Тұрғындардың табысын арттыратын жоба

0
1458
Халықтың кірісін арттыру пилоттық жобасына 9,2 млрд теңге бөлінді, оның ішінде 2 478 өтінім республикалық бюджеттен 7,2 млрд теңгеге қаржыландырылды

Жамбыл облысында 2019 жылы бастау алған халықтың табысын арттыру пилоттық жобасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұрақты бақылауында. Пилоттық жоба жоғары тиімділікті көрсетіп қана қоймай, бүгінде ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасының «Ауыл аманаты» жобасының бір бөлігіне айналды. 1,15 млн халқы бар облыстағы тұрғындардың табысын арттыру жобасының жүзеге асырылу барысын ауыл шаруашылығы басқармасы баяндап берді.

Жобаның екінші бағыты бойынша 2 454 адам 6,4 млрд теңгеге 45 мың бас мал сатып алды

БЕС БАҒЫТҚА
ЖҰМСАЛҒАН 9,2 МЛРД
ТЕҢГЕНІҢ ЕСЕБІ

Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары Серікхан Пернештің айтуынша, жобаны іске асыру алдында жеке қосалқы шаруашылықтардың жағдайы терең зерттелген. 2018 жылы Тараз, Шу, Жаңатас және Қаратау қалаларының жеке секторларын қоспағанда, облыстың барлық ауылындағы 138 347 аулаға зерттеу жүргізілген. Ол кезде өңірде 1,12 млн адам тұрса, соның 679 мыңын немесе 60 пайызын ауыл тұрғындары құраған. Соның ішінде 395 мыңы – еңбекке қабілетті жастағылар.

«Барлық ауылдық округтерге облыс әкімдігінің тиісті басқармаларының өкілдерінен құралған арнайы жұмыс топтары жіберілді. Олар ауылдарда қосалқы шаруашылықтардың өнімдерін бастапқы өңдеу, орталықтандырылған сатып алу, сақтау жұмыстары жүргізілмейтінін анықтады. Бұл мәселені ауыл тұрғындары шамасы келгенше шешкен. Бұл ретте бір жеке қосалқы шаруашылықтың орташа айлық табысы 25-30 мың теңгені құраған. Әрине, табысы 500 мың теңгеге дейін жететін жеке шаруашылықтар да болған, бірақ олар саусақпен санарлық еді», – деп түсіндіреді Серікхан Қуатұлы.

Серікхан Пернештің сөзінше, сауалнама нәтижесі ауыл тұрғындарының басым бөлігі өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар санатына жататындығын көрсеткен. Облыс бойынша ауылдық жерлерде 122 мың адам бюджеттік ұйымдарда, 55 мың адам кәсіпкерлік саласында жұмыс істеген. Яғни, жұмыспен қамтылған, тұрақты табысы бар 177 мың адам ғана. Қалғандары бюджеттен төленетін әлеуметтік төлемдермен, сондай-ақ қосалқы шаруашылықтар мен маусымдық жұмыстар есебінен күн кешкен.

«Осы деректер негізінде ауыл халқын жаппай жұмыспен қамтудың негізгі тетігі – жеке қосалқы шаруашылықтарды қолдау және дамыту деген қорытындыға келдік. Олардың үлесіне ауыл шаруашылығы өнімдерінің 43 пайызы тиесілі болды. Бұл ретте мемлекеттік қолдаусыз жеке шаруашылықтар барлық сүт пен еттің 60 пайызын өндірді. Сондықтан бұл саланы қолдау туралы шешім қабылданды. Ал, шаруашылық иелері төмен пайызбен ұзақ мерзімге несиелеу әдісін таңдады. Кепілге ауыл тұрғындарының үйлері қойылған. Бір айта кетерлігі, екінші деңгейлі банктер мұндай кепілдікті қабылдамайды», – деп нақтылады Серікхан Қуатұлы.

2018 жылдың күзінде пилоттық жоба Үкімет отырысында таныстырылып, мақұлданды. Сол жылы жобаны Мемлекет басшысы қолдады. 2019 жылы жобаға қатысушыларға несие беру басталды.

«Пилоттық жобаның бірінші кезеңінде 11 ауылдық округ – Байзақтан екі округ және облыстың басқа аудандарынан бір-бірден қатысты. Жобаның бюджеттік әкімшісі болып саналатын ауыл шаруашылығы басқармасының штат саны 18 қызметкерге артты. Пилоттық округтарда бірнеше жиындар өтіп, жоба аясында құрылған ауыл шаруашылығы кооперативтерінің төрағалары сайланды. Алға қойылған барлық міндеттерді шешуге жалпы 9,2 млрд теңге бөлінді, оның ішінде 2 478 өтінім 2,5 пайызбен 7,2 млрд теңге республикалық бюджеттен қаржыландырылды. Ауыл шаруашылығы кооперативтерінің айналым қаражаты мен техника алуға бес пайызбен лизингке жергілікті бюджеттен 2 млрд теңге бөлінді», – дейді Серікхан Қуатұлы.

