Еліміздегі жалғыз теңіз сүтқоректісін қалай қорғаймыз?

0
765
Гидробиология және экология институтының суреті

Итбалықтар – біздің планетамыздағы ең осал теңіз сүтқоректілерінің бірі. Әлемде итбалықтар түрін сақтау мақсатында 22 наурыз «Халықаралық итбалықты қорғау күні» атап өтіледі.

Адамдар әрқашан осы бір теңіз жануарларына айтарлықтай қауіп төндіріп келді: олар май, тері және тамақтану үшін ауланды. Каспий итбалығы эндемик және Каспийдегі жалғыз теңіз сүтқоректісі, жыртқыш әрі жоғарғы трофикалық буынның өкілі. Олар негізінен балықпен, атап айтқанда, шпрат, қарақұйрық, серверсид, сондай-ақ моллюска және асшаяндармен қоректенеді. Теңіздің қазақстандық секторында Каспий итбалығының мекендеу ортасы Солтүстік Каспий теңізінің суы мен Орта Каспий теңізінің жағалау суын қамтиды. Солтүстікке (оңтүстікке) жылжыған кезде итбалықтар Түркіменстанмен шекарадан Қазақстан жағалауында Жайық өзенінің сағасына дейін «көші-қон дәлізін» пайдаланады.

2016 жылы Кендірлі шығанағындағы итбалықтар. Қазір мұнда итбалықтар жоқ. Гидробиология және экология институтының суреті

КАСПИЙ ИТБАЛЫҒЫ ТУРАЛЫ ТҮЙТКІЛДЕР

Итбалықтар жылдың жылы мезгілінде Каспий теңізінде мекендейді. Қараша айында теңіз жануарларының Оңтүстік және Орта Каспийден Солтүстікке қоныс аударуы, әдетте, аяқталады. Итбалықтарды Солтүстік-Шығыс Каспийдің суларында кездестіруге болады, олар мұз қатқанға дейін қоректенеді. Қарашаның аяғынан желтоқсанның соңына дейін мекендеу орындары – теңіздің солтүстік-шығыс бөлігінің Комсомолец шығанағынан Жайық өзенінің атырауына дейінгі таяз жерлері. Итбалықтар, әдетте, бордақылау (азықтандыру) әрі демалу үшін пайдаланылады. Мұздың пайда болу кезеңінде және мұз маусымы кезінде (қарашаның аяғынан наурызға дейін) итбалықтар Солтүстік Каспийдің батыс және шығыс бөлігін, оның орталық акваториясын, сондай-ақ Орал бороздинасы ауданын (желтоқсаннан наурызға дейін) белсенді пайдаланады.

Каспий итбалығының көбеюі, ақкүшіктерінің қоректенуі, жұпталуы және түлеуі Солтүстік Каспийдің мұздары мен аралдарында қаңтар-сәуір айларында жүзеге асады. Қыста жыныстық жағынан жетілген аналықтары мұзға келіп ақкүшіктерін емізіп, тамақтандырады. Лактация кезеңі көп жағдайда қаңтардың екінші жартысында басталып, ақпанның аяғында аяқталады. Ақпанның екінші жартысында жұптасу жүреді, содан кейін наурыз-сәуірде ересек популяция ереді. Мұз шөгінділерінің ауданы және олардағы итбалықтардың тығыздығы мұз жағдайларына байланысты өзгереді. Мұз жамылғысының еруімен итбалықтар Солтүстік Каспийден шығып, белсенді қоректенуге көшеді.

Гидробиология және экология институтының суреті

XXI ҒАСЫРДА ИТБАЛЫҚТАР САНЫ 90 ПАЙЫЗҒА ДЕЙІН ҚЫСҚАРҒАН

Елімізде Халықаралық итбалықты қорғау күні ерекше мәнге ие, өйткені Каспий теңізінде Қызыл кітапқа енген итбалықтар мекендейді. Олар – Қазақстанның жалғыз теңіз сүтқоректісі. Гидробиология және экология институтының зерттеушісі Әсел Баймұқанова олардың саны неге тез азайып бара жатқаны және оларды қорғау үшін не істей алатынымыз туралы өз ойын ортаға салды.

Каспий теңізінде тіршілік ететін итбалықтардың нақты саны белгісіз. Ғалымдар мұны бұл сүтқоректілерді санау жан-жақты талдауды қажет ететін өте күрделі процесс екендігімен түсіндіреді.

