«Қара ойдың» вирусы қоғамның үрейiн алып тұр

0
3652

Киiктiң жаппай төлдейтін мезгiлiнде, апақ-сапақта әлi бүйiрi бұлтиып үлгермеген жас өскiн мойнына қыл арқан салды. Соңында әлi ит көйлегiн жаңалап үлгермеген сәбиi қалды. Көжесi қою нәпiл азаматтың осындай имансыз әрекетке не себептен барғанын жиналған халық бiле алмады. Бiрде бұйығы қалып, кейде тұйғын болып қалатын оның мiнез-құлқында бiр ауытқушылықтың салқыны барын бiреу байқаса, бiреуi байқамайтын. Алланың алдына шақырусыз барудың ерiксiз әрекетiне шариғат амалдары қарсылық бiлдiрсе де, сүйегiн ардақтайтын ел мәйiттi өз жөнiмен ақтық сапарға шығарып салды. Әруақтың түнемелiгiнiң үшiншi күнi таң шапағы шаңға асылып тұрған шақта екi ондықты ендi ғана бағындырған бозбала алғашқысының жолын қайталады. Бұл не болып барады?..

Бесқонақтың соңғы күнiнде ауылдағы елдi әбiгерге түсiрген бұл үшiншi оқиға болатын. Бәрiнiң де ажалы өздiгiнен болды. Соңғы кезде   қоғамда өзiне-өзi қол салушылар саны артып барады. Iндет пе, әлде табиғаттың тосыннан келген соққысы ма? Ғалымдар қанша зерттесе де, оның құпиясына әлi жетер емес.

Атом бомбасын ойлап шығаруға ақыл-ой парасаты жеткен қоғамның, адамдардың өз аяғымен барып дарға асылып өлуiн, өзiне-өзi суық қару жұмсау арқылы жан тапсыру оқиғаларының түпкi мәнiн ашуға ақылы жетпей отыр. Философ Николай Бердяев өзiнiң «Өзiн-өзi өлтiру» туралы психологиялық этюдiнде: «Өзiн-өзi өлтiруге шешiм қабылдаған адамға түсiнбеушiлiк көзқараспен қарау керек. Оны түсiну үшiн ең алдымен сол адамның iшкi сезiмiне шынайы түрде мән берiп ұғына бiлу қажет», – деуi  көңiл жұбатар дәт емес. Ал, Фёдор Достоевский: «Өзiн-өзi өлтiру дегенiмiз – қашан да құпия, тылсым дүние. Әйтсе де, оны орындау үлкен ерлiктi қажет етедi», – деуi де бiзге арналмаған.

Жалпы, өзiне-өзi қол жұмсау оқиғасы жалғыз аурушаң, дiмкәстердi ғана емес, денсаулығы мықты, төрт құбыласы сай, үзеңгi бауы он қабат әл-ауқаты кемел жандарды да шарпып отыр. Әйтпесе, өмiрден баз кешiп, өзiне-өзi қол жұмсағандар қатарында Александр Радищевтi, Алексей Толстойды, Александр Фадеевтi, Стефан Цвейгты, Марина Цветаеваны, Сергей Есениндi, Джек Лондонды, Пётр Чайковскийдi, Эрнест Хемингуэйдi, Рюноскэ Акутагаваны, Всеволод Гаршиндi қалайша қарны ашып, қадiрi қашқандар қатарына жатқызамыз? Қалай десек те, бүгiнгi күнi қоғамды «қара ойдың» вирусы тамырлап, жайлап барады.

Өзiне-өзi қол салуға адам бойындағы қызуқандылық мiнез, түйсiк, ақыл, ой және дүниетанымдық қасиеттер итермелеп тұрады екен. Психологтар суицид құрбандарының басым көпшiлiгiнiң сангвиниктер құрайтынын зерттептi. Әлем бойынша соңғы жарты ғасырда өзiне-өзi қол салушылар алпыс пайызға өскен. Ал, әлем бойынша 121 млн адам жүйкесi жұқарғандар ретiнде есепке алынған.

Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымының форумында депрессиялық   сырқатпен ауыратындар жүрек дертiмен ауыратындардан кейiнгi екiншi  орынды алатындығы айтылады. Осы ұйымның президентi Вольфганг Гебель «жан дертi, соның iшiнде депрессия мен әртүрлi фобиялар жаңа  ғасырдағы адамзат қоғамының үлкен қасiретiне айналғанын» айтады. Бiр алаңдатарлығы, бұл дерт жас талғамай, тіпті  жасарып барады. Әлем бойынша 18 бен 25 жас аралығындағы жастардың 80 пайызының өлiм   туралы көп ойлайтындығын зерттеу амалдары көрсетiп тұр. Бүгiнгi таңда әлемде әрбiр 20 секунд сайын  бiр адам өледi екен. Ал, екi минут сайын әрбiр адам өмiрмен қоштасуға бейiмдiлiк танытып тұратын көрiнедi.

Бiздiң елiмiзде де кәмелеттiк жасқа толмаған балалар мен жасөспiрiмдердiң арасында өз-өзiне қол салу арқылы өмiрмен қоштасу фактiлерi адам шошырлық. Бірақ, біз оны көп айта бермейміз. Мысалы, Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымының 2019 жылға арналған дерегі бойынша, Қазақстан 100 мың адамға шаққанда өз-өзіне қол салушылар саны бойынша әлемде сегізінші орында екен. Алдымызда Гренландия, Гайана, Лесото, Ресей, Литва, Суринам және Кот-д’Ивуар тұр. Көршілерден Қырғызстан 93-ші, