Тұңғыш жоспарлаушы экономисі немесе Лекеров неден жазықты болды?

0
1803

Халқымыздың тарихында ерте есейіп, елім үшін, халқым үшін адал қызмет етсем деген асқақ армандары арқалаған, бірақ, әкімшіл-әміршіл зұламат жүйенің зұламатынан сол армандарды орындай алмай кеткен тұлғалар қаншама! Халқымыздың тарихындағы сондай бірегей тұлғалардың бірі – Лекеров Әзімбай Лекерұлының қоғамдық-саяси қызметі жайында сөз қозғамақпыз.

Әзімбай Лекерұлы 1901 жылы бұрынғы Шығыс Қазақстан облысы, Семей ауданы (қазіргі Абай облысы, Жарма ауданы), Қызыл-Шілік ауылында дүниеге келген. Әзімбайдың әкесі Лекер аса бай болмаса да, ортадан жоғары дәулеті бар, өз ісіне мығым, іскер жандардың бірі болған. Құдайбергенұлы Лекердің жанұясындағы алты баланың ішіндегі оқуға ынтасы бар, қағілез Әзімбай сол кезге тән, барша қазақ балалары секілді ауыл молдасы Ғаббас молдадан хат танып, сауатын ашады. Ауыл молдасынан хат танығаннан кейін Әзімбай Лекерұлы Семей қаласындағы бастауыш училищеде оқиды. Оны аяқтағаннан кейін, сол Семейдегі сегіз сыныптық ерлер гимназиясында оқуын жалғастырады. Оның ерлер гимназиясындағы оқу кезеңі сол жылдардағы аумалы-төкпелі дүрбелең оқиғалармен қабаттаса жүрді.

Ақпан революциясы, артынша-ақ іске асқан Қазан төңкерісі елдегі қоғамдық-саяси өмірге үлкен өзгерістер мен жарқын өмірге деген үмітін де ала келген еді. Алғашқы кезеңде Кеңестік билікке қарсы болған Алаш қайраткерлері 1919 жылы қараша айында оларға кеңес өкіметі кешірім бергеннен кейін, оның алдыңғы қатарлы Ахмет Байтұрсынұлы бастаған тұлғалары Кеңес өкіметі жағына шығып, Қазақ өлкесін басқару жөніндегі революциялық комитеттің құрамына кіргені мәлім. Міне, осындай алмағайып кезеңде көптеген қазақ жастарының да кеңестік билік жағына шығып, елімізде Кеңес өкіметін орнатуға белсене араласуына Алаш қайраткерлерінің ықпалы болмады деп айта алмаймыз. Семейдегі оқуын  аяқтап үлгермей, Кеңес өкіметін орнату жолындағы саяси күрестің бел ортасынан көрінген қазақ жастарының алдыңғы қатарлы өкілдерінің қатарына Әзімбай Лекерұлын жатқызамыз.

Көзінде оты бар, жалындаған жасты Семей губерниялық әскери революциялық комитеті жастығына қарамай, жауапты жұмыстарға салды. Мәселен, Әзімбай Лекерұлы 1920 жылы небәрі 19 жасында көрші Қытай елімен шектесетін Зайсан уезіне кеңестік билік органдарының қызметін қалыпқа келтіру және саяси жұмыстар жүргізу үшін қызметке жіберілді. Бұл жылдары Зайсан уезіндегі кеңестік билікті орнықтыру Әзімбай Лекерұлына оңай болған жоқ.

Сөз ретіне орай, айта кетейік, халқымыздың қайраткер тұлғаларының бірі Ыдырыс Мұстамбайұлының да үлкен қызметтік саяси жолы да тура осы Зайсан уезінен басталған болатын. Екі қайраткер тұлға бірлесе қызмет ете жүріп үлкен саяси мектептің күрес жолын бастады. Бұл жылдары Зайсан уезі Қазақстанның шет аймағы болғандықтан бұнда Кеңес өкіметі әлі толығымен орнап болған жоқ еді. Өңірдегі кеңестік және партия ұйымдарында жергілікті ұлт өкілдерінің аз болуы, кеңестік билік органдарында «өңін айналдырған», кешегі империя тұсындағы шенеуніктердің көп болуы, олардың бұрынғы отаршылдық саясаттың жалғастырушылары болып, ұлттық қанаушылықты жою жолында ешқандай да іс-әрекеттер жасамағаны алдағы атқарылар жұмыстардың орасан зор ауыртпалығынан көрсетіп тұрды. Оның үстіне Ресей империялық билігі тұсында Зайсан уезі шет аймақ болғандықтан, бұл аймаққа атты орыс-казак бөлімдері қоныстандырылып, жергілікті қазақ халқының құнарлы жерлері соларға тартып әперілген болатын. Жерге орналасып, өз жағдайларын түзеп алған казак әскерлері де кеңестік билікке қарсы болды. Сонымен қатар, бұл аймақтағы тағы бір шиеленісті жағдай Сібір ревкомы Семей губерниясын өздеріне қосып алу жөнінде жұмыстар жүргізіп жатқан еді.

Өзіне сеніп тапсырылған жұмысқа білек сыбана кіріскен Әзімбай Лекерұлы сол кезеңнің қым-қиғаш қайшылықтары мен қиыншылықтарына қарамастан халық арасында кеңестік билік саясатының негізгі бағыттарын түсіндіріп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Оның ұлт мүддесі жолындағы қасиетті күрес жолы осы кезеңнен басталды десек болады. Ол уездегі партия, кеңес органдарына жергілікті халықты тартуға барынша күш салды. Әсіресе, шекаралық аймақтың алдағы құрылғалы жатқан кеңестік негіздегі Қазақ автономиясының құрамына кіруіне көп күш қайрат жасады. Оның ұлт мүддесі жолындағы бұл жұмыстарын кейіннен оны «ұлтшылдықпен» айыптағанда «европалықтарға қарсы жергілікті халықты айдап салып ұлт араздығын қоздырды» деген секілді негізсіз айыптар таққан болатын.

Зайсан уезінен кейін Әзімбай Лекерұлы Семей губерниялық атқару комитетінің нұсқаушысы болып қызметін жалғастырды. Бұл жылдары Семей губерниясында жағдай өте күрделі болатын. Өйткені, қазақ кеңестік автономиясын құру туралы декрет шығып, оның аумағы белгіленіп, Ақмола мен Семей губернияларын Қазақстанға қосу туралы шешім шыққанымен де ұлы орыстық шовинизммен уланған Сібір ревкомының басшылары бұл жерлерді Қазақстанға бергісі келмей, аймақтың Қазақстанға қосылуын тежеп бақты. Осы жылдары Семей губерниясының басшылығында отырған өзге ұлттың өкілдері де Ресейге қарай бұра тартты.

Міне, осындай күрделі кезеңде Қазақ орталық атқару комитетінің төтенше өкілі ретінде Семей губерниясына келген Смағұл Сәдуақасұлы құрамы бірыңғай орыстардан тұратын губерниялық атқару комитетін таратып, құрамы жаңадан Ыдырыс Мұстамбайұлы, Әзімбай Лекерұлы, Нығмет Нұрмақұлы, Мұхтар Омарханұлы сынды қазақ жастарынан толықтырылған губревком құрып, Семей губерниясын бөлшектемей Қазақстанға қосуға қол жеткізеді. Осы оқиға сол кезеңде үлкен даулы мәселе болып көтеріліп, 1921 жылы маусым айында РК(б)П Орталық комитетінің хатшысы Е.Ярославскийдің қатысуымен өткен Қазақстан коммунистерінің бірінші конференциясында РК(б)П Х съезінің «Ұлт мәселесі жөніндегі шешімдерін іске асыру шаралары» және тағы да басқа мәселелер жөнінде талас-тартыс жүріп, конференцияда сөйлеген Қырғыз(Қазақ) партиялық бюросының мүшесі М.Костолевская: «Біз Семейден губерниялық атқару комитетінің таратылып, оның орнына ревком құрылғандығы туалы хабар алып отырмыз… Ол жерге КирЦИК-тің жолдамасымен барған адам Кирпартбюромен кеңеспей, оның мақұлдауынсыз осыны істеді. Бұл аз десеңіз, әлгі КирЦИК-тің өкілі Семейдің басшы қызметкерлерін, бірін – Қазақ Республикасының «достары» деп, екіншісін оның «дұшпандары» санатына қосып, бөлген. Оның ішінде губком хатшысы мен губерниялық атқару комитетінің төрағасы дұшпандар қатарына жатқызылған», – деп Смағұл Сәдуақасовты орталықтан келген өкілдің алдында жүгенсіз кеткен басбұзар қылып көрсетуге барын салады (Сүлейменов Ж. Айтылмаған ақиқат. Социалистік Қазақстан. 1991, 11 маусым). Ал, Смағұл Сәдуақасұлы сенім көрсеткен қазақ қайраткерлерінің барлығы орталықтың қырағы бақылауына алынып, «ұлтшыл» деген «қара тізімге» енгізілді.

Смағұл Сәдуақасов сынды ұлтжанды қайраткерлердің қолдауымен губерниялық атқару комитетіне қызметке тартылған Әзімбай Лекерұлы кеңестік атқару комитетінің жауапты лауазымдарында үлкен шыңдаудан өтіп, 1921-1922 жылдары Қарқаралы, Павлодар уездік атқару комитетінің төрағасы, 1923-1926 жылдары Бөкей губерниясы атқару комитетінің төрағасы болды. Оның Бөкей губерниясындағы қызметі еліміздің бірнеше губернияларының халқын қамтыған аштық кезеңімен тұспа-тұс  келді. Сол аштыққа ұшыраған, ауыр қиыншылықтарды бастан кешіріп отырғандардың бірі Бөкей губерниясы еді. Қуаңшылық, азық-түлік салығын жинаудағы жергілікті басшылардың бассыздығы, бандалық топтардың халықты тонауы, жұт, мал басының күрт кемуіне алып келді. Мәселен, Орынбор губерниясындағы мал басы 51%, Ақтөбе губерниясында 88%, Орал губерниясында 84%, Қостанай губерниясында 77%, Бөкей губерниясында 85%-ға қысқарған.

