Ахмет Төлегеновті «жапон тыңшысы» дегенге кім сенеді?

0
4601

Бұдан сексен жыл бұрын елдің оқыған азаматтары мен білікті тұлғаларын ажал оғына айдаған репрессияның зардабы әлі жойылған жоқ. Егер шамамен 30 жылды бір буын деп есептесек, үшінші буын алмасатындай уақыт өтсе де, қанды қырғын туралы жұрт біле бермейтін ақтаңдақтар қаншама. Бір уыс бидай жасырғаны үшін кінәлі болып атылғандар мен елдің билік тізгінін ұстаған халық комиссарларына дейінгі тізім ұзын-сонар. Нақтылап айтқанда, сталиндік сұм саясаттың кесірінен 1937-38 жылдары 105 мың қазақстандық қудаланып, оның 22 мыңы ату жазасына кесілді. Ату жазасына кесілген қаралы тізімнің ішінде біздің сүйікті әншіміз, әлемдік жұлдызымыз Бибігүл Төлегенованың әкесі Ахмет Төлегеновтің де аты-жөні бар еді.

Бұған дейін баспасөзге берген сұхбаттарында әнші апамыз әкесі жайлы талай әңгімелеген. Ақмола облысындағы АлЖИР лагеріне ашылған музейдің төрінде де Ахмет Төлегеновтің екі фотосуреті сақталған. Жанында «Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай аудандық партия комитетінің екінші хатшысы» деп жазылған қысқаша анықтама бар. Музей қызметкері Гүлнұр Төлепбергенованың айтуынша, тағдырлы тұлғаға қатысты деректерді  музейге тапсырған күміс көмей әнші апамыздың өзі екен. Бұл туралы Бибігүл Төлегенова: «Репрессияға ұшырағандардың тізімі бар. Ол тізімде менің әкемнің аты тіркелген. Ақталған қағазы бар. Ондай құжатты да жасау керек екен, біз білмеппіз. Әкемнің өз қолымен толтырған жеке қағазы бар екен, жеке ісі бар. Ұсталған кезінде қырымен, алдымен түскен суреттері бар. Әкемнің жай жүк тасушыдан хатшылыққа дейінгі жеке өмірбаяны бар. Міне, осы құжаттардың барлығын Алжир мұражайына тапсырдым», – деген болатын. Біз Гүлнұрдан сұрап жүріп, репрессияға ұшыраған аяулы адамның тарихи фотосуреттерін алдырдық. Тарихи жәдігерге қарап салыстыра отырып, сын-сымбаты келіскен сұлтандай жігіттің  небәрі екі жылдың ішінде қатал тағдырдың сынына ұшырап, сұм саясаттың кәріне ілінген бейнесінен уақыт табы мен замана сырына қаныққандай күйде болдық.

МУЗЫКАҒА ЖАНЫ ҚҰМАР

Ахметтің өз әкесі Байғоныс, атасы Шортанбай деген кісілер негізінен Абыралы өңірінің қазақтары. Баланың шын есімін азан шақырып Мұхамед-Ахмет деп атаған екен. Ағасының аты Мұхамед-Кәрім. Ахметтің балалық шағы оңай болмаған. Ең қызығы, оның тегі әке жағынан емес, нағашыларынан алынған екен. Олай болатын себебі, бала Ахметті ағасы Мұхамед-Кәрім екеуін нағашысы Нәби деген кісі бауырына басып, мейірімін төгеді. Диірменші болып істейтін Нәби Төлегенов сүйкімді жиендерін Семей шәріне алдырып тәрбиелейді. Осы кезеңде Ахметтің тегі нағашы ағалары сияқты Төлегенов болып өзгереді. Жас, буыны қатпаған бала Ахмет Нәби нағашысының көршісі Шәйшіғали деген байдың самаурынын қайнатып, қорасын тазалап, қара жұмыстан қашпайтын еңбекқор болып ер жеткен. Нағашысы өзінің бала-шағасын ғана емес, сүйікті екі жиенін де еркелете білген ол білім алуын көздейді. Тіпті, Ахметке домбыра жасауды үйретіп, музыкаға ерекше қабілеті барын байқап, кезекті бір сапарында оған скрипка да әкеліп сыйлаған екен. Мұндай тосынсыйға Ахмет те дән риза еді, қуанышында шек жоқ.

