«ҚызПУ-дың танымал ғалымдары»: Тыныштық Ермекова

0
3113

«Qazaq» республикалық газеті мен Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің бірлесуімен «ҚызПУ-дың танымал ғалымдары» танымдық жобасы әрмен қарай жалғасуда.

Еліміздегі педагог кадрларын даярлайтын бірден-бір іргелі оқу орнының ғылыми әлеуетінің артуына және қарашаңырақ қабырғасында ұзақ жылдар бойы үздіксіз маман даярлауға елеулі үлес қосып келе жатқан білікті ғалымдар мен оқытушылардың еңбегін жан-жақты насихаттауға арналған жобаның авторы  – Қыздар университетінің Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы, белгілі журналист Жандар Асан.

Біз бүгін филология ғылымдарының докторы, профессор Тыныштық Ермекованың ғылымдағы жолына тоқталамыз.

Тыныштық Ермекова –филология ғылымдарының докторы, профессор.

Ол – грамматика саласы бойынша республикадағы беделді мамандардың бірі.

Ғалымның авторлығымен 200-ге жуық мақала жарық көрді. Жарияланымдарының басым бөлігі қазақ тіл білімінің көкейтесті мәселелеріне арналған.

Ғылымдағы еңбегі

Ғалым жоғары оқу орындарының қабырғасында қазақ тілі мамандарын даярлауға елеулі еңбек сіңіріп, саладағы өзекті мәселелер бойынша іргелі зерттеу жұмыстарымен айналысып келеді. Сонымен қатар ол жоғары оқу орындары мен мектеп оқушыларына арнап бірнеше кітап жазды. Ғалымның қаламынан шыққан «Қазақ тілі» оқулығы, «Қазіргі қазақ тілінің құрмалас сөйлемдер жүйесі», «Қазіргі қазақ тілі (синтаксис) курсы бойынша теориялық және практикалық сабақтардың мазмұны», «Құрмалас сөйлем синтаксисі», «Түркі тілдерін дәуірлеудің теориялық негіздері», «Салғастырмалы лексикология», «Қызға қатысты тілдік бірліктердің этномәдени сипаты», «Қазіргі қазақ тіліндегі синтаксистік парадигмалар» (авт. бірл.) атты монографиялары мен оқу құралдары көпшілік ортада үлкен сұранысқа ие.

Тыныштық Ермекова – грамматика саласы бойынша республикадағы беделді мамандардың бірі. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі тарапынан жарияланған іргелі зерттеулер конкурсында ғалымның жетекшілігімен ұсынылған «Коммуникативтік грамматика: теориясы мен практикалық мәні», «Мәдениеттер тоғысындағы қазіргі түркі тілдерінің сөзжасамы: өзара ықпалдастық және даму үдерісі», «Латын графикасына өтуге байланысты интерактивті үйретуші бағдарламалар жасаудың лингвистикалық негіздері мен мультимедиялық технологиялары» (2018-2020 жж.) атты жобалары үздік деп танылды.

Грамматиканың синтаксис саласының білікті маманы ретінде республикамыздағы ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындары да профессор Т. Ермекованы жоба жұмысына қатысуға үнемі шақырады. Бұл да ғалымның республикада өз саласы бойынша сұранысқа ие маман екендігін айғақтайды. Атап айтар болсақ, ол Халықаралық Түркі академиясында орындалған «Түркологиялық ақпараттық кеңістік: электрондық библиографиялық көрсеткіштер жүйесі»,  А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жеңіп алған «Ғылыми қазына» республикалық мақсатты бағдарламасы аясындағы жоба жұмысының орындаушысы, сондай-ақ Т. Ермекова Мемлекеттік тілді дамыту институтында орындалған «Қазіргі қазақ тіліндегі синтаксистік парадигмалар», «Ана тілін меңгеру моделдері (Бала тілінің материалдары бойынша)» жобаларының да негізгі орындаушыларының бірі.

