Түлектердің жұмысқа орналасу мәселесі сөз болған пленарлық отырыс

0
969

Кеше, 8 маусымда биылғы оқу жылы бітіретін түлектермен «Университет. Мансап. Жетістік» пленарлық отырыс өткізілді. Іс-шараның басты мақсаты – түлектерді білім беру мекемелеріне жұмысқа орналасу туралы ақпараттандыру және мамандықтарының артықшылықтарын көрсету болды.

Іс-шараны университеттің Басқарма төрағасы-ректор Дархан Біләлов ашып, болашақ жас мамандарға сәттілік тіледі. Сонымен қатар, әлеуметтік даму жөніндегі проректор Шынғыс Нұрланов университет түлектеріне ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып, қазіргі түлектерге қолдау көрсетуге келгендері үшін алғысын білдірді.

Пленарлық отырысқа университеттің әр жылдары оқуын тәмамдаған түлектер қатысып, мектепке, колледжге жас маман ретінде жұмысқа орналасу бойынша кеңестерімен бөлісті.

Іс-шара барысында Қ. Қатықбаев атындағы №168 мектеп-гимназиясының директоры Манас Тайкенов мектеп мұғалімінен директорға дейінгі кәсіби жолы туралы айтып берді, ал Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мөлдір Төлегенова «Дарын» мектебінде жұмыс жасау ерекшеліктерімен бөлісті. Нархоз университеті экономикалық колледжінің Студенттермен жұмыс деканатының басшысы, студенттік шағында Жастар ісі жөніндегі комитет нұсқаушы қызметін атқарған Еркебұлан Тоқтасынов жұмысқа орналасудағы белсенділіктің пайдасын ерекше атап өтті.

4-курс студенттерін жұмысқа орналастыру бойынша жүргізілген сауалнама нәтижесін Түлектер қауымдастығының басшысы Айдана Алиасқар таныстырып өтті.

Іс-шара ашық микрофонмен жалғастын тапты. Студент-жастар өздерін мамандық бойынша, мектепке орналасу бойынша мазалап жүрген сауалдарын қойып, жауаптарын алды. М.Тайкенов студенттерді жұмыспен қамтуға өз үлесін қосатынын айтып, келесі жылы өзі қызмет ететін мектепте кезекті пленарлық отырысты өткізуді ұсынды.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here