Әзімбай Лекерұлы осындай қиын жағдайда Бөкей губерниясы атқару комитетінің басшылығына келгеннен кейін жергілікті халықты аштықтың құрсауынан құтқару жөніндегі жұмыстарға белсене кіріседі. Сонымен қатар, аштыққа ұшыраған қазақ халқының ауыр тұрмысын және оларға көмек көрсетудегі нақты жоспардың жоқтығын, облыстық партия қызметкерлерінің аштықпен күресті жүргізуде немқұрайлыққа салынып отырғанын батыл көтерді. Ұлтжанды қайраткер губерниялық атқару комитетінің басшылығын атқара жүріп, еңбекші қазақ халқының кеңестік құрылысқа тартылмауын, қазақ еңбекшілерінің құқықтарының еленбеуі, ұлттық мәселелер бойынша қабылданған кеңестік декреттердің іске асырмауы сынды мәселелерді қаймықпай көтеріп, өзінің іскерлігі мен жұмысына берілгендігі, өз ұлтына деген жанашырлығын көрсете білді. Губерниядағы жұмыс барысында үнемі қазақ ұлтының мүддесін қорғап, оларды кеңестік құрылысқа жұмылдыруда бар күшін және қажыр қайратын жұмсады.

1926 жылы Әзімбай Лекерұлы Ақтөбе губерниясының атқару комитетінің төрағалығына ауыстырылды. Бұл жылдары Ақтөбе губерниясы 4 уезден және 54 болыстан тұрды. Ондағы шамамен алғанда 400.000 мың халықтың 70% пайызы жергілікті қазақ халқы болатын. Партия ұйымдарындағы Қазақ халқының үлестік көрсеткіші 23 пайызды құрады (Қазақстан Республикасы Президентінің архиві. Қор-719, т-1-719. іс-68. пп 29-32.). Әзімбай Лекерұлын губерния басшылығына келгеннен кейінгі ерекше назар аударған мәселесі, губернияның әлеуметтік-саяси жағдайы еді. Губерния халқының басым бөлігі қазақтар болғанына қарамастан қазақ халқының өкілдерін партиялық, кеңестік ұйымдардағы қызметке тарту жұмыстары мардымсыз жүргізілді. Губерниядағы европалық басшы қызметкерлер республиканың ұлттық республика екенін ескерместен өздерінің «үйретуші» рөлін жоғары бағалап, жергілікті мамандардың өсіп-жетілгенін елегісі келмеді. Олар жергілікті коммунистерге қамқоршысы секілді жоғарыдан қарап, өздерінің рөлін асыра бағалады. Губерниядағы партиялық басшы қызметтерде солар отырды.

Бұндай ұлттық кемсітушілікке қаны қас Әзімбай Лекерұлы батыл түрде губернияда орын алып отырған бұндай келеңсіздіктерге қарсы күрес жүргізді. Бұл күрестің арты Губаткомның төрағасы Ә.Лекеровпен Губерниялық партия комитетінің бірінші хатшысы Беккер мен арадағы жанжалға ұласты. Әзімбай Лекерұлы қазақ халқының ұлттық мүддесін бірінші кезекке қойып, оның құқығының қорғалуы үшін күрессе, Беккер секілді европалық өкілдер «солар ғана коммунизмді орнатушы және солар ғана коммунистік басшылықты қамтамасыз етуші» ретінде билеп төстегісі келді.

Әзімбай Лекерұлы губерниялық деңгейдегі шовинистік пиғылдағы басшылармен күресумен қатар губернияда орын алып отырған ұлттық кемсітушілік жергілікті ұлт өкілдерін партия, кеңес жұмыстарына тарту мәселесінде орын алып отырған кемшіліктерді батыл түрде өлкелік партия комитетінің атына жазған арызында көтерді. Бұл оқиға Ф.Голощекин Қазақстан басшылығына келгеннен кейінгі губерния деңгейіндегі шиеленіскен ұлттық мәселенің өлкелік деңгейде көтерілген алғашқы іс еді. Ақтөбе губерниясыда орын алып отырған жағдайға байланысты 1926 жылы ақпан айында өткен өлкелік партия комитетінің жиналысында Ф.Голощекин «Ақтөбе ұйымының жағдайы туралы» деген тақырыпта баяндама жасап: «…ол жақтан орыстардың кейбіреулерін алып тастау керек. Бұлар шамадан тыс ағымшыл – шовинистік бейнелер» деп атап көрсетумен қатар, Ақтөбе губерниясының басында отырған орыс басшыларының шовинистік істерінің нәтижесінде орыс ұлтының өкідеріне артықшылықтар беріліп отырғанын мойындайды. Бірақ, артынша түлкі бұлаңға салып, осы баяндамасында «теория жүзінде шовинизм болған жерде ұлтшылдықты тек қорғаныстық тұрғыдан қарастыруымыз керек, бірақ шабуылдаушы ұлтшылдықта бар. Экономиканың өсуі, сұраныстың артуы, үлкен талаптар ұлтшылдықты шабуылдаушы етіп отыр», деп жаңа теория сымағын ашқандай болды (ҚР ПА. 141-қ, т-1. іс-490. п 14).

Әзімбай Лекерұлы көтерген мәселе өлкелік партия комитетінің алқасында арнайы қаралып: «Екі жақтың да іс-әрекетінің дұрыс еместігін атап көрсетуді жолдас Лекеров пен жолдас Беккерге ынтымақтаса жұмыс істеуді және партия міндеттерін бірлесе шешуді ұсыну» жөнінде қаулы қабылдайды (ҚР ПА. қ-719, т-1-719. іс-68. п 2). Бірақ, алған бетінен қайтпаған Әзімбай Лекерұлы шовинистік іс-әрекеттерімен губернияны басқарып отырған Беккер мен татуласуға бармады. Өлкелік партия комитетіне екінші рет арыз берді. Осыдан кейін ғана өлкелік партия комитеті, партия апаратын жергіліктендіруді жалғастыру туралы ұлт мамандарын дайындауға ерекше назар аудару жөнінде жаңа қаулы қабылдайды.

Бастапқы кезеңде Ақтөбе губерниясында қалыптасқан жағдайға байланысты Ф.Голощекин біршама кемшіліктерді мойындап, оны түзету жөнінде ыңғай танытқанымен де оның Әзімбай Лекерұлын «ұлтшылдықпен айыптаған» суық көзқарасы қалыптасты. Оның арты кейінгі жылдары шиеленісе түсті. Ақтөбе губерниясындағы қызметін атқару кезеңіндегі Әзімбай Лекерұлының атап өтерлік жұмыстарының тағы бірі өңірде шығып тұрған «Кедей» газетінің редакторы болғандығы еді.

Әзімбай Лекерұлының өз сұрауы бойынша ол 1927-1928 жылдары Мәскеудегі Шығыс еңбекшілері коммунистік университеті жанындағы лекторлар курсында одан соң 1928-1932 жылдары Қызыл профессура институтының экономика факультетінде оқыды.

1932 жылы Мәскеудегі қызыл профессураны ойдағыдай аяқтаған Әзімбай Лекерұлы елге оралады. 1932 жылы 15 наурызда өткен БК(б)П Өлкелік партия комитетінің алқа мәжілісінде Әзімбай Лекерұлының жұмысы туралы мәселе қаралып: «Жолдас Ә.Лекеровты Қазақ мемлекеттік жоспарлау комиссиясы төрағасының бірінші орынбасары етіп бекіту және оған қосымша жоғары оқу орындарының бірінде сабақ беру жүктелсін» деген қаулы қабылданады (Алматы қалалық полиция департаментінің архиві. Қ-05060, іс-11020. п.59).

Мәскеуде алған білімін іс жүзіне асырып, өз халқына адал қызмет етуге құлшына кіріскен Әзімбай Лекерұлы негізгі жұмысын атқара жүріп республикамыздағы жоғары тұңғыш оқу орны Қазақ педагогикалық институтында (қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті) саяси экономика және Кеңестік шаруашылықтың теориясы кафедрасының меңгерушісі қызметін де қоса атқарып, сонымен бірге Марксизм ленинизм ғылыми зерттеу институтында дәріс оқыды. Бірақ, өкінішке қарай деп айтайық. Әзімбай Лекерұлының қилы тағдырына орай бұл жылдар елімізде Голощекиндік «Асыра сілтеу болмасын, аша-тұяқ қалмасын» ылаңы жүргізіліп, қазақ халқының аштықтан қырылып және аштықтың салдарынан бас сауғалап жан-жаққа босып көшіп кетіп жатқан аса ауыр кезең еді.

Халқымыздың басқа да ұлтжанды қайраткерлері секілді қазақ халқының басындағы ауыр қайғы-қасірет Әзімбай Лекерұлының да қабырғасын қайыстырды. Қолдан келгенше бір шара жасау жөніндегі ой оған да маза бермеді. Әзімбай Лекерұлының тұлғалық, қайраткерлік кескін-келбетін ашатын саяси оқиғалардың бірі, халық арасында «Бесеудің хаты» деген атпен әйгіленген Голощекиннің атына жазылған хат осы кезде өмірге келді.

Сол зұламат жылдардағы қайраткер тұлғалардың саяси күрес жолында өзіндік із қалдырумен қатар, халқымыздың басынан кешкен ауыр тауқыметтің себеп-салдарын қарастыруда тарихи құжат болып табылатын «Бесеудің хатын» тоқталып өтейік. Ресми құжат бойынша хат авторлары Коммунистік жоғары оқу орнының оқу ісі жөніндегі проректоры Емберген Алтынбеков, Қазақ мемлекеттік баспасының меңгерушісі Мансұр Ғатаулин, Коммунистік жоғары оқу орны проректорының орынбарасы Мұташ Дәулетқалиев, Қазақ АКСР Мемлекеттік жоспарлау комиссиясының энергетика секторының меңгерушісі Қадыр Қуанышев, Қазақ мемлекеттік әдебиет баспасында бас редактор, жазушы Ғабит Мүсірепов болатын. Архив құжаттарындағы деректер бойынша және Ә.Лекерұлының жары Халида Лекерова мен М.Дәулетқалиевтің жары Азғар Мусинаның естелік сұқбаттарында айтылғандай хат 1932 жылы 24 маусымда жоспарлау комитетінің саяжайында жазылған. Саяжайда жиналған он екі адамның арасында Қазақстанда жүргізіліп жатқан Голощекиндік саясатқа деген өзара наразылық жөнінде пікір алмасу бұған дейін де жүргізілгендігіне қарамастан оның жетеуі соңғы мезетте хатқа қол қоюдан басын алып қашқан.

Сонымен, 1932 жылы 4 шілдеде БК(б)П Өлкелік комитеттің бірінші хатшысы Ф.Голощекинге жолданған «Бесеудің хатында» хат авторлары Қазақстанның ауыл шаруашылығында жеткен табыстарын Ф.Голощекиннің өз сөзімен келтіре отырып: «Бірақ қазір, Сіздің мәлімдемеңізден кейін 2 жыл өткен кезде, Қазақстан мал шаруашылығы саласында мал басының қисапсыз кеміп кеткені аян болып отыр: 1930 жылғы мал басының 1/8 бөлігі (40 миллионнан 5 миллион) ғана қалды. Тек байлар мен кулактардың ғана емес, тек жеке меншікті орташалар мен кедейлердің ғана емес, сонымен бірге негізінен алғанда колхоздар мен колхозшылардың (ішінара совхоздың да) қоғамдастырылған және қоғамдастырылмаған малы да осындай зор шығынға, қисапсыз қырғынға ұшырады», – деп ауыл шаруашылығында қалыптасып отырған апатты жәйтті бүкпесіз ашық жазды. Сондай-ақ, хат авторлары ауыл шаруашылығында қалыптасып отырған апатты жағдайлардың себеп-салдарын көрсете отырып, Қазақстанға қайтып көшіп келіп жатқандарды орналастыру ашыққандарға көмек көрсетудің жолдарын нақты көрсетумен қатар: «Мал басының қисапсыз кеміп кетуі мен көптеген қазақ аудандарын қамтып, адамдардың жаппай қырылуына әкеп соққан ашаршылық (қыстың екінші жартысынан бастап) жөнінде әлі күнге дейін ауыз ашпай отыру қаншалықты дұрыс, мұның өзі сырт қарағанда бұл мәселе жөніндегі большевиктік өзара сыннан тайсақтау сияқты, осы көптеген адамдардың көңілінде күдік тудырып, бұл олқылықтар «аса маңызды» деген ойға итермелейді (және) іштен тынып, үнсіз бағу ауыл-үй арасы мен от басы-ошақ  қасында, «ағынан жарылып айтқанда» және басқа жағдайларда неше түрлі алып қашпа сөздерді қоздыра түседі», – дей отырып алғаш рет Қазақстанда орын алып отырған ашаршылықты ресми түрде көтерумен бірге, бұл кемшіліктер жөнінде айтпау «большевиктік сыннан тайсақтау» деп Голощекиннің жүргізіп отырған саясатын сын тезіне де алып өтеді. 1929 жылмен 1933 жылдардың аралығындағы мал шаруашылығы мен егіс көлемінің көрсеткіштерін салыстыра келе, ілгері жылжудың орнына кері кеткендігін нақты сандық, пайыздық көрсеткіштермен көрсетіп, осы салалар бойынша партия конференциялары мен пленумдарында қабылданған шешімдердің бірде-біреуі орындалмағандығын, «көзбояушылар», «көпірме жоспарлар жасаушылардың» ісін Өлкелік комитет неліктен дер кезінде тексермегендігін ашып көрсетеді (Бесеудің хаты. Қазақстан коммунисі. 1990. №4. б.б. 68-76). Хат авторлары, тек кемшіліктерді тізіп қана қоймай, осы кемшіліктерді түзетудің жолдары жөніндегі өздерінің ұсыныс-пікірлерімен де бөліскен болатын.

Республикада қалыптасып отырған әлеуметтік-экономикалық саладағы қордаланған мәселелермен бірге Қазақ халқын сақтап қалудың аса маңызды жолдары көтерілген хат мазмұнымен танысқан Голощекин шұғыл түрде осы кемшіліктерді түзетуге барлық партия, кеңес ұйымдарын жұмылдырудың орнына керісінше хат авторларына қарсы «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» ұстап отырған өлкелік партия комитеті мен өлкелік бақылау комиссиясын қарсы қойды. 1932 жылдың маусым айы. Етек жеңді жинап, хатта атап көрсетілген аса зәру шараларды түзетуді дереу арада қолға алып кіріссе, әлі де болса аштыққа ұшыраған миллиондаған жандардың өмірін аман алып қалуға мүмкіндік бар кез. Бірақ, Голощекин басқаша жұмыс істеді. Бұл жерде түсінік бере кететін бір мәселе бар. Ол хатқа қол қоймаған Әзімбай Лекерұлының жазылған хатқа қаншалықты қатысы барлығы. Және неге ол бұл хат бойынша айыпталды деген сұрақ. Оның жауабын хат мазмұнымен Голощекин танысқаннан кейінгі жағдайдың қалай өрбігендігіне назар аударсаңыз, бәрі де түсінікті болып шығады.

Сонымен, «Қазақстандағы ұжымдастыру табысты өтіп жатыр» деп Мәскеуді хабардар етіп отырған Голощекин Қазақстанның өз ішінде өзінің «артын» ашып қояды-ау дегендерден барынша сескеніп, ондай әрекеттерді дереу арада тұншықтырып тастап отырды. Бұл жолы да сондай әрекетіне басты. Қазақстанда «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» болып, өз басынан сөз асыртып көрмеген Голощекин хат авторларын «Қазақстандағы екпінді дамып жатқан колхоз құрылысының дамуын көре алмайтындар», «Өлкелік партия комитетіне жала жабушылар», «Партия беделіне нұқсан келтірушілер» деп айыптап, ашықтан-ашық үркітіп-қорқыту әрекеттеріне көшті. Партия мүшелігінен шығарып, қылмыстық жауапкершілікке тартыласың деп те сес көрсетті. Ол онымен де шектелмей, ең бастысы хатты ұйымдастырған тұлғаны және хатта көрсетілген мәліметтердің қайдан алынғанын білуге жанталасты. Хат авторларымен әуелі жеке сөйлескен Голощекин олардан жазған хаттарынан бас тартуды, «қателіктерін мойындауды» және бұны кім ұйымдастырғанын айтуды талап етіп, қысым жасады. Осындай Голощекиндік қысымын және «түсіндіру» жұмыстары жүргізілгеннен кейін хат авторлары жеке де, бірлескен түрде де өздері жазған хаттағы көрсетілген кемшіліктерден үзілді-кесілді бас тартып БК(б)П Өлкелік комитетінің атына түсініктеме жазып береді.

Турасын айтқанда, Голощекиндік қысымға шыдай алмай, өз жазғандарына бас тартқан. Жекелей және бірлескен түрде жазған олардың түсініктемелерінің мазмұны ұқсас. Мәселен, Дәулетқалиев, Мүсірепов, Алтынбеков жазған түсініктемеде: «Қазір біздің көңіл-күйімізді түзетіп, жанымызға батқан осы бір құжаттан үзілді-кесілді бас тарта отырып, БК(б)П Өлкелік комитетіне мына жайларды мәлімдеуді қажет деп санаймыз» деп бастаған түсініктеме жазушылар: «Қазақстанның бүгінгі жағдайындағы тек қана олқылықтарына ден қоя отырып, біржақты талдап және баға берген тәсілімізден қателіктерге ұрынған біз кемшіліктерді асыра көрсетудің салдарынан бояуын тіптен қалыңдатып жіберіппіз. Дұрыс емес талдауымыздың нәтижесінде біз Қазақстанда ауыл шаруашылығы төмендеп кеткені соншалық, оны 30-шы жыл деңгейінде қалпына келтіру жақын келешекте жүзеге асыру мүмкін емес деген жаңылыс шешімге келген едік. Сонымен бірге біз кемшіліктерді талдауға біржақты келу салдарынан елдегі ерекше жетістіктерді ауызға алып, жеке тоқтала қоймадық» деп «ағынан жарылған» олар, бұнымен де шектелмей: «Өлкелік комитеттің большевиктік басшылығына қожановша-сәдуақасовша «қазақ халқы» туралы әнін қайталай беруден жалықпай күресуді дағдыға айналдырған Лекеровтің партияға қарсы ұлтшылдық көзқарасынан үзілді-кесілді түрде іргемізді аулаққа саламыз. Лекеров бізді оңшыл ауытқушылар мен жергілікті ұлтшылдардың талаптарымен мәні қабысып жатқан құжатпен солардың лагеріне қарай тартса да, біз өз үндеуімізден ақи-тақи бас тартамыз», – деумен барлық кінәні Әзімбай Лекерұлына аударып тастады (Адырбекұлы Көлбай. «Бесеудің хаты» немесе Лекеров неден жазықты болды? Түркістан. 2013, 3 мамыр). Ең сорақысы, Мемлекеттік жоспарлау комитетінен алынған құпия және маңызды мәліметтерді кімнің бергенін жасырын ұстау мақсатында олар өздері алдын-ала келіскендей хатқа қол қоюшылардың қатарында тегі көрсетілмеген Әзімбай Лекерұлын көрсетпеу, атын атамауға келіскен уәделерінде тұра алмай бар сырларын ақтарып тастады.