«Біздің зерттеуіміз бойынша, Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде күз-көктем айларында итбалықтардың 60 мыңдайы тіршілік етеді. Бірақ, бұл абсолютті сан емес. Абсолютті болу үшін бірқатар зерттеулер жүргізу қажет: популяция құрылымын түсіну, яғни олардың қайсысы еркек, қайсысы ұрғашы екенін анықтау, жеке итбалықтардың жасын білу және олардың туу деңгейін бағалау үшін қысқы зерттеулер жүргізу. Негізінде, олардың саны ақкүшіктердің өсуімен есептеледі. Жылына итбалықтар бір ғана ақкүшік туады. Жаңа туған итбалықтар қардай аппақ жүніне байланысты осылай аталады. Аналықтар саны қанша болса, сонша ақкүшікті жылына бір рет өмірге әкеледі», – дейді Әсел Баймұқанова.

Сонымен қатар, итбалық жыл бойы теңізде қоныс аударатындықтан, санын дәл анықтау үшін Каспий теңізінің барлық елдері ғалымдары бірлесе жұмыс істеуі қажет. Бірақ, сарапшылар мына мәселеде келіседі: Каспий итбалығының популяциясына қауіп төніп тұр.

XX ғасырдың басында Каспий теңізінде миллионға жуық итбалық өмір сүрді, бірақ XXI ғасыр басында олардың саны шамамен 90 пайызға қысқарған. 2022 жылдың күзінде Каспий теңізінің жағалауынан ондаған итбалық өлексесі табылды. Теңіздің тек қазақстандық бөлігінде итбалықтың 170, ал Ресейде 2 500 өлексесі табылды, тағы жүздеген итбалық Түрікменстанның Қызылсу аралының жағасына шығарылды, ал өлген жануарлардың жалпы саны 10 мыңнан астам. Жануарлар әр уақытта қырылды, жұмыс тобы олардың жойылуына вирус пен инфекцияның кінәлі екенін анықтады. 2023 жылғы қысқы зерттеулерге сәйкес итбалықтардың саны шамамен 25 пайызға азайған.

Гидробиология және экология институтының суреті

ҚЫЗЫЛ КІТАПҚА КІРГІЗУ – ИТБАЛЫҚ ТҮРІН САҚТАУ ҮШІН ЖЕТКІЛІКСІЗ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы Каспий жағалауында адамдар екі итбалықты таспен, таяқпен ұрған оқиға орын алған кезде, теңіз жануарын қорғауға қосымша күш салу қажеттігі туралы айтқан болатын. Көп ұзамай Каспий итбалығы мемлекеттің Қызыл кітабына енгізілді. Ресейде ол 2020 жылдан бастап, Түркіменстанда – 2011 жылдан бастап, Әзербайжанда – 1993 жылдан бастап тізімде тұр. Бұл ретте барлық елдер арасында Каспий итбалығын қорғау бойынша нақты шарттар жоқ, тек Ресей мен Қазақстан арасында жеке келісім бар. Итбалық эндемикалық жануар болса да, ол тек шектеулі аумақта өмір сүретін сирек кездесетін түрі. Рас, итбалықты Қызыл кітапқа алғаш рет енгізу туралы сөз болғанда, ғалымдар бұл шешім олардың жұмысына кедергі келтіреді деп алаңдады.

«Сарапшылар үшін Қызыл кітап «қорым» болып саналады. Егер жануар Қызыл кітапқа енсе, онда оны зерттеу үшін қосымша кедергілер пайда болады және жүйелі түрде қаражат бөлінбейді. Сондықтан Қызыл кітапқа кіргізу жануардың түрін сақтау үшін жеткіліксіз», – деп түсіндірді Әсел Баймұқанова.

Қызыл кітап жануарды жойылудың негізгі себептерінен қорғамайды. Гидробиология және экология институтының зерттеуінше, 2022 жылы көктемгі шығарындылар бойынша итбалықтардың 25 пайызы механикалық әсерден қырылған. Мәселе мынада, Каспий итбалығының мекендейтін жерлерінде мұзжарғыштар бар, олар жануар үшін өте қауіпті. Сонымен қатар, жаппай қырылу теңіздің ластануына байланысты. Олар әртүрлі инфекциялар мен ауруларға өте сезімтал, ал ластанған орта олардың иммунитетін төмендетуі мүмкін екенін айтады маман. Микропластиканың итбалық өміріне қалай әсер ететіні әлі белгісіз, өйткені зерттеулер енді жүріп жатыр. Бірақ, жануарлар ағзасындағы микропластика айналасында улы заттарды жинайтыны белгілі, сондықтан ауру мен өлім қаупі бірнеше есе артады.