Әрине, судың да сұрауы болады. Сондықтан 9,2 млрд теңгенің қалай жұмсалғаны жөнінде сұрақтың туындауы заңды.

Басқарма басшысының орынбасары жобаның нәтижелері туралы айтып, оның барлық бес бағытына тоқталды. Айталық,  «Үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану» алғашқы бағыты бойынша 2020 жылы 7 856 аулаға тиесілі 932 гектар жер жеміс-көкөніс және бақша өнімдерімен қамтылды.

«Тұқым, минералды тыңайтқыштар, дизельдік отын сатып алу үшін 11 ауыл шаруашылығы кооперативіне барлығы 125,9 млн теңге қаражат бөлінген. Жеке шаруа қожалықтары тұқым мен тыңайтқыштың ақысын алынған өнімді өткізу арқылы төлеген. Сонымен қатар, екі жыл ішінде көкөніс пен бақша өнімдерін сатудан түскен пайда 978,7 млн ​​теңгені құраған. 2019 жылы 7 мың тонна өнім алынса, 2020 жылы 11,5 мың тонна өнім алынған», – деп Серікхан Қуатұлы бірінші бағыт бойынша істелген жұмыстарды атады.

«Мал шаруашылығын дамыту» екінші бағыт бойынша жобаның бастапқы кезеңінде 2 454 адам 6,4 млрд теңге несие алған. Бұл қаражатқа 45 мың бас мал, 500 млн теңгеге жем сатып алынған.

2020 жылы пилоттық аудандарда 186 мың бас мал тіркелді, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 37,3 мың басқа немесе 125 пайызға артқан.

Жоба аясында сатып алынған малдан 2020 жылы 4 243 тонна ет өндірілді, яғни өнім көлемі 2,8 есеге өсті (2019 жылы – 1 485 тонна). 2020 жылы сүт өндірісі 2019 жылмен салыстырғанда 44 пайызға артып, 8 304 тоннаға жетті.

Жалпы өнім 8 млрд теңгені құрады, оның ішінде 7,2 млрд теңге ет, 830 млн теңге сүт. Яғни, 17 тонна ет, 2 155 тонна сүт өңделген.

Үшінші бағыт – «Ауыл сыртындағы бос жерлерді тиімді пайдалану». Малды  арзандатылған жем-шөппен қамтамасыз ету мақсатында 228 шаруа қожалығы мен 1 509 кооператив мүшелерінің ауыл сыртындағы 10 113 гектар жері біріктірілді.

Бөлінген 230,1 млн теңгеге кооперативтер сапалы тұқымдар, тыңайтқыштар мен гербицидтер сатып алды. 2020 жылы шамамен 21 мың тонна жем жиналды (2019 жылы – 4,5 мың тонна).

Игерілген егістік алқаптары 2020 жылға қарай 2,5 мың гектарға ұлғайды. 2019 жылы жобаға қатысушылардың иелігінде 7,8 мың гектар жер болған.

«Кооперативтерді техникалық жабдықтау» төртінші бағыт бойынша 11 кооператив 190 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын бес пайызбен лизингке алған. Оған 9 724 млн теңге бөлінген. Алынған құрал-жабдықтарға 383,4 млн теңге инвестициялық субсидия төленген.

«Өз ісін ашу» деп аталатын бесінші бағыт ауыл тұрғындарына 56,2 млн теңгенің 11 жобасын жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Қазіргі таңда кәсіпкерлер 300 тоннадан астам өнім шығарған. Бұл – нан, шұжық, ара балы, кондитерлік өнімдер. Пилоттық жоба аясында ашылған кәсіпорындарда 27 адам жұмыспен қамтылған.

Серікхан Қуатұлының мәліметінше, 2021 жылы жоба жалғасын тауып, қайтқан ақша есебінен Байзақ, Жамбыл және Жуалы аудандарының үш ауылдық округінің тұрғындары қосылған. Оларға жалпы сомасы 3,1 млрд теңге несие беріліп, ол қаржымен 253 жоба жүзеге асырылған. Жаңадан құрылған ауыл шаруашылығы кооперативтеріне 177 млн теңге бөлініп, лизингке сатып алынған 28 ауыл шаруашылығы техникасы берілді.  

 «Жобаға қатысушыларды жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімдігі прокуратурамен бірлесе отырып, елді мекендердегі жайылымдық жерлерді пайдалануды зерттеу жұмыстарын жүргізді. Соның нәтижесінде 683 мың гектар жайылымдық жер тапшылығы анықталды», – дейді басқарма басшысының орынбасары.

