Инклюзивті білім беру – заман талабы

0
886

Бүгінде елімізде дамуында ерекше қажеттіліктері бар балалар саны жыл сайын артып келеді. Қалай болғанда да олар қоғамның тең құқылы мүшесі ретінде барлық мүмкіндіктерге теңдей ие болу керек. Мұндай балалардың дамуындағы ең маңызды мәселе – білім алу. Бұл ретте мәселе тек құжат пен кәсіп иесі болумен шектелмейді, осындай балаларды әлеуметтендіру міндеттері туындайды. Қазақстанда сол мақсатта инклюзивті мектептер ашу, туризм және театр саласында көптеген жұмыстар жүргізілуде. Елде бұған дейін мүмкіндігі шектеулі балалар қарапайым білім беру мекемелерінде оқи алмайтын. Оларды үйден білім алуға немесе арнайы мамандандырылған орталықтарда оқуға жіберетін. Бұл оларды әлеуметтендіру, қоғамға бейімдеу деңгейін арттырмады. Тек Қазақстанда инклюзивті білім беруді дамытудың басталуымен сең қозғала бастады. Сонымен инклюзивті білім беру дегеніміз не?

Әрбір бала ерекше

Инклюзивті білім беру – жай балалар мен дамуында ерекше қажеттіліктері бар балаларды бірге оқыту, яғни балалардың денсаулық жағдайына қарамастан бәріне бірдей тең құқық беру. Инклюзивті білім берудің бірнеше қағидаттары бар: біріншіден, әрбір бала ерекше. Барлық бала дос болуда, білім алуда, үйірмеге баруда, концерт тамашалауда және әрі қарай әлеуметтік даму перспективалары бойынша тең құқылы. Әр бала өз қарқынына қарай дамиды және одан біреуі артық, біреуі кем болып қалмайды. Олардың өзара қарым-қатынасы мейірбандыққа құрылады. Балалардың өзара іс-қимылы олардың дүниетанымын кеңейтіп, академиялық зейін қабілетін дамытады.

Елімізде инклюзивті білім беру қалай жүзеге асырылады? Инклюзия қоғамның гуманистік көзқарасына айналуы керек. Заң жүзінде бұл мәселе шешімін тапты. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы 26 маусымда «Инклюзивті білім беру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Мемлекет ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін одардың даму ерекшеліктеріне қарай білім беру жүйесі шегінде білім алуға жағдай жасауы тиіс (8 бап, 1-1 т). Мүмкіндіктері шектеулі балалар үшін арнайы оқу бағдарламалары әзірленуде. Заң бойынша мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдары олардың қызмет көрсету аумағында тұратын барлық балаларды, соның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды да қабылдауы керек (26 бап, 2 т). 

Мұндай білім беру нормаға айналуы үшін шешетін бірнеше мәселелер бар. Атап айтқанда, педагогтардың дайын еместігі, олар сондай балалармен жұмыс істеуге психологиялық және кәсіби тұрғыда дайын емес, сонымен қатар кейбір ата-аналардың өз балаларының сондай ерекшеліктері бар балалармен бірге оқитынын қабылдай алмауы. Оған қоса балабақшалар, мектептердегі материалдық-техникалық базаның төмендігі де өзекті мәселе. Мүгедек балалардың ата-аналарының психологиялық беймаза күйге түсіп,  әлеуметтік остракизмге, яғни басқа балалардың олардың балаларын мазақтау, басыну сияқты ықтимал әрекеттердің болуына қауіптенуі. Көптеген облыстарда мұғалімдер мен ата-аналарға психологиялық-педагогикалық және әдістемелік көмек көрсету үшін инклюзивтілікті енгізу бойынша өңірлік орталықтар ашылды. Мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істейтін мамандар бойынша кадр мәселесін шешу үшін Қазақстанда дефектологтарды оқыту ауқымы кеңейтілді. Қазіргі таңда мұндай мамандар еліміздегі 17 ЖОО-да дайындалады. Педагогтер осы бағыт бойынша қайта даярлықтан өтеді. Бұл қадамдардың бәрі де инклюзивті білім беруді дамытуға бағытталып отыр.

Жаңа мамандықтар дамуда

Қазақстанда 160 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі бала инклюзивті білім алуға мұқтаж. Солардың тек 23%-ы ғана аталған оқу процесіне қатысады. Елімізде инклюзивті білім беруді енгізу жолында кездесетін қиындықтар уақыт өте шешіліп, әсіресе халықаралық тәжірибеге сүйене отырып оң өзгерістер орын алуда. Мәселен, мектептерде педагог-ассистент – тьютор қызметі енгізілді.

Бұл мамандардың міндеті – ерекше қажеттіліктері бар балаларды дамытуда, білім алу барысында екеуіне де жағдай жасау. Дегенмен, екеуінің айырмашылықтары да бар. Бірінші айырмасы – білім деңгейіне қойылатын талап. Тьютор – жоғары білімді педагогикалық қызметкер. Ал ассистенттің арнайы орта білімі болса да жеткілікті және осы педагогикалық білім мен тәрбие беру бағытында білімі болуы міндетті емес. Ол тек курс оқып алса да болады.  Сонымен қатар, тьютор мүгедектігі бар балалар лайықты білім алуға арналған білім беру бағдарламасын әзірлеп, соны жүзеге асыруға қатысады.