Ғалымдар итбалықты Қызыл кітапқа кіргізуге қарсы болмағанын, бірақ оған көмектесу үшін белгіленген іс-шаралармен нақты іс-қимыл жоспары қажет екенін атап өтті. Қазір мұндай жоспар әзірленді, бірақ заңнамадағы сәйкессіздіктерге байланысты қабылданбады.

Әсел Баймұқанова

ТЕҢІЗ ЖАҒДАЙЫНЫҢ КӨРСЕТКІШІ ҚАНДАЙ?

Ғалымдар Каспий итбалығын бүкіл теңіз жағдайының негізгі көрсеткіші деп атайды. Егер итбалықтар жойылса, онда бүкіл су қоймасына қауіп төнеді. Әсел Баймұқанова итбалықтың ірі теңіз сүтқоректісі екенін және оның мінез-құлқындағы немесе денсаулығындағы өзгерістер бірден байқалатынын, яғни соған қарап тезірек әрекет етуге болатынын түсіндірді.

«Итбалықтар бізге теңіздегі өзгерістерді көрсетеді. Жалпы мысал: 2009 жылдан 2011 жылға дейін Дурнев аралында 30 мың итбалық болды, 2012 жылы олардың саны 200-ден аспады, ал қазір итбалықтар онда мүлдем кездеспейді. Сонымен, итбалықтардың арқасында біз регрессия (теңіз деңгейінің төмендеуі) су қоймасының биоалуантүрлілігіне қалай әсер ететініне назар аудардық», – дейді Әсел Баймұқанова.

Каспий теңізі мұнай өндіру мен климаттың өзгеруінен қатты зардап шегеді. Гидробиология және экология институтының мәліметі бойынша, Каспий барлық бақылау кезінде ең төменгі деңгейге жетті: теңіз деңгейінің төмендеуі жеделдеді және соңғы үш жылда жылына шамамен 23,3 см төмендеген. 2023 жылғы маусымда Ақтау билігі теңіз деңгейінің өте төмен болуына байланысты табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялады.

Каспий теңізінің таяздануы әртүрлі себептермен жүреді: адамның кінәсінен де, регрессияның табиғи циклінен де. Су ресурстары мамандары Каспийдегі судың негізгі бөлігін Еділ өзені қамтамасыз ететінін айтады. Еділ бойындағы бөгеттердің көбеюі теңіздің таяздануында маңызды рөл атқарады. Бірақ, себептерге қарамастан, таяздық итбалыққа тікелей әсер етеді, өйткені ол жалғыз тіршілік ету ортасын жоғалтады. Әсел Баймұқанова Каспий итбалығының жолы болмағанын және көптеген факторға ешкім әсер ете алмайтынын айтады. Дегенмен, ең төменгі деңгейге дейін қысқартуға болатын себептер де бар.

«Мен әрқашан Каспий итбалығының жолы болмады деп айтамын: ол жабық жағдайда өмір сүреді, баратын жері жоқ. Бұл мұз жамылғысына қатты байланысты, өйткені ол сол жерде көбейеді, ал климаттың өзгеруі мұздың азаюына әкеледі. Оның басқа жаққа баруға мүмкіндігі жоқ, мұз еріп жатыр, қай жерде көбейетіні белгісіз, оған қалай көмектесетініміз де белгісіз. Мұзжарғыштар итбалықтар шоғырланып, көбейіп жатқан сәттерде мұз алаңдары арқылы өтеді», – дейді Әсел Баймұқанова.

Гидробиология және экология институтының суреті

ИТБАЛЫҚТАРДЫ ЗЕРТТЕЙТІН ЖАЛҒЫЗ ҰЙЫМ

Әселдің әкесі Гидробиология және экология институтын құрды және қазіргі уақытта бұл итбалықтарды үнемі зерттейтін жалғыз ұйым. Команда шағын – барлығы 18 адам. Сонымен қатар, бұл нағыз отбасылық іс – Әсел Баймұқанова отбасынан тағы үш адам итбалықтарды зерттеумен айналысады. Әсел олардың экспедициясы ақша тапшылығына жиі тап болатынын айтады. Институт мезгіл-мезгіл мемлекеттік қаржыландыруды алады, сондай-ақ әртүрлі ұйымдардан жеке жобаларды жүзеге асырады. Бірақ, кейде экспедицияға бөлінген қаражат жетіспейді, ал қызметкерлер бәрібір оған барады.