Бесеуді бір жөнге салып, «тұқыртып» алған Голощекин мұнымен де шектелмей 4 шілде күні өткен өлкелік комитеттің бюросында бұлардың мәселесін қарады. Өзінің сенгендері жазғандарынан бас тартып, сонымен бірге барлық кінәні өзіне аударуына байланысты істің насырға шауып бара жатқандығын аңғарған Әзімбай Лекерұлы де өз қаракетінше қорғанып бақты. БК(б)П өлкелік комитеті бюросына мәлімдеме жазды. Онда былай деген болатын: «Топтың белгілі құжаты жөнінде Өлкелік комитет атына мынаны мәлімдеймін. Құжат маған белгісіз және оны құрастырғанда қатысым болған жоқ. Авторлардың Өлкелік комитет секретариатында ауызша сөйлеген сөздерінен мен мынадай әсерді бастан кештім. 1. Сөз жоқ, құжат тұғырнамалық мәнге ие. 2. Қазақстанның қазіргі жағдайы және болашағы бір жақты күңгірт түспен көрсетілгендіктен, көзге адамды торықтыратын көңілсіздік көріністерін әкеледі. Иә, осы екі жағдайды да айыптауға болады. Құжатпен жете таныс еместігім мені көтерген мәселе бойынша жан-жақты қамти сөйлеу мүмкіндігімнен айырып отыр. Егер Өлкелік комитет қажет деп тапса, мен кез келген уақытта мұны жасауға дайынмын… Басшылық құрамдағы жекелеген жолдастарға айтқан сыным сөзсіз қателік болған екен. Мен оларды жеке-жеке сынға алсам да, алайда сол сындарым ақиқатында қоғамдық саяси сипат алып кетеді деп ойлағаным жоқ. Иә, бұл факті де айыптауға лайықты. Бұл істе менің жеке ұйымдастырушылық рөлім болғанын мүлдем жоққа шығарамын. Солай бола тұра мен ауылдағы қиын жағдайға байланысты хатқа қол қойған жолдастармен жекелей сөйлесу кезінде ауылдың мүшкіл жағдайын өткір сезініп, соған байланысты наразылығымды айттым. Бұл жөнінде ұзақ ойланудан кейін мен оларға ықпал етіп, осы жолға салып жібердім бе деген тұжырымға да келдім. Мен бұл кінәмді толық өз мойныма аламын. Осы фактілердің бәрі жиылып келіп, менің ауылдардағы орын алған жағдайды большевиктерге сезіне алмағанымды көрсетеді. Сөз жоқ, бұлардың бәріне менің өткендегілерімнің әсері болды. Осыларға байланысты өзімнің өткенімді және мінез-құлқымды кінәлай отырып, алдағы уақытта дұрыс жолға түсемін деп уәде беремін» (Адылбекұлы Көлбай. «Бесеудің хаты» немесе Лекеров неден жазықты болды? Түркістан. 2013, 10 мамыр).

Түсініктемені бір жағынан өзінің қателігін мойындағансып және қолдан ушықтырылып отырған істі жұмсартып, өзіне қарсы бөрідей бас салған Голощекиндік топтан құтылу жолында Әзімбай Лекерұлының осылайша жазуға мәжбүр болғанын аңғару қиын емес. Бірақ, Голощекин бұнымен тоқтамады. Оған хатқа қол қоюшылар мен Әзімбай Лекерұлының өз «кінәларын» мойындаған түсініктемелері жеткіліксіз еді. Оларды қайтып бас көтермейтін етіп, жазалау және Әзімбай Лекерұлы сынды қайраткерді бүкіл республика халқының алдында масқаралап көрсету үшін 1932 жылы 15 шілдеде өлкелік партия комитеті мен тексеру комиссиясының біріккен мәжілісін өткізіп, «Бесеудің хаты» күн тәртібіне қойылды.

Мәжілісте сөйлеген сөзінде Голощекин тағы да соңғы кезеңдегі Қазақстанның ауыл шаруашылығындағы жетістіктерін қайталап, хатқа қол қоюшыларды осы жетістіктерді көрмейтін, әдейі бұрмалайтын жат пиғылдағылар деп айыптады. Мәжілісте хат авторлары да сөйлеп, қателіктерін мойындады. Және тағы да барлық кінәні Әзімбай Лекерұлына артты. Мәжілісте сөз сөйлеген Әзімбай Лекерұлы бұл жолы өз ішінде бурқанып жатқан біраз шындықты «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» қағидасымен ашына айтып еді. Оның «Біз Мемлекеттік комитетте екінші бесжылдықтың жоспарында кірісерде, өткен бесжылдықтың қорытындысын жасадық. Иә, өнеркәсіп жағынан көрсеткіштер жаман емес. Ал ауыл шаруашылығында алға қойған міндеттер орындалмаған. Халық саны мен мал басы күрт азайған. Ауылдардың аштықтан өлмегендері көршілес республикаларға, Қытайға жер ауып кеткен. Осының бәрі Өлкелік комитеттегі басшылардың Орталық Комитеттің шешімдерін орындау барысында жіберген қателіктері деп ойлаймын. Мен хаттың ауыл шаруашылығы жөнінде жазылған бөлігін толық құптаймын. Егер ауылдың жағдайын тез арада түземесек, ауылда тұрып жатқан қазақтарды аштықтан жаппай қырып аларымыз хақ. Қазақтардың тіршілік көзі – мал. Сол малын түгел тәркілеген соң аштыққа ұрынып жатыр. Ауыл шаруашылығына келгенде өлкелік комитеттің ұстанған бағыты мен саясаты дұрыс болмады. Бұл туралы мен бұрын да айтқанмын. Республикада ешқандай да «Кіші Октябрьді» жүргізудің қажеті жоқ еді. Өйткені, қазақ жерінде капитализм орнамаған, социализмге феодалдық қоғамнан бір-ақ өтті. Сондықтан мешеу елдің дамымаған топтарымен қандай да бір революциялық күресті жүргізудің қажеттілігі жоқ болатын. Халықты екі топқа бөліп, бірінің соңына бірін салып қойғаннан ешкім де ұтқан жоқ. Ұтылған – тек социализм құрылысы ғана», – дей отырып, сол кезеңдегі ел экономикасын және халқымызды мүшкіл халге жеткізіп отырған әлеуметтік-саяси жағдайың себептерін терең талдай білетін білікті экономист маман екендігін көрсетумен қатар, «Меніңше, басшылар дұрыс шешім қабылдау үшін Филипп Исаевич, әуелі сіз бастап облыстарға шығып, аудандарды аралап, халықтың күйзелген жағдайын өз көзіңізбен көргеніңізде, қазақ халқының ұлттық ерекшелігімен танысқаныңызда республика мұндай ауыр жағдайға ұшырамаған болар еді. Өкінішке қарай, олай болмады», – деп республика қалыптасып отырған ауыр жағдайға кінәлі әрі жауапты Голощекин екенін бүкпесіз ашып айтты.

Үлкен өкінішке орай, халық тағдыры, халық тағдырымен қоса өзінің де басы бәйгеге тігіліп тағдыры шешіліп жатқан аса маңызды сәтте Әзімбай Лекерұлы жалғыз еді. Мәжілісте өзі сенген хат авторларының өздері жазған хаттарынан бас тартуы былай тұрсын, Голощекин бастаған өлкелік комитет мүшелері, оған бағынышты тексеру комиссиясы бәрі жабыла Әзімбай Лекерұлын айыптап сөйледі. Қашанда Голощекиннің қасынан табылатын өлкелік партия комитетінің екінші хатшысы І.Құрамысовтың дауысы «жарқын» шықты. Қазақстанда керемет құрылыстар жүріп жатыр. Қазақстанда жұмыс істеймін деген адамға жұмыс жетеді. Басқа аймақтарға көшіп кетіп жатқандар, жұмыс істегісі келмейтін «жалқаулар» деп легірген ол, Голощекиндік «Кіші Қазан» идеясын қайталап, «Қазақстанда таптық күрес болмаған, сол таптық күресті жүргізіп, қоғамға қажетсіз элементтерден тазартып жатырмыз» деумен, бізде бәрі де дұрыс, жарқын социализмге қарыштап қадам басып бара жатырмыз деген сынды сандырағын қайталады. Ол сөзінің соңында өлкелік комитеттің атқарған жұмысын жоққа шығарған Әзімбай Лекерұлына «қатаң сөгіс» жариялауды ұсынды. Мәжілісте сөйлеген өлкелік партия комитетінің кейбіреулері тарапынан Әзімбай Лекерұлын партия қатарынан шығарып, ісін сотқа беру жөнінде де ұсыныстар тасталды. Тексеру комиссиясының төрағасы Әзімбай Лекерұлының бүкіл еңбек жолына шолу жасап, оның ісін бұрынғы «ұлтшылдығының» жалғасы ретінде сипаттап «қатаң сөгіс» жариялансын деген ұсынысын айтты.

Мәжілісте қайтара сөз алған Әзімбай Лекерұлы: «Мен өзімнің бұрынғы айтқандарымда тұрамын. Өлкелік комитет республика ауылдарында аштықтан қырылып, мекенжайларын тастап кетіп жатқан аш-арықтарды, босқындарды тоқтату үшін шұғыл шаралары қолданбады. Колхоздарды техникалармен қамтамасыз етіп, колхозшыларды жұмыспен қамтамасыз ете алмады. Хатқа қол қойғандар менің айтқаныма көніп кеттік деп жатыр. Олай болса, мен қатемді мойындаймын. Маған керегі – республиканың экономикасы өсіп, ауыл шаруашылығы өркендеп, халықтың жағдайы жақсарғаны. Басқа ештеңенің де керегі жоқ», – деп өзінің алған бетінен қайтпай, шырылдаған шындықтан айнымады. Бұл Әзімбай Лекерұлының азаматтық, қайраткерлік, ұлтжандылық тұлғасының шынайы бейнесі болатын (Адылбекұлы Көлбай. «Бесеудің хаты» немесе Лекеров неден жазықты болды? Түркістан. 2013, 10 мамыр).

БК(б)П Өлкелік партия комитетінің бюросының мәжілісі. Хаттама №109. 15 шілде 1932 жыл.

Тыңдалды: Мүсірепов, Дәулетқалиев, Ғатауллин, Алтынбеков, Қуанышев және Лекеров жосдастардың мәлімдемелері туралы. Қаулы қабылданды: Биылғы жылы жат құбылыстардың негізінде, сондай-ақ, егіннің шықпауы, мал басының кемуі және шаруашылығы құлдыраған көрші аймақтардағы елдің жаппай қайта оралуына байланысты кеңес өкіметіне қарсы үгіт-насихаты және тап жауларымыз кулактардың және байлардың және олардың идеологтарының әрекеті күшейді. Бұған бұрын партияның сара жолынан ауытқушылық әрекеттері байқалмаған, партияның жекелеген мүшелері, Мүсірепов, Дәулетқалиев, Ғатауллин, Алтынбеков және Қуанышев жолдастар дақпырт сөздерге ұрынып, көңіл-күйлерін босаңсытып алғандықтан солардың ықпалына берілген. Олар өздерінің алаң көңілдерін орнықтыру қаракетімен «оңшылоппортунистік», «ұлтшылдық» элементтердің (Лекеров) ықпалына түсіп кеткен. Ол бұлардың 24 маусым күні өзара біріккен кеңестерінде сөйлеген сөздерінен және 4 шілдедегі Өлкелік комитетке жазған құжаттарынан көрінеді. Олардың Қазақстандағы социалистік құрылыстың орасан зор табыстары мен ұлт саясатының барлық жетістіктерін толық жоққа шығарып, Өлкелік партия комитеті жүргізіп отырған барлық бағытта сынап, тек кемшіліктерді ғана ауызға алып көрсететін Сәдуақасов пен Қожановтың ұстанымдарында тұрғандары анық. Өлкелік партия комитеті 4 шілдеде болған жиналыста аттары аталынған бұл жолдастарға олар жазылған құжат бойынша ашық жағдайда түсіндіру жұмыстарынан соң, бұл жолдастар өздерінің қателіктерін тереңнен түсініп, өздерінің мәлімдемелерінде жіберген қателіктерін шындап, ашық түрде мойындағандарын Өлкелік комитет қанағаттанарлықпен атап көрсетеді. Олардың мәліметтерін қанағаттанарлық деп тани отырып, бұл жолдастарға Өлкелік партия комитетінің басшылығымен өздері жат құбылыстардың ықпалдарында болған көңіл-күйлермен іштей белсене әрі олармен ымырасыз күрес жүргізе отырып, қиыншылықтардан қорықпай, жеңіл шығып, Қазақстандағы социалистік құрылысты іс жүзінде жүзеге асыратын жұмыстар жүргізуді ұсыну қажет. Лекеров жолдастың бұрынғы партияға қарсы ауытқушылығына Өлкелік партия комитеті тарапынан ұзақ уақыт бойы шыдамдылық танытып келгеніне қарамастан, жолдас Лекеров қызыл профессура институтын бітіріп келісімен аса жауапты қызмет Мемлекеттік жоспарлау комитеті төрағасының бірінші орынбасарлығына тағайындалғанына қарамастан алғашқы күннен-ақ Өлкелік партия комитеті басшылығының жұмысын жоққа шығарып және Сәдуақасовшылдықты дұрыстап, ағымдағы жылдың барлық теріс фактілерін жинаумен болды. Жастардың идеологиялық тұрғыдан өңдеуді бастап, осындай қиын сәтте тұрақсыздық көрсеткен кейбір топтары ұйымдық жағынан қалыптастыруға көшті. 4 шілдедегі Мүсірепов, Дәулетқалиев, Ғатауллин, Алтынбеков және Қуанышев жолдастар тапсырған құжаттың идеологиялық тұғырнамасы Лекеров жолдастың өлкелік газеттерге жолданған мақаласы Өлкелік комитеттің соңғы пленумында Кахиани жолдастың тарапынан сынға ұшырауы оның марксизм-ленинизм ағымының кездейсоқ шатасқандығы болып табылмайтынын, керісінше лениндік ілімге қарсы, партияға қарсы тойтарыс берген ұстанымын көрсетеді. Бұл жағдайлардың үстіне өлкелік партия комитеті хатшыларын сынай отырып, сонымен бірге Сәдуақасов пен Қожановты мақтауы Өлкелік комитеттің және партияның Қазақстанда жүргізіп жатқан жұмыстарына қарсы топшылдық күресуді жаңарту элементі болып табылады. Лекеров жолдасқа қатаң сөгіс жариялансын. Құжатты талқылау барысында оның берген мәлімдемесін орай Лекеров жолдасқа алдағы уақытта өзінің адалдығын дәлелдейтін жұмыспен көрсетуді ұсына отырып, егер ол осы әрекетін қайталайтын болса, Өлкелік комитеттің осы қаулысында көрсетілген нұсқауы бойынша бұдан да қатаң партиялық жаза қолданылатыны ескертіледі. Ғатауллин жолдастың мәселесіне келсек, оның осында болмай қалуына байланысты оның мәселесі ол іссапардан оралғанша кейінге қалдырылады. Бахирев жолдастың арызы бойынша Ғатауллин таратқан өсек-жала Өлкелік бақылау комитетіне тапсырылсын. БК(б)П Өлкелік комитетінің хатшысы Голощекин» (Алматы қалалық полиция департаментінің архиві. Қ-05060, іс-11020. п.п. 60-61).

Өлкелік партия комитеті мен тексеру комиссиясының біріккен мәжілісінің шешімі бойынша хатқа қол қойғандар Мүсірепов, Дәулетқалиев, Ғатауллин, Алтынбеков, Қуанышевке «сөгіс» жарияланады. Лекеровке «қатаң сөгіс» берілді. Көріп отырғанымыздай, бұл хаттың бар ауыртпалығы Әзімбай Лекерұлына түсіпті. «Бесеудің хатына» байланысты тағы бір назар аудара кететін мәселе, әу баста оның тікелей Сталиннің атына жазылғандығы. Бұл жөнінде Әзімбай Лекерұлы НКВД-ның тергеушілеріне берген жауабында: «1932 жылы 24 маусымда Мемлекеттік жоспарлау комитетінің саяжайында жоғарыда аталған тұлғалармен менің қатысуымда мәжіліс болып, елдегі ауыр жағдай жөнінде Орталық комитетке хат жазу мәселесі келісілді. Бірақ, ол сол күні-ақ өлкелік комитетке белгілі болып қалғаннан кейін, хатты өлкелік комитетке жазуға шешім қабылдадық», – деген болатын (Алматы қалалық полиция департаментінің архиві. Қ-05060, іс-11020. п.3).

Бүгінде жазылған тарихи оқулықтарда осы тарихи құжат жөнінде хатқа қол қойған бесеу жөнінде ғана әңгіме өрбітіледі де, ал шын мәнісінде осы хатты жазуда басты рөл атқарған, құпия мәліметтерді тайсалмай берген және хатқа байланысты Голощекиндік айыптаудың ең көп зардабын тартқан тұлғаны көпшілік оқырман білмейді. Яғни, осы уақытқа дейін бұл хаттың басты авторы Әзімбай Лекерұлы есімі қалтарыста қалып келді. Халық арасында әйгілі «Бесеудің хаты» деп тарап кеткен тарихи құжаттың қысқаша тарихы осындай. Жалпы, «Бесеудің хаты» жөнінде және бұл хаттың жазылуындағы Әзімбай Лекерұлының рөлі жөнінде, сонымен бірге хат авторларының бірлесе соңына дейін тұра алмай, өз жазбаларынан бас тартып, бар кінәні Әзімбай Лекерұлына аударып кеткеннен кейінгі оның ішкі жан күйзелісін архив құжаттары және жұбайы Халида Лекерованың естеліктері негізінде белгілі жазушы Көлбай Адырбекұлы «Түркістан» газетінің бірнеше нөмерінде өте терең сипаттап, тартымды баяндады (Қараңыз: Түркістан. 2013. сәуір, мамыр. №15, 16, 17, 18, 19).

1933 жылдың қаңтар айында қазақ халқының басына үлкен зобалаң әкелген Голощекин орнынан алынып, қазақ өлкелік партия комитетінің басшылығына Л.Мирзоян келді. Л.Мирзоянның келуімен Қазақстандағы қоғамдық-саяси жағдай түбегейлі өзгеріп, елімізге жаңа бір леп келді деп айта алмасақ та біршама кадрлық өзгерістер орын алды. 1933 жылдың мамыр айында Әзімбай Лекерұлы Өлкелік партия комитетінің шешімімен Қазақ Марксизм-ленинизм ғылыми-зерттеу институтының директоры болып тағайындалды. Бұл жылдар қайраткер үшін ғылыми-зерттеу, аударма, педагогикалық салалардағы жұмысының табысты кезеңі болды. Өлкелік партия комитеті 1934 жылы желтоқсан айында «Марксизм-ленинизм классиктерінің аудармалары» және оны қазақ тіліне аудару жөнінде мәселе қарады. Классиктердің еңбектерін қазақ тіліне аударып шығаруды Әзімбай Лекерұлы басқарып отырған институтқа тапсырды. Қашанда ана тілі десе, бел шеше жұмысқа кірісетін Әзімбай Лекерұлының 1935 жылы наурыз айында «Социалистік Қазақстан» газетінде «Марксизм-ленинизм классиктерінің аудармаларын ғылыми жолға қоямыз» атты мақаласы жарияланды. Артынша-ақ өлкелік партия комитетінің «Қазақ тіліне аудармалар жөнінде» қосымша қаулысы шығып, Әзімбай Лекерұлының басшылығында арнайы жұмыс тобы құрылады. Әзімбай Лекерұлының редакторлығымен бұл жұмыс тобы 1933-1937 жылдары аралығында Марксизм-ленинизм классиктерінің еңбектерінің ішінде Маркстің «Коммунистік партияның манифесі», «Франциядағы азамат соғысы», Ф.Энгельстің «Социализмнің утопиядан ғылымға қарай дамуы» атты еңбектерін, К.Марск пен Ф.Энгельстің екі томдық шығармалары жинағын, В.Ленииннің толық жинағының екі томын, И.Сталиннің «Қан майданында», «БК(б)П-ның оңшыл қауіпі туралы», «Ұлы төңкеріс кезеңінде», «Колхозшы жолдастарға жауап» атты және тағы да басқа еңбектерін қазақ тіліне өте сапалы дәрежеде аударып шығарды. Олай дейтініміз, 1956 жылдан бастап сталиндік жаппай қуғын-сүргін құрбандарының ісін қайта қарау жұмыстарын бастағанда, бұрын айыпталғандардың істері, еңбектері және айыптау қорытындыларының шынайылығы арнайы комиссиялар құрылып, егжей-тегжейлі қайта қаралған. Мәселен, Әзімбай Лекеұлы бастаған жұмыс тобы аудармасының сапасын, «бұрмалаушылығын» тексерген СОКП орталық комитеті жанындағы Марксизм-ленинизм институты қазақ филиалының директоры С.Бейсембаев Қазақ КСР Минстрлер кеңесі жанындағы МҚК-і төрағасының орынбасары Арыстанбековтың 1957 жылы 28 наурыз күні ресми хатты бойынша былай деп жауап береді: «Қазақ тіліндегі аударманы орыс тілінде жазылған тұпнұсқамен тексеріп қарай отырып, мынадай қорытынды жасадық.  Аударма негізінен алғанда, орыс жазбасымен сәйкес келеді және ешқандай да бұрмалау, теріс мағынада жазылған сөйлемдер аударылған классиктердің еңбектерінде ұшырасқан жоқ. Бұл аудармаларда көптеген терминдер дұрыс қолданылған» (Алматы қалалық полиция департаментінің архиві. Қ-05060, іс-11020. п.66).

Әзімбай Лекерұлы жоғары оқу орнын бітірген білікті маман ретінде классиктердің еңбектерін сапалы дәрежеде қазақ тіліне аударумен қатар, қазақ әдебиеті, тарихы және философиясына қатысты баспасөз бетінде өз ойларымен бөлісіп, пікірталастарға қатысты. Билікті экономист ретінде, ел экономикасын көтерудің жолдары, революцияға дейінгі халқының көшпелі өмірінің шаруашылығы мен экономикасы жөнінде ғылыми талдауға негізделген мақалаларын баспасөз бетінде жариялаумен бірге, арнайы еңбектер жазды. Өкініштісі сол, 1937 жылдың 20-шілдесі күні Әзімбай Лекерұлын тұтқындаған НКВД-ның жендеттері оның үйінде тінту жүргізіп, үйдегі бар еңбектерін, жазбаларын түгел алып кеткен. Осы уақытқа дейін Әзімбай Лекерұлының: «Қазақстанның революцияға дейінгі экономикасы», «Қазақ пролетариатының қалыптасуы», «Қазақтың қоғамдық ақыл-ойы дамуының тарихынан» атты ғылыми еңбектері табылмай отыр. Сонымен қатар, Әзімбай Лекерұлы ғылыми зерттеу жұмысы мен айналысып, экономика саласы бойынша ғылыми диссертациясын қорғауға дайындалып жатқан. Ол диссертациялық жұмыста тәркіленіп әкетілген.

Осы жылдары Әзімбай Лекерұлымен бірге қызметтес болған және оның педагогикалық институтына оқыған дәрістерін тыңдаған шәкірттері қайраткерлердің ұйымдастырушылық қызметі, өз ісіне деген жауапкершілігі, ұстаз ретіндегі біліміне жазбаша берген түсініктемелерінде жоғары баға береді. Соның бірі 1933-34 жылдары педагогикалық институттың қоғамдық-экономикалық кафедрасының меңгерушісі болып істеген Үмітбай Балқашев Әзілбай Лекерұлымен бірге педагогикалық институтта бірге қызметтес болғанын, оның институт қабырғасында қосымша саяси-экономикадан сабақ бергенін баяндай келе: «Ә.Лекеров менің түсінігімде теориялық тұрғыдан терең білімді, талапшыл, өзінің жүргізетін пәні саяси-экономиканы жақсы білетін адам болған», – деп жазса, оның тікелей шәкірті ретінде дәрістерін тыңдаған, кейінгі жылдары өзі де ұстаздықпен айналысып Қазақ мемлекеттік университетіндегі химия факультетінің деканы болған Б.Бірімжанов ол кезеңде қазақтар арасында профессорлардың сирек кездесетін тілге тиек ете отырып: «Ә.Лекеров студенттерге саяси-экономикадан сабақ берді. Мен оның дәрісін тыңдағандардың пікірін білемін, өзім де дәрістерін тыңдадым. Ол дәрістерін жоғары теориялық деңгейде оқиды, қызықты, тартымды қылып өткізетін», – деп тамсана, тебірене жазады. Сондай-ақ, 1935-1937 жылдары ғылыми-зерттеу институтында тікелей Әзімбай Лекерұлының қол астында жұмыс істеген Қ.Шарипов та оның өз ісіне адал берілген, шыншыл, талапшыл, нағыз басшыға тән қасиеті бар тұлға екенін баяндаған болатын (Алматы қалалық полиция департаментінің архиві. Қ-05060, іс-11020. п.п. 79-81).

1936 жылдан бастап бүкіл кеңестер елінде әр түрлі қолдан ұйымдастырылған «шылықтармен» күрес ұраны басталып кетті. Оларға «халық жауы» деген қарғыс таңбасы жабылды. Бұл күрестің ұраншысы және бастаушысы әрине И.Сталин болатын. Мәскеуден барлық аймақтарға «халық жауларымен» белсенді күресті жандандыру жолдары туралы нұсқаулар, бұйрықтар жөнелтіліп жатты. Мәселен, «жергілікті ұлтшылдықпен күрестің қажеттілігі туралы» Қазақ өлкекомның хатшысы Л.Мирзоянға И.Сталиннің атынан мынадай хат келді: «Ұлы орыс шовинизмімен тек жергілікті партия ұйымдары емес, бәрінен бұрын БК(б)П Орталық комитетінің өзі тұтасымен күресуде. Қазақ большевиктерінің кезекті міндеті – ұлы орыс шовинизмімен күресе отырып, отты алаудың бағытын қазақ ұлтшылдығына қарай бұру болып табылады. Басқаша түрде Қазақстандағы лениндік интернационализмді қорғап қалу мүмкін емес. Жергілікті ұлтшылдықпен күрес Қазақстан ұлыстарының еңбеккер бұқарасы арасында лениндік интернационализм ұрығын себуге қолайлы жағдай туғызатын барлық шаралар күшейтілуге тиісті» (Салқынбек Д., Көлбаева А. Сталин және Қазақстан. Алматы: ҚазҰТУ баспасы, 2016. – 481 бет. 234б.).

Мәскеуден осындай пәрменді хаттар бірінен соң бірі келіп түсіп жатқаннан кейін Қазақстанды басқарып отырған Л.Мирзоян да аянып қалмады. «Ұлтшылдықпен» күрес науқаны аясында қазақ қайраткерлерін баспасөз бетінде айыптаған мақалаларға шолу жасасаңыз төбе шашыңыз тік тұрады. «Халық дұшпандарын түгел әшкерелеп, көзін мүлде құртайық», «сұрқия», «сұм жылан», «банда», «атылсын», «Олардың бірінде қалдырмай жоқ қылу керек», «халық жауына еш бір рақым жоқ», «Ұлтшыл азғындар, алаш-ордашыл сұр жыландар екі жүзділіктен, қастықтан, предатілдіктен өтіп, ақтық шегіне жетіп отыр» деген секілді қаһарлы үкімді аямай жаудырып жатты. Бұның арты бүкіл қазақтың бет қаймағын жазықсыз қудалауға, қуғын-сүргінге ұшыратумен жалғасты.

Бұл жаппай жүргізілген «қызыл террорға» алдымен іліккендердің қатарында Әзімбай Лекерұлы да болды. 1937 жылы 20 шілдеде НКВД-ның жендеттері оны тұтқынға алады. Қайраткерді тұтқындау жөніндегі анықтамада: «Ол оңшыл және троцкистік ұйыммен байланыста болған, антисоветтік ұлтшыл ұйымның мүшесі болып табылады. Советке қарсы ұлтшылдық жұмысты белсенді жүргізеді. Ә.Лекеровты тұтқындап, РКФСР қылмыстық кодексінің 58-статьясының 10-11 баптары бойынша соттық жауапкершілікке тарту керек» (Алматы қалалық полиция департаментінің архиві. Қ-05060, іс-11020. п.1).

Әзімбай Лекерұлынан алғашқы тергеу жауабы 1937 жылдың 22 шілдесінде алынған. Тергеу хаттамасында: «Лекеров Әзімбай Лекерұлы. 1901 жылғы. Шығыс Қазақстан облысы, Семей ауданы. Тұрғылықты жері, Алматы қаласы, Фрунзе көшесі 76-үй, 37 пәтер. Айналысатын мамандығы, Марксизм-ленинизм ғылыми зерттеу институтының директоры. Жанұялық құрамы: әйелі Халида Рахматуловна, қызы Лаура, әйелінің анасы Написа Хасенқызы Елкибаева, қарындасы Лязат, немере інісі Ғалымжан. Білімі жоғары экономикалық қызыл профессура институты. 1920 жылдан БК(б)П мүшесі» делінген. Алғашқы тергеуде Әзімбай Лекерұлы өзіне тағылған: «Совет үкіметіне қарсы ұлтшыл ұйымның мүшесі және осы ұйымның құрамында революцияға қарсы әрекеттер» жүргіздің деген айыптауды үзілді-кесілді жоққа шығарады (Алматы қалалық полиция департаментінің архиві. Қ-05060, іс-11020. п.п. 15-16). 1937 жылы 15 тамызда өткен Алматы қалалық партия комитетінің бюросы хаттама №14 Әзімбай Лекерұлының ісін қарап, «халық жауы» ретінде партия қатарынан шығарылсын деген қаулы қабылдайды.

Әзімбай Лекерұлы алғашқы тергеуде өзіне тағылған жалған саяси айыптауларды мойындамағанымен де 1937 жылдың 25 шілдесі, 4 қыркүйектегі және 1938 жылдың 12 қаңтар күндері жүргізілген тергеу барысында өзіне тағылған неше түрлі саяси айыптауларды мойындауға мәжбүр болады. Турасын айтқанда, түрменің бар қапасында азаптау, қинау іс-әрекеттерінен кейін НКВД-ның жендеттері оны осы жалған саяси айыптауларды мойындауға мәжбүр етті. Ол «мойындауларды» жинақтап айтқанда «контрреволюциялық ұлтшыл ұйымның негізгі мақсаты, Қазақстанды кеңестер одағынан бөліп алып, буржуазиялық мемлекет құру. Осы негізгі мақсатты орындау үшін, мынадай тәсілдер қолданылған: 1) Адамдарды ұйымға тарту, 2) Кеңестік және партиялық аппараттардағы билікті басып алу, 3) бай-феодалдарға арқа сүйене отырып, қазақ ауылындағы патриархалды-феодалдық қарым-қатынасты сақтау, 4) арандату және зиянкестік әрекеттер жүргізу» болып шығады (Алматы қалалық полиция департаментінің архиві. Қ-05060, іс-11020. п.19).