Музыка саласына жақын балалардың сезімтал болатыны секілді, Ахмет ақкөңіл, елгезек мінезді, сезімтал болып өседі. Күш-қайраты бойында тасып тұрған балаң жігіт қарулы, қайсар болып та жетіледі. Ең қызығы, ол алғашқы еңбек жолын өрт сөндіру қызметінен бастаған екен. Өзі өнерлі, өзі балуан, заманының серісі шынында да кісі қызығарлықтай. Әсіресе, оған жас қылықты қыздар үйірсектеу келіп, ынтықтыра түседі. Алайда Ахметтің ойлағаны мүлде басқа. Семейде қазақтан кейін тұратын көп халықтың бірі – татарлар болатын. Туған мекендерінен саяси қысыммен жер аударылып көшкен сондай отбасылардың бірі Мырзажанның шаңырағы еді. Оның қызы балауса Майнұрға Ахметтің көзі түседі. Семей шаһарының молдасы Мырзажан мен  оның  жұбайы  Қалима  қыздарын  қазаққа күйеуге бергісі келмейтінін аңғартады. Алайда бір жерден табылған  қос жүректің әмірімен Ахмет ғашығын алып қашып, Ертістің Жаңасемей жағына өтіп жасырынады. Қыз анасы қаланың заң, құқық қызметкерлерін аяғынан тік тұрғызып, қызын іздеп табуды сұрайды. Көп ұзамай қолға түскен Ахмет абақтыға жабылады.

Екі ғашықты айырарда Ахмет сүйіктісіне «өз еркіммен қосылдым, сүйемін  деп айт» дейді. Даулы сотта қыздың қайсарлығы, батылдығының арқасында Ахмет түрмеден босап, еркіндікке шығады. Сөйтіп махаббат машақаты осындай жағдаймен сәтті аяқталады.

Бұл оқиға жайлы атақты әнші апамыздың өзі: «Әкем бір күні Семейдің көшесінде келе жатып ауладан ән естиді. Тыңдап біраз тұрады. Жас қыздың дауысы. Бір әннен кейін бір әнді сызылтады. Есікті ашып, аулаға кіреді… Сол ән айтқан қыз бала менің мамам екен. Әкем мамамның әніне ғашық болып, ақыры алып қашады», – деп еске алады.

Екі ғашық шаңырақ көтеріп, үйде іңгәлаған сәбилердің дауысы естіле бастайды. Осылай Ахметтің тұңғыш қызы Бибінұр өмірге келеді. Артынан – Бибігүл, оған ілесе тағы да үш қыз туды. Бірақ та қызылша ауруынан олардың екеуі жас кезінде қайтыс болды. Тірі қалғандары – Бибінұр, Бибігүл және Клара. Асылдың сынығы Бибігүл апамыз Семейде 1929 жылдың 16 желтоқсанында дүниеге келген екен.

ӨРТ СӨНДІРУМЕН БАСТАЛҒАН ӨМІР

Әңгімеміздің арасында Ахмет Төлегеновтің алғашқы қызметі өрт сөндіру саласынан басталғанын айттық. Еті тірілігінің арқасында партия жұмыстарына белсене араласып, кейін аудандық партия комитеттерінде жауапты қызметтер атқаруға жіберіледі. Дегелеңде, Бесқарағайда аупарткомдарда нұсқаушылық еткеннен кейін Қатонқарағай аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып ауыстырылады. Алтайдың асқан табиғаты кез келген адамды ынтықтыратыны секілді, бұл өлкеге келгендер Алтайдың көркем табиғатына тамсанбай кете алмайды. Әнші апамыз бұл жайында: «Мені әнші еткен бір жағынан әкем мен шешемнің музыкаға құмарлығы, түрлі аспаптарда ойнағаны, ән салғаны десем, екінші жағынан сол Қатон-қарағайдың қайталанбастай ғажайып табиғаты да сезімімді сұлуландыра, жанымды нәзік ете түсті ғой деп ойлаймын», – дейді екен.

Қатонқарағайда аудандық партия комитетінің екінші хатшысы қызметін екі жыл атқарған соң, Ахметті Қазақстанның 15 жылдығына орай Алматыға оқуға жіберген. Аталған курсты екі жыл оқып тәмамдаған соң, жұмысына қайта кіріседі. Алайда бұл ұзаққа созылмайды, қызметіне  қап-қара сұлу бітімді атпен кеткен Ахмет Төлегенов бір күні жаяулап үйге келеді. Жанына ере келген екі адам үйді тінтіп, астаң-кестеңін шығарады. Курста оқып жүрген кезден сонда бір әйелдің беті шұқылып тасталған фотосуретті тауып алады. Осы сурет Төлегеновтер отбасына бәле болып жабысады.

Осылайша ойдан шығарылған, жалған жала жабылып, 1937 жылдың 29 қыркүйегінде Сталиннің жендеттері Ахметті Алматыға алып кетеді. Сол кеткеннен әнші әкесін көрмеген. Кейін 1958-60 жылдары «Посмертно реабилитирован» деген бір-ақ парақ қағаз келген. Бибігүл апамыздың қолында сол қағаздан басқа әкесі жайында еш ақпарат болмаған. Тек анасының бұдан кейінгі тағдыры жеті жастағы бүлдіршін қыздың есінен мүлде шықпаған. Бұл кезеңнің сұрқия көріністерін әнші: «Шешем Майнұр 25 жасында алты баламен, бойындағысымен жетеу, жалғыз қалды. Мен бар-жоғы жеті жастамын. Семейдің ет комбинатында жұмыс істейтін. Он күн сайын тергеуге барып тұрады. Сауаты шамалы адамнан қандай ақпарат алғылары келгенін білмеймін, үйге үнемі бет-ауызы көгеріп қайтатын. Кейін Ұлы Отан соғысы басталып кетті. Мазалауларын қойды», – деп еске алады.

АРЫСТЫҢ БАЛАЛАРЫ АЗАПТАП КЕШТІ

Үйдің үлкені Бибінұрды нағашы жұрты бауырына басқан соң, ендігі міндеттің барлығы Бибігүлдің мойнына түседі. Қаршадай ғана қыз кезекте тұрып нан алу, су тасу, от жағу деген шаруаның бәрін талмай атқарады. Өйткені, бұдан басқа амал да жоқ еді. Азаптарды көп көрген анасы бруцеллез болып ауырып, төсек тартып қалған соң, 13 жасында белді бекем буып әнші апамыз қара жұмысқа еріксіз жегіледі. Ең сорақысы сол, ізінен ерген екі сіңілісінен айырылады, өзі жерлейді.

«1943 жылы сіңілім Клараны жерлегенім есімде. Анам ауырып, басын көтере алмай қалды. Көрші апаймен бірге жұмыстан берген үлкен тақтайды сүйретіп әкеп, жер қаздық. Көрші келіншек қазған жеріне отырады да, «алыстан қарашы, басым көрініп тұр ма?» деп сұрайды. Мен «көрініп тұр!» деймін. «Онда мен шаршадым, енді сен қаз» деп күректі маған ұстатады. Он төрттегі қызда қанша әл бар дейсің. Әлгіні, әйтеуір, қазып, ішіне жұмсақтап шөп салып, тақтайды кесіп-кесіп қиғаштап тастап,  өзімше ырымын жасап, сіңілімді қолымнан келгенше жерледім. Біздің үйдің бір  бөлмесінде  Ростовтан келген госпитальдің дәрігерлері тұратын. Олар маған көп  бинт әкеліп, сіңілімді ақ матаның орнына соған орадық», – деп  қинала еске алады әнші апамыз.

Бұл шақта әкесінен көз жазып қалған қыз оны Алматы түбінде бір түнде-ақ жер жастандырғанынан мүлде бейхабар еді. «Халық жауының баласы» деген атақ әкесі ақталғанға дейін әншінің қыр соңынан қалмай жүрген. Аты шығып, әншілігі таныла бастағанда, ұжыммен шетелге гастрольдерге шақырту алғанда құжаттарға әкесінен хабарсыз қалғанын жазуды да ұмыт қалдырмайды. «Әкем 1937 жылы әкетілген, одан кейін хабар жоқ» деп шындығын жазған өнер адамын жоғары жақтағылар қайдан жақтырсын, құжатын әдейі өткізбей, «іссапарда жүруіне байланысты» немесе «денсаулығына байланысты бара алмайды» деп кері қайтарады екен.  Кейін 1958-60 жылдары «Посмертно реабилитирован» деген қағаз келгенде ғана Бибігүл апамыз әке қазасын бір-ақ біледі.

АҚТАУ МЕН АҚТАЛУ

Қылышынан қан тамған Кеңес үкіметі ыдырамай жатып, архивтегі жасырын құжаттар сыртқа шыға бастағанда (1988 жылдар) арасынан репрессияға ұшырағандардың тізімі алғаш рет жарияланады. Оның ішінде Ахмет Төлегенов жайында да мәліметтер бар болып шықты. Бұл ресми құжатқа сенсек, Қатонқарағай аудандық партия комитетінің екінші хатшысы 1938 жылғы 11 наурызда Алматы қаласы маңында ату жазасына кесілген. Оған тағылған негізгі айып – «жапон тыңшысы» деген жала. Алтайдың әсем табиғатында өз жұмысын істеп, халықты жаңа тұрмысқа бейімдеу жолында ат үстінен түспеген есіл ерді өзі естіп білмеген алыстағы Жапон аралымен байланыстыру кімнің ойына келді екен?! Әлде жаппай қазақ білім-біліктілері ұсталып жатқанда бәрін бірдей бір мазмұнда қаралау мен айыптауларды үдетіп, ойланып жатпай «тыңшы» деп атау әлдеқайда жеңіл болған шығар. Кім білсін?! Әйтеуір, бір білеріміз, қазақ ән өнерін әлемдік көшке жеткізген, ұлттық мәдениеттің нәрінен сусындап, өркениетті елдердің сахнасында бұлбұлдай сайраған Бибігүл Төлегенованың әкесінің тегін адам болмағаны.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Жауырыны жерге тимеген балуан, сыңсытып сұлу да сиқыр сазға салған скрипкашы, ең бастысы елінің ертеңгі бақыты үшін ат үстінен түспей ерлерше өмір кешкен арыс Ахмет Төлегенов «халық жауы» деген нақақ жаладан арылып, тарихтың құрметті төріне шыққаны қуантады.

Заңғар КӘРІМХАН, «Qazaq» газетінің шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here