Мен оны тапқанда жерден жеті қоян тапқандай қуандым. Себебі, ол жанары жарқылдаған, өзі аңқылдаған ерекше кейіпкер. Айналысып отырған кәсібі де ешкімдікіне ұқсамайды. Қоян!
Иә, сүп-сүйкімді, топ-томпақ, ұзын құлақ қоянды, оның ақ үрпек ақ көжегін кім жақсы көрмейді дейсіз? Мен Катяның қояндарына да, өзіне де бір көргеннен ғашық болып қалғанымды жасырмаймын.
Шынтуайтында, Қазақстанда қоян асырап, оның етін жейтіндер некен-саяқ. Жалпы, қоян шаруашылығы кенжелеп тұр десек, артық айтқандығымыз емес. Қоян тақырыбына барғандарды да кездестірмедік. Есесіне, Екатерина сияқты жүрегінен жалын атқан келіншектер бар кезде бұл кәсіптің де қайраңнан шығатынына, сөйтіп келешегінің кемел болатынына көзіміз жетеді.
Рас, қоян шаруашылығы – қазаққа таңсық сала. Содан еліміздің агросекторында да елеусіз қалып келеді. Дегенмен, оның етіне ішкі нарықта сұраныс бар. Содан қоян етін алыстағы Германия мен Венгриядан тасиды екенбіз. Ал, қоян шаруашылығын мықтап қолға алсақ, отандық агросектордағы ең кірісті саланың біріне айналар еді. Өйткені, қоян етін жейтін үлкен нарық дәл іргемізде тұр. Шығыстағы көршіміз Қытай жылына 925 мың тонна қоян етін жейді. Бұл әлемдік жалпы нарықтың 62%-ы екенін ұмытпайық. Яғни, қоян етін экспортқа шығаруға бізде мүмкіндік зор.
Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін үй жағдайында айналдырған үш жылдың ішінде екі бас қоянды екі жүзге дейін көбейтіп, айына 350 мың теңге табысқа шығып отырған шымкенттік кәсіпкер Екатерина Макарованың кәсібіне тоқталады.
НЬЮ-ЙОРКТЕН БІР-АҚ ШЫҚҚАН ҚЫЗ
Катя (ары қарай жарқылдаған жайдары кейіпкерімізді қысқа да нұсқа осылай атасақ) қоян шаруашылығына кездейсоқ келді. Оған дейін оның 13 стартап-жобасы болыпты.
«Мен немен айналыспадым десеңізші?! Опа-далап саттым. Кафе де, қосалқы бөлшектер сататын дүкен де аштым. Қытайдан төсек-орын жаймаларын, әлекей-шүлекейдің түр-түрін де әкелдім. Тіпті, азық-түлік дүкенін де аштым. Бірақ, сенесіз бе, соның бірі де алға баспады. Сәт сайын кері кетіп, бір жұмыстан екіншісіне, одан соң үшіншісіне ауысып, айлық жалақыға күн көруге тура келді. «Astana Motors» компаниясында маркетинг директорына дейін қызметтік баспалдақпен өстім. Бірақ, бұл жерде де бағым жана қоймады. Сонда да ізденісімді тоқтатпадым. Ақыры Нью-Йорктан бір-ақ шықтым. Global бағдарламасы бойынша 4 ай оқып келдім. Не іспен және қалай айналысу керектігін, бизнестің қыр-сырын, стартаптар жасаудан сабақ алып, бизнес-жаттықтырушы атандым. Сөйтіп, өзімнің жеке редакторлығыммен «Белый слон» деген журналымды аштым. Одан кейін тендермен айналыса бастадым. «Бізде тендер әділ өткізілмейді, таныс болмаса, бәрі бекер» деген сөздер жәй ғана стереотип. Тек білім мен қабілет болса болғаны. Бізде тендерлік жүйе – өте әділ жүргізіледі. Әрине, мен миллиардтар мен миллиондарға басымды сұқпадым. Қарапайым сыпыртқы, канцеляриялық бұйымдардың тендеріне қатысып, айтарлықтай табыс таптым. Шын мәнісінде, үйде ноутбуктың алдында отырып-ақ тендер арқылы қомақты табыс табуға болады. Тек адамдардың өздері оқып, ізденгісі келмейді», – дейді Катя.
