,
Оның қара балғасын бір ұстасам.
Сабыр сарқып, таусылатын тағатым,
Сабақ бітіп, болады деп түс қашан?

Есен атай жымқырып ап ерінін,
Соққылайтын төсте жатқан темірін.
Көңіл,шіркін, қызығына қанбаған,
Басып беріп тұратынмын көрігін.
«Балғаменен, – деп, – қоятын ол маған,
Орақ соғып үйренгейсің, сен, ұлым!»

Диқан бабам орақ салған егінге,
Нан қадірін білсе керек, тегінде.
Туды талай дау да, қызу тартыс та,
Тағдырымның тарттым талай жүгін де.
Көз алдыма елестейді қарт ұста,
Орақ-Балға көрген сайын бүгінде.

1960 жыл.

Әлі есімде үңілгенім картаға,
Сабақ айтып тұрған кезім ортада.
Бір балақай отыр ма екен жыр жазып,
Бір күндері мен отырған партада.
Дән болған соң әнші де көп елімде,
Ақын да көп қазір біздің Арқада.

Бидай түстес Қазақстан өлкесі,
Таулар жатыр ойдым-ойдым өркеші.
Жайқалады жаздың жасыл желегі,
Мол дүбірге толып жалпақ жер төсі.
Жап-жасыл боп тағы көктеп келеді
Қызыл бидай – кең өлкенің еркесі.

Жер төсінен күннің ерні сүйгенде,
Көкіректі кетті кернеп күй демде.
Ару-дала секілденер перизат,
Жыр естілер даладан да, үйден де.
Сұлу болып кетеді екен табиғат,
Денесіне адам қолы тигенде.

1961 жыл.

Қарашада, күздің қоңыр кешінде,
Ұлан-асыр той болғаны есімде.
Орден алып Сұлтан-ауыл ардағы,
Бәйге болған жомарт дала төсінде.
Тракторшы боламын деп сен-дағы
Дәл сол күні келіп едің шешімге.

Ақсақалдар ас атасы нан дейтін,
Қысыр сөзге оңша көңіл бөлмейтін.
Келіндері кесе ұсынса майысып,
Біздің Сұлтан, әне, нағыз ер дейтін.
Бауырсақты тістеп қойып, шай ішіп,
Бойы жіпсіп, маңдайлары терлейтін.
Байтақ егін елді түгел қарық қып,
Ауыл үстін кеткендей ме жарық қып.
Қырға барып, масақ теріп даладан,
Бойымызға дархандықты дарыттық.
«Шіркін, қандай қасиетті таба нан», –
Дейтін сонда әжем менің, жарықтық!

1962 жыл.

Елге барып, қонақ болдым бір апта,
Өткен күндер қалғанымен жырақта,
Жылқышының асауларды үйреткен
Құр-құрлаған үні қалды құлақта.
Бүйірім шығып қанып едім сонда мен
Бал татыған қымыз бенен шұбатқа.

Сол мезгілдің тез өтерін кім білген?!
Ойлап тұрсам, бір күн ыстық бір күннен.
Жап-жасыл жон болып маған жол басы,
Құлын-тайдай асыр салып жүрдім мен.
Сонда Досан нағашымның жолдасы
Вася ағайдың тракторын міндім мен.

Нағашымның пейілі кең, жаны асыл,
Тамырымен тез тауыпты жарасым.
Жер жап-жасыл,
Егін жасыл, тегінде,
Байқау қиын екеуінің арасын.
Баққан малым түспесін деп егінге,
Қой қайырып жүрді менің нағашым.

1963 жыл.

Қызыл шытпен үстел үсті жабылған,
Қып-қызыл гүл келген мектеп бағынан.
Қатар отыр жылы жүзді үш кісі,
Әсем әуен радиодан ағылған.
Келді бізді бауырына қысқысы,
Болар, бәлкім, балалығын сағынған.

Аң-таң болып қарап қаппыз тесіліп,
Ал директор келді сәл-пәл кешігіп.
Келгеннен соң кенеп алып тамағын,
Айтып өтті қонақтардың есімін.
Сол-ақ екен, мұртты жігіт жаңағы
Тебірене сөйлеп кетті шешіліп.

Айтты ол бізге неге екенін нан ыстық,
Неде екенін береке мен ырыс-құт.
Еңбектері аңыз болар, жыр болар,
Диқандармен біз осылай таныстық.
Ортамызда гүл-гүл жайнап тұрды олар,
Мойындарда алаулаған галстук.

1964 жыл.

Еңбек дейді жеткізетін ырысқа,
Қол қусырып үйде отыру дұрыс па?!
Оқу бітіп, жаз қызығы басталып,
Каникулда шықтық біздер жұмысқа.
Сонда білдім, кім жүргенін мастанып,
Шөп оруға, болт бұрауға кім ұста?!

Қайраса атам пішеншілер шалғысын,
Алдым мен де үлкендердің алғысын.
Он үш жасқа толар-толмас кезімде
Косилкаға отыру да болды сын.
Сонда білдім, машинаның өзі де
Жиі қажет қылады екен қол күшін.

Дала ауасын қанша жұтсам, қанбағам,
Шабындықты шалдықпастан шарлағам.
Жұмыстан соң бөліп жеген Сапармен
Сондай тәтті боп көрінді нан маған.
Қас қарая үйге қайттық атаммен,
Шалғын иісі бұрқырады арбадан.

1965 жыл.

Құла түзге жаңалық кеп, жан кірді,
Жалпақ дала зор дүбірмен жаңғырды.
Тракторлар өріп жердің бұрымын,
Жүректерде жігер отын жандырды.
Жинау үшін металдардың сынығын,
Міне, біздер, шарлап жүрміз бар қырды.

Қиындық та адамдардан жеңілді,
Достарымның барлығы да көңілді.
Мұндай сәтте адам, тегі, жаси ма,
Әсем әуен кетті кернеп өңірді.
Шығар еді талай-талай машина
Қайта құйса осыншама темірді.

Жер қадірін кімдер қалай ұға алды,
Кенет көктен көрдік болат қыранды.
Көрдік жерден дүбірлеткен алапты,
Темір тұлпар тізгіндеген ұланды.
Көкте қыран, жерде тұлпар қанатты,
Шабытты үнмен барады айтып ұлы әнді.

1966 жыл.

Күннің көзі жер қыртысын қақтаған,
Қара боран қара бұлттай қаптаған.
Табиғаттың тусыраған ту жерге,
Осы ма екен сыбағасы сақтаған?!
Бірақ, қалай десең-дағы, бұл жерде
Өзім туып-өскеніме шаттанам.

Жерлестерім жаратпайтын мақтауды,
Тың төсінде түсінді егін баптауды.
Табиғаттың өзі оларға үйретті
Жерді көздің қарасындай сақтауды.
Шешіп берді қарапайым диқандар
Көп ғалымдар шеше алмаған көп дауды.

Бақ өсірген бағбанда не арман бар?!
Жас шыбықтан басталған ғой ормандар.
Нан өсірген диқан жайлы жырларым
Қыран құстай кеңістікте самғандар!
Аяласа дәнді қалай қырдағы,
Тыныштықты сендер солай қорғандар.

1967 жыл.

Жаным менің кең далаға кұмар ма,
Дала менсіз, мен даласыз тұрам ба?!
Апай айтты сол сәт қоңыр үнменен:
«Шәкірт ойы қанат қақпай тынар ма?!
Көкейтесті тақырыпқа «Тың» деген
Қазір сендер жазасыңдар шығарма».

Ойға шомдым…
Жетегімен көңілдің;
Шарлап қайттым төрт бұрышын өңірдің.
Содан кейін жаздым сөзді маңызды:
«Дархан далам – берекесі елімнің.
Тың өлкесі алтын мұхит тәрізді
Картасында ұлан-байтақ жерімнің».

Тың дегенде көп қарайтын тесіле,
Көрші үйдегі Шура түсті есіме.
Қуырылған бидай түсті ойыма,
Келді ойыма ақ бауырсақ – несібе.
Келді есіме ер Сұлтанның тойы да,
Жаза бердім…
Жаза бердім шешіле.

1968 жыл.

Оқу біткен, көптен күткен жыл еді,
Алға қойған мақсатымыз ірі еді.
Еңбек етпек болдық туған ауылда,
Тоғыз жігіт – бір мектептің түлегі.
Алда, бірақ, боран, жауын, дауыл да,
Талай ауыр тауқымет те тұр еді.

«Тоғыз жігіт – десетін ел, – бір төбе»,
Айнымастан орындалған серт, әне!
Жерді жырту барлық істен маңызды,
Санаспаймыз кеш пе мезгіл, ерте ме?!
Қызу майдан жүріп жатқан тәрізді
Тың алқап деп аталатын өлкеде.

Нар жігіттер үлкендерден бата алып,
Темір тұлпар жүректерден от алып.
Жаңа кеңшар қалауымен достардың,
Тарас ақын есімімен аталып,
Тасып-толған қайратындай жастардың,
Жер қыртысын жатты түрен қопарып.

1969 жыл.

Күні қиын мұнда келген кедейдің,
Екі сөздің бірі орысша – не деймін?!
Жеміс тере аламын ба бақшадан,
Өз елімде күнін кешсем өгейдің.
Ата-анамыз жырып берген ақшадан
Сары орысқа пәтерақы төлеймін.

Қайда барсам, бөгделердің сөзі өктем,
Салт-дәстүрі қандасымды мезі еткен,
Кетпейді ғой тепсең де ұлың өзектен.
Көрерменін ана тілмен мәз еткен
Театрдың жарнамасын оқимыз
«Кешкі Алматы» деп аталған газеттен.

Автобуспен келе жатсақ оралып,
«Вечеркадан» оқып жатсақ жаңалық,
«Ақша төле!» – деп дауыстап айқайлап,
Кондукторлар отырады сазарып.
Сығылысып жақындасаң есікке,
Бетімізге қарайды олар аларып.

1970 жыл.

Бір ғажайып жиын өтті КазГУ-де,
Кездесуге келмегендер аз мүлде.
Бақа үйір болғанымен батпаққа,
Лай болса қона бермес қаз көлге.
Ел намысы, тіл тағдыры, дін жайы
Ел есінде жүргендігін сездің бе?!

Су бергендей кезімізде шөлдейтін,
Сан сынақта сақтай білген ел кейпін.
Шүкір, шүкір! Ағаларым бар екен
Ұйымаған ұлттың сөзін сөйлейтін.
Ауыр жүкті көтере алар нар екен
Есіл ерлер кеңге құлаш сермейтін.

Аттамаған ешқашан да арынан,
Тектілігі тамыр тартқан қанынан,
Ғасырлардың тамырынан нәр алған,
Тарихымды таразылап, таныған.
Солар менің қайратымды қамшылап,
Солар менің намысымды жаныған.

1971 жыл.

Ағын сулар ағып жатса сылдырлап,
Бастаулардан басталады мың бұлақ.
Бір толқынды өкшелейді бір толқын,
Жағалауға жатқан басын ұрғылап.
Қайысады қабырғасы теректің,
Жапырағынан айырылғанда күзгі бақ.

Күйіп-жанған орман жатса өртеніп,
Көкіректі кетеді екен шер көміп.
Көп кісілер ерте өтеді фәниден,
Пасықтардың қылығынан жиіркеніп.
Қайран, өмір, үгітеді бордай қып
Адамдарды жігері жоқ, боркемік.

Оқырманым, ой толғасам, жайымды ұқ,
Бостан босқа тер төккен жоқ дүйім жұрт.
Осы күнге, несібеңе шүкір ет,
Көп нәрсені керегі не уайым қып.
Кеткен ғұмыр – ұрпаққа еткен қызмет,
Өткен өмір – келер күнге дайындық.

1972 жыл.

Келіп тұрмын араға төрт жыл салып,
Екі көзім көп жаңалық тұр шалып.
Шағын ауыл қысқа мерзім ішінде
Ойламап ем өзгерер деп мұншалык.
Білмей тұрмын,
Өңім бе, әлде, түсім бе?
Қанат қақты мұны көрген жыр-шабыт.

Ауыл қандай бау-бақшасы жарасқан,
Ақ қайыңдар ақ шатырдан әрі асқан.
Көз тартады ою-өрнек не түрлі,
Қаламен де сұлулыққа таласқан.
Әппақ ауыл айдай ару секілді,
Жас аруға сұқтанады кәрі аспан.

Ту алыстан элеватор жар салып,
Тың төсінде пайда болған қанша алып.
Келе жатты Бақтыбай мен Қадиша,
Өмір жайлы әңгіме айтып, тамсанып,
Келе жатты Генрих пен Лариса,
Орысша ма, немісше ме, ән салып.

1973 жыл.

Биыл тағы миллиард пұт берген жыл,
Ел шаттығын, ел мерейін көрген жыл.
Диқандардың өнеріне тәнті боп,
Жер-ананың береріне сенген жыл.
Тың өлкенің шығып тағы даңқы көп,
Берекенің ақ уызын емген жыл.

Сарығыш түстен бояу жағып алтын күз,
Өзгертіпті марғау жатқан қалпын түз.
Күн сап-сары, жер сап-сары, бақ сары,
Көшеден де байқалмайды салқын жүз.
Дастарханға төгіліп ақ бауырсақ,
Сабаларда сапырылды бал қымыз.

Сарғыш түске боялғанда кең жерім,
Егіншілер көрсе ақталған еңбегін.
Күліп-ойнап бір жасайды кәрі-жас,
Отырған соң үстінде алтын көмбенің.
Енді ғана ұққандаймын мен, рас,
Ақын күзді неге жақсы көргенін.

1974 жыл.

Үш ай бойы нәр тамбады аспаннан,
Жауын, жауын…
Елге болды басты арман.
Диқан қауым көп іс жасап үлгерген,
Қиындықтан емес, бірақ жасқанған.
Үш ай бойы мазам кетіп жүрдім мен,
Неге хабар кешікті деп достардан.

Табиғатты айтып-айтпай не керек,
Күннің көзі күйіп кетті керемет.
Сусыз күн жоқ.
Жауын жауар түрі жоқ,
Басымызды ұрсақ-дағы төбелеп.
Қара бұлттың өзін енді сағындық
«Өтсе игі, – деп, – төбемізден себелеп».

Аңызақ пен аптап соққан жылда мен
Достарыммен іштей бірге болған ем.
Сүйтіп жүріп:
«Жауын жауды көл-көсір!» –
Деген диктор дауысын да тыңдап ем.
Туған елім!
Мазаңды алсам, сен кешір,
Қуанғаннан секіріппін сонда мен.

1975 жыл.

Қайран, аңқау қарттарым-ай, аңқылдап,
Көлеңкеде отыратын салқындап.
Алуан жайды жалықпастан жыр қылар,
Елдің іші секілді бір алтын бақ.
Бір күні бір іске белді буды олар,
Епті қолда алмас пышақ жарқылдап.

Дәстүр сыйлап, бұл қимылды жасаттық,
Қарттар сүйтіп берді жазда тасаттық.
Күліп-ойнап, құрбыларға су шашып,
Көңіл шерін біз де бірге босаттық.
Бір ғажабы, жауын жауып сол күні
Қуанғаннан бөркімізді қоса аттық.

«Онда тұрған не бар?!» – дер жан табылар,
Қарттарым-ай, маңдайының бағы бар.
Елге тоқтық, жерге суды тілеген,
Пейілдерің өз бойымда әлі бар,
Кеудемдегі аласұрған жүрегім
Сол күндерді, өздеріңді сағынар.

1976 жыл.

Ала жаздай жауын жауды себелеп,
Сол жыл егін бітік болды, не керек?!
Ердің даңқы еңбегіне сай деген,
Миллиард пұт астық берсек деген ек.
Бүйірі қызып, озып шықты бәйгеден,
Бесжылдықтың тұңғыш жылы кеп ерек.

Кең өлкеме ғашық едім әлі мен,
Бұл жылдары тілші болып алып ем.
Кеңге құлаш жайғандарға таң қалдым,
Қоңыр күзде елге бірде барып ем.
Қатарынан оза шапқан жандардың
Міне, ғажап, таныс болдым бәрімен.

Шағаладай ұзап кетпес көлінен,
Бақыт тапқан екен туған жерінен.
Аян болған елімізге ерлігі,
Мен оларды сондай аңсап келіп ем.
Сегізі де диқан болды белгілі,
Сегіз жігіт бірге оқыған менімен.

1977 жыл.

Жолым түсіп болдым дала қосында,
Осында жүр туысым да, досым да.
Сапар болса әке болып үлгерген
Ақ маңдайы жарқыраған қос ұлға.
Жансұлтанның шәкірті де осында,
Кәмшаттың да ізбасары осында.

Ұлдар қандай білектерін сыбанған,
Қыздар қандай көрген адам қуанған.
Бір мекенде алуан тағдыр тоғысып,
Жүз кеудеде қоңыс тепкен бір арман.
Достар ойы бір арнада табысып,
Бір тілектен, бір ниеттен құралған.

Ұмытпаспын құрбылардың наз-үнін,
Ұмытпаспын құрдастардың әзілін.
Иісі қандай төскей менен беткейдің,
Пейіш дерсің астықты өлке жазығын.
Қайда жүрсем, саған соқпай кетпеймін,
Туған жерім!
Менің алтын қазығым.

1978 жыл.

Күні кеше достарымнан хат алдым,
Мұндай сәтте байыз тауып жатар кім?!
Жауап жазып, құттықтадым барлығын
Берекелі табысымен Отанның.
Диктор дауысы хабарлады ал бүгін
Еңбек ері болғандығын Сапардың.

Тыңдап тұрсам, менің абзал достарым
Орындапты бесжылдықтың жоспарын.
Бақыттарын тыңнан тапса, бар ма арман,
Көрмеп едім қиындықтан қашқанын,
Енді міне диқандарға арналған
Ән кернеді байтақ қазақ аспанын.

Сүйінші, елім!
Бір сәт көзге жас алып,
Тыңдады әнді қария да жасарып.
Қырмызы қыз қызыл ерні албырап,
Ұлы тойға алыпты әбден жасанып.
Қуаныштан жатты дала балбырап
Келіншектей жаңа шыққан босанып…

1979 жыл.

Тыңым менің!
Жиырма беске келдің бе?!
Жүректерге тың жол салдың сен мүлде.
Шаттандым мен ту далаға әкелген
Ұрығыңның көктегенін көрдім де,
Төгілген тер түгелімен өтелген,
Таусылмайтын ырзығы ғой елдің де.

Жиырма бес жыл!
Ширек ғасыр не бары,
Бірақ, оның әрбір күні бағалы.
Ғасырлардан бір-бірімен жарысқан
Мәртебесі тұрған жоқ па жоғары.
Бидай түстес жер-анаға ғарыштан
Қадалады ғарышкердің жанары.

Ән төгіліп, күй шарықтап сан қилы,
Сары мұхитта комбаиндар қалқиды.
Әсем әндер көк аспанда шарықтап,
Жаңа піскен нанның иісі аңқиды.
Арқау болған әсем ән мен дастанға,
Дән-дария ай астында толқиды…

1980 жыл.

Тыңгер деген ұғым туса даламда,
Тыңгерлерге көше де бар қаламда.
Осы сөзден тұр тарихын танып көп,
Биік парыз, терең ұғым бар онда.
Жас ұрпаққа ерлік істі дәріптеп,
Шеру тартып келеді олар алаңда.

Тың дегенім жерді жыртқан батырлар,
Палаткалар ен далада жапырлар.
Тың дегенім көктеп шыққан көк егін,
Күн күркірі тың төсінде шатырлар.
Тың дегенім дән алқабы неше мың,
Тың дегенім алып элеваторлар.

Тыңым менің!
Дәнсің, дәмсің, нәрсің сен,
Жылдар бойы шырқалатын әнсің сен.
Бойымызға тарап жатқан нәрсің сен,
Ойымызда мәңгі-бақи барсың сен.
Бүлкілдеген тамырында ғасырдың
Толастамай ағып тұрған қансың сен!

1981 жыл.

Айналайын туған ошақ отынан,
Оны жиі есіме алып отырам.
Сезілгендей туған жердің түтіні
Елден келген інішектің хатынан.
Анам менің отыр ма екен күтініп,
Жұма сайын пісіретін жеті нан.

Көрші-көлем әлгі наннан татып дәм,
Қариялар жүзі күнге тотыққан:
«Жөн десетін жеті сайын осылай
Нан пісіріп, арнап құран оқытқан».
Қызыл шелпек қызаратын күндей боп,
Бейне келе жатқандай-ақ атып таң.

Содан бері сан жыл өтті десе де,
Құрдастарым, онда да емес мәселе.
Сәби шақта, балғын кезде, пәк күнде
Қалған өрнек жүрегімнен өше ме?
Бар қасиет, бар құдірет ақ дәмде,
Қалай алғыс айтпайын мен шешеме?!

1982 жыл.

Миллиард бүгін миллиондардың жыр-әні,
Миллиард бүгін тыңгерлердің ұраны.
Қазақ елі – миллиондардың үміті,
Қазақ жері – миллиардтардың тұрағы.
Бір уыс дән бастауындай бірліктің,
Бір уыс дән – несібенің бұлағы.

Туған жердің қай қырында жүрсем де,
Барлық елдің ықыласы бір сенде.
Мұрын жарған нанның иісін аңқытып,
Дала төсі кетті толып нұр-селге.
Сенің арқаң, жыр жазсам да шалқытып,
Сенің арқаң, мәз-мәйрам боп күлсем де.

Диқан бауырым!
Бұдан артық не дейін?!
Бар дауыспен өлең оқып көрейін.
Арпа ішінен бидай тауып алғандай,
Саған арнап сөз маржанын терейін,
Елдің даңқын асыратын ер барда,
Ел алдында арта берер мерейің.

1983 жыл.

Ауа райы шыға келсе құбылып,
Комбаиндар калды ма деп кідіріп,
Отырамын әр хабарға елеңдеп,
Жаңа шыққан газеттерге үңіліп.
Шіркін, көңіл!
Көрмегенді көрем деп,
Ауыл жаққа қайтады бір қыдырып.

Тыңда туғам!
Оған менің сай затым,
Еңбек қана ердің елге жайды атын.
Жүрегімді толқытады диқандар
Қиындыққа қарсы қойған қайратын.
Дән-құдірет,
Дән-қасиет.
Әрдайым
Асыратын еліміздің айбатын.

