Қаржының көбі азық-түлікке кетеді – Президент

0
384

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңейтілген кеңес өтті. Жиынға Премьер-министр, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің төрағалары, Президентке есеп беретін мемлекеттік органдардың басшылары, Үкімет мүшелері, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының, облыстар мен аудандардың әкімдері, парламенттік фракциялардың жетекшілері, сондай-ақ Парламент палаталары, облыстық және аудандық мәслихаттар комитеттерінің төрағалары қатысты.

ҚЫМБАТШЫЛЫҚ ҚЫСҚАН ҚАЗАҚСТАН

Мемлекет басшысы өз сөзінде саяси реформалар дамудың жаңа кезеңіне жол ашқанын және экономиканы түбегейлі жаңғыртудың берік негізін қалағанын атап өтті.

«Осында отырған әрбір мемлекеттік қызметші өзіне орасан зор міндет жүктеліп отырғанын сезінуге тиіс. Бұл – ең алдымен, барша Қазақстан халқының алдындағы жауапкершілік. Сіздердің шешімдеріңіз бен іс-әрекеттеріңіз елдің бүгіні мен болашағына тікелей әсер етеді. Сондықтан күнделікті мәселелерді шұғыл шешумен ғана шектелмеу керек. Сіздер мемлекетшіл-реформатор болуларыңыз қажет. Реформаларымыздың түпкі мақсаты – халықтың өмірін жақсарту. Ол үшін тұрғындардың табысын көбейту керек. Жайлы өмір сүруіне жағдай жасап, қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет. Азаматтардың өзін-өзі дамытуына барлық мүмкіндік жасалуға тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент қымбатшылық бас бермейтін асаудай құрық салдырмай бара жатқанын, ақпан айында инфляция 21,3%-ға жеткенін жасырмай айтты.

«Жұрттың ай сайын жұмсайтын қаржысының тең жартысынан көбі азық-түлік алуға кетеді. Үкіметтің әрекеті жеткіліксіз болып отыр. Тыйым салу және шектеу шаралары уақытша ғана әсер етеді. Мұндай қадамдар қиындықтың бетін қайтарса да, одан біржола құтылуға мүмкіндік бермейді», – деп Қасым-Жомарт Тоқаев мәселенің мәнісіне тоқталды.

Президенттің сөзінше, азық-түлік инфляциясының басты себебі де – осында. Елімізде өндірілетін тауардың көлемі ішкі сұранысты қамтамасыз етуге жетпейді. Импортқа тәуелдіміз.

Мемлекет басшысы Үкімет пен атқарушы органдарға азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне жол бермеуді тапсырды.

«САУЫН СИЫРҒА» АЙНАЛҒАН СУБСИДИЯ

Ауыл шаруашылығындағы субсидиядан сеп болмай тұрғанын ашық айтқан Мемлекет басшысы бұл мәселе төңірегінде пікір білдірді.

 «Агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бөлінетін бюджет қаражаты тиімді жұмсалуға тиіс. Мұны мұқият қадағалау қажет. 2019-2021 жылдары өнім өңдеуге берілген субсидияны алайық. Бұл қаражаттың тең жартысы субсидия алам деушілердің 10 пайызының ғана қолына тиген. Субсидия алған кейбір пысықайлар өндірісті өркендетудің орнына бюджет қаржысын қалтасына басып, шалқып өмір сүрген», – деп Қасым-Жомарт Тоқаев субсидияны «сауын сиырға» айналдырғандарды сынады.

Президент қарапайым шаруалар үшін субсидия алу – қияметтің қиыны екенін мойындады.

«Субсидия беру жүйесі өте күрделі және қажетті мәлімет көпшілікке қолжетімді емес. Субсидия бөлуді реттейтін жаңа цифрлық жүйе бұл түйткілді шеше алмай тұр. Әрине, біршама жұмыс атқарылды. Мұны жоққа шығаруға болмайды. Бірақ, бұл бағыттағы жұмысты аяғына дейін жеткізу керек», – деп Қасым-Жомарт Тоқаев салаға жауапты атқамінерлерге агроөнеркәсіп кешенін дамытуды тапсырды.

НЕСИЕ – ИНФЛЯЦИЯ КЕЗІНДЕ ЖАН БАҒУДЫҢ АМАЛЫ

Мемлекет басшысы инфляция өскен сайын халықтың нақты табысы құнсызданып жатқанын тілге тиек етті.

«Жұрттың табысын әлеуметтік саланың шығысы есебінен арттырудың да шегі бар. Біз осы шекке жеткен сияқтымыз. Бұған қоса тұтыну несиелерінің көлемі артып барады. Бұл әрекет – инфляция кезінде жан бағудың амалы. Бірақ, мұндай ахуалдың әлеуметтік және саяси салдары өте ауыр болуы мүмкін. Тіпті, банктердің өзіне қауіп төндіруі ықтимал», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, алдымен несиені пайда әкелетін бизнеске, яғни тиімді жобаларға беру керек. Сонда жалақысы жоғары жұмыс орындары пайда болады. Жұрттың кәсіпкерлікпен айналысуға ынтасы артады. Бір сөзбен айтқанда, азаматтардың табысын көбейтуге мүмкіндік туады.

Қасым-Жомарт Тоқаев министрлер кабинетіне макроэкономикалық саясатты өте байыпты жүргізу, бюджет тапшылығын, мемлекет қарызын, Ұлттық қордан аударылатын трансфертті және басқа да макрокөрсеткіштерді реттеу керектігін ескертті.

