Ұлы Дала төсінің қара жеріне табаны тимеген пенде атаулы жоқ шығар, сірә. Әрбір халықтың ұлт ретінде қалыптасу, өсіп-өну кезеңдерінде талай-талайғы соқпақты сүрлеу мен күрделі кезеңдерден кемел ойлы кемеңгерлердің жол бастауымен жүріп өткеніміз тарихтан мәлім. Ұлы Әуезов сөзімен айтсақ, «бір кезде бел көрінсе, келер ұрпақ тарихына: өз тұсына көрсетіп кеткен көмегімен, орнатып кеткен туымен, тастап кеткен үлгісімен, нұсқап кеткен бетімен енді бел ғана емес, биік тұрғы боп, асқар тау боп көрінеді… Бұлар анық қадірмен қымбаттылар. Өздері некен-саяқ, бірақ бір десең, бағыланың дерсің!»
Биылғы жыл – халықтық рух пен қазақтық сананы оята түскен, жоғымызды түгендеп, барымызды баршамыздың игілігіне айналдыруды қолға алған маңызды жыл болып тұр. Өйткені, ұлттық-рухани дүниемізге, арғы-бергі тарихымызға қатысты даңқты тұлғаларымызды өзгеше қырынан көрсететін осынау игі шаралар Президентіміздің бастауымен жүзеге асырылуда. Ендеше, елдік мұрат-мүддені көксеген іс-шаралар туралы шағын мақаламызда сөз етелік.
АЛТЫН ОРДАҒА – 750 ЖЫЛ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы «Ұлытау-2019» халықаралық туристік форумында осы қасиетті өңірді барша әлемге танытудың бірден-бір жолын нақтылап бергені көпшіліктің есінде болар. Ол – Алтын Орда империясының 750 жылдығы.
Иә, орта ғасырларда саяси оқиғалардың аренасы болған Ұлытау киелі мекен. Тарихи-мәдени және табиғи мұражай қорығынан өзге Ұлытау аудан орталығында Қазақ хандарының аллеясы бой көтерген. Осы игі бастамаларды негізге алған Мемлекет басшысы: «Енді еліміздің осындай баға жетпес бай мұрасын өзге жұртқа танытудың жаңаша жолдарын ойластыруымыз керек. Мысалы, Моңғолия Шыңғыс хан тұлғасын халықаралық туризмді дамыту үшін өте тиімді пайдаланып отыр. Осы орайда, Шыңғыстың үлкен ұлы – Жошы мазары қазақ жерінде тұрғанын бүгінде еліміздегі және шетелдегі жұртшылықтың көбі біле бермейді. Сондықтан Алтын Орданың негізін қалаған Жошы ханның есімін ұлықтауды міндетті түрде қолға алу қажет. Оның тарихи тұлғасына әлемнің назарын аударып, кесенесін мәдени туризм нысанына айналдыру – өте маңызды міндет. Ұлытау – халықаралық деңгейдегі этнографиялық туризм орталығы болуы тиіс. Бұл жұмыстар Алтын Орданың 750 жылдығын мерекелеу аясында басталуы керек», – деген болатын.
Ақиқатында, біздер, өз дербестігімізге дейін, ХVІІІ, ХІХ, ХХ ғасырларда тарихымызға империялық көзқараспен қарап келдік емес пе. Одан арыға, түбегейлі зерттеу ісіне бармадық, дұрысында қызыл империя барғызбады. Шүкір, бүгінде ел тәуелсіздігінің арқасында Алтын Орданың 750 жылдығын республикалық деңгейде атап өту қолға алынып, оның қарбаласы алдымен, Жошы хан кесенесін ЮНЕСКО мұраларының тізіміне енгізуден басталды. Сондай-ақ, елімізде құрылған Халықаралық Түркі академиясының мерейтой аясында атқарып отырған халықаралық жұмыстарының орны бөлек. Мұндағы кітапханаға арнайы шет елден келушілер жетерлік.