Тракторшы аққұба өңін жел қаққан,
Шопыр жігіт, дала жолын шаңдатқан,
Сары белдер, берекелі ел жатқан,
Ылғи жақсы хабар күтем сен жақтан.
Игі лебіз қаламыма жел беріп,
Қиялымды шартарапқа самғатқан.

1984 жыл.

Тың кеңшары.
Қала дерсің ерек бір,
Қуаныштан жүрек, шіркін, өрекпір.
«Тың сарайы» деген әсем жазуды
Сан бояумен өрнектепті электр.
Тыңға отыз жыл.
Баяндама оқып тұр
Тыңда туған отыз жасар деректір.

Бабаларым көпті көрген кешегі,
«Елу жылда ел де жаңа» – деседі.
Кім біледі?!
Дұрыс шығар есебі,
Тыңгерлерге, елу, бірақ, кеш еді.
Өйткені олар ел тағдырын, жер жайын
Бөлмей ірге, көппен бірге шешеді.

Елу дейсің. Отыз жылда ел жаңа,
Құт-мекенде пайда болған көл жаңа.
Тың тарихын талай түрен қопарған,
Сол қалпында қалған байтақ жер ғана.
Кең төсінде бидайға да, қауға да
Орын беріп жатыр шалқар кең дала.

1985 жыл.

Қызып жатыр түрлі жарыс ауданда,
Бұл қызықтан халық та құр қалған ба?!
Қиқулайды палуандарға алаңнан,
Бірін бірі жамбасқа әкеп салғанда.
Жанкүйер көп шаршы алаңға қадалған,
Көргендер де, көрмеген де арманда.

Айран-асыр болып жатса көп мейман,
Бұл жарысқа «Целина» деп ат қойған.
Аударыспақ, көкпар менен қыз қуу
Өткен жылдар тасасында қап қойған.
Өрге тасы домаласа біреудің,
Біреулердің бастарынан бақ тайған.

Дос болса да қыл өтпеген арадан,
Тұрғындар ма сол атауды қалаған,
Целинадан бастала ма тарихым,
Оған дейін болмағандай аламан.
Басқаша айтса, қазақша айтса айып па,
Соны ғана түсінбей жүр көп адам…

1986 жыл.

Желтоқсанның басылған жоқ ызғары,
Қос өкпемнен өтіп кетті мұз-қары.
Кәне, қайсың бола алдыңдар араша,
Қор болғанда қазағымның қыздары.
Намысы жоқ адамдарды аласа
Туған елдің атсын деймін тұз-дәмі.

Жалындаған шықты жастар көшеге,
Жастық жалын су құйса да өше ме?!
Тіл қатпадық тығып басты мойынға,
Маскүнемдер, қаскүнемдер десе де.
Сұр жыланның жатқандығын қойында
Түсіндік пе, міне, қайда мәселе?!

Көзбен көріп, көкірекке қайғы алдым,
Ыза болдым, қапаландым, ойландым…
Тоқсан үміт бір арнада тоғысқан
Алматыға жетсем-ау деп сайландым.
Дауыстары талып жеткен алыстан
«Менің елім!» деген әннен айналдым.

1987 жыл.

Қазақ жері болғаннан соң аты аңыз,
Қалдық төгіп кетуге де сатамыз.
Ғарышкерге шапан жауып, құрметтеп,
Аямастан атақ беріп жатамыз.
Осы жерге қанын төккен, тер төккен,
Не дер еді мұны көрсе атамыз?!

Қонақ болып, киіз үйге қонса да,
Қымызы мен шұбатына қанса да,
Мазақ қылып қазағымның қалпағын,
Шапанды да киеді олар моншада.
Барыңды бер, бәрін де бер қонаққа,
Бізде ғана өзгермеген сол сана.

Ішер асың мол болса да, Әз-аға,
Жұтқан ауаң, ішкен суың таза ма?
Құйқалы жер, құнарлы бел құлпырған
Бірер жылда алашадай тоза ма?
Ара түспей, сырттай қарап кім тұрған,
Хақ-Тағала! Тек соларды жазала!

1988 жыл.

Қазақ сыртқа ашып қойды түндігін,
Соның өзі болып отыр сын бүгін.
Өзге тілдер өктем болып бәріне,
Ана тілі төрге шықпай тұр бүгін.
Мойындамай жүргендер көп әлі де
Ұлтымыздың сазды, мәнді, сырлы үнін.

Ұл-қызымыз білім алса шет елде,
Туған елге жатбауыр боп кетер ме?!
Атам қазақ деген жоқ па: «бекерге
Шамаң жоқта босқа шоқпар көтерме».
Өз дәстүрің, ата салтың тұрғанда,
Неге сонша құмартамыз бөтенге.

Болып жүрсе іштері ірің, беті кір,
Бұзылды ма қазағымның ниеті бұл,
Шетел асып кетті талай жетім қыз,
Шетел асып кетті талай жетім ұл.
Жалғыз тілек: Жарылқаушы Жаратқан!
Пенделердің жақсылыққа бетін бұр!

1989 жыл.

Тыңға келген тілі басқа халық көп,
Өзге жұрттың салт-дәстүрін дәріптеп,
Қазақ жерін гүлдентуге келді деп,
Мақтанамыз мекен қылған сан ұлт деп,
Кейбіреуі келмей жатып басынып,
Үйіңді де кетпеп пе еді сан үптеп.

Жылдар бойы тартқан тағдыр азабын
Келсе қайтер Қытайдағы қазағым.
Өз қандасың қоңсы қонса қасына,
Көрмес едік келімсектің мазағын.
Жер қадірін білмегендер дандайсып,
Шығарыпты енді дала тозаңын.

Оларға ерген жерлесім де аз емес,
Қарап тұрсаң, тірліктері мәз емес,
Кеше естідім, ішіп алып бір қазақ
Үлкен тойда шығарыпты төбелес.
Бар білгені, үйренгені сол болса,
Бабалардың кеткені ғой еңбегі еш.

