«QAZAQ» ГАЗЕТІНЕ 2025 ЖЫЛҒА ЖАЗЫЛУДЫҢ ОҢАЙ ЖОЛЫ

0
30636

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН!
/ «Қазақ» газетінің бас редакторы үндеу жолдайды /

«Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, өлім ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын», – деп заңғар жазушы Мұхаң, Мұхтар Әуезов жазғандай, 1913-1918 жылдары 266 нөмірі оқырман қолына тиген газеттің әр санында жарияланған мақалалар ұлттың жоғын жоқтады, мұңын мұңдады. Қазақы сөз, қазақы ой, қазақы таным, бәрі газеттің түпкі санасында сайрап, оқырманын жаңа кеңістікке жетеледі.

Газеттің бас шығарушысы Ахмет Байтұрсынұлымен бірге газеттің негізін Әлихан Бөкейхан мен Міржақып Дулатұлы қалады. Міржақып Ахметпен кезектесіп, газеттің әр нөміріне қол қойып отырса, соңғы нөмірлеріне Жанұзақ Жәнібеков (1899-1937) қол қойды. Басылымда сол кездегі ел өмірі, яғни елдің тұрмыс-тіршілігі, саяси-әлеуметтік жағдайы, мал-жан жайы (экономикасы мен демографиясы), дін, мәдени-ағарту тақырыптары қамтылып, бас бетіне ішкі-сыртқы маңызды мәселелер жөнінде бас мақала жарияланса, кейінгі беттеріне шағын мақалалар, өлең-жырлар басылды.

Тарихи газет 1918 жылы тоқтағаннан кейін оның жарық көрген сандары кешегі кеңес заманында жетпіс жылға жуық жабық қорда жатты. Тек еліміз азаттық алған тоқсаныншы жылдары ғана «Қазақтың» қазақпен қайтадан қауышуына мүмкіндік туды. Ең әуелі сол асыл текті Алаш арыстарының сарқытындай болған қазақтың қабырғалы қаламгері Қоғабай Сәрсекеевтің «Қазақ» газетін 267 нөмірінен бастап қайта шығарғаны (сонымен бірге «Айқапты» да) – ел өміріндегі елеулі оқиға болғаны анық.

Шүкір, бүгін «Қазақ» газетінің 1 251 саны шығып отыр. Мұның бәрі Сіздердің арқаларыңызда болды. Сондықтан газетті 2025 жылы да қолдаңыздар демекпін.

ӘР ҚАЗАҚТЫҢ ШАҢЫРАҒЫНАН «ҚАЗАҚ» ТАБЫЛСЫНШЫ, АҒАЙЫН!

1913 жылы Алаш арыстары – Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатовтар негізін қалаған, 2006 жылы жазушы Қоғабай Сәрсекеев қайта жарыққа шығарған «Қазақ» газетіне 2023 жылы 2 ақпанда 110 жыл толғанын және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұйытқы болуымен 2 ақпан – Ұлттық баспасөз күні болып белгіленгенінен хабардарсыз. Бұл «Қазақ» – сол «Қазақтың» заңды жалғасы! Өйткені, «Қазақты» тұңғыш шығарушылардың бірі әрі газеттің жауапты хатшысы болған Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнар Міржақыпқызы көзі тірісінде тарихи басылымды мойындап, қолына ұстағанда, үйіне әкесі кіріп келгендей әсерде болғанын өз естелігінде жазған болатын.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп басталатын мақаласын «…адамға көз, құлақ, тіл қаншалықты керек болса, халыққа да газет соншалықты керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау, көзі жоқ соқыр секілді» деп түйіндейді. Осыдан-ақ қоғамның тыныс-тіршілігінде бұқаралық ақпарат құралдарының алатын орны ерекше екенін ұғынуға болады.

Рас, кез келген басылымның қолдаушысы да, тірегі де тұрақты оқырман екені анық. Сондықтан баршаңызды «Қазақ» газетіне 2025 жылға жазылуға шақырып, «Әр қазақтың шаңырағынан «Қазақ» табылсыншы» деп үндеу тастаймыз, ағайын!

Енді «Qazaq» газетіне жазылу үшін бұрынғыдай кезектен көз ашпайтын «Қазпошта» бөлімшесіне барып, уақыт жоғалтпайсыз. Сіз ол үшін газеттің Kaspi Gold [4400 4302 2639 4614] картасына немесе [+7 777 797 77 88] нөміріне қажетті ақшаны [12 айға – 6 500 теңге] аударсаңыз, аударған қаржыны растайтын түбіртек көшірмесін және аты-жөніңізді, ЖСН нөміріңізді, тұрғылықты мекенжайыңызды редакцияның WhatsApp [+7 701 505 48 48] нөміріне жіберсеңіз жеткілікті. Содан кейін редакция қызметкері «Қазпошта» бөлімшесіне барып, аударған ақшаңызға Сізді газетке жаздыртады, түбіртекті жібереді.

