Тамара Асар – өмірде де, өнерде де өжеттігімен көзге түскен дарабоз әнші. 90-шы жылдардың соңында жол апатына ұшырап, бір аяғынан айырылғанына қарамастан, сахнаға қайта шығып, елдің сүйікті әншісіне айналды. Оның өмірі Нұрсұлтан Назарбаевтың өзін толғандырып, Елбасының ұсынысымен әнші туралы «Арманның ақ желкені» атты деректі фильм түсірілді. «Қиындық әркімнің басында болатын нәрсе, тек оны жеңудің кілті – жүректе» деген 42 жастағы әнші өмірге ғашық адам кез келген қиындықты жеңетінін айтады. «Құрмет» орденінің иегері, «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты, белгілі әнші Тамара Асардың сахна сыртындағы сырын оқырман назарына ұсынып отырмыз.
«ӘКЕ-ШЕШЕМ ӘНШІ БОЛУЫМДЫ ҚҰПТАМАДЫ»
Қаршадай кезімнен жақсы билейтінмін. Биші болуды армандайтынмын. Алтыншы сыныптан кейін Ақтаудан Алматыдағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатқа оқуға келдім (Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернатты айтып отыр, – ред.). Қазақ тілі мен әдебиетті сүйіп оқыдым. Менің бойым аласа еді, қазір де солай (154 см), ал құрдастарымның денелері ірі, бойлары ұзын болды. Қабілетіме қарамастан, би топтарына кіре алмайтынымды, тек өзім үшін ғана билей алатынымды түсіндім. Сонымен, ән айтумен айналыса бастадым.
Негізі атам да, әкем де әнші болмаса да, құлаққа жағымды дауыстары бар еді. Алайда әке-шешем менің әнші болуымды құптамады. Олар: «Қызым, одан да музыка пәнінің мұғалімі бол», – деді. Мен қарсыласқан жоқпын. Бірақ, жасырын түрде Алматыдағы эстрадалық студияға (қазіргі Ж. Елебеков атындағы Алматы эстрада және цирк колледжі, – ред.) құжатымды тапсырдым. Сынақсыз қабылдандым. Дегенмен, ЖенПИ-дің (қазіргі Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті, – ред.) музыка факультетіне оқуға түсуге тура келді. Институтта талайды тамсандырып, ұлттық мәдениеттің эталонына айналған «Айгүл» вокалды-аспаптық ансамблінде ән салдым. 1997 жылы Секен Тұрысбектің «Ақ жауын» фольклорлық ансамблінің құрамына ендім. Осылайша әншіліктің дәмін татып, кәсіби жолға түсе бастадым.
Кеңес одағы ыдырағаннан кейінгі жылдар бәрімізге де оңай болған жоқ. Экономикалық дағдарыс пен ауыр қаржылық тұрақсыздық кезінде жатақханамызда жылу, жарық болмайтын еді. Әрине, сондай қиын уақытта күн көру үшін жұмыс жасауға тура келді. Күлкілі болса да айтайын, студенттік жылдары вареники жасайтынмын. Оларды менен сатып алатын 5-6 отбасы болды. Есесіне, ақшадан тарыққан жоқпын. Әрқашан өзіме айран мен тәтті тоқаш сатып алуға мүмкіндік бар-тын.
Қонақүйде де жұмыс жасадым. Кейін мейрамханада ән салатын фольклорлық топтың құрамына ендім. Ол жерде ақыны жақсы төлейтін, соның арқасында сіңілім екеуіміз Алматыда пәтерлі болдық. Тағдырдың сыйы ма, әлде жолымыз болып кетті ме, әйтеуір біз пәтерді өте арзанға сатып алдық.
Менің Алладан басқа жәрдемшім болған жоқ. Ата-анам алыста еді. Сондықтан өзіме ғана сенуге тырысатынмын. Бірақ, олардың маған ауылдан ет салып жіберетіндерін анық білетінмін (күлді).
«БАҚЫТТЫҢ ҚҰНЫ МЕН ҮШІН ЖОҒАРЫ БОЛДЫ»
1997 жылы ансамбльде жұмыс жасай бастағанымда бақыттан басым айналып жүрді. Барлық құрбыларымда жігіт, баспана, ақша сынды мәселе болса, ал менде ондай мәселе болған жоқ. Ақша маған өздігінен келіп жатты. «Ақша мені жақсы көргендіктен өздігінен келеді» деген күпірлік сөзді айтатынды шығардым. Кейін ол бақыттың құны мен үшін тым жоғары болды.