1990 жыл.

Мәз болыппыз арқаға ұлық қаққанға,
Бос даурығып қажеті не мақтанға?!
Тіпті кейбір көше атауы берілген,
Елдің дәмін бір күн келіп татқанға.
Төрімізге шықпады ма көрінген,
Өз еріміз ескерілмей жатқанда.

Көшелерде сан қызыққа жолықтым,
Бізден ешкім сұрамаған – соны ұқтым.
Пушкин, Чехов, Толстой мен Герцендер
Әр ауданда, әр қалада толып тұр.
Орыстардың марқасқасы шетінен
Осы жерде туған-сынды болып тұр.

Қазақтардың қойған атын терістеп,
Мына ауылдың атын қойған Денис деп,
Федоровка десе қазақ Отанын,
Болған шығар көшіп келген орыс көп.
Қайтарайық десек көне атауын,
Бүгін енді дау-дамай мен керіс көп.

1991 жыл.

1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі
«Тәуелсіздік пен мемлекеттің егемендігі туралы» заңды қабылдады.

Келді міне көптен күткен еркіндік,
Бөркімізді аспанға атып, серпілдік.
Заман өтті қылбұраудан босаған,
Жат жұрттарды жүруші едік төркін қып.
Болса болды бауыр бүтін, бас аман,
Жасап жатыр мәре-сәре ел тірлік.

Ақ түйенің жарылғандай қарыны,
Ақындардың ашылғандай дарыны,
Қара көзден жас шығарып азаттық,
Бүкіл халық уызына жарыды.
Теперіштен көз ашпаған қазақтың
Құдайға да жеткендей ме зар үні.

Тәуелсіздік! Алғыс айтам саған мың,
Ұйытқысы өзің болдың қоғамның.
Шаңырақ тігіп, қымтап алдық іргені,
Көзім көрді жаңарғанын санамның.
Қазақ болып жерді басып жүргелі
Жүзеге асты аңсағаны бабамның.

1992 жыл.

Өкініші өзекті өртеп, аһ ұрып,
Көп жазушы іздеп жүрген тақырып
«Келсең, кел, – деп, – сеңсең кел», – деп қол бұлғап,
Тұрды бізді қыр астынан шақырып.
Қырға барсақ, тыңды түрген соқалар
Қалың қауды бара жатты жапырып.

Қарамай-ақ қайратыма, халыма,
Тақырыптың жабыстым мен жалына.
Ал ол болса көкке қарғып, кенеттен
Шаңға аунатып кетті мені тағы да.
Мәдениетке үйретем деп әлдекім,
Ұлтты қорлап, күйе жақты арыма.

Тың дегенде шапқан аттай гуледім,
«Мақтанышым, абыройым тың!» – дедім.
Бірақ, оның Жер-анаға қадірлі
Зардабы да мол болғанын білмедім.
Амалсыздан санын соқты қазағым
Кейін біліп салынғанын түрменің.

1993 жыл.

Тың өлкеде дән теңізі сонша мол
Жоғалды екен мөлдіреген қанша көл?
Бұзылды екен қанша құстың ұясы,
Өсіруді балапанын аңсады ол.
Мәз болыппын алақайлап, ұрандап,
Тауды бұзып, тасты тіліп, салса жол.

Жазым жалқау,
Күзім күңгірт,
Қыс қамсыз…
Жайылған мал, жосыған аң, ұшқан құс,
Соның бәрін бірте-бірте азайтып,
Иен далада жалғыз қаппыз біз байғұс.
Ел көшкен соң жұртта қалған кісідей
Жел өтінде тоңазимыз, мұздаймыз.

Жылдар өтті, аталғанмен жаңару,
Болып жатты бөліп алу, тоналу.
Сымы үзілген бағаналар секілді
Ескі жұртқа қойып кеткен қарауыл.
Жол бойында жайнап тұрған жоқ ауыл,
Ауылда өскен азаматқа сол ауыр.

1994 жыл.

Көп жыл өтті… саусақ жетпес қолдағы,
Біліне ме сол жылдардың салмағы.
Көңіл, шіркін болса-дағы шарайна,
Қамап алды ауыр ойдың орманы.
Қабырғаны қайыстырар, алайда,
Қирап жатқан ғимараттар жолдағы.

Қырық жылда жоқ баяғы салтанат,
Өкіл де жоқ күзде келер анталап.
Алқаптарда жортып жүрген кемелер
Орақты да қалды дейді орталап.
Егін сепкен, шаруа күткен ағайын
Тауқыметті жүр өздері арқалап.

Көз тастасаң берекелі егінге,
Ерлік іс те көп секілді еліңде.
Төрт түлікті төскейінде баққан ел
Жиып апты малға қажет шөбін де.
Менің-дағы ұпайларым түп-түгел,
Елде болса, тиеді ғой ерінге…

1995 жыл.

Тыңда тудым, белді будым, тыңда өстім,
Жолдастардың арасында күн кештім.
Туған жерден артық не бар адамға,
Одан асқан мекен бар деп білмеспін.
Бірақ, оған титтей пайдам тимесе,
Бұдан былай жерді басып жүрмеспін.

Артта талай асу қалды, қалды бел,
Қол салдырап, иық ұйып, талды бел.
Талай өзен айналды да жылғаға,
Құрғап кетті Сұлукөл мен Талдыкөл.
Енді бүгін көз жіберсем өткенге,
Сен туралы ойға шомдым алдымен.

Талай биік алынғаны, бәрі рас,
Талай кеңшар салынғаны тағы рас.
Бірақ, соның қызығына тамсанған
Даңғой басшы болып жүр ғой әлі мас.
Таң қаласың сырын біліп тұрсаң да,
Қозы туса уызына жарымас…

1996 жыл.