«Биылғы жылы біздің экспедицияға қаражат жетіспейді. Мұндай жағдайларда институт өз қаражаты есебінен зерттеулерді қаржыландырады. Біз бір маусымды жіберіп алғымыз келмейді, бұл өте маңызды», – дейді Әсел Баймұқанова.

ҚОҒАМ ЖАНУАР ҮШІН ЖАУАПКЕРШІЛІК ТАНЫТСА…

Каспий итбалығын сақтау үшін мемлекеттік қолдау шаралары мен шұғыл реакция қажет екені рас. Бірақ, қоғам жануар үшін жауапкершілікті де көрсетуі керек. Итбалықтарды адамдар ұзақ уақыт бойы пайда табу құралы немесе тіршілік ету ортасы үшін бәсекелес ретінде қабылдады.

Әсел Баймұқанова адамдар итбалықтың шынайы құндылығы басқа нәрсе екенін түсінуі керек деп санайды. Бұл жануардың Каспий теңізінде тұруының пайдасын оған зиян келтірместен алуға болады. Мысалы, экологиялық туризм бар. Германияда немесе Ұлыбританияда туристер жылдың белгілі бір уақытында итбалықтар мен олардың ақкүшіктерін көру үшін арнайы келеді.

«Қоғам жануардың өлімі туралы жағымсыз жаңалықтарға ғана жауап бермеуі керек. Итбалыққа деген қызығушылық тұрақты болуы қажет. Бұл тек итбалықтарға ғана қатысты емес, Қазақстанда үлкен биоалуантүрлілік бар, еліміздің әр өңіріндегі адамдар олардың жанында кім тұратынын түсінуі тиіс. Қоғамның жануарларды қорғау туралы өтініші бір реттік акция болмауы керек. «Бір немесе басқа түрді қорғау үшін не жасалады?» деп, сіз үнемі сұрақтар қоюыңыз шарт», – деп есептейді Әсел Баймұқанова.

ИТБАЛЫҚТАРДЫ ҚОРҒАУ НЕЛІКТЕН МАҢЫЗДЫ?

Каспий итбалығы – бірегей жануар: мұндай түр әлемнің еш жерінде жоқ – ол эндемикалық түр. 2008 жылдан бастап бұл түр жойылып кету қаупі төнген санаттағы Халықаралық табиғатты қорғау одағының Қызыл тізімінде бар. Каспий итбалықтарының популяциясы XX ғасырдың басынан бастап шамамен 6-10 есе азайды. Қазір Каспийде шамамен 100-170 мыңға жуық итбалық өмір сүреді.

Каспийдің солтүстігінде итбалық аулау олардың санын едәуір азайтты: итбалықтардың майы мен терісі жоғары бағаланады. Кеңес дәуірінде итбалықтардың ақкүшігін – жүні жоғары бағаланған итбалықтардың жаңа туған күшіктерін шаруашылықта пайдаланды. 2006 жылдан бастап Қазақстанда бұл өндіріске тыйым салынды.

Қазір итбалықтардың өмір сүруіне қауіп төндіретін басты фактор – бұл адамның қысымы: кеме қатынасы, теңіздің ластануы, балық аулау торлары, тіршілік ету ортасының деградациясы, климаттың өзгеруі.

Негізгі мәселелердің бірі – итбалықтардың маңында балық аулау торларын пайдалану. Балық аулау кезінде торлар суда жоғалады, содан кейін итбалықтар оларға оралады. Көбінесе өлген итбалықтарда тұншығу және торлардың кесу іздері болады. Мысалы, 2008-2009 жылдар аралығында 1,2 мың итбалық қырылды. Мәселеге қарамастан, итбалықтарды торда ұстау фактілері ресми түрде тіркелмеген: бұл балық аулау ережелерінде қарастырылмаған. Мәселені заңнамалық деңгейде тану итбалықтарды аулауды есепке алу, оларды торлардан босату, торлардағы итбалықтардың алған жарақаттарын бағалау әдістемесін практикаға енгізуге, сондай-ақ Каспий итбалықтарының популяциясына балық аулаудың әсерін және жануарлардың өлімін азайту жөніндегі шараларды әзірлеуге мүмкіндік береді.

ЗЕРТТЕУ ЖӘНЕ ҚАРЖЫЛАНДЫРУ МӘСЕЛЕСІ

Гидробиология және экология институтының өкілдері зерттеудің қиындықтары мен қаржыландыру мәселесін былайша жеткізеді:

«Біздің жұмысымыздың ең ауыр бөліктерінің бірі – экспедициялар. Бұл белгілі бір шыдамдылықты, төзімді және қымбат жабдықты керек етеді. Жылы киім де қажет: ауа райына байланысты жағдайлар әртүрлі.