Қазақстанда педагогтер әдетте бейімдеу спортының негіздеріне оқытылады, осы ретте француздық әріптестермен бірге мектеп бағдарламасына бейімдеу спортын енгізу үшін арнайы бағдарлама әзірленуде. Инклюзивті ойындар көмегімен оқыту бағыты дамуда, бұл ойындарға жай балалар да, ерекше балалар да бірдей қатысады.

Шетел тәжірибесі қалай?

«Инклюзия» термині мен инклюзивті білім беру қағидаттары халықаралық деңгейде 1994 жылы Испанияда ерекше қажеттіліктері бар тұлғаларға білім беру жөніндегі Бүкіләлемдік конференцияда енгізілді. Сол жылы «Бәріне арналған білім беру» халықаралық бағдарламасына Қазақстан да қосылды. Ұлыбританияда мүгедек-балалар қарапайым мектептерде білім алуға 1976 жылы құқық алды. Арнайы оқу орталықтарында ауыр жағдайдағы балалар ғана оқиды. Англияда инклюзивті білім беруді дамытуға мемлекеттен қаржы бөлініп, мамандар дайындалады. Ерекше баланы кішкентай кезінен бастап жоғары сыныпқа дейін психологтар мен педагогтер үнемі бақылап, қолдау білдіріп отырады. Арнайы оқу бағдарламалары әзірленеді, баланың қасында мұғалімнен бөлек оның оқу материалын игеруіне, психологиялық және әлеуметтік мәселелерін шешуіне көмектесетін ассистенті болады. Бұл шаралардың бәрі мүмкіндігі шектеулі балалардың өздерін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезініп, айналаға пайдалы болып дамуына септік етеді. Инклюзивті білім беруді дамыту – бұл тек ерекше балаларды дамыту ғана емес, сонымен бірге бүкіл білім беру жүйесін дамытуды білдіреді.

«Әлеуметтік инклюзивті бағдарламалар орталығы» ҚҚ директоры Салтанат Мурзалинова-Яковлева Алматы облысында инклюзивті хаб құруды жоспарлайды. Жақында бес жылдығын атап өткен қор осы аралықта қоғамда инклюзияны дамыту бойынша көптеген өзгерістерге бастамашы болды. Бүгінгі таңда қордың мектеп жобасында 130 бала бар, соған қоса айына онлайн және офлайн форматта 500 қатысушыға дейін қамтып отыр. Қордың негізгі мақсаты – қоғамда ерекше балаларды әлеуметтендірудің үлгісін әзірлеп, енгізу. Оның негізін салушылар өздерінің тәжірибесін Қазақстанның кез келген қаласында жүзеге асырып, тілек білдірген жандарға көмек беруге дайын екенін жеткізді.

– Біз эмпатия мен қауіпсіз қоғамды дамытуды көздейтін комьюнитиміз, біздің қызметкерлеріміз елімізге тренингтермен көп барады, жағдайды жақсы бағамдап түсіне алады. Біздің міндетіміз – қайталап ұсынатын қызмет түрлерін құру, біз ата-аналарға, осы саладағы көшбасшыларға, коммерциялық емес ұйымдарға консультация беруге дайынбыз. Көптеген мектептер инклюзивті білім беруді жақсы түсінеді, қабылдайды, қажетті білімді алуға ұмтылады. Қазақстанда осындай балалар жай жалпы білім беру мектептерінде оқуға құқылы екенін білдіретін нақты бір нормативтік-құқықтық база бар. Инклюзивті қоғамды дамыту –  Мемлекет басшысының бастамаларының бірі. Қазіргі таңда педагог ассистенті, флеш-тьютор ұғымдары да пайда болды. Жалпы елімізде бұл жағдайды түсінетін ата-аналар көбейіп келеді, олар жан-жақты ахуалды ұғынып, қауымдастықтарға бірігуде. Соған қарай орта да өзгеріп келеді, – дейді қор басшысы.

Оның айтуынша, бала дене тұрқы жағынан сау болуы мүмкін, алайда стресс алған  кезде, мәселен, жақын адамынан айырылса, оны қоғамға қайта қосу керек болады. Әзірге бізде сондай балаларға тьютор, яғни инклюзивті білім беру процесінде баланы жетектеп жүретін мамандарды ұсынатын нормативтік база жоқ. Сондықтан да бала стресстің кесірінен сабағын дұрыс оқи алмайды.

Аталған қордың тәжірибесі көптеген ҮЕҰ-дарға, педагогтерге, елдің өзге өңірлеріндегі ата-аналарға көп көмегін тигізді. Бүгінде мұнда 5 бағыт бойынша балаларға білім беріледі: ерте дамыту, мектепке дейінгі дайындық,  «Insight» мектебі, тьютор академиясы.

