13 C
Almaty
Сейсенбі, Наурыз 19, 2024
spot_img

Ежедневные курсы валют в Республике Казахстан

More

    Газет туралы

    Бүгінгі «Qazaq» газетінің тарихы екі кезеңнен тұрады. Алғашқысы – 1913-1918 жылдар болса, екіншісі – 2006 жылдан қазіргі күнге дейінгі аралықты қамтиды.

    1913-1918 жылдар аралығында «Qazaq» газетінің құрылтайшылары Әлихан Бөкейхановтың өзі мен оның сенімді үзеңгілестері Ахмет Байтұрсынов және Міржақып Дулатовтың қажырлы еңбектерінің арқасында газеттің 1-265 сандары жарық көрді.

    Газеттің алғашқы бас редакторы – Ахмет Байтұрсынов. Газет қолдан қолға, ауылдан ауылға өтіп, тозығы жетіп жыртылғанша оқылды. Оны сол заманда Дала және Түркістан уалаяттарына немесе 9 облыс және 1 губернияға бөлінген Қазақ елінің түкпір-түкпіріндегі жұрт жаздырып алды.

    Газетті метрополияның Киевтен Қазанға, Санкт-Петербургтен Томскіге дейінгі университеттерінде білім қуып жүрген қазақ студенттері де жаздырып оқығаны туралы деректер кездеседі. Осылайша, аз уақыт ішінде газет сол кездегі 5 миллионға жуық көшпенді халықтың көпшілігі білетін беделді басылымға айналды.

    Өкінішке қарай, отаршыл империя заманынан аман шыға білген газет Кеңес өкіметінің Қазақстанға билік орнатуға тырысқан алғашқы күндерінде-ақ – 1918 жылдың наурызында біржола жабылды. Көп ұзамай оның құрылтайшылары мен авторларының басым көпшілігі саяси қуғын-сүргін кезінде атылып кетті.

    «Qazaq» газеті араға 88 жыл салып, 2006 жылдың 22 наурызында бұрынғы басылымның заңды жалғасы ретінде Қоғабай Сәрсекеевтің ұйытқы болуымен 266 санынан қайта жарық көрді.

    2010 жылы 15 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиналыста ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы мақсаттарды өзінің алдына ұлы халық қана қоя алады» деген халықты құттықтау сөзінде «Qazaq» газетінде жарияланған мақаладан үзінді келтіруі – редакция үшін зор абырой болды. Сол жылы Нұрсұлтан Назарбаев өз қолымен жазған хатын редакцияға жолдады.

    Газеттің екінші тынысын ашқан 2006-2014 жылдардағы бас редакторы Қоғабай Сәтенұлы 2014 жылы ауыр науқастан қайтыс болды.

    Газеттің 2015 жылдан бергі бас редакторы – Жасұлан Мәуленұлы. «Qazaq» газеті 2015-2017 жылдары Гаухар Сәрсекееваның құрылтайшылығымен жарық көрді. 2017 жылы газет қоғам қайраткері, меценат Махмұт Ыбырайханұлының меншігіне өтті. Осы жылдар аралығында газеттің жеткен табыстары да толайым.

    2011 жылы қазақтілді республикалық басылымдар арасында «Ең үздік республикалық газет» атанып, Қазақстан Журналистер академиясының әйгілі «Алтын Жұлдыз» сыйлығын жеңіп алды.

    2012 жылы «Алаш» тарихи-этнологиялық зерттеу орталығы «Ар. Намыс. Мұрат» номинациясы бойынша ұлттық намысымыз бен ұлы мұраттарымызды асқақтатуға үндейтін зерделі мақалалары үшін газетті марапаттады.

    2013 жылы «Уақыт таңдауы» агенттігі ұлт басылымдарының атасы «Qazaq» газеті шыға бастағанына 100 жыл толуына орай және тарихи сабақтастықты жүйелі жалғастырғаны үшін «2013 жылдың ең үздік басылымы» деп танылды. Сол жылы газет өзінің 100 жылдығын республика көлемінде атап өтіп, газет бетінде көтерілген мәселелер жинақталған «Қазақ шаруасы» кітабын жарыққа шығарды.