Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің депутаттары отырыс өткізді. Онда адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі тиімді шаралар қабылдау мәселелері талқыланды.
Комитет төрағасы Андрей Лукин өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев адам саудасына қарсы күрес мәселелеріне ұдайы назар аударып келе жатқанын атап өтті.
«Өкінішке орай, қазіргі заманда адам саудасы тоқтамай отыр және көбінесе мұндай қылмыс жасырын болып табылады. Бұл мәселе әлемде қылмыстық табыс бойынша қару-жарақ пен есірткі саудасынан кейінгі үшінші орын алады. БҰҰ мәліметтері бойынша, әлемдегі құрбандардың 70%-дан астамы қыздар мен әйелдер, ал құрбан болғандардың үштен бірі балалар болып отыр», – деді Андрей Лукин.
Сенаторлар кездесу барысында қолданыстағы заңнамадағы олқылықтарды да атап өтті. Мәселен, қылмыстық заңнамада адам саудасына қатысты дәлелдемелерді сәйкестендіру толыққанды жүзеге аспады, сондай-ақ мұндай қылмыстардың құрбандарына әлеуметтік қызмет көрсету және оларды оңалту мәселелері заңнамалық тұрғыда реттелген жоқ.
Отырыстың модераторы болған сенатор Айнұр Арғынбекова Президенттің тапсырмасын орындаудың алғашқы нәтижелерінің бірі «Қазақстан Республикасында адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасын әзірлеу екенін атап өтті. Сенатор құжат қазір Парламент Мәжілісінің қарауында екенін хабарлады.
Салалық мемлекеттік органдардың, мекемелердің және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері өз кезегінде осы мәселе бойынша әлемдік озық тәжірибелер мен халықаралық стандарттарды пайдаланудың маңыздылығына негізделген ұсыныстарын айтты.
Отырыс барысында БҰҰ-ның Орталық Азия елдеріндегі көші-қон жөніндегі миссиясының басшысы Зейнал Гаджиев, Мәжіліс депутаты, осы заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі Марат Башимов, Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев, ішкі істер, еңбек және әлеуметтік қорғау министрліктерінің, сондай-ақ ҮЕҰ өкілдері адам саудасына қарсы күрестегі тиімді шаралар туралы баяндама жасады.