G7 елдері (Ұлыбритания, Германия, Италия, Канада, АҚШ, Франция, Жапония) Украинаға Ресей Федерациясының бұғатталған активтерінен түсетін кірістер есебінен өтелетін несие беру мүмкіндігін талқылап жатыр. Бұл туралы АҚШ Қаржы министрі Джанет Йеллен АҚШ Конгресі Сенатының қаржы бөлу комитетінде сөйлеген сөзінде айтты.
«Біз Украинаға «Үлкен жетілік» елдерінен несие беру мүмкіндігін және аталған қарыз Ресейдің бұғатталған активтерінен түсетін кірістер есебінен өтелетінін қарастырып жатырмыз. Осы тәсіл айтарлықтай қолдауға ие. Өйткені, 13-15 маусым аралығында Италияда өтетін алдағы G7 саммитінде Украинаны қаржыландырудың жаңа механизмін ұсынуға мүмкіндік береді», – деп түсіндірді АҚШ Қаржы министрі.
Джанет Йеллен қазіргі уақытта Вашингтон Украинаға материалдық көмек беру үшін ресейлік активтерді тарту тәсілдерін одақтастарымен және серіктестерімен келісетінін айтты. Ол Бельгияның «Euroclear» депозитарийінде шамамен 204 млрд АҚШ долларына тең Ресей Федерациясының активтері бұғатталғанын еске салды.
«Euroclear» осы активтерден пайда табады. Олар Ресейге тиесілі емес, яғни оларды «Euroclear» есептеді, енді Еуропалық Одақ бұл пайданы алып, оның көп бөлігін Украинаның қажеттіліктеріне бағыттау үшін шаралар қабылдады», – деп нақтылады Джанет Йеллен.
АҚШ Қаржы министрінің айтуынша, Ресей Федерациясының бұғатталған активтерінен түскен жалпы пайда жыл сайын 3 доллардан 5 млрд долларға дейін болады. Ол активтер бұғаттан шыққанша жинақталады.
Рас, «Үлкен жетілік» елдері Украинаға бергелі жатқан несие мөлшерін Джанет Йеллен нақтыламады. Алайда, «Reuters» дереккөздерге сілтеме жасай отырып, бұл 50 млрд доллар болуы мүмкін екенін хабарлады. Мәскеуге жайсыз хабарды Джанет Йеллен мамыр айында Италияда өткен G7 қаржы министрлерінің кездесуінен кейін айтқан екен. «Reuters» агенттігінің хабарлауынша, Украинаны несиелеу механизмін талқылаудың келесі кезеңі 5 маусымда өтеді.
Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