Мәселені жүйелі шешу үшін бес бағыт бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Біріншіден, Жер кодексінің 36-бабына сәйкес ауылдық округ бос жатқан жер санатындағы 225 мың гектар жайылымдық жерлерді беру жұмыстары басталды. 2021 жылы 227,5 мың гектар жер берілді.

Екінші. Пайдалануға берілген жалпы жайылымдық жердің бір бөлігі елді мекендерге қайтарылып жатыр. Елді мекендер аумағына 5 шақырым радиуста жақын орналасқан 199,6 мың гектар жайылымды ауылдық округтерге бекітіп беру ісі басталды. 2021 жылы 13,6 мың гектар берілді, жұмыс жалғасуда.

Үшінші. Ірі қара малды орман қорының жеріне шығару ұйымдастырылады.

Төртінші. Егін орғаннан кейін егіс алқабында кедергісіз мал жаю үшін жер пайдаланушылармен меморандумдар жасалып жатыр. Қазірдің өзінде 2 071 шаруа қожалығымен меморандумға қол қойылған.

Бесінші. Игерілмеген және заң талаптарын бұза отырып пайдаланылған 252,3 мың гектар жайылымдық жер анықталды. 2021 жылы 106,3 мың гектар мемлекет меншігіне қайтарылды. Жұмыс жалғасуда.

«Бұл жоба ауыл тұрғындарының өмірін жақсарту бойынша бірқатар міндеттерді шешуге мүмкіндік берді. Пилоттық жобаның бірінші кезеңінде 11 ауылдық округте қосымша 2 282 жеке кәсіпкерлік субъектісі ашылып, олардың санын 966-дан 3 248-ге дейін арттырды. Бұл ретте тұрғын үй мен жер құжаттары ресми түрде реттеліп, жер мен мүлік салығы жүйеленді. Жұмыссыздар саны 528-ден 334-ке дейін қысқарып, 194 адамға азайды. 589 жаңа жұмыс орны құрылып, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 68 пайызға кеміді. Қатысушылардың орташа айлық табысы 44 мың теңгеден 73 мың теңгеге дейін өсті, яғни 65 пайызға артты», – деп бес бағыт бойынша атқарылған жұмыстарды санамалап берді Серікхан Қуатұлы.

Басқарма басшысының орынбасары алдымен бес жылда жобаның экономикалық тиімділігі 14,9 млрд теңге деңгейінде болжанатынын атап өтті.

«Осының бәрін неге жоспарлап отырмыз? Біріншіден, несиені қайтару 8,1 млрд теңгені құрайды. Бұдан басқа, техниканы лизингке сатып алуға бағытталған кредиттік қаражатты қайтару керек. Ол – 1,2 млрд теңге. Атаулы әлеуметтік көмек төлемдері арқылы үнемдеу – 5 млрд теңге. Пайызы аз несие алу нәтижесінде жеке қосалқы шаруашылықтар үй-мүлкін рәсімдеп, салықтарды уақытында төлеп отыр», – деп түсіндірді жамбылдық шенеунік.

Серікхан Пернештің айтуынша, өңірдің қалған 139 округінің тұрғындарын пилоттық жобамен толық қамту үшін бюджеттен 75,5 млрд теңге қарастыру қажет.

Кәріқорғандық Бақнұр Омарбеков «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 4,2 млн теңге несие алып, оған 15 швед сауын сиырын сатып алған

ЖОБАНЫҢ
КӨМЕГІМЕН МАЛ БАСЫН
КӨБЕЙТКЕН
ЖЕТІТӨБЕЛІКТЕР

Мемлекет басшысының халықтың табысын арттыру мәселесін басты назарда ұстап отырғанын жоғарыда жаздық. Бұл бағытта Әулиеата жерінде жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанына да тоқталдық. Әсіресе, ауыл тұрғындарының табысын арттыру мақсатында қолға алынған пилоттық жоба өз тиімділігін көрсетті.

Пилоттық жобаға алдымен Жуалы ауданына қарасты Ақтөбе және Ақсай ауылдық округтерінің тұрғындары тартылса, кейін олардың қатарына жетітөбеліктер де қосылды. Аудан алты елді мекеннен тұрады, онда 3 мың адам шоғырланған.

Алдын ала болжам бойынша «Ауыл аманаты» шағын бағдарламасына ауылдық округтегі 529 шаруашылықтың 513-і қатыспақ.

Жоғарыда сөз болған алғашқы бағыт бойынша айналым қаражаты 33,4 млн теңгені құрайды.

«Мал шаруашылығын дамыту» екінші бағыты 174 ауланы қамтиды. Бұған қарастырылған қаржы көлемі –  464 млн теңге.

