Парламентке бөлінген қаржы қалай жұмсалады?

0
2071

Парламенттің шығындарын жабу үшін биыл бюджеттен 8,5 млрд теңге бөлінгені белгілі. Әрине, министрлік пен әкімдіктердің бюджетімен салыстырғанда бұл әлдеқайда аз қаржы. Олай болатын жөні де бар. Себебі, қос палата депутаттарының саны көп емес. Сенатта 50, Мәжілісте 98 халық қалаулысы мандатқа ие. Бұған олардың көмекшілері мен әкімшілік қызметкерлерін қосыңыз. Сонда бір жылға бөлінген 8,5 млрд теңге аз қаржы болмай шығады. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін қос палаталы Парламенттің шығынына тоқталады.

ХАЛЫҚ
ҚАЛАУЛЫЛАРЫ
ҚАНША
АЙЛЫҚ АЛАДЫ?

Жоғарыда аталған қаржының басым бөлігі айлыққа жұмсалатыны айтпаса да түсінікті. Түрлі мәліметтерге сүйенсек, қатардағы депутаттың айлығы 700 мың теңгеден басталады. Әрі қарай қосымша төлемдер тағы бар. Жұмыс өтілі, атқарған қызметі мен ғылыми дәрежесі үшін қосымша ақы төленеді. Айталық, депутаттық немесе мемлекеттік қызметтегі бұрынғы жұмыс өтілі, комитетте атқарған қызметі мен ғылыми жұмысы да ескеріледі. Сөйтіп, бұл артықшылықтар мемлекет тарапынан ынталандырылады. Ал, Сенат пен Мәжіліс төрағаларының айлығы 1,5 млн теңгенің айналасында екені халық арасында жиі айтылады.

Айлықтан бөлек депутаттарға қосымша жеңілдіктер де қарастырылған. Мысалы, ел ішіндегі немесе шет елдердегі қызметтік сапарлар бюджет қаражаты есебінен төленеді. Олар ҚР Президент істерін басқару басқармасының Медициналық орталығында тегін емделеді.

ДЕПУТАТТАР
ҚАНДАЙ
ПӘТЕРЛЕРДЕ ТЕГІН
ТҰРАДЫ?

Парламент депутатына мандатынан айырылғанша тегін пәтер беріледі. Ол пәтерлер Астананың сол жағалауындағы тұрғын үй кешенінде орналасқан. Халық арасында «Депутаттық қалашық» атанып кеткен тұрғын үйдің бір бөлігі, яғни депутаттарға арналған пәтерлер Президент әкімшілігіне тиесілі.

Халық қалаулыларына қызметтік өкілеттігі аяқталғанша тегін тұруға пәтерді Парламенттің өзі құрған арнайы комитет бөледі. Олар депутаттың алдымен мәртебесіне қарайды. Мәселен, әр депутатқа кемінде бір жатын бөлмесі мен залы бар пәтер қарастырылған. Соңғысы қонақ күту үшін емес, жұмыс бөлмесі ретінде пайдаланылады. Кәмелеттік жасқа толмаған немесе студент баласы барларға бөлек бөлме бөлінеді. Егер бір перзенті қыз, екіншісі ұл болса, онда қосымша екі бөлме беріледі.

V, VI және VII сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айқын Қоңыровтың сөзінше, отбасы мүшесінің санына байланысты оған бес бөлмелі пәтер тиесілі болған. Дегенмен, «Депутаттық қалашықта» бес бөлмелі пәтер атымен жоқ. Сондықтан ол әке-шешесімен, балаларымен екі және үш бөлмелі екі пәтерде тұрған. Екі бөлмелі пәтер 80 шаршы метрден, үш бөлмелі пәтер 100 шаршы метрден асады.

«Пәтерлердің іші 15 жыл бұрынғы жиһаздармен жабдықталған. Қарапайым жиһаздар. Бірақ, олар көп депутатқа ұнай бермейді. Содан олар өз ақшаларына жаңа жиһаздар сатып алады», – деп нақтылады 50 жастағы экс-мәжілісмен.

Өкілеттігі тоқтатылғаннан кейін депутаттардың пәтерде тағы 3 ай тұруға құқығы бар. Осы уақыт ішінде жаңа шақырылым депутаттары мемлекет есебінен қонақ үйлерді паналайды. Мысалы, «Пекин палас» қонақ үйінде бір түнге стандартты бөлме – 50 мың теңге, жақсартылғаны – 65 мың теңге тұрады.