Көл азайып, су сарқылды дегенге,
Енді бүгін сенбеймін бе, сенем бе?!
«Су анасы – бұлақ» – деген сөздерді
Бір кездері қосып едім өлеңге.
Басшы болсаң,
«Сұрауы бар судың да!» –
Деген сөзді айта алдың ба сен елге?

Судан бүгін көпіршіген сыра көп,
Бал татитын қымыз, шұбат, сірә, жоқ,
Тыңгерлердің тойып ішкен арағы
Өткен күннен қалды бізге мұра боп.
Заманының бағып жүрген қабағын,
Дүйім жұртқа қоятұғын кінә жоқ.

Жоқ емес-ау, бәлкім, кінә көп шығар,
Біреулер аш, біреулер тым тоқ шығар.
Байқап тұрсаң, саусақпенен санарлық,
Жақсы ісіне жан семірген жақсылар.
Болар еді жыл келгендей жаңалық,
Жан табылса тығырықтан ап шығар.

1997 жыл.

Жүрген шақта егін, егін, егін деп,
Ақиқаттың аузын мықтап желімдеп,
Жер-су атын сызып тастап тарихтан,
Бар ауылды қойыпты олар нөмірлеп.
Үш қайнаса қосылмайтын сорпасы,
Түрлі ұғымдар енді амалсыз телінбек.

Тегінде осы өте алдық па бар сыннан,
Құнарлы жер, құйқалы бел таусылған.
Қызыл гүлді енді көрдім амалсыз
Шынжыр табан астында қап жаншылған.
Айқайлап ем… қарлығынқы дауысым
Аспай қойды өзгелердің дауысынан.

Өткен іске өкінгеннен пайда жоқ,
Көп қатені түзететін айла жоқ.
Ауыл барсам, мал азайған өрісте,
Сиыр суалған, сүт қататын шай да жоқ.
Ұлы ауылдан көшіп кеткен кейуана
Төмен қарап беріледі ойға көп.

1998 жыл.

Серпілді деп қара бұлтты қап-қалың,
Көкжиектен таңның қалай атқанын,
Қызық көріп жүрген кезде сезбеппіз
Ұясына күннің қалай батқанын.
Қазанға да ит келерін білмеппіз,
Ашып тастап кеткеннен соң қақпағын.

Тіршіліктің көріп талай соқпағын,
Өмірдің де жедік талай тоқпағын,
Асфальт басып жүрген шақта көрмеппіз
Арғы беттің былжыраған батпағын,
Дүрмекпенен байқамаппыз, білмеппіз
Тілім азып, дәстүр тозып жатқанын.

Зулап өтсе қайран, жастық кезіміз,
Жабық екен, жұмулы екен көзіміз.
Бөркімізді аспанға атып құр текке,
Бостан босқа мәз болыппыз өзіміз.
Қиналамыз, тістейміз кеп бармақты,
Енді жұртқа өтпей жатса сөзіміз.

1999 жыл.

Қазақ елі тәуелсіз ел, еркін ел,
Күні туған бір сілкінер, серпілер,
Көңіл тыныш бәрі орнында болса егер,
Ағайын тоқ, ауыл аман, ел түгел.
Кеткен шығар келмеске деп ойлайсың,
Құлагерлер бұл заманда мертігер.

Әй, сонда да таусылмайды дау-дамай,
Туған айды көре алмайды толған ай.
Жемсауларын толтырғандар жетеді,
Екі шұқып, бір қараған қарғадай.
Киіз қазық жерге кіріп кетеді
Қу тақтайға шеге қаққан балғадай.

Құмға сіңіп жоғалғанда жылғалар,
Сор-батпаққа қона алмаса тырналар,
Ауылда өскен қарапайым балаға
Орыс тілі болып тұрса бір қамал,
Жаны ашитын туып-өскен далаға
Қайда деймін тыңда тұрған тұлғалар?!

2000 жыл.

Тың деген сөз!
Ол да, әрине, бір белес,
Өткен жолы, бірақ, онша нұрлы емес.
Тарихыңнан сызып тастай алмайсың,
Баладайын күлге аунаған күл-көмеш.
Сол тарихты таразыға тарта алсақ,
Сонда ғана кетпегені еңбек еш.

Алғаш рет тыңға түрен салғандар
Жақсылықтың басы десе, нанбаңдар.
Тың, шынында, тоғысқан көп тағдырлар,
Соған қоса жалғанбаған армандар.
Тың, шынында, жаңа егілген жас шыбық,
Соған қоса күйіп кеткен ормандар.

Тыңда өскенде болған жоқпын жалаңаш,
Көрген жоқпын тиынға зар адам аш.
Бұл-дағы бір кезең шығар өтпелі,
Жегендер де болды, бірақ, арам ас.
Тың – өндірдей өмірімнің өткелі,
Жақсылығы, жамандығы аралас.

2001 жыл.

Жаңа дәуір, жаңа ғасыр басталды,
Бірақ, тарих бола алмайды тастанды.
Ел Жолдауды тыңдап алып жыл сайын,
Орындап жүр алға қойған жоспарды.
Астанада құрметіне ерлердің
Отшашулар тілгіледі аспанды.

Қайда барсаң, қызу еңбек қайнаған,
Шат күлкіге толып кеткен айналам.
Жарқырайды айнадайын көшелер,
Көз тартады гүлзар бақтар жайнаған,
Мұратына жетеді екен ақыры
Мақсатынан өмір-бақи таймаған.

Жастар болса мәре-сәре, көңілді,
Көмейлерден әсем әндер төгілді.
Артта қалып көрген қорлық, азап-мұң,
Жасартатын сол жастар ғой өмірді.
Сол жастар ғой келешегі қазақтың,
Көгертетін, көркейтетін елімді.