1937 жылы 27 қарашада ҚазақКСР ішкі істер наркомының орынбасары Володзько бекіткен айыптау қорытындысында РКФСР қылмыстық кодексінің 58 статьясының 2, 7, 8 және 11 баптары бойынша Әзімбай Лекерұлына мынадай айыптар тағылды: «ҚазақКСР антисоветтік ұлтшыл лаңкестік көтерісшіл және тыңшылық-диверсиялық ұйым  ашылды және жойылды. Бұл ұйым өзінің алдына Совет өкіметін құлатуды, Қазақстанды КСРО-дан қарудың күшімен бөліп әкетуді және Жапонияның қол астындағы қазақ буржуазиялық мемлекетін құруды мақсат еткен. Осы мақсаттар үшін антисоветтік ұлтшыл ұйым өнеркәсіп саласында және ауыл шаруашылығында диверсиялық-зиянкестік жұмыстарды жүргізген, КСРО қарсы шетелдік әскери интервенцияға туралап қарулы көтерілісті дайындаған, сонымен қатар Совет өкіметі мен ВК(б)П басшылығына қарсы лаңкестік ұйымдастыруды көздеген. Қазақстандағы антисоветтік ұлтшыл ұйым революцияға қарсы әрекеттері барысында герман және жапон фашистік үкіметінің барлау органдарымен байланыс орнатқан және солардың тапсырмасы және нұсқауы бойынша тыңшылық жұмыстар жүргізген. Аталған ұлтшыл ұйым Жапон-герман агенттерімен тыңшылық байланыс және ақ эмигранттар Мұстафа Шоқай мен Райымжан Марсековпен байланыс орнатқан. Бұл ұйымның Қазақстандағы негізін қалаушылардың және басшыларының бірі айыпталушы Лекеров Әзімбай Лекерұлы болды. Тергеу барысында анықталғандай – Лекеров Совет өкіметіне қарсы күресті 1923 жылы бастаған. Антисоветтік Нұрмақов тобының құрамында революцияға қарсы қызметін белсенді жүргізген. Оны бұл ұйымға топ басшысы Нұрмақов тартқан.

Жоғарыда айтылғандарды негізге ала отырып Лекеров Әзімбай Лекерұлы 1901 жылы дүниеге келген. Шығыс Қазақстан облысы, Семей ауданының тумасы. Әлеуметтік жағынан қызметкер, білімі жоғары, Қызыл профессура институтын бітірген. 1920-1937 жылдары аралығында БК(б)П мүшесі болды. Тұтқындалғанға дейін Қазақ Марксизм-ленинизм ғылыми-зерттеу институтының директоры болып істеді.

Ол мынадай айыптармен айыпталады:

А) 1926 жылдан бастап антисоветтік ұлтшыл лаңкестік-көтерісшіл, тыңшылдық-диверсиялық ұйымның мүшесі ретінде бұл ұйымның басшылық қызметіне белсене қатысты.

Б) Антисоветтік ұйымға жаңа мүшелерді тартты.

В) Халық арасында антисоветтік, көтерісшіл көңіл-күйді кұру мақсатында тікелей өзі және ұйымның басқа да мүшелері арқылы ғылым, жоспарлау және адал шаруашылығы саласында зиянкестікті іске асырды.

Г) РКФСР қылмыстың кодексінің 58-статьясының 2, 8 және 11 баптарында қарастырылған лаңкестік топтар мен ұйымдардың бар екені туралы білген.

Өзіне тағылған айыптаулар бойынша Лекеров Әзімбай Лекерұлы өзін кінәлімін деп мойындады және оның қылмысы Рысқұловтың, Қожановтың, Нұрсейітовтың, Көшенбаевтың, Алихановтың, Сұлтанбековтың, Кенжиннің, Игеновтың, Тоғжановтың, Төреғожиннің, Асылбековтың, Есқараевтың, Құлымбетовтың, Қуанышевтің, Нахимжанның, Молдажановтың, Алибаевтың, Нұрмахамедовтың көрсетулері бойынша да дәлелдене түсті.

Қаралып отырған іс 1934 жылғы 1 желтоқсанда қабылданған заңға сәйкес КСРО жоғарғы соты әскери коллегиясының қарауына жатады» – деген айыптау қорытындысын шығарған (Алматы қалалық полиция департаментінің архиві. Қ-05060, іс-11020. п.п. 407-408). Айыптау қорытындысынан және оған дейін жүргізілген тергеу материалдарынан Әзімбай Лекерұлын қалайда қылмысты етіп шығару әрекеті барысында оны одан әрі тереңдетіп, айыптау қорытындысына оңды-солды әртүрлі қылмыстарды теріп жинап, үйіп-төгіп қолдан бояуын қалыңдата түскені айқын көрінеді. Тергеу хаттамаларында Әзімбай Лекерұлының ғылым, ауыл шаруашылығы саласы, шетелдік агенттермен байланыс және тағы да басқа толып жатқан айыптауларды мойындауды оның ауызша айтуы бойынша ғана (оның қалай алынғаны белгілі) бар. Басқалай нақты ешқандай да дәлелдер жоқ. Тергеу барысында Әзімбай Лекерұлымен бірге айыпталғандардың ішінде онымен бір ғана адам Нұрмұхамедовты жүзбе жүз кездестірген. Әзімбай Лекерұлы Нұрмұхамедовтың өзіне қарсы айтқан көрсетулерін жоққа шығарған. Яғни, қайраткерге тағылған айыптаулардың барлығы да жалғандықпен құрастырылған саяси айыптау болып табылады. Айыптау қорытындысынан кейін іспен танысқан НКВД-ның әскери прокуроры Панкратьев 1937 жылы 29 қарашада «айыптау қорытындысы істегі материалдарға сәйкес жасалған және олардың қылмысы заңға сай дәлелденген» деген қаулы шығарады (Алматы қалалық полиция департаментінің архиві. Қ-05060, іс-11020. п.415).

Тергеу барысындағы Әзімбай Лекерұлының қылмысын «мойындауы» бойынша назар аударатын бір мәселе бар! Мәселен, тергеу ісінің аяқталғандығы жөніндегі қаулыға қол қою кезінде Әзімбай Лекерұлы «Менің контрреволюциялық ұлтшыл ұйыммен ешқандай да байланысым болған жоқ» деп жазбаша мәлімдеген. Яғни, осыған дейінгі тергеуде берген жауаптарынан бас тартқан. Бірақ, 1937 жылы 19 қараша күні ҚазақКСР ішкі істер Халық комиссарының атына өтініш жазып «контрреволюциялық ұлтшыл ұйымның құрамындағы қызметім жөніндегі осыған дейін айтқандарымды толығымен растаймын, менің тергеуде жауап берген көрсетулерімнен бас тарту жөніндегі өтінішімнің күшін жоюыңызды сұраймын» депті (Алматы қалалық полиция департаментінің архиві. Қ-05060, іс-11020. п.111).

Тергеу барысындағы неше түрлі арандату, жалған куәларды ұйымдастыру, бір-біріне қарсы айдап салу, ұрып-соғып азаптаудан кейін амал жоқтықтан неше түрлі шындыққа жанаспайтын істерді мойнына алуға мәжбүр болған қайраткер, тергеудің соңғы нүктесі қаулыға қол қою кезінде осыған дейінгі жауаптарынан бас тартып, артынша-ақ ол бас тартуын жоққа шығару жөнінде өтініш беруі НКВД-ның абақтысындағы оның ауыр жан-күйзелісін көрсетсе, екінші жағынан жазықсыз кінәлі болып отырған шыбын жанын аман алып қалу жолындағы шығар жолды іздеген арпалысты амал-әрекетін көрсетеді.

КСРО жоғарғы соты әскери коллегиясын 1938 жылы 25 ақпанда өткен мәжілісінде Әзімбай Лекерұлының ісі тыңдалып, мынадай үкім шығарылады: 1. Айыптау қорытындысымен келісіп, істі өндіріске қабылдау. 2. РКФСР қылмыстық кодексінің 58 статьясының 2, 7, 8 және 11 баптары бойынша (1934 жылғы 1 желтоқсанда қабылданған заңға сәйкес) Лекеров Әзімбай Лекерұлының ісін қарау КСРО жоғарғы соты әскери коллегиясы сотына берілсін. 3. Іс куәларды шақырусыз, қорғаушысыз және айыптаушысыз жабық сот мәжілісінде өткізілсін (Алматы қалалық полиция департаментінің архиві. Қ-05060, іс-11020. п.421).

Ешқандай да істің ақ-қарасын анықтап жатпай, тек ату үшін құрылған бұл жоғары әскери сот, 1938 жылы 26 ақпанда Әзімбай Лекерұлының дүние мүліктері тәркіленіп, ату жазасына кесілсін деген үкім шығарады. Осылайша асыл ер сталиндік тоталитарлық сұрқия жүйенің өз халқының маңдай алды тұлғаларына қарсы жасаған зұламатының құрбаны болып кете барды. Әзімбай Лекерұлы күдікті ретінде тұтқындалып қамауда жатқан кезінде оның Семей ауданы, Қызыл-Шілік ауылындағы барлық жақын туыстары да қамалып, артынан «кеңес өкіметіне қарсы, контрреволюциялық әрекет етпекші болды» деген жалған жаламен атылып кетті.

Әзімбай Лекерұлы жазықсыз атылып кеткеннен кейін «халық жауының» әйелі ретінде оның асыл жары Халида Лекерова да қуғынға ұшырап, тағдыр тауқыметімен көптеген қиыншылықтарды басынан кешіреді. Сол зұламат жылдары қайраткердің жанұясының басынан кешкен ауыр жағдайынан мол хабар беретін оның жары Халида Рахматуллақызының Қазақ КСР Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің төрағасы, генерал Губиннің атына жазған өтінішін беруді жөн көріп отырмыз. Хат 1956 жылы 12 мамырда жазылған:

Өтініш

1937 жылы 21 шілдеде менің күйеуім Лекеров Әзімбай Лекерұлы тұтқындалды. Ол  1938 жылдың бас кезіне дейін сіздерде қамауда болды, мен күйеуіммен кездесуге сіздердің мекемелеріңізге барып тұрдым. 1938 жылдың бас кезінде маған бұнда енді келмеңіз, өйткені күйеуіңіз Ә.Лекеров 58 статья бойынша хат алмасу құқығынсыз 10 жыл мерзімге сотталып, алыстағы лагерьге жіберілді деп мәлімдеді. Бар болғасы осы. Одан бері 10 жыл емес, 19 жыл өтті. Одан ешқандай хабар жоқ. Ол өте жақсы отағасы болды. Мен бар болғаны 16 жасымда үлкен ер азаматқа тұрмысқа шықсам да, екеуміздің жас айырмамыз 15 жас болса да, онымен бірге өмір сүрген 6 жыл жанұялық өміріме қосылған тағдырыма бірде-бір рет өкінген емеспін. Бірақ, ол тұтқындалғаннан кейін, небір қиыншылықтарды басымыздан кешірдік. Жүрегімнің түкпірінде оның кінәлі емес екендігіне әлі күнге дейін сенімім бар. Бұл жөнінде оны кімге айта аламын? Одан екі перзентім бар. Біреуін ол тұтқындалғаннан кейін босандым. Бар өмірімді, жастығымды соларға арнадым. Өз отанымыздың еңбек сүйгіш, арлы, адал қыздарын тәрбиелеп өсірдім. Қыздарым күйеуімнің тегімен жазылады. Өзім жұмыс істейтін ұжымда қандай да бір абырой иеленсем де, менің барлық ойым, сезімім және іс-әрекетім партия жағында. Осыдан 7-8 жыл бұрын маған партияға өтуге рұқсат бермеді, оның жан-жарасы осы уақытқа дейін кеткен жоқ. Менің қыздарымның біреуі әкесі кеткенде 2 жаста болса, екіншісі әлі дүниеге келмеген болса да, осы жағдай олардың басына келуі де мүмкін. СОКП-нің ХХ съезінің материалдарымен танысқаннан кейін, 1937 жылдың жағдайы туралы біліп, өзіңізден өтініп сұрайтыным менің арызымды қарауыңызды және мына жағдайға байланысты мені хабардар етуіңізді сұраймын: «Менің күйеуім Ә.Лекеровтің қандай да бір кәнісі болды ма? Қазіргі уақытта ол тірі ме? Егерде ол жоқ болса, қашан және оған қандай жағдай болды?» деумен бірге күйеуінің қандай жоғары оқу орнын бітіргенін, істеген қызметтерін жаза отырып, «менде басқадай ешқандай да мәліметтер жоқ, оның құжаттарын да оны тұтқындап, үйді тінтіген кезде алып кетті, қазіргі уақытта өзім №12 орта мектепте химия пәнінен сабақ беремін» деп өтініш хатын аяқтапты (Алматы қалалық полиция департаментінің архиві. Қ-05060, іс-11020. п.п. 145-146).

Халида Рахматуллақызының өз қолымен жазылған екі беттен тұратын өтінішінде жазықсыз атылып кеткен тұлғаның асыл жарының отағасынан айырылғаннан кейінгі қиын тағдыры мен өзінің жарына деген сүйіспеншілігі, оның кінәсіздігіне деген сенімі, күйеуінен бір ұшқындай да болса хабар күтетін зарыққан сағынышы айқын аңғарылады. Өтініште өз басынан өткерген қиыншылықтар жөнінде бір ауыз әңгіме жоқ. «Онымен бірге 6 жыл өмір сүрген жанұялық өміріме, қосылған тағдырыма бірде-бір рет өкінген емеспін» дейді. Осы бір ауыз сөйлемнің өзінде күйеуіне деген адал сертінен айнымаған ардақты апамыздың жарына деген айнымас сезімі мен шынайы махаббаты жатыр.

Сұрқия тоталитарлық жүйенің кесапатын қараңыз. Бұл зарыққан, үміт күткен хат жазылған кезде қайраткер тұлғаның жазықсыз атылып кеткеніне 19 жыл болған еді. 19 жыл күйеуінің не өлі, не тірі екенін білмей бір хабары күтудің аржағында қаншама қайғы-қасірет жатыр десеңізші! Сонымен қатар, Хрущев «жылымығы» жылдары Әзімбай Лекерұлының жары Халида Рахматуллақызының іздеу салуына байланысты кешегі қандықол жүйенің, оның жендеті НКВД-ның қылмысын жасыру мақсатында КСРО жоғарғы соты әскери коллегиясының бекітуімен КСРО іскі істер министрлігі бас әскери прокурорына жолданған нұсқауда 1957 жылы қазан айында жергілікті Азаматтық хал актілерін тіркеу (ЗАГС) бөліміне азаматша Х.Елкибаеваға (Халида Рахматуллақызының қыз кезіндегі тегі, Д.С.) күйеуінің қайтыс болуы жөнінде мынадай анықтама беру туралы тапсырма беріледі: «Лекеров Әзімбай Лекерұлы 1901 жылы дүниеге келген. 1938 жылы 26 ақпанда КСРО жоғарғы сотының әскери коллегиясының шешімімен сотталған және 1943 жылы 20 қазанда жазасын өтеп жүрген кезінде қайтыс болған» (Алматы қалалық полиция департаментінің архиві. Қ-05060, іс-11020. п.27). Яғни, бұған дейін Әзімбай Лекерұлының қайтыс болған мерзімі заңды түрде тіркелмеген. Көріп отырғанымыздай, сол кезеңдегі сот жүйесі, мемлекеттік қауіпсіздік органдары диктаторлық жүйеге қызмет етіп, өздерінің қанды қылмыстарын, заңсыз істерін, сотсыз, тергеусіз және ресми тіркеусіз жүргізген қылмыстарын жасыру мақсатында жазықсыз жазаланған қайраткерлердің құжаттарына да жалған жалған мәліметтер, өзгерістер енгізіп, істі әбден шатастырған. Әзімбай Лекерұлының жарына беріліп жүрген осындай, артынан жасалған жалға құжат болатын.

Әзімбай Лекерұлы мен оның жары Халида Рахматуллақызының қос перзенті болды. Қайраткер тұтқындалған кезде үлкен қызы Айседора 4 жаста болса, екінші қызы Әлфия қайраткер қамауда жатқан кезде 1937 жылы қыркүйек айында дүниеге келді. Әзімбай Лекерұлы тұтқындалғаннан кейін оның жанұясы да қуғынға ұшырады. Ең алдымен қайраткердің жары Халида Рахматуллақызы Қазақ Мемлекеттік университеті биология факультетінің 4-курсында оқып жүрген жерінен оқудан шығарылды. Қос перзентіне қарамай, тұрып жатқан пәтерінен шығарып жібереді. «Халық жауының» әйелі ретінде қаладан жұмыс бермеген соң, қала сыртындағы Қарғалы ауылында жұмыс істеуге мәжбүр болды. Жиі-жиі тергеуге шақырып, күдікті есебіне жауап алынды. Тергеуге шақыру, сенімсіздік көрсету, үлкен қалаларда жұмыс істеуге рұқсат бермеу әрекеттері 1957 жылы Әзімбай Лекерұлы ресми түрде ақталғанға дейін жалғасып отырған.

1993 жылы 18 мамырда «Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасының заңы баспасөз бетінде жарияланады. Заң саяси қуғын-сүргіндердің барлық құрбандарын ақтаумен қатар, оларға тигізген моральдық және материалдық залалды барынша мүмкін болатындай өтеуді қамтамасыз етуді мақсат етеді. Бұл заңға арнайы тоқталып отырған себебіміз Алматы қалалық полиция департаментінің архивіндегі (бұрынғы ұлттық қауіпсіздік комитетінің архиві) Әзімбай Лекерұлының жеке ісін қарау барысында жоғарыда аталған заңға сәйкес Әзімбай Лекерұлының жары Халида Рахматуллақызының Алматы қалалық прокуратурасына «ақтау туралы» анықтама беру жөніндегі өтінішіне: «Сізге қатысты ешқандай да күштеу әрекеттері қолданылмаған. Соған байланысты сізді «саяси қуғын-сүргін құрбаны» деп тану жөнінде ешқандай негіз жоқ», – деген жауабын оқығанда таңданбасқа шарамыз қалмады. Бүкіл дүние-мүлкін, үйін тартып алып, екі баламен қаңғытып жіберсе, қалада жұмыс істеуге тыйым салса да, күдікті ретінде қайта-қайта жауап алуға шақырып моральдық тұрғыдан қысым көрсетілсе де, оқудан шығарып жіберсе де және ең қасіреттісі күйеуін жазықсыздан-жазықсыз «халық жауы» деп атып жіберіп, бақытты өмір сүріп отырған жанұяға орны толмас қайғы-қасірет әкелген әрекеттердің барлығы «саяси қуғын-сүргін  құрбаны» деп тануға жатпайды екен. Бұған әкесіз өскен, әке мейірімін аңсаумен өткен қайраткердің екі перзентінің қилы тағдырын қосыңыз. Айналып келгенде, сол кезеңдегі кеңестік жүйенің Әзімбай Лекерұлының жанұясына қарсы істеген әрекеттердің барлығы заңсыз зорлық-зомбылық екені көрініп тұр ғой. Сондықтан прокуратура тарапынан берілген бұндай жауапты заңды бөлшегінен басып, адам тағдырына жауапсыз қарайтын көр соқырлардың тірлігі демегенде не дейміз!

1957 жылы 7 желтоқсан күні КСРО жоғарғы соты әскери коллегиясы құрамы, төраға әділет полковнигі Костриминнің мүшелері: әділет полковниктері Швецов және Көшелевтің қатысуымен өткен мәжілісте бұрынғы Қазақ Марксизм-ленинизм ғылыми зерттеу институтының директоры Әзімбай Лекеровтың ісі бойынша бас әскери прокурордың қорытындысын қарап, материалдарға істі қайта тексеру бойынша негізсіз сотталған деп тани отырып: «Лекеров Әзімбай Лекерұлына қатысты КСРО жоғары соты әскери коллегиясының 1938 жылы 26 ақпандағы үкімінің күші жаңадан ашылған деректерге байланысты жойылсын және іске қылмыстың жоқтығынан тоқтатылсын» деген шешім шығарады (Алматы қалалық полиция департаментінің архиві. Қ-05060, іс-11020. п.427). Осылайша, араға жылдар салып, өз халқын шын тәнімен сүйген асыл азамат, қызыл профессура институтын бітірген халқымыздың санаулы азаматтарының бірі, қазақтан шыққан тұңғыш жоспарлаушы экономист, педагог-ғалым, аудармашы Лекеров Әзімбай Лекерұлының ардақты есімі ақталған болатын. Бүгінде республика халқына Әзімбай Лекерұлының есімі кеңінен таныс емес. Бұл тұлғаны ұлықтау саласындағы жұмыстардың мейлінше аздығын көрсетеді. Міне, сондықтан да оның есімін халық арасында насихаттау, ардақтау ісіндегі келелі жұмыстарды кешенді жүргізу біздің міндетіміз болып табылады.

Досалы САЛҚЫНБЕК,

Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ профессоры,

Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының академигі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here