ХАЛЫҚ
ҚАЛАУЛЫЛАРЫ
МАКАРОВ
ТАПАНШАСЫН НЕГЕ
АЛА БЕРМЕЙДІ?

Парламенттің әрбір депутатына жеке қару да тиесілі. Халық қалаулыларына қарудың неге берілетінін айтып жату артық болар. Сақтансаң – сақтайды. Алайда, біздің депутаттар мемлекет берген қаруды ала бермейтін көрінеді. Ары кетсе 10-15 депутат қана Макаров тапаншасын алады екен. Оны кейбірі үйде, кейбірі жұмыс кабинетінде ұстайды. Тапаншаны сақтау ережелерін полицейлер де қатаң қадағалайды. Ал, депутаттар қажетсінбеген қарулар Парламенттің жертөлесінде сақталады. Онда арнайы жабдықталған қойма бар.

Қаруды қолдануды үйренгісі келген депутаттар арнайы жаттығуды ұйымдастыруды сұрай алады. Оларға Астана қаласының Полиция департаменті нұсқаушылар мен тир ұсынуға міндетті. Бірақ, мұндай өтінімдер депутаттар тарапынан ешқашан түспеген көрінеді.

700 МЫҢНАН АРТЫҚ
АЙЛЫҚ АЛАТЫН
ДЕПУТАТТАРДЫҢ ЖҰМЫС
КЕСТЕСІ ҚАНДАЙ?

Көп қазақстандықтың түсіне де кіре бермейтін 700 мыңнан артық айлық алатын, тегін баспанамен қамтамасыз етілген депутаттың жұмыс кестесі оқырманға қызық болар. Айтайық, халық қалаулысы заңмен қарастырылған себептер болмаса, пленарлық отырыстарға аптасына екі рет – сәрсенбі және бейсенбі күндері сағат 10.00-ден 18.00-ге дейін қатысуға міндетті. Жұма күні парламенттік тыңдаулар, дүйсенбі күні Үкімет сағаты өтеді. Оларға да қатысу парыз саналады.

Бір атап өтерлігі, депутаттың пленарлық отырысқа, парламенттік тыңдау мен Үкімет сағатына қатысуын Орталық сайлау комиссиясының өкілі бақылайды. Әр отырыстың алдында олар депутаттың атын атайды. Түскі астан кейін де, дауыс беру алдында да бұл процедура қайталанады. Себепсіз жылына үш рет оларға қатыспауға рұқсат беріледі.

Қалған уақытта депутат Мәжіліс комитеттерінде жұмыс істеуге тиіс. Мұнда депутаттарды өздерінің көмекшілері бақылайды. Олар Орталық сайлау комиссиясына есеп береді.

Парламент жұмысының регламенті бойынша халық қалаулылары әр үш ай сайын өңірлерде 10 күндей болуға міндеттеледі.

Әрбір жаңа депутатқа кездесулерге, келіссөздерге, конференцияларға қатысу мақсатында шетелге шығу үшін дипломатиялық паспорт беріледі. Дегенмен, олар тек қызметтік сапарлар кезінде ғана аталған құжатты қолдана алады. Ал, шетелде жеке мақсатта жүргенде оларға дипломатиялық паспорттың артықшылығын пайдалануға тыйым салынады.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Депутат болуға кімнің лайық екені жөнінде нақты пікірді Міржақып Дулатұлы: «Қазақтан Ресей Думасына депутат сайлау мүмкіндігі болғанда, біз қазаққа шын пайдалы депутат таңдауымыз керек. Ол ақжүрек, таза болса, жұртты я сатып, я алдап кетпейтін болса, халық үшін ерінбей қызмет етерлік, екіталай жерде жанын қиярлық ержүректі болса, өз пайдасынан жұрт пайдасын артық көретін болса, саясат ісіне жетік болса, білімді, шешен, оқыған көсем болса», – деп осыдан бір ғасыр бұрын айтып кеткен. Ендеше, шығындары халық қазынасынан өтеліп отырған қазіргі депутаттардың «халық қалаулысы» атына сай болғандары керек.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here