Тыныштық Нұрдәулетқызы бірнеше  халықаралық конференцияны өткізумен бірге, өзі де бірқатар шетелдік ғылыми жиындарға тұрақты қатысып келеді. Сонымен қатар оның тікелей ұйытқы болуымен «Қазіргі қазақ тілі» пәні бойынша қалалық, республикалық олимпиадалары өтіп келеді. Профессор Түркия, Қытай, Ресей, Франция, Қырғыз Республикасы сияқты бірнеше мемлекеттегі жоғары оқу орындарында ғылыми тағылымдамадан өтіп, сол ұйымдармен ғылыми-мәдени байланыстардың орнауына ықпал етуде. Тыныштық Ермекова салалық министрлік тарапынан құрылған аттестациялық, аккредитациялық комиссиялардың мүшесі және пәндік олимпиадалар мен мемлекеттік аттестациялық комиссиялардың төрағасы ретінде де белсенді қызмет атқаруда. Ғалым-ұстаздың бірнеше шәкірті республикалық ғылыми-зерттеу жұмыстары конкурсында жеңімпаз атанып, абырой биігінен көрінді.

Т. Ермекованың ғылыми жұмыстарының нәтижелері халықаралық, республикалық конференциялар мен симпозиумдарда, түрлі басылымдар мен Web of Science, Scopus деректер базасына енетін журналдарда өзекті мақала ретінде, сондай-ақ 6 монография мен 30-ға жуық оқу құралдарында көрініс тауып, республика көлемінде табысты қолданылып келеді. Профессор Қытайдың Пекин қаласындағы іргелі оқу орны Минзу университетінде «Таланттарды Қытай еліне таныстыру» бағдарламасы бойынша дәріс оқыды. Тыныштық Ермекова «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында туған жері Ақтөбе облысының Байғанин ауданына барып, мектеп оқушыларымен кездесіп, мазмұнды да мағыналы баяндамалар жасауды әдетке айналдырған. Т. Ермекова жыл сайын аталған өңірдің экономикасы мен ауыл шаруашылығының дамуына елеулі үлес қосқан әкесі, Байғанин ауданының «Құрметті азаматы» Нұрдәулет Ермеков атындағы шәкіртақы тағайындап, оны сабақ үлгерімі үздік студенттерге табыстайды.

Өмірін ғылымға арнаған ғалым Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия жанындағы Әдістемелік жұмыс тобы мен А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанынан Латын графикасына өтуге байланысты құрылған ғылыми-сараптамалық топтың мүшесі.

Өмірбаяны

Тыныштық Ермекова 1966 жылғы 22 қарашада Ақтөбе облысының Байғанин ауданында дүниеге келген.

1988 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының Филология факультетін бітірген. Еңбек жолын Ақтөбе облысының Байғанин ауданындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде бастайды. 1990 жылы Қ. Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің оқытушысы болып қызметке қабылданады. Сол жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының аспирантурасына қабылданады. 1995 жылы А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанындағы диссертациялық кеңесте профессор, филология ғылымдарының докторы Әбжаппар Әблақовтың ғылыми жетекшілігімен «Қазіргі қазақ тіліндегі есім баяндауыштар» тақырыбында кандидаттық, 2007 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жанындағы диссертациялық кеңесте профессор, филология ғылымдарының докторы Рақыш Әмірдің кеңесшілігімен «Компоненттер құрылысының құрмалас сөйлемнің семантика-грамматикалық сипатына қатысы» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғайды.

Ғалым 1991 жылдан бері Қыздар университетінің Қазақ тіл білімінің теориясы мен әдістемесі кафедрасында еңбек етіп келеді. Бүгінде Филология институты директоры қызметінде.

Білім және ғылым салаларының дамуына қосқан зор үлесі үшін «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағының, «Білім беру саласына еңбек сіңірген қайраткер» медалінің иегері. Сонымен қатар ол Халықаралық ғылым және жоғары білім академиясы жүргізген ғылыми аналитикалық біріншілігінде ІІІ- орын иеленіп, Қола медальға ие болды.

Тыныштық Ермекова Ресей Жаратылыстану ғылым академиясының академигі.

Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here