Ал, қоян шаруашылығына кәсіпкер кездейсоқ келді. Декреттік демалысқа шыққаннан кейін әйелдердің дене бітімінің өзгеруі табиғи құбылыс қой. Катя да үшінші баласына декреттік демалысқа шыққаннан кейін бұрынғы қалыбын біразға дейін қалпына келтіре алмай әбігерге түседі. Сөйтіп жүргенінде Ресейдегі туыстарына жолы түсіп, көрші елге сапарлайды. Ондағы жақын-жуығы тек қоян етімен тамақтанады екен. Әсілі, қоян етінің тек диеталық тағам емес, емдік қасиеті де жоғары екендігін біліп, Катя да осы еттің диетасына отырады. Содан бір айда 25 келі салмақ тастайды. Елге қайтарда өзімен бірге бір жұп қоян ала келеді. Бірақ, ол кезде кәсіп бастау ойына да кіріп шықпайды. Шаңырағына әкеліп, есігінің алдына 6 тор қойып, асырай бастайды. Жарты жылдан кейін екі бас қоян көбейе бастайды да, олардың көжектері қолдан қолға тимей сатылып кетеді. Ташкенттен келген тұтынушылар барлығын бірден қымбат бағаға сатып алады. Осылайша, 200 мың теңгеден басталған хобби бизнеске айналып кетті. Ол 200 мыңның 80 мыңына жануарды ұстайтын тор, қалғанына жем алған-ды.
ҚАЗАҚСТАННЫҢ АГРОСЕКТОРЫНДА ЕЛЕУСІЗ ҚАЛҒАН САЛА
Әлемде қоян өсірудің тарихы б.з.д. ІІІ ғасырдан басталады. Франция, Италия, АҚШ және Ұлыбритания, Эстония, Венгрия, Польша, Болгарияда жақсы дамыған. Қоян етінің өнеркәсібі Аргентина, Бразилия, Индонезия, Нигерия, Гана, т.б. елдерде өркендеген. Қазақстанда қоян шаруашылығы кенжелеп тұр дедік. Еліміз бойынша қоян өсірушілер 5000-дай ғана. Шетелден әуе тасымалы, кеме, жеңіл көлік және жүк көлігімен әкелетіндердің саны 500-дей. Бұлар әкелгенде де асылтұқымды қымбат түрін алып келеді. Ал, Шымкентте асыл тұқымды қоян шаруашылығымен айналысатын үш адам бар. Ұсақ шаруашылықтар – 20-ның айналасында. Оның бәрі жергілікті үй жағдайында айналысып, етін сатады.
Шындығында, қоян шаруашылығына тиісті көңіл бөлінбей келеді. Кеңес Одағының кезінде бұл ауқымы өте кең сала болған деседі. Соғыстан кейінгі кезеңде 150-ге жуық ферма Ресейге тасымалдаса, дәл қазіргі кезеңде өндірістік өнеркәсіптік ферма деген атымен жоқ. Әлгі есігінің алдынан тәлімбақ ашып, етін сататындардың біреуі 100 келі, енді бірі 50 келі ет ұсынуы мүмкін. Бірақ, бірде-бірі 200 келіден артық ұсына алмайды. Осының салдарынан қазір бизнесте бұл сала бос тұр. Бұл саланың тұралап тұрғаны соншалық, алдағы 10-15 жылда бәсекелестік мүлде жойылуы мүмкін.
Бізде қоян етінің бағасы – 2 000 теңге. Базарларда сатылады, бірақ, өте аз мөлшерде болғандықтан тез өтіп кетеді. Ал, шетелде бұл сала жақсы дамыған. Қоян шаруашылығы өндірісін кең көлемде қолға алған шетелдік магнаттар ауқымды көлемде өзге елдерге экспорттауда. Ресей 30 пайызын өзі өндірсе, қалғанын Франция мен Қытайдан алады. Егер біз де өз елімізде өндірсек, Ресейге де тасымалдаушы едік. Оларға, әрине, алыс шетелден гөрі, көршісінен сатып алған тиімді емес пе?! Оған әлеуетіміз әбден жетеді. Жем-шөп өсіретін жер жетеді. Мал шаруашылығының дамуына климаты қолайлы, күн сәулесі молынан түседі.
ҚОЯН ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУҒА НЕ КЕДЕРГІ?
Аталған салаға қызығушылар бар болса, қоян шаруашылығының бағыты сан салалы. Асыл тұқымды, етті, етті-терілі деген сияқты түрлері бар. Елімізде қоянның терісінен өнім шығаратын, балалар киімін тігетін, жүнінен жоғарғы үлгідегі балалар ойыншығын, үй тәпішкесін, жүн шұлық, киім-кешек, аяқ киім тігіп шығаратын цехтар жоқ. Бір жақсысы, бұл жануардың жүні аллергия тудырмайды.
