27 қаңтарда Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Қарулы күштерде мерзімді әскери қызмет өткерген азаматтарға жоғары білім алуға берілетін жеңілдіктер бойынша Қорғаныс министрлігінің брифингі өтті.
Қорғаныс министрінің кеңесшісі Айгүл Төлембаеваның айтуынша, былтырдан бері министрлік әскерге шақырылушыларға білім беруде жеңілдіктер жасау жөнінде бастама көтеріп, көптеген жұмыстар атқарып жатыр.
«Әскери оқу орындарына түсуге ниет білдірген және 24 жасқа толмаған азаматтар мерзімді қызмет аяқталған сәттен бастап бір жылдан кешіктірмей сол жылдың 30 сәуіріне дейін тұрғылықты жері бойынша жергілікті әскери басқару органы басшысының атына өтініш жазуы керек. Жергілікті әскери басқару органының басшысы Ұлттық қауіпсіздік органдары туралы заң бойынша арнайы тексеру жөніндегі жұмысты және әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу қағидалары бойынша алдын ала медициналық куәландырудан өткізеді. Денсаулық жағдайы бойынша оқуға жарамды азаматтар сол жылдың 30 шілдесіне дейін құжаттарын тапсырып, түпкілікті медициналық куәландырудан өту үшін әскери оқу орнына келеді. Қорғаныс министрлігінің жоғары оқу орындарына қабылдау Қарулы күштердің әскери бөлімдерінде бұрын өткізілген іріктеу нәтижелері бойынша жүзеге асырылады. Жоғары оқу орнына түсуде ҰБТ есепке алынбайды. Ғылым және жоғары білім министрінің бұйрығымен бекітілген қабылдаудың үлгілік қағидаларына тиісті өзгерістер енгізілгенін атап өтемін. Бұл Ережені Әділет министрлігі бекітті және қазір тіркеу сатысында. Біздің бастамамызды 42 жоғары оқу орны қолдады. Олар оқу орны есебінен білім алу үшін үш мыңнан астам орын бөліп отыр», – деп нақтылады министрдің кеңесшісі.
Сарбаздар тегін білім алу үшін іріктеуден өтеді. Ол үшін Қорғаныс министрлігінің комиссиясы сарбаздың мерзімді әскери қызметін өткеру кезінде жауынгерлік, әскери-кәсіби даярлықта, әскери тәртіпте көрсеткен нәтижесін ескереді. Атап айтқанда, комиссия сарбазды:
- жауынгерлік даярлық бағдарламасын меңгеру деңгейі;
- жеке тәртібі;
- тәуліктік нарядта қызмет өткеру барысында арнайы міндеттерді толық орындауы;
- психологиялық жай-күйі арқылы бағалайды.
Бұл процестің ыңғайлылығы мен ашықтығы үшін «Әскери міндеттілер 2.0» цифрлық платформасы енгізілген. Жоғары нәтижеге қол жеткізген сарбаз үш жоғары оқу орны мен білім бағдарламасын таңдап, Қорғаныс министрлігінен ұсыным алады. Кейін университетке құжатын ұсынып, әңгімелесуден өтеді.