Әйтеке бидің бала кездегі төрелігі

0
1704
Тараз қаласындағы қазақтың әйгілі үш биінің – Төле, Әйтеке және Қазыбектің ескерткіші

Ертеде Төле бидің ағаштан түйін түйетін Қалмамбет деген ұста көршісі болыпты. Бір күні ол Төленің үйінің сыртында өсіп тұрған қисық қайың ағашын кесіп, ер жасап алыпты. Ерге қызыққан төре:

– Иә, Қалмамбет, бұл ер менікі болады. Себебі, бұл қайың ағашы менің үйімнің жанында өскен, көп болса жасаған жұмысыңа ақыңды аларсың, – дейді.

Сонда Қалмамбет:

– Дүниеде қисық өскен қайың жалғыз осы ма? Ұнатқан ағашты кес те, өзің ер жасап ал, бұл ерді бермеймін, – деп шалқаяды.

Ерді өзінше ала алмайтынына көзі жеткен Төле:

– Онда мына қоңсылас отырған Кіші жүз еліне барып, төрелесейік, – деп екеуі атына мініп, жолға шығады.

Жолға шыққаннан кейін Төле «Ойпырым-ай, бір ер үшін сонша жерге төрелікке барғаным жөн болмас, жол-жөнекей кездескен адамның төрелігімен-ақ бітісейік» деген оймен:

– Уа, Қалмамбет, анау алдымызда көрінетін көп қара Кіші жүздің жайылып жатқан малы болса керек. Сол малдың ішінде қандай да бір адам бар шығар. Сол адамға барып төрелессек, сен тұрасың ба? – дейді.

– Сіз тұрсаңыз, мен тұрдым, – деген жауап алады.

Сөйтіп, олар жайылып жатқан үйір-үйір жылқының ішіне келсе, мал бағып жүрген жайдақ тайға мінген, жігіт болып қалған бала екен. Бала тайынан түсіп келіп, жасы үлкен адамдарға сәлем береді.

Сәлемнен кейін Төле мен Қалмамбет мән-жайды түсіндіреді.

Сонда бала:

– Екеуіңіз де әкемдей үлкен кісілерсіздер. Төрелік біреуіңіздің пайдаңызға шешілсе, екіншіңіздің көңіліңіз қалып қояды. Мені қойып, мына тұрған ауылға барып, өздеріңіз қатарлы адамға төрелесіңіздер, – деп төрелікке келіспейді.

Баланың ақылды сөзі Төлені таң қалдырып:

– Қарағым, «қой асығы демеңіз, қолға жақсы сақадай, жасы кіші демеңіз, ақылы жетсе атадай» деген, өзіңе тұрдық, айт төрелігіңді, – деп тұрып алады.

– Олай болса, екеулеріңіз де тымақтарыңыз бен қамшыларыңызды беріңіздер. Аузыма түскенімді айтайын, – дейді әлгі бала.

Қамшы пен тымақтарын алып, екеуінің қамшысын екі жағына шаншып, ортасына жаңағы ерді қояды. Сонан соң:

– Қапталың – қайың, қасың – тал,
Қалмамбет соққан бір ерсің.
Үйсіннен шыққан Төлесің,
Адамсып жүрген немесің.
Қасыңдағы көршіңмен
Қу ағашқа таласып,
Не бетіңмен келесің?
Нәпсіңе беріп ерікті
Өтірікке жан берсең,
Зәузатыңмен күйесің, – деп ерді лақтырып тастап, бала тайына мініп, малын қайыруға тартып отырады.

Төреліктен жеңілген Төле би ұялып, төрелігімен таңғалдырған баланың аты-жөнін білуге артынан барып сұрағанда, ол:

– Атым – Әйтеке, руым — әлім, Алшын атаның баласы боламын, – деп жауап береді.

Міне, сол күннен бастап Кіші жүз алшыннан шыққан Әйтеке би Ұлы жүздің Төле биінің, Орта жүзде қаз дауысты Қазыбек бидің қатарына ілесіп, кейін Кіші жүздің атақты биі болған екен.

Айбол БИТУҒАНОВ, зейнеткер ұстаз

КЕҢДАЛА АУЫЛЫ, ТАЛҒАР АУДАНЫ,
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here