Ет өңдеу саласы да кенжелеп тұр. Сауда орындарында қоянның етін мүлде кездестірмейсіз. Етінен тұшпара, шұжық, котлет, жартылай дайын өнімдер, балалар тағамын өндіруге болады. Біз кәнігі кәсіпкерден аталған жануардың пайдалы тұстарын, етінің қаншалықты сіңімділігін сұрап білдік. Сөйтсек, қоянның бауыры – жеңсік ас екен. Себебі, оның еті – диеталық, гипоаллергенді, қант диабетімен, асқазан, жүрек ауруларымен, тағам аллергиясына шалдыққандарға, ішек құрылысы мен өт жолдары ауыратын науқастарға таптырмас тағам, сіңімділігі жағынан бірінші орында. Еуропада балаларды үш жасқа дейін тек қоян етімен тамақтандырады. Қоян етінде холестерин мүлдем жоқ. Есесіне ақуызға, витамин мен минералға бай. Әрі иммунитетті көтеретін қасиеті бар екендігін білдік. Осыдан он жыл бұрын күркетауық етін тұтынбақ түгілі ешкім естіп-білмеген де еді. Сол сияқты қоянның да бағаланатын кезі келгендей.
Тіпті бар ғой, қоянның жемі де біздің елімізде өндірілмейді екен. Катялар көбіне Ресейден алдыратын көрінеді. Алматыда жем шығаратын бір кәсіпкер бар екен. Бірақ, оныкі де анау айтқан сапалы өнім емес. Бізде зауыттар шығаруын шығарады-ау, бірақ, сапасы төмен.
«Қазақстандық кәсіпкерлердің жем-шөбімен қояндар көпке бармайды. Олар ешқандай гормондық, химиялық препараттар қабылдамайды. Ондайларды беретін болсаңыз, мертігеді. Бұл зертханада зерттелген. Иммунитеті өте әлсіз, асқазаны нәзік болғандықтан, тек табиғи жеңіл тағамдар жейді. Тек рұқсат етілген екпелерді ғана егуге болады», – деп қалды Катя Макарова бір сөзінде. Сапасы жайлы айтқаны ғой.
Міне, нарықтағы бос тауаша. Кәсіпкерлік үшін қояндардың жем-шөп қоры мүлде бос кеңістік. Олардың көңінен қарашірік өндіруге болады. Мәселен, бізде қазір жылыжай деген баршылық. Қоянның қалдықтары топырақ қарашірігіне таптырмас нәрсе. Өйткені, олар таза жем жейді. Қысқасы, етінен бастап қалдығына дейін пайдалы. Қала берді қоянға жем салатын астау, науа, торға дейін шығарып саудаға қоюға болады.
Бізде жер де көп, шөп те жетерлік, қоянның еті – халал таза ет болса да, дамымай отыр. Қазіргі таңда барлығымыз да дұрыс тамақтануға келіп жатырмыз ғой. Қоян еті соған апарар төте жол. Осыдан 30 жыл бұрын елімізге банан әкелінгенде бәріміз тосырқай қарап, кейіннен ауыз тигізген едік. Бұл – бизнестің жаңа саласы. Шағын және ірі бизнес өкілдері үшін де жаңа бағыт.
Қай салада да бәсеке алдыңғы орынға шыққан заманда өзіңді дәлелдеп, ең жақсы, сапалы тауар ұсыну оңай емес. Стартап жасаушыларға қиындық тудыратыны содан. Оларға оңайға соғатын, оң жамбасынан келетін сала қажет. Қазір мемлекет өз ісін ашып, кәсіп бастағысы келетіндерге 505 мың теңге қайтарымсыз несие, оның үстінде 19 273 теңге шәкіртақысын қосып беріп жатыр ғой. Қоян шаруашылығын бастау үшін 500 мың әбден жеткілікті екенін айтады кейіпкеріміз. Мысалы, Катя нәзікжанды болса да, 150 қоянын жеке өзі асырай алады. Яғни, ол үшін аса көп күш пен қаржы талап етілмейді.
ҚОЯН ӨСІРУ ҚИЫН БА, ОҢАЙ МА?