– Біздің қорда комьюнити – қоғамдастық құра алғанымызға қуанамын. Бізде ата-аналар тек қызметімізді пайдаланып қана қоймайды, олар бізбен әріптес, бәрін бірге ұйымдастырады, қолдау білдіреді, қатысады. Комьюнитиде әркімнің өз орны, өз міндеті мен даму мүмкіндіктері бар. Біз жақында барлық бағыттарымызды жүйелендірдік, яғни ерте жастан 18 + жасқа дейінгі аралықты қамтимыз. Соған сай жасына, қызығушылықтары мен баланың қабілетіне қарай түрлі жобалар ұсына аламыз. Жобалар әзірге шағын, оларды жетілдірудеміз. Мәселен, біз бір баланы бариста кәсібіне үйретуге көмектестік. Ерекше бала бариста болып, Алматының орталығындағы кофеханада кофе сатады. Бізде сонымен қатар инклюзивті театр пайда болды. Труппада 15 жастан жоғары ерекше және жәй балалар бар. Театр қойылымдар қою арқылы ақша табады, – дейді қор директоры.

Инклюзивті туризмнің тиімділігі неде?

Қазақстанда белсенді дамудың жаңа бағыттарына – инклюзивті туризм жатады. Көктемде орталықтың үйлестірушілер тобы тәжірибе алмасу үшін Грузияға барады. Салтанат Мурзалинова-Яковлева айтуынша, инклюзивті туризм дегеніміз – бұл мүмкіндігі шектеулі адам бір жерден еркін өтіп кетуін білдіретін тек дамыған инфрақұрылым ғана емес, бұл жақсы ойластырылған контент. Мәселен, аутизмі бар балалардың ата-аналары қай жерге барса да айқайлап жүреді. Олардың көбі табиғатқа топпен бірге бармауға тырысады, себебі басқаларға кедергі жасаймыз деп қорқады.  Сондықтан аталған орталық  сапарларды ерекше түрде ойластырады, ол сапар баланың ойын бөліп, түрлі қызықтарға толы етіп өткізілсе, аутизмі бар бала жаңа ортағы түскенде, өзінің күрделі жағдайын ұмытып, сол процеске беріліп кетеді.

«Bala-way» орталығының жетекшісі, нейропсихолог Лашын Төрегелдиеваның мекемесі мектепке дейінгі дайындық қызметін көрсетеді. Сонымен қатар, ерекше білім беруді қажет ететін балалармен жұмыс істейтін топтарға сабақ жүргізеді.

– Қазіргі таңда біздің үйірмелерде жас тьюторлар жаттықтырушының жетекшілігімен ерекше оқушыларға көмектесу техникасын меңгереді. Мұндай балаларға дене тұрқы жағынан дамытуға барынша күш салу керек. Себебі, ерекше балалар өз денесін толық сезінбейінше, өзін қалай ұстауды білмейді. Олардың қаламды қолға ұстауының өзі қиын. Бізде бір мезгілде дене тәрбиесі үйретіліп, академиялық жұмыстар жүргізіледі. Көптеген осындай балалар балабақшалар мен орталықтарға барып көрмеген. Біз соларды дайындап, ортаға бейімдейміз, – дейді орталық жетекшісі. 

Осындай жекелеген қорлар мен орталықтар ата-аналармен бірге түрлі шеберлік сабақтарын өткізіп, оларды барынша баламен жұмыс процесіне тартып, дайындайды. Себебі, ата-ана бұған жанын салып, беріліп кіріспесе, бәріне оңай болмайды. Ата-ана педагогпен бірдей елуде елу жұмыс істегенде ғана қоғамға тез бейімделгіш баланы тәрбиелей алады. Осы ретте soft skills саласын меңгеру дегеніміз – командада жұмыс істей білу, балалардың достасуына, бір-біріне көмектесуіне ықпал етуді білдіреді. Салтанат Мурзалинова-Яковлева басқаратын орталықтың ендігі жоспары – Алматы облысындағы Еркін ауылында инклюзивті хаб құру. Мұнда олар түрлі жобаларын жүзеге асырып, балаларды әлеуметтік оңалту жұмыстарын жүргізеді. Ерекше қабілеті бар балаларды оқытудың негізгі жүйесі инклюзивті білім беру тетігіне тығыз байланысты. Осы мақсаттағы іс тәжірибелік және теориялық тұрғыдан үндестік тапса, бұл бағыттағы шаралар дұрыс жолға қойылмақ.

Тобықтай түйін

Инклюзивті білім беру – қазіргі заман адамының санасындағы бетбұрыс әрі  демократиялық мемлекеттердің таңдауы. Қазақстан Республикасының 2020-2025 жылдарға арналған білім мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес 2025 жылдарға қарай мектептер мен балабақшаларда 100%, колледждер мен ЖОО-дарында 70% инклюзивті білім беруге жағдай жасалуы керек.

Жансая ШЫҢҒЫСХАН

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here