Ерлікпен қаза тапқан Халық қаһарманы

0
4453

Ел тыныштығы үшін бүкіл ғұмырын ат үстінде өткізіп, тақымындағы тер кеппеген, талай найза мен қылыш сындырған, теңдік пен бақыт үшін күресіп, әділ билеуші, қайырымды қолдаушыны армандаған аталарымызды әр уақытта келер ұрпақтың келбеті толғандырған. Олар ата жұрты үшін жан беріп, жан алысып, талай боздағынан айырылды, талай тозақты көрді. Елінің атын, жерінің даңқын шығаратын тұлғаларды ардақтап, «Адал ұл ер болып туса – ел тірегі» дегенді үнемі айтып отырған.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ғазиз Байтасовтың отбасымен бірге. Тараз. 3 маусым. 2019 жыл.

Ерлік пен өрліктің хас үлгісін көрсеткен батырларды мадақтау, олардың алдында бас иіп, құрмет көрсету – бүгінгі ұрпақтың да бұлжымас парызы. Бүгінгі тыныш өміріміз, тәуелсіздігіміз осындай батырлық пен ерліктің белгісіндей болған батырлардың ерен еңбегі деп білеміз, бейбіт күннің әр сәтін бағалау қажеттілігін бәріміз сезінуіміз керек.
Бұл күндері қазақстандық полиция қызметтік міндеттерін атқару барысында 700-дей қызметкерінен айырылды. Қылмысқа қарсы күресте және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде жан тәсілім еткен полиция қызметкерлерінің есімдері мәңгілік жадымызда сақталады.
Соның ішінде, 2011 жылдың қарашасында қандықол лаңкесті тоқтату барысында қаза болған, халқының тыныштығы үшін басын бәйгеге тіккен жерлесіміз, Қазақстан Респуб-ликасында «Халық қаһарманы» атағына ие болған бірегей полицей Ғазиз Байтасовтың да ерлігі тарихқа алтын әріппен жазылды. «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран» екендігін тағы да дәлелдеген батыр әріптесіміздің жанқиярлығы талай жүректерге от тастап, намыс найзағайын ойнататыны шындық.
Шын батыр сын үстінде танылады. Батылдық, отансүйгіштік, ұстамдылық, табандылық, қайсарлық – нағыз батырлардың қасиеті. Өлім қаупі төнсе де, рухын жоғары ұстап, басына төнген қауіптен жалтармай, қоғамдық мәнді мақсаттарды негізгі борышым деп есептеген Ғазиз Байтасов басшылық тарапынан 25 рет марапатқа ие болып, қалтқысыз қызметі үшін медальдармен марапатталды. Елін сүйген ер есімі – мәңгілік ел есінде.
Аз ғана ғұмырында асқан ерлігімен Отанға, туған жерге деген сүйіспеншіліктің биік өлшемін көрсеткен қаһарман жерлесіміздің ерлігі өскелең ұрпаққа үлгі екені даусыз. Жылдар өткен сайын батырдың бейнесі ұлғая түседі. Қаза болған 8 жыл ішінде Ғазиз Байтасовтың есімі кең байтақ елімізге аңыз болды, ерліктің, өрліктің белгісі болып тарихқа енді. Ерлігімен қазақстандық полицейлердің абыройын ас-қақтатып, тыныштық сақшыларына халық сенімін ұялатты.
«Болат қайнауда шынығады, батыр майданда шынығады» демекші, ел абыройын бұлқынған намыс пен жұлқынған жігермен ақтық демі қалғанша қорғаған Ғазиз Байтасовтай қаһарманның бейнесі жадымызда жаңғырып, оның бойындағы отаншылдық сезім қазіргі сапта тұрған жамбылдық полицейлерге қолдау көрсетіп тұрғандай.
Бұл күндері жалпы тәртіпті, әділдікті, қоғамның тыныштық күзетінде қызмет етіп, жабырқаған жандарға медет болған, қиналғандарға қорған болған сақшылардың еңбегі зор.
Заңның жүзеге асуын, қылмыстының құрықталып, жазаға тартылуын қамтамасыз ететін құқық қорғау органдарының қызмет-керлеріне артылатын жауапкершілік жүгі ауыр.
Қарапайым адам полиция қызметкері бола алмайды. Бейбіт өмірдің тыныштығын бұзған лаңкестерді құрықтау барысында арыстай азаматтарымыз көз жұмды. Олар бұл қызметке арыстандай айбатты азаматтар ғана келетінін дәлелдеп кетті. Нәтижесінде сап түзеген полицейлерге деген сенім арта түсті.
Ішкі және сыртқы тұрақтылығымыз нығаймаса, әлсіреген жоқ. Осы жолда біліміміз бен білігімізді, қайратымыз бен қабілетімізді, қажет болса қанымыз бен жанымызды аямай жұмсаймыз.
Елімізде бейбітшілік болсын, ел ішіндегі бірлік пен ұйыған татулықтың баяндылығын мақсат тұтқан айбынды азаматтарымыз аман болсын.
Қыран қанатын құлаштаған көк байрағымыз желбіреп, тұғырымыз биіктеп, мәртебеміз марқая берсін!

Гүлвира Сатыбалдиева,
Жамбыл облыстық
Ішкі істер департаментінің
іс жүргізуші инспекторы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here