Үкімет экономикалық патриотизм қағидатын қатаң ұстанатын болады – Олжас Бектенов

0
1403

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселесі қаралды. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев ағымдағы жағдай мен іске асырылып жатқан шаралар туралы баяндады. Шағын және орта бизнес субъектілерін мысалға ала отырып, сатып алуға қатысудың басым құқығы есебінен өндіріс өсуінің оң серпіні көрсетілді.

Үкімет Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жер қойнауын пайдаланушылардың, квазимемлекеттік және мемлекеттік сектордың сатып алу саласындағы жергілікті өнімдер мен қызметтердің үлесін 60%-ға жетізу туралы тапсырмасы бойынша жүйелі кешенді жұмыстар жүргізіп келеді. Бүгінде бірқатар сала оң нәтиже көрсетіп отыр – импорттың тұрақты қысқаруы және өндіріс көлемінің артуы. Мәселен, өңдеу өнеркәсібінде әкелінетін өнім көрсеткіші 7%-ға төмендесе, өндіріс көлемі 4%-ға артты. Машина жасауда, металл бұйымдарын, қағаз өнімдерін өндіруде сыртқы жеткізілімдерге тәуелділік төмендеді. Қазір экономикасы қарқынды дамыған көптеген мемлекет ішкі нарықты қолдау және қорғау саясатын белсенді жүргізіп келеді. Халықаралық валюта қоры мұндай қорғау шараларының жартысына жуығы Қытай, Еуропалық Одақ және АҚШ экономикаларына тиесілі екенін атап көрсетті. Қазақстан әлемдік тәжірибені ескеріп, импорттық тауарлардың үлесін төмендете отырып, өз өндірушілерін қолдау шараларын кеңінен қолдануда.

«Үкімет экономикалық патриотизм қағидатын қатаң ұстанатын болады. Біз қашанда отандық өндірушіні қолдаймыз. Бұл – әрбір әкімнің, әрбір салалық министрдің міндеті. Ол тек сөз жүзінде ғана емес, нақты іс жүзінде орындалуға тиіс», – деп баса айтты Олжас Бектенов.

Ішкі нарықты қолдау жөніндегі шаралар заңнамалық деңгейде бекітіледі. Президент сатып алу рәсімдерін жүргізу кезіндегі талаптарды қатаңдататын «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа Заңға қол қойды. Бұл ретте бүгінде сатып алу сапасын бақылауды одан әрі күшейтуді көздейтін түзетулер Мәжіліске енгізілді. Өзгерістер жаңа тетікті – отандық Тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімін енгізуді көздейді, оған өнім шығарып отырған, өндірістік қуаттары жетерлік, әрі қарай даму үшін әлеуеті мен жоспарлары бар нақты кәсіпорындар кіреді. Бұл платформаны құрудың негізгі мақсаты – еліміздің негізгі өндірістерін жүйелеу және отандық бизнесті қорғау. Тізілімге енген кәсіпорындар мемлекеттік қолдау шараларын басым тәртіппен алатын болады. Бұл ретте оларға өндірісті жаңғырту, бәсекеге қабілеттілікті арттыру, жалақыны өсіру бойынша қарсы міндеттемелер қойылады. Компаниялардың қызметін бақылау онлайн режимде цифрлық скрининг негізінде жүзеге асырылатын болады, бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді. Мониторинг салық және кеден қызметтері, еңбек инспекциялары және басқа да ведомстволар тарапынан жүргізілетін болады.

Үкімет басшысы импортты алмастыру жұмыстарын, оның ішінде офтейк-келісімшарттар арқылы жандандыра түсу қажеттігіне назар аударды.

«Самрұқ Қазына» сияқты ірі субъектілер мен жер қойнауын пайдаланушы компаниялар тарапынан биыл 635 млрд теңгеге 382 ұзақмерзімді шарт пен офтейк-келісімшартқа қол қойылды, бұл соңғы жылдардағы рекордтық көрсеткіш. Сонымен қатар жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, химия және қағаз өндірісі материалдарының 4201 тауарына мемлекеттік сатып алуда басымдық берілуде.

– Өткен 7 айда аталған салаларда отандық тауар өндірушілермен жасалған шарттар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,4 есе өсті. Мәселен, Karlskrona LC AB сорғы жабдықтарын жергілікті өндіру тапсырыстарының өсімі 2024 жылы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30%, 2022 жылмен салыстырғанда 70%-ды құрады, – деп хабарлады бас директор Талғат Алпысбаев.

– «Радуга» зауытының жүктемесі іске асырылып жатқан шаралардың арқасында 30%-дан 100%-ға дейін өсті, ал биылғы жеті айда өндірілген өнім көлемі 3 есеге – 900 тоннадан 2 700 тоннаға дейін артты, – деп хабарлады кәсіпорынның бас директоры Дмитрий Шарапаев.

Мемлекеттік сатып алуды реттеу мәселесінде Үкімет басшысы бірқатар міндеттер қойды. Өзекті мәселелердің бірі – қазақстандық тауарлар каталогтарының қайталануы, бұл өнімді импорттауға және одан әрі оны отандық тауар ретінде сатуға мүмкіндік береді.

Қаржы министрлігі халықаралық стандарттарға сәйкес келетін Мемлекеттік сатып алудың электронды каталогын әзірледі.

Премьер-Министр Қаржы министрлігіне Сауда және интеграция министрлігімен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірге сараптап, тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің артық каталогтарын жоюды тапсырды.

«Өнеркәсіп министрлігіне мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, отандық шикізат пен материалдарды пайдалану бойынша ірі мердігер компаниялардың міндеттемелеріне мониторинг жүргізудің пәрменді тетігін әзірлеуі тиіс. Қазақстандық өнімдер бола тұра, импорттық тауарларды сатып алу жалғасып келеді, мұны доғару керек», – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here