Аралдарға барар алдында толқын деңгейін, желдің жылдамдығын, моторлы қайықтың жағдайын бақылау өте маңызды. Экспедицияның әрбір қатысушысы қауіпсіздік техникасы бойынша тренингтерден өтеді және нұсқауларды нақты орындайды. Денсаулық жағдайын бақылау маңызды.

Бізге көбею кезеңінде Каспий итбалықтарының биологиясын терең түсіну үшін қысқы зерттеулер жүргізу қажет. Бірақ, бұл үшін қаржылық және адами ресурстар жетіспейді. Кейбір шығындарды мемлекет қаржыландырады, бірақ бұл қажетті зерттеулер үшін жеткіліксіз. Көбінесе біздің компания өз зерттеулерін жалғастыру үшін басқа жобалардан алынған өз қаражатын жұмсайды».

Каспийдің қаншалықты ластанғанын түсіну үшін жағадан өтуге болады. Пластикалық пакеттер, бөтелкелер, балық аулау торларының қалдықтары және олардың үйінділері кездеспейтін бір шаршы метр жоқ. Өткен жылдың күзінде Гидробиология және экология институтының өкілдері Түпқараған мүйісінің батыс жағалауын тазартты – шамамен 10 тонна балық аулау торлары мен пластикалық қоқыстар жиналды. Бұл тек 55 шақырым жерде.

Каспий теңізінде қоқыстар белгілі бір аймақта жиналатын дүниежүзілік мұхит сияқты тұрақты ағымдар жоқ. Каспийде қоқыс бүкіл теңізге таралады және біртіндеп ыдырап, тірі организмдерге теріс әсер ететін микропластикаға айналады.

Тасталған балық аулау торлары тек итбалықтарды ғана емес, сонымен бірге балықтар мен шаяндарды да жояды. Теңізге лақтырған балық аулау торларын талдау әрбір жетінші торда итбалықтардың қалдықтары бар екенін көрсеткенін айтады зерттеу тобы. Дауыл кезінде балық аулау торлары көбінесе зәкірден шығады, содан кейін балықшылар оларды әрдайым таба алмайды, ал браконьерлер болса мүлдем іздемейді.

Гидробиология және экология институтының суреті

МӘСЕЛЕНІ ҚАЛАЙ ШЕШУ КЕРЕК?

Мемлекеттік және мемлекетаралық деңгейлерде балық аулау торларын қолдану туралы мәселені шешу маңызды. Балықтар мен итбалықтарға қатысты басқа балық аулау әдістерін жетілдіретін, дамытатын және енгізетін уақыт келді. Ақыр соңында, желбезек балық аулау торларының принципі балықтарды шатастырады және олар іріктеп әрекет етпейді – олар жас балықтарды, бекірелерді, итбалықтарды ұстайды. Балық аулау ережелері балық аулаудың белгілі бір пайызына мүмкіндік береді, бірақ итбалықпен не істеу керек? Бұл заңнамалық деңгейде айтылмаған.

Жеке мәселе – жиналған қоқысты немесе қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу. Әзірге мәселені бейжай қарамайтын адамдар шешіп жатыр: олар акциялар ұйымдастырады, қоқыстарды өздері жинайды. Бірақ, оны жинасаңыз да, әрі қарай не істеу керек? Оны полигонға апарады, ал кейінірек жел оны кең-байтақ Қазақстанның далалары мен алыс-жақын жерлеріне апарып, адамдардың да, жануарлардың да өмірін улайды.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Бүгінде Каспий итбалығы популяциясын сақтау мақсатында мемлекет бірқатар шараларды қолға алуда. Атап айтқанда, Мемлекет басшысының Каспий итбалығының популяциясын сақтау үшін мемлекеттік табиғи резерват құру туралы тапсырмасын орындау шеңберінде қорық құрудың Жаратылыстану-ғылыми негіздемесі жобасы әзірленіп, техникалық-экономикалық негіздеме жасалды. Алдағы уақытта ерекше қорғалатын табиғи аумақты құру бойынша зерттеулер әзірленетін болады.

Жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негіздеме негізінде 2024 жылдың шілдесіне дейін Каспий теңізінің акваториясында заңды тұлға нысанында мемлекеттік табиғи резерват құру жоспарлануда.

Нұрлайым ЖАҚЫПҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here