«Иә, экономикамыз өсіп жатыр. Бірақ, салық түсімдерінің ішкі жалпы өнімге қатысты өсу қарқыны – тұрақсыз. Кейбір мамандар «Салық жеңілдіктері өте көп болған соң, түсім азайып жатыр» дейді. Бұдан басқа да себептер айтылады. Жалпы, соңғы бес жылда бюджетке 30 трлн теңге кем түскен. Әрине, бұл цифрдың дұрыс-бұрыстығын тексеру қажет. Талай жылдан бері жалғасып келе жатқан осы мәселені түпкілікті шешетін уақыт жетті», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

ҚАЙТАРЫЛҒАН АКТИВТЕР МЕН МҮЛІКТЕР
«ҰСТАҒАННЫҢ ҚОЛЫНДА,
ТІСТЕГЕННІҢ АУЗЫНДА» КЕТПЕУІ ҚАДАҒАЛАНАДЫ

Президент жүктеген келесі міндет – экономиканы монополиядан арылту. Үкімет пен атқарушы органдар осындай міндетті де арқалады.

«Экономиканы монополиядан арылту – маңызды міндет. Бұл бағытта нақты жұмыс басталды. Нәтижесі қазірдің өзінде жаман емес. Бірақ, мұнымен шектелуге болмайды. Елімізде мекемеаралық комиссиялар құрылды. Олардың алдына нақты міндеттер қойылды. Осыған орай заңсыз шығарылған активтерді қайтару, әділеттілікті қалпына келтіру, адал бәсекелестікке жағдай жасау керек. Мұның бәрі – уақытша міндет емес. Керісінше, бұлар – жаңа экономикалық саясаттың басты қағидаттары», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының сөзінше, тауар нарығының монополиялық құрылымы әлі де өзгере қойған жоқ. Оның үстіне бизнес, әсіресе, орта бизнес қарқынды дамымай отыр. Сондықтан тың шараларды қолға алу қажет. Үкімет осыған қатысты нақты ұсыныстар беріп, бір шешім қабылдауға тиіс.

Президент қазір заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару жұмысы жандана түскенін айтып, қайтарылған активтер мен мүліктер қолды болып кетпеуін, барлық қаражат толығымен экономиканы дамытуға жұмсалуын үнемі назарында ұстайтынын шенділерге ескертті.

«Осы орайда қаржыны қайтарып, елімізді өркендетуге атсалысқысы келетін азаматтарға мынаны айтқым келеді. Жаңа индустриялық жобаларға қаржы салыңыздар. Қазақстанда жаңа өндірістер ашып, жаңа жұмыс орындарын құрыңыздар. Сонда мұндай активтерге және оның иелеріне қатысты ешқандай мәселе туындамайды. Тағы да қайталап айтамын. Біз адал әрі ашық жұмыс істейтін бизнес өкілдеріне барлық жағдайды жасаймыз», – деп сендірді Қасым-Жомарт Тоқаев.

ӘБДЕН ТОЗЫҒЫ ЖЕТКЕН БЕС ЖҮЗДЕН АСТАМ
ГИДРОТЕХНИКАЛЫҚ НЫСАН БАР

Президент «судың да сұрауы барын» ескертіп, ауыз су мен тозығы жеткен гидротехникалық нысандар мәселесін көтерді.

«Суды неғұрлым көп тұтынсаң, соғұрлым көп ақша төлейсің. Бұл – жұртты үнемшіл болуға үйрететін әділетті және қарапайым ұстаным. Дамыған елдердің тұрғындары әр нәрсенің қадірін біледі. Үнемшілдік олардың өмір салтына айналған. Тіпті, су мен жылуды ысырап етпеуді балаларға жастайынан үйретеді. Біздің азаматтарымыз да осындай үнемшіл болуы керек. Әсіресе, суды үнемдеп тұтынуымыз керек. Мен су тапшылығының артып жатқанын ұдайы айтып жүрмін. Сарапшылардың пайымдауынша, 2040 жылға қарай суға деген сұраныс 50 пайызға артады. Қазақстан 2050 жылға қарай «суға өте мұқтаж» елдердің санатына кіруі мүмкін», – деген Қасым-Жомарт Тоқаев жұртты суды үнемдеуге шақырды.

Мемлекет басшысы қазір елімізде 600 мыңнан астам адам таза ауыз суға зәру екенін өкінішпен айтты.

«Бұл – ауылдағы ағайын ғана емес, қала халқы үшін де өте өзекті мәселе. Ірі шаһарлардың инфрақұрылымы жылдан жылға артып келе жатқан сұранысқа жауап бере алмай отыр. Тіпті, Астананың өзінде су тапшылығы қатты сезіле бастады. Басты себептің бірі – құрылыстың көбеюі. Үнемшіл болмасақ, таза су беретін жаңа нысандарды іске қосқанмен, тапшылықты жоя алмаймыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің мәліметінше, қазір 500-ден астам гидротехникалық нысан әбден тозып тұр. Тіпті, оның 200-інде төтенше жағдай туындау қаупі бар.

«Кезінде кейбір су қоймалары бұзылып, қайғылы оқиға болғанын білесіздер. Осындай жәйттің алдын алу үшін гидроқұрылымдар жан-жақты тексерілуге тиіс. Апаттық жағдайда тұрған және қараусыз қалған нысандарды бақылауға алу керек. Қауіп-қатерлер картасын жасау қажет. Төтенше жағдайға әкеп соқтыруы мүмкін қатерлердің алдын алу үшін нақты шараларды қолға алған жөн. Сондай-ақ, Су ресурстарын басқарудың бірыңғай ақпараттық-сараптамалық жүйесін жасау керек», – деп Қасым-Жомарт Тоқаев шенділерге бірқатар тапсырма жүктеді.

* * *

Кеңес барысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов, Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов, Қарағанды облыстық мәслихатының төрағасы Нүркен Қобжанов, Жетісу облыстық мәслихатының төрағасы Гүлнар Тойлыбаева сөз сөйледі.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here