ХХ ҒАСЫРДА АТЫМТАЙ ЖОМАРТТАРДЫҢ ҚАРЖЫЛАЙ КӨМЕГІМЕН «ҚАЗАҚ» ГАЗЕТІН ҰЛЫ ДАЛАҒА ТАРАТЫП ЕДІ…

Осыдан 111 жыл бұрын Әлекең, Ақаң, Жақаң газетті ұйымдастырып, шығарушылар сапында тұрды. Алайда, сол қиын-қыстау дәуірдің өзінде басылымның дер кезінде шығып, қара орман қазағының қолына жетіп отыру үшін де үлкен қаражат керек болғаны анық. Бүгінгі тілмен айтсақ, демеушілері, қолдаушылары болған. Несін жасырамыз, тап сол қоғамдағы қаражат тапшылығын қазір де көріп отырған жайымыз бар.

Езілген елдің жоқтаушысы болған газет ХХ ғасырда қандай жомарт жандардың қаржылай көмегімен шыққандығына осы арада дәлелдер келтіре кетейік. Сол дәуірдің өзінде дәулетімен ұлтқа қызмет ету жолында аттары шыққан қазақтың ақ жүрек қалталы азаматтарының көбі газеттің жарық көруіне септігін тигізген. Бұл көмектерін әрқайсысы әр уақытта жіберген еді. Біз олардың бәрін жарияламасақ та, мүмкіндігінше біразының аты-жөндерін жариялауға тырыстық.

«Көмек берушілер: Есенқұл қажы Маманұлы – 100 сом, Ғайнижамал Еменқұл қажы жамағаты – 100 сом, Тәңірберген қажы Тұрысбекұлы – 429 сом, Айтмұхамбет Тұрысбекұлы – 100 сом, Қожа Ахмет Маманұлы – 50 сом, Құдайберген Тұрысбекұлы – 50 сом, Егеубек Жиенбайұлы – 10 сом, Ғ.Әлібекұлы – 150 сом, Хұсайын Үкенұлы – 25 сом, Жолымбет Тұрымбетұлы – 25 сом, Ерназар Жауқашарұлы – 20 сом, Нығметолла Күзембайұлы – 15 сом, Нұғман Қанатбайұлы – 5 cом, Өмірәлі Пәнтешұлы – 5 сом, Тілеген Бадырақұлы – 5 cом. Барлығы – 1 274 сом» деп газет басқармасы алғысын білдірген еді.

Енді тарихи дерекке жүгінсек, газет патшалық саясатқа қарсы мақалалар жариялағаны үшін төрт-бес мәрте үлкен айыппен тоқтатылған. Сондай қысылтаяң кездерде оның қайта ашылуы үшін төленетін қаржыны (әр кездері 50, 1 500, 2 000, 3 000, 4 550 сом айыппұл тағылған) ұлтымыздың ауқатты ақ жүрек азаматтары төлегені тарихта таңба басқандай етіп анық жазылды.

«Дүниеден бір сабақ жіптен жиылса, жалаңашқа көйлек» деген мақал бар. Қазақ оқырмандары үшін қазақ даласының әр шалғайынан ата басылымның редакциясына осылайша демеушілік жасалып тұрған. Сол Алаш қайраткерлері Атымтай Жомарттардың қаржылай демеушілігімен ата басылымды Ұлы далаға таратып еді…

Иә, қиын-қыстау шақта халқына пана болып, бейбіт заманда ақыны мен батырын әспеттеп, төбесіне көтерген қазақтың қалталы азаматтары әр кезеңде болған. Өнерлісін еркелете төбесіне көтеріп, білімдісін жасына қарамай төрге оздыратын бабаларымыз рухани байлықтың бағасы өзге дүниеден басым екенін о бастан-ақ терең түсінген. Бабадан жалғасқан осы дәстүрді ары қарай дамытып, қазақ руханиятының дамуына атсалысқысы келетін жандар болса, хабарласыңыздар!

Біздің реквизиттер:
«Мирас Инфо» ЖШС
ИИК  KZ816017131000003667
БИК HSBKKZKX
«Қазақстан Халық Банкі» АҚ
БИН 170140018821
КБЕ 17

Әдетте, қазақшыл болу бар да, сол қазақтың қамын ойлау, өзіңді сөзбен емес іспен көрсету тағы бар. Ал, тұғырлы тұлға топқа емес, ең алдымен ұлтқа қызмет етуді ойласа керек. Ендеше, ертеңгі ұрпақ та осындай мәрттік пен жақсылықтан кенде болмайтындығына кәміл сенеміз!

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ,
«Қазақ» газетінің бас редакторы

Ұлт басылымдарының атасы ұлықталды https://qazaq1913.com/2023/02/02/lt-basylymdaryny-atasy-ly-taldy/

«Қазақты» қазағымен қауыштырған қаламгер https://qazaq1913.com/2024/03/26/aza-ty-aza-ymen-auyshtyr-an-alamger-nemese-o-abaj-s-rsekeevti-85-zhyldy-yna-oraj/

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here