Алтайдан Альпіге, Ертістен Дунайға дейін созылып жатқан Алтын Орданың мерейтойына құрылған жоспарға негізінде қырық түрлі іс-шаралар енгізілген. Олардың ішіндегі маңыздыларына тоқталсақ: «Батыс Қазақстанның Алтын Орда дәуіріндегі ежелгі керуен жолдары мен керуен-сарайлары: керуен сарайлар мәліметтері базасын зерттеу және құру» жобасын іске асыру; Алтын Орда кезеңіндегі Сарайшық қалашығын қалпына келтіру бойынша археологиялық жұмыстар жүргізу; «Жошы хан» кесенесінің жанында туристік кешеннің құрылысы; ҚР Ұлттық музейінде «Алтын Орда және Қазақ хандығы залдары» экспозициясын құру; «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи мұражай-қорығының қабылдау орталығының құрылысын аяқтау және абаттандыру; Ұлттық және халықаралық іс-шараларды, оның ішінде көшпенділердің мәдениеті, Жезкиік-2020, Ұлытау-2020 музыкалық фестивальдерін ұйымдастыру; Алтын Орда, Жошы хан, Алаша хан және басқалары туралы деректі фильмдердің ғылыми-танымдық циклы; Ұлытау ауылы маңында туристерді қабылдайтын этно-ауыл құру.
Бұл мерейтой Шыңғыс ханның ұрпақтарын ғана емес, Жошы хан, Алаша хан, Ұлытау төңірегіндегі ұлы тұлғаларды және оларды әлемге насихаттау болып табылады.
АҚЫННЫҢ ТОЙЫ – ҚАЗАҚТЫҢ ТОЙЫ
Биылғы жылдың еншісіндегі айтулы мерейтойдың бірі – қазақ әдебиетіндегі ұлы тұлға, реалистік жазбаша әдебиетіміздің негізін қалаған Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы.
Ғұлама ойшыл, зерттеуші, сазгер, тарихшының осынау мерейтойы қарсаңында Жидебай, Қарауыл, Семей, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларынан бастап, өзге де облыс орталықтарында, жер-жерде, еліміздегі оқу орындарында ақынның өмір жолы мен ұлан-ғайыр шығармашылығына арналған іс-шаралар өтуде. Мұндай беделді шаралар ақын тойының рухын асқақтатпаса бәсеңдетпес.
Абайды оқып отырып, қазақ деген халықтың жер үстіндегі ешқандай елге ұқсамайтын дара кейпін көреміз.
Абайды оқып отырып, қазақы сөздің құдіретіне табынып, қазақы ойдың астарына таңданып, қазақы танымның тереңдігіне иланамыз.
Абайды оқып отырып, қазақтың жаны сөйлеп тұрғанын аңғарып, кең дүниеге тамсана қараймыз.
Абайды оқып отырып, әр сөзіне бойлаған сайын өз кемшілігімізді тауып, жұмбақ жаратылыс Адамның сан қыры барын ұғына түсеміз. Мұның бәрі Абайдың құдіреттілігі емей немене!? Ақын орнының ғасырлар бойы биіктей беруінің сыры осыда болса керек…
Абай жырларымен қазақ баласы сусындады, сусындап келеді, сусындай бермек….
Абай өлеңдері кез келген көкірегі ояу жанды «үйренуге» де, «жиренуге» де үйретеді, ақ пен қараның, жақсы мен жаманның ара жігін айыра білуге, дұрысында өмір тануға көмектеседі. Қандай шығармасын алмаңыз, ақынның сөз астарында әр адамның жүрек соғысы, тыныс-тіршілігі, сезіну, түйсіну, бәрі-бәрі жымдаса қабысады.
«Сылдырап өңкей келісім,
Тас бұлақтың суындай,
Кірлеген жүрек өз ішін
Тұра алмас әсте жуынбай…» – деген жыр жолынан қазақы астарды бірден аңғарасыз. Ақын қазақы астардан тыс халықтық шешендік өнерді де еркін меңгерген. Өнер үйрену, білім-ғылымды игеру туралы да ақын шығармасында үлкен көрегендікпен құнды пікірлерін қара сөздерінде жеткізеді. Сондай-ақ ақын жырларының құрылымын тану үшін парасат қажеттігін әр өлеңінен, әр жазбасынан танимыз.