2002 жыл.

Қайдан бәрі шыға берсін көңілден,
Елді билеп кетпеді ме көрінген?!
Көк жәшікті әндер жайлап шыңғырған,
Күндер болды даурықпаға семірген,
Күндер болды қораз озған бұлбұлдан,
Есектерден арғымақтар жеңілген,

Қайыршының киіп алған шалбарын
Жас қыздарға қырындайды шалдарым.
Алда оларға қазып қойған ор қанша,
Білесіңдер айтпасам да ар жағын.
Қытай, түрік, негрлер де көз салса,
Қазақ қызы! Қайда сенің қорғаның?!

Ұл әкесін, қыз анасын тыңдамай,
Мына заман кері кетіп тұрғаны-ай!
Алпыс екі тамырыма тап-таза
Ебін тауып кіріп кетті жын қалай.
Көңіл алаң, күдік басым, жоқ маза,
Санам менің жетпей қойды. Бұл қалай?

2003 жыл.

Мына жайды алшы, досым, қаперге,
Ел байлығын басып алып көтенге,
Қолдан келіп, қонышынан басқандар
Миллион доллар асырыпты шет елге,
Сол байлығы өлген соң да артында
Дұға оқитын ұрпағына жетер ме?!

Мейрамхана, вилла, коттедж, катерді
Кім оларға мұра қылып әперді?!
Шайлығына жетпей жүрген айлығы,
Елдің де оған ести-ести еті өлді.
Туған жердің сатып болып байлығын,
Жарылқайды жарымаған шет елді.

Көбіктейін арнасынан асқандар,
Ар-ұятты белден аттап, басқандар,
Астауынан жем жесе де биліктің,
Отанында бастан бағы ұшқандар,
Жолын тауып қулық пенен сұмдықтың,
Аз болмай тұр өз елінен қашқандар.

2004 жыл.

Жылда егінін жинап алған мына адам,
Бар байлығын сүйтіп жүріп құраған.
Садақасын берген кезде мешітке,
Құтылам деп ойлай ма екен күнәдан?!
Ал ауылы азып-тозып жатса да,
Кім бар екен, бірақ, оны сынаған?!

Отын тапшы, суық кіріп, мұздаса,
Дәрігер жоқ, балтырлары сыздаса,
Амалы жоқ табылатын қасынан
Ащы судан ұрттап алып қызбаса,
Сондықтан да тұрғындар да жасынан
Ұнатпайды алтын жауған күзді аса.

Қаладағы ағайынның көңілі жай,
Асырайды барлығын да өңір бай.
Алаңдата қоймайды онша оларды
Ауылдағы құба тірлік қоңыржай.
Еңбектері жанбай жүрген жандарды
Илейді өмір ашып кеткен қамырдай.

2005 жыл.

Біреулер жүр қар тазалап аулада,
Біреулер жүр аунап-қунап саунада.
Біреулер жүр баптап, күтіп бақшаны,
Біреулер жүр жерді салып саудаға.
Біреулер жүр судай шашып ақшаны,
Біреулер жүр барын салып дауға да.

Біреу жүрсе жоқтық қана қол байлап,
Біреу жатса арып-ашып, ойбайлап,
Өзгені қор, ал өздерін зор тұтқан,
Біреулер жүр толып-тасып, той тойлап.
Біреу жүрсе жұғын жалап сарқыттан,
Біреу жеп жүр жал мен жая, бал, қаймақ.

Мансап пенен байлық іздеп біреу жүр,
Кейбіреуде арсыз мысықтілеу жүр,
Жолыққанда қасым менен досыма,
Кемшілігін бетіне айтсам, ренжір.
Қандай қиын күн туса да басыңа,
Жаратқаннан жақсы тілек тілеп жүр.

2006 жыл.

Көргенімді жаза-жаза жалықтым,
Барға ырза, жоқты көріп қамықтым.
Кейбіреуі таза бұлақ суындай,
Кейбіреуі лай суындай арықтың.
Көп пәлеге жүрсе-дағы ұрынбай,
Көрген күні бірдей емес халықтың.

Біреу іскер, біреу шебер, өнерпаз,
Біреу пысық, енді біреу жағымпаз,
Ағайынды екеу бірге туса да,
Бірі тақыр, біреуінің басы таз.
Қандай жерде қандай қызмет қылса да,
Түсінбейді не болғанын ақылы аз.

Жоламасын байтақ елге жаманат,
Төккен терді Алла жүрсін бағалап.
Болса болды қайырым мен мейірім
Байда нысап, кедейлерде қанағат,
Жоғалтпаған аңқылдаған пейілін,
Өткен күннен қалған бізге аманат.

Сөз соңы

Оқиға көп құлақ естіп, көз көрген,
Көрініс көр әр жыл сайын өзгерген.
Әкем марқұм үлгі қылып жақсыны,
Үйрен деген өнерді де өзге елден.
Көре жүріп, біле жүріп, тап шыным,
Соның бәрін жазамын деп сөз бергем.

Үйренген де, жиренген де кезім бар,
Жаңалықты көріп тұрған көзім бар,
Артта қалып күйінгенім, күйгенім,
Жас кеудеде алас ұрған сезім бар.
Көрген-білген, көңіліме түйгенім
Жетсе болды кісілерге сөз ұғар.

Ауыл көрсем сымбат-көркі келіскен,
Төрт түлікті көрсем бүгін өрістен,
Тыңды қайта жатқан болса түлетіп,
Соның өзі парапар ғой жеңіспен.
Жүректегі сөзді тілмен сөйлетіп,
Алтын қазып алғандаймын кеніштен.

Ақылбек ШАЯХМЕТ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here