Тіл білгеннің көкжиегі кең

0
940

Мен еліміздің ең жасыл қалаларының бірі болып табылатын Орал қаласында туып өстім. Орал жасыл қала атағына ие болып қана қоймай, өзінің бай тарихымен де атақты. Қаланың тарихы мен табиғатынан бөлек, оның тыныш әрі жайлы өмірін ұнатамын. Алайда, бір жарым жыл бұрын көпшілік жастар секілді жоғары білім алу мақсатында еліміздің екінші астанасы атанған Алматы қаласына келдім. Сөйтіп, 2021 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шығыстану факультетіне оқуға түсіп, жапон тілін үйрене бастадым.

Бұл мақалада мен өзімнің мамандығым – шығыстану саласы туралы егжей-тегжейлі баяндап бергім келеді. Мамандықты таңдауымның себебі туралы айтар болсақ, Жапонияның аталмыш “жұмсақ күші” (soft power) жөнінде сөз қозғаған жөн болар. Қазіргі ақпараттық революция заманында әлемдік аренада “жұмсақ күш” саясатының маңыздылығы арта түскені ақиқат. Басқаша айтқанда, «жұмсақ күш» идеясының басты мазмұны елдің тілі мен мәдениетін ғаламдық кеңістікте насихаттау арқылы дүниежүзілік саясатқа тікелей немесе жанама әсер етуі, мемлекеттің халықаралық деңгейде өз беделін арттыруы дегенге саяды. Бұл саясаттың мысалы ретінде қазіргі кезде жастардың сүйіп қарайтын «анимэ», «дорама», «манга» сияқты әлемде кең таралған жапон мәдениетінің өнімдерін әбден келтіруге болады. Мектепте оқып жүрген шағымда, бірінші рет жапон анимэсін көргеннен бастап-ақ менде күншығыс еліне деген, әсіресе, оның тіліне деген ерекше ықылас пен сүйіспеншілік пайда болды. Мен әрдайым анимэны субтитрлерді қосып, төл жапон тілінде көретін едім. Анимэні қараған сайын жапон тілінің ерекше құлаққа жағымды, әсерлі де әуезді үніне тамсанып, оны тыңдай бергім келетін. Осы тілде сөйлеп үйренгім келді. Сөйтіп, осы бағыт бойынша мамандық таңдап, жапон тілін меңгеруге бел байладым.

Жапон тілімен сырттай болса да таныс болғандықтан, бастапқыда берілген тілді игеру мен үшін аса қиындық туғыза қойған жоқ. Алайда, қазіргі кезде 2-курста оқып жүріп, мен жапон тілінің оқыған сайын күннен күнге күрделеніп бара жатқандығын байқадым. 2000-нан астам иероглифті меңгеріп жаттауды талап ететін жапон тілі секілді күрделі тілді үйрену табандылық пен күш-жігерді қажет ететінін нақты айта аламын. Дегенмен, түрлі  қиындықтарға қарамастан, мен бар күшімді салып, оқуымды тынбастан жалғастырып келемін. «Білім –  инемен құдық қазғандай» демекші, тіл үйрену де термен, еңбекпен келетін шаруа.

Жалпы күншығыс елінің ұлттық тілін үйренген сәттен бастап-ақ менің өмірімде көптеген жағымды өзгерістер орын алды. Нақтырақ айтқанда, өзім сияқты жапон тілі мен мәдениетіне қызығушылық танытатын көптеген жаңа достар пайда болды. Сондай-ақ, жапон тілін үйрену менің ой-өрісімнің кеңейіп, ойлау қабілетімнің жетілуіне оң әсерін тигізіп жатыр. Өйткені, ғалымдардың пікірінше, жапон тілін меңгеріп, иероглифтерді жазып жаттаудың нәтижесінде адамның зейіні, есте сақтау және ассоциативті ойлау қабілеттері дамиды. Үшіншіден, шығыстанушы мамандығын таңдаудың нәтижесінде мен Қазақстанда әлі толық зерттелмеген тың сала болып есептелетін жапонтану бағытын игеріп, республикамызда сирек кездесетін әрі сұранысқа ие кәсіп түрін игеруге мүмкіндік алдым. Сайып келгенде, елімізде батыс тілдерін ғана емес, шығыс тілдерін білудің де талассыз артықшылығы көп екеніне көз жеткіздім.

Менің өмірлік мақсатым – өз ісінің нағыз майталманы, білікті де білімді жапонтанушы маман болу. Еліміздің Жапонияның даму жолынан алар сабағы көп, сондықтан Қазақстан мен Жапонияның арасындағы қарым-қатынастардың әрі қарай нығаюы үшін еңбек еткім келеді.

Күншығыс елінің даму жолы сара. Жапон халқы өзінің ұлттық-мәдени болмысын сақтай отырып, әлемнің ең мықты алдыңғы қатарлы елдерінің қатарына қосылды. Жапонияның өзінің осындай дара жолын қалыптастыруының басты себептерінің бірі ретінде әрқашан да «шығыстық – мораль, батыстық – техника» деген қағиданы қатаң ұстануында деп айтсақ қателеспейміз. Біз де Жапония тәжірибесін меңгеріп, оның кейбір тұстарын өз мемлекетімізде енгізіп қолдансақ,  Қазақстанның ғаламдық кеңістікте маңызды орын алатын озық әрі дамыған елдердің біріне айналатындығына сенімім мол.

Қорыта келгенде, «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деп Абай атамыз айтқандай, мен өзімнің айналысқым келетін сүйікті кәсібімді таптым және отандық жапонтану саласында қызмет ету арқылы келешекте туған жерімнің жарқын болашағын қалауға барымды салғым келеді.  

Габдуллина Лейла Аманжолқызы
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Қиыр Шығыс кафедрасының студенті

 Тазабекова Гүлмира Бимуханқызы
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Қиыр Шығыс кафедрасының аға оқытушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here