Елбасымыздың: «Заманалар ауысып, дүние дидары өзгерсе де, халқымыздың Абайға көңілі айнымайды, қайта уақыт өткен сайын оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түседі», – деген өнегелі сөзінің жаны бар.
Абай сүрген заман, қоғам бүгінгі уақытпен салыстыруға келмегенмен, ол халықтың түбегейлі мүддесін, арманын, жалпы қазақтың бар болмысын терең ұғынып, сол түсінгенін ойшылдықпен, сондай көркемдікпен, қуаттылықпен жеткізе білді. Оның өмір, адам тағдыры, дүние, заман ағымы туралы ой-толғаныстары ойшыл-философ екендігін нақтылай түсті. Оның айтқан кешегі ойларында кешегінің ғана сөзі емес, бүгінгінің де ойы жатқаны бірден аңғарылады. Демек, ақын атын қалай асқақтатсақ та, аспандатсақ та жарасары хақ. Сөзімізге дәлел, Абай мерейтойының құрметіне орай Семейдің халықаралық әуежайы ресми түрде қазақтың бас ақынының есімімен «Абай атындағы халықаралық әуежай» деп аталып, қаланың басты әуе қақпасы маңдайшасына АBAI деген жаңа атау жазылды.
Тағы бір ауқымды іс – Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінде заманауи жаңғырту жұмысы жүзеге асырылуда.
Ақынның тойы аясында қолға алынған маңызды жобалардың бірі – Абай шығармаларын шет тілдеріне аудару. Бұл күрделі жұмыс Ұлттық аударма бюросына жүктеліп, ақын еңбектері шет елдің он тілінде (француз, ағылшын, орыс, араб, испан, қытай, түрік, жапон, неміс және итальян) жарық көріп, әр кітап үш мың данамен әлемнің түкпір-түкпіріне таратылу көзделсе, ақын ғұмырбаяны мен шығармашылығын қамтитын үш деректі фильм түсіру жұмыстары қолға алынуда.
Өнер саласының майталмандары да ақын тойынан тыс қалмақ емес. Мәселен, Абай атындағы Опера және балет театры Ресей, Түркия мен Қытайға гастрольдік сапармен барып, ұлы ақынның мұрасын насихаттауды жоспарласа, Құрманғазы атындағы мемлекеттік оркестр және Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры ел-елді аралап, ақын өнерімен көрермендерін су-сындатпақ.
Сонымен, Ұлы ақынның мерейтойы ЮНЕСКО деңгейінде тойланып, қазан айында осы ұйымның Париж қаласындағы штаб-пәтерінде ғылыми-конференциямен жалғасып, концерт, көрме, кино-көрсетілім және тағы басқа мерейтойлық шаралар ұйымдастырылмақ.
«Абай жеріне саяхат» атты Абай жерлеріне экскурсиялық турлар оқушылар үшін қарастырылып отыр.
Ақын тойы – қазақтың тойы! Қазақ сөзінің құдіретін танытқан ұлы Абайдың берері мол, ғасырлар өтсе де…
ТҮРКІ ЖҰРТЫНЫҢ МАҚТАНЫШЫ
Ұлы ғалым, ұлы ойшыл, философ, социолог, математик, физик, астроном, ботаник, лингвист, музыка зерттеушісі, бір сөзбен қайырсақ, түрлі ғылымды игеріп, күллі түркі жұртының мақтанышы болған Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын мемлекеттік деңгейде атап өту туралы қаулы өткен жылы қабылданған еді. Асыға күткен жыл да еніп, Екінші ұстаздың тойы өңірлерде аталып өтуде.
Мұндай қуанышты күнге асығудың жөні бар. Ғылыми ізденіс жолында тек Фараби мұрасын зерттеумен шұғылданған ғұлама ғалым Ақжан әл-Машанидің сөзімен айтсақ: «…Бұл кісіден бұрын да, кейін де даналар болды. Бірақ, олардың ішінде… дәл Фарабидей геометрия, музыка, астрономия сияқты үш ғылым саласына бірдей үлес қосқан, аса ірі жаңалық ашқан ғалымдарды табу қиын. Платон, Аристотель, Птолемей сияқты ғұламалар музыканы жөнді меңгере алмағанын өздері жазып кеткен».
Фараби ғалымдығымен ғана емес, ол өзінің көп қырлы ғұламалығымен, өнерпаздығымен тарихта қалған тұлға. Осынау данышпанның туған жері, жүріп өткен жолы мен сан қырлы еңбектерін зерттеп, зерделеп берген және әл-Фарабидің қазақ жерінен шыққандығын бұлтартпас айғақтармен дәлелдеп берген ғалым Ақжан әл-Машани болатын.
Мың жыл бұрын Әбу Насыр әл-Фарабидің кіндік қаны Отырарда тамған (қазіргі Түркістан облысындағы Отырар қаласының маңайындағы ортағасырлық қала).
Отырардың асқан бай кітапханасында әл-Фараби парсы, грек тілдерін үйренеді, осы тілде ғылыми трактаттар оқыды. Фараб пен Бұқарада бастапқы білім алған әл-Фараби өз білімін Бағдат қаласында, одан ары Дамаск, Халеб, Каир, Шаш, Самарқан, Бұхара, Мерв, Нишапур, Рей, Хамадан қалаларында жалғастырды. Білімге құштарлығының нәтижесінде ол өнердің барлық саласында артында өшпес ізін қалдырды.
Фарабидің еңбектерінің туған елінде еш нұсқасы табылмаған себептерін фарабитанушы Ақжан әл-Машани былай түсіндіреді: «Бізден бұрынғылардың әл-Фарабиді білмеуінің бір бас себебі, ол ғылым іздеп араб халифатына кеткен, сол жатқа өмір өткізген, ғылым жасаған, сонда қайтыс болған. Егер оның қабірі туған елінде болса, оны халқы ұмытпас еді. Бәлки Яссауи сияқты оған мавзолей салынар еді. Тағы бір себеп, ол еңбектерін араб тілінде жазған. Осы себепті оның мирасын зерттеу қолға алынбай, көпшілік қауым оны араб деп түсінген. Оның отырарлық екенін, нәсілі түркі тайпасынан екенін тек бірлі-жарым тарихын зерттеушілері ғана білген».
Әл-Фарабидің библиографиясының төрт түрін тапқан (екеуі неміс тілінде, біреуі ағылшын тілінде, біреуі түрік тілінде болған) Ақжан әл-Машани оның отырарлық екенін дәлелдеп, бірқатар еңбектерін қазақ тіліне аударуы еліміздің абыройын аспандатты. Міне, Машанидің ғылыми дәлелдеуінен соң барып елімізде әл-Фараби туралы кеңірек айтылып, тереңірек жазыла бастады.
Артынан 150-ге жуық философиялық және ғылыми трактаттар қалдырған әл-Фарабидің мерейтойын атап өтудің республикалық жоспарында 50-ден астам іс-шара бекітілді. Мерейтой негізінен ғылыми, зияткерлік бағытта атап өтіліп, жыл бойында халықаралық, республикалық және өңірлік ауқымда тақырыптық арнайы жобалар, ғылыми-ағартушылық және мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізілмек. Әсіресе, алғаш рет берілгелі отырған «Әл-Фараби» мен «Абай» атындағы мемлекеттік сыйлықтардың орны ерекше болмақ. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласындағы үлкен көшелердің біріне әл-Фараби бабамыздың есімі беріліп, бойына зәулім ескерткіш тұрғызылу да жоспардың маңыздылығын арттыра түсті. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен бабамыздың сүйегі жерленген Дамаскіде Фараби орталығы да ашылмақ.
Туғанына 1150 жыл өткен осындай ірі ғалымның, Шығыс Аристотелінің мерейтойына жоғары деңгейдегі дайындықтар басталып кетті…
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Ұлттық руханият – ғаламды да, адамды да өз қалпында сақтап қалады, ал тұлғаларын биікке көтереді. Бұл тұжырымыма осынау мерейтойлар дәлел.
Тұлғаларымызды осынау биігінен аласартпай, биіктеткен үстіне биіктете беру – ұрпаққа парыз. Парызымызға адалдық танытайық дегім келеді…
ҚЫЗЖІБЕК БӘКІР, «QAZAQ»-ТЫҢ ШОЛУШЫСЫ