Өміріңдегі ең ауыр кезеңді еске алу да қиын. Жиырма бір жасымда ағам үйленетін болып, тойдың қамымен жүгіріп жүрген едік. Әкем, ағам үшеуміз жол апатына ұшырадық. Дәл сол сәттегі жантүршігерлік оқиғада мен барлығының құнын төлегенімді түсіндім. Әкем: «Саған аяқ жасап береміз», – деді. Мен бұған дайын едім. Өйткені, оның алдында түс көрдім. Түсімде аяғымдағы бір туфлиімді жоғалтып алып, оны ағаштан жонып жасап отыр екенмін.
Барлығын басынан бастауға тура келді. Төсек тартып көп жаттым. Отыра алмайтынмын. Арбамен қозғалатынмын. Бірақ, сол жол апатында бір аяғымнан айырылсам да, өмірге деген құштарлығымнан айырылғаным жоқ.
Қиындықты ешкім жалғыз жеңе алмайды, жалғыз адамға қиындықты еңсеру өте қиын. Менің қасымда ата-анам, ағайын-туысым, туған бауырларым болды. Сонымен бірге, мені жақсы көретін, менен үміт күтетін жандардың үмітін, сенімін жерге тастағым келмеді. Олардың маған артқан үмітін, сенімін ақтап шыққым келді. Мен өзімді үлкен команданың капитаны сезіндім, егер мен құласам, менен үміт күткен көп адам құлайтындай көрінді. Соның арқасында деп ойлаймын, қиын күндер артта қалды. Сахнаға қайта оралуға да күш берген осы айналамдағылардың үмітін ақтауға тырысу болды.
Қазір де шаршаған сәтте жігерді айналамдағы адамдардан, әке-шешемнен, баламнан аламын. Олар берік жандар. Рухы мықтылар тіреп тұрса, сені құлатпайды. Құлап бара жатсаң да, сынып бара жатсаң да аман алып қалады. Тіл-көз тасқа, жан-жағым, жанкүйерлерім мықты.
Балам – бауыр етім. Менің «сынғанымды» балам көрсе не болады? «Батырмын, қайсармын» деп айта алмаймын, бірақ, жақындарымның үмітін ақтауды өзіме тірек етіп алғанмын. «Сынып» кете жаздаған сәттер де болды. Бірақ, түсінгенім қиналғаныңда қайғыға мойынсынбау керек екен. Бәрі де өткінші, сынақ қой…
Мен ұзақ күйзеліске ұшыраған емеспін. Кейде екі-үш күнге телефонсыз бір жақтарға кетіп қалатын кездер болады. Табиғатпен тілдессем, өзімді жаңа туған адамдай сезініп қайтамын. Ақтауда болсам – теңізге, Алматыда болсам – тауға барамын. Бірақ, мұны күйзеліске жатқызуға болмас. Күйзеліс – өмір сүргің келмеген, ештеңе жасағың келмейтін сәттер. Ал мен физикалық тұрғыдан шаршап, күш-қуатым азая бастағанда осылай жасаймын. Емханаларда да күш жинаймын. Жол апатынан кейін маған көп ота жасалды. Оған қарамастан мен ән саламын. Бірақ, зардабы, әрине, қалды. Түске дейін ауруханалық ем-шараларда боламын. Немесе маған массажистер келеді. Менің омыртқам, жамбас сүйектерім сынған, созылмалы бронхитпен де ауырдым. Төсек тартып ұзақ жатқан кезде көп ойланасың, барлық ойларыңды електен өткізіп үйренесің. Бұл енді өз-өзіңмен жұмыс жасай білу.
«ӨМІРГЕ ТОЙЫНҒАН АДАМ ҒАНА ӨКПЕ АЙТАДЫ»
Мен өмірге өкпе айтудан қорқамын. Өмірге тойынған адам ғана өкпе айтады. Бірақ, жылағым келсе жылаймын. Тіпті, бөтен адамның алдында болса да…
Мен ақырын жүремін. Бірақ, ойыммен шақырымдарды бағындырамын. Маған аянышпен қарағанды қажет етпеймін, мені адам ретінде, әйел ретінде, әнші ретінде жақсы көргендерін қалаймын. Айтпақшы, мен ешкімнің көзінен аянышты көрген емеспін, керісінше, өмір мені кейде жақсылап тепкінің астына алады.
Президентіміз Нұрсұлтан Әішұлы Маңғыстауға келгенде, мен ол кісінің алдында ән айттым. Көлік апатынан кейін сахнаға қайта шығып жүрген кезім. Аяғымды ауырсынып жай қозғаламын, бірақ әнді жан-тәніммен беріліп айтатынмын. Сонда Елбасы жергілікті азаматтардан: «Мынадай талант иесі Маңғыстауда неге жүр? Неге үлкен сахнаға шықпайды?» деп сұраған екен. Олар жол-көлік апаты туралы, денсаулығым туралы баяндап беріпті, мұны естіген Елбасы мен жайлы фильм түсіруге ұсыныс айтады. Кейін осы деректі фильм түсірілді. Үлкен сахнаға да шықтым.
Байқауымша, ұлымыз спортты ұнатады. Мен де кезінде қозғалысты ұнататынмын. Оның әкесі де… Әзірге біз теннис, шахматқа барамыз. Негізі баланы ештеңеге үйретіп керегі жоқ, олар біздің айнамыз ғой.
Балам қоғамдық көлікпен жүреді. Менің көлігіме сирек отырады. Адам жақсы нәрсеге тез үйренеді, одан кейін апарып, алып келуімді талап ететін болады. Немесе жүргізуші қажет болады. Маған оның сапалы түрде ойлай білгені қажет. Қазақта «Бала берсең – сана бер» деген сөз бар ғой.
«САМАУРЫН ШЫҒАРУ ІСІНЕ БИЗНЕС РЕТІНДЕ ҚАРАЙ БАСТАДЫМ»
Бесінші сыныпта бір байқауға қатыстым. Ол кезде жеңімпаз болғандарға бағалы сыйлық беретін еді. Бізге қызығы да сол ғой. Байқауда бас жүлдені жеңіп алдым. Сыйлыққа кіп-кішкентай самаурын берді. Үйге кіріп келе жатсам, әкем сыйлығымды көріп: «Самаурын – байлық-берекенің, ынтымақ-ырыстың белгісі. Жолың болады екен, қызым», – деді. Бала көңілім көтеріліп қалды. Сол сәттен бастап самаурынды жақсы көріп кеттім.
Бала кезімде үйдегілерді дастархан басына жинап, шай құйып беретінмін. Ауылдың адамдары дастарханға жиналса, буын бұрқыратып, самаурыннан шай ішеді. Маған осы көрініс ыстық.
Самаурынның қалай, неден жасалатынын, ішінде қайнаған судың ерекшелігіне дейін зерттедім. Су 98 градуста қайнайды екен. Бұл адам ағзасына ең пайдалы жұмсақ су.
Сосын, бәріңіз білесіздер, мен қатты сыртқаттанғанда, тіпті, тамақ ішуден қалғанмын. Сол кезде, түсіме самаурыннан шай ішіп отырғаным кірген, түсімдегі самаурынның бір жағында менің суретім тұрса, екінші жағына өзім гүл салып отыр екенмін. Әлгі түстен кейін, шешеме: «Маған самаурыннан шай құйып беріңізші», – дедім. Содан бастап, самаурынға деген құрметім ерекше, тәбетім ашылып, одан шай ішсем, бір рахаттанып қаламын, яғни, содан жазылғандай әсерде болдым.
Самаурынға сурет салу өнерін арнайы оқыдым, үйрендім. Қазақта жез құман, сары самаурын бар да, ал оюлысы жоқ. Менің қазіргі арманым – оюлы, арнайы «анама, келініме» деген атпен самаурындар шығару болып отыр. Шыны керек, бұл кәсіпті бизнеске айналдырамын деп ойламаған едім, тіпті, қандай да маркетингтік жоспар да құрған емеспін. Кейін, тапсырыс түсіп, сатып алушылар көбейгеннен кейін ғана, самаурын шығару ісіне бизнес ретінде қарай бастадым.
Қола, жез самаурындар бар, бағалары 150 мыңнан жоғары. Ыдыстарды жасауға қажет барлық бұйымдар Ресейден әкелінеді, бояулары да қымбат әрі қолдан жасалынады.
Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ, «Qazaq» газетінің шолушысы