«Бүгінде ауылдық округ әкімшілігі жобаға қатысуға ниет білдірген тұрғындардан 224 өтінішті қабылдап, оның 51 өтініші тұрғылықты мекенжайына сәйкес келмеуіне байланысты кері қайтарылды. 145-і «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қарауында жатыр. Жақында 28 құжат қайта қаралды, нәтижесінде 173 өтініш толығымен дайындалды. Алдын ала мәлімет бойынша 35 құжат мақұлданып, 10 өтініш беруші қаражат алды», –дейді Жетітөбе ауылдық округінің әкімі Қайнарбек Беделбеков.

Жобаның екінші бағыты бойынша несие алып, кәсібін бастағандардың жұмысына толығырақ тоқталайық.

Жетітөбе ауылдық округіне қарасты Тасбастау ауылында тұратын Айнұр Кененбаев ауылдық округте «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылатынын естіген бойда оған қатысуға бел байлағанын айтады. Жыл басында «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 5 млн теңге несие алған.

«Жылдық 2,5 пайызбен берілетін несие бес жылға есептелген. Оған 12 сауын сиыр сатып алдым. Оның үшеуі бұзауымен болды, үшеуі жақында төлдеді. Сатып алынған мал туралы мәліметтер ауылдық округтің мал дәрігерлерімен базаға тіркелді. Қазір әр сиыр күніне 12-13 литр сүт береді. Оны жинаушыларға тапсырамыз», – деп ой бөлісті Айнұр Кененбаев.

Айта кетерлік жайт, ауыл тұрғындарына мал сатып алуға берілген қаржымен қатар, жем-шөп алуға да қосымша қаржы бөлінеді. Пайыздық мөлшерлемесі төмен және бастапқы жарнаға дейін бір жыл үзіліс беріледі.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, бұл олардың тезірек аяққа тұруына мемлекет тарапынан жасалып жатқан үлкен қолдау.

Кәріқорғандық Бақнұр Омарбеков «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 4,2 млн теңге несие алып, жиған-тергенін соған қосып, 15 швед сауын сиырын сатып алған. Олар – сүтті сиырлар. Әзірге тек 6 сиыр сауылып жатыр. Бұзауларға сүт беріледі, ал қалғаны (тәулігіне 70-80 литр) сүт алушыларға тапсырылады.

«Өткен жылы біз сиыр қорасының құрылысын бастадық, келесі қыста малды жылы жерде ұстаймыз. Әзірге сиырлар екі бөлек қорада тұр. Жем-шөбі жеткілікті», – деді Кәріқорған тұрғыны.

Сауын сиырлардан басқа, шаруашылықта жылқылар мен қойлар да бар. Оларға екі жалдамалы қызметкер қарайды.

«Біз ірі қара мал басын көбейтіп, фермерлік шаруашылықты дамытсақ дейміз», — деп Бақнұр Омарбеков жоспарымен бөлісті.

Жетітөбеліктің бірі – Гүлмира Омарова «Мал өсірсең – қой өсір, өнімі оның көл-көсір» деген мақалды ұстанады. Бір кезде жолдасы Ибраим Айтбековпен бірге колхозда жұмыс істеген. Осыдан бірнеше жыл бұрын мемлекеттен жылдық алты пайызбен несие алып, сауын сиырлар сатып алған. Енді бар күшті қой бордақылауға салып жатыр.

Гүлмира Омарова күйеуімен ақылдасып, пилоттық жобаға қатысуға өтініш беріп, осы жылдың қаңтар айының аяғында 5,5 млн теңге алған. Жуырда жоба талабы бойынша жергілікті шаруа қожалықтарының бірінен 100 бас қой алған. Осы айда төлдейді. Қойларды Ибраим Айтбеков өзі бағып отыр.

«Алда қарбалас кезең басталмақ. Қой төлдейді, олардың қозыларына, әсіресе, жас тоқтыларға жақсы күтім керек. Қозысы бар қойларды бөлек жылы қораға ауыстырамыз. Көктемде қозылардың аузы көкке ілігіп кетеді», – дейді Ибраим Айтбеков.

Биыл ерлі-зайыптылар қой бағу үшін үлкен қора салуды қолға алмақ.

Иә, ауыл тұрғындарының табысын арттыру мақсатындағы пилоттық жоба өз тиімділігін көрсетіп, мемлекет қолдауының арқасында жуалылықтар тұрмысын жақсартуға ұмтылып жатыр.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

«Нағыз жаза – жұмысқа салу емес, нағыз жаза – жұмыссыз қалу шығар» депті көзі тірісінде Қадыр ақын. Ал, жұмыссыздық жайы, «екі қолға бір күректің» табылмауы – күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе. Осы мәселені шешу үшін Үкімет Президент тапсырмасымен «балық орнына қармақ беретін» ауқымды шараларды қолға алды. Жамбыл облысында 2019 жылы қолға алынған халықтың табысын арттыру пилоттық жобасы – соның бір мысалы.

Жансая ШЫҢҒЫСХАН

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here