«Менің қояндарым – асылтұқымды, әрқайсысының ресми жеке құжаты бар. Етінің тез пісетінімен, тері, жүнінің ерекшелігімен айрықшаланатын түрлерін әкеліп, өсіріп, көбейтемін. Шетелден 400-500 еуроға, алып келуімен, құжат рәсімдеуімен 250 мың теңгеге түседі. Ұшақта жүкке де қосымша қаржы төлейсің. Жалғыз басын әкелудің маңызы жоқ, олар көбеюі үшін жұбымен жеткізу қажет. Яғни, бір жұбына жарты миллион қаржы жұмсалады. Әлемде қоянның 200-ге жуық түрі өсірілсе, бізде 40-қа жуық түрі ғана бар. Кеңес кезінде 60 түрі болған. Олардың әрбірінің өзіндік қасиеті бар. Жүнінің түсі, терісі, етінің сапасы, арық малдың және қоңды малдың еті, татымды, жұмсақ боп кете береді. Мендегі бір көжектің бағасы – 15 мың теңге. Қояндарға жақсы қарасаң, олар жылдам көбейеді. Үш айда төл береді. Алты ай, сегіз айда көбейетіндері де бар. Әрине, жиі ауыратындары да кездеседі. Өйткені, бұл жануар кез келген нәрсені жей бермейді, сондықтан да ағзасы әлсіз, еті таза. Жемі дұрыс, суы таза болуы керек. Бір қоян 4-5 айда ет береді. Жылына 25-50 көжекке дейін беретіндері бар. Егер дұрыс тамақтандырып, таза ұстасаңыз, олар 2-3 жыл өмір сүріп, тұқым береді. Асылтұқымды қоян түрлері жылына 3-4 рет, 8 бастан төлдейді. Егер мемлекет тарапынан қолдау болып, жер берілсе, ферма салып, асылтұқымдылардың тәлімбағын салар едім. Бұл – менің арманым. Бұл салада жалғыз болғым келмейді. Қоян өсірушілердің саны көбейсе деп тілеймін», – деп ол жеке кәсібінің қыр-сырымен бөлісті.
Катяның бір күндік жұмыс кестесі өте оңай. Таңертең және кешке екі мезгіл түйіршіктелген толық рационды құрамажеммен тамақтандырады. Аптасына бір рет астын тазалайды. Оның тәлімбағындағы қояндардың табанынан күтімінің қаншалықты жақсы екенін бағамдадық. Бәрі әппақ, тап-таза.
Біз Катяны «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының кезекті форумында кездестірген болатынбыз. Еті тірі кәсіпкер сол кезде залға жиналғандарды өзінің ерекше дарындылығымен, шешендігімен баурап алған еді. Сол кезде оның шеберлік сабағына 30 адам қызығушылық танытып, жазылыпты. Шымкентте «Алтын қоян» атты қоян өсірушілер ұйымына төрағалық ететін Катя бұл салада көптеген ілкімді істердің бастамашысы болып жүр. Өткен жылдың күзінде Цирк ғимаратының қабырғасында Қазақстанда тұңғыш рет асылтұқымды қоян шаруашылығының халықаралық және ТМД елдері арасындағы көрмесін өткізді. Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Өзбекстан, Қазақстанның барлық облысынан қатысушылар келді. Словакиядан Петр Станко деген кәсіби сарапшы келіп, 200-дей қоянға төрелік етті.
«Біздің елімізде бірде-бір рет көрме болмаған. Тұйықталған орта. Кемі бір көрме өтпейінше шетелдік көрмелерге қатысуға өтініш бере алмаймыз. Сол үшін де көрме ұйымдастырдық. Қазақстанда қоян шаруашылығының бар екенін, еліміздің атынан шетелдерге шығуға болатынын дәлелдегіміз келді. Бізде көрмеге 200 қоян қойылса, Германияда жылына екі рет 12 мың қоянға өткізіледі. Ауқымын бағамдай беріңіз. Олар бұл саламен тыңғылықты айналысады», – дейді кәнігі маман.
«Шындығына келгенде, біздің елімізде жұмыссыздық деген жоқ. Жалқау адамдар бар», – деді Катя Макарова. Осы мақаладан кейін қоян шаруашылығына қызыққандар бар болса, Катяның төңірегіне топтасса болады. Тіпті, әлгі ұйымда балаларға арналған қоян өсірушілер үйірмесі де бар.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Он үш стартаптан кейін осындай биікке ұмтылу… Не деген жанкештілік десеңізші. Негізі ол қоян өсіруден бағы жанбаса да, басқа саланы қыз-қыз қайнататын қайратты, ерік-жігері мықты қыз. Есігінің алдындағы тәлімбаққа барғанда жануарларының иісінен сәл-пәл мұрнымызды шүйіріп қалдық. Ол болса, «бізге иісі сезілмейді» деді. Қанша дегенмен, жануардың аты жануар ғой. Бірақ, кәсібін құлай сүйген келіншекке ешнәрсе де кедергі бола алмайтын сияқты. «Мал өсірсең, қоян өсір, пайдасы оның көл-көсір» деп ойымызды қорытындылағымыз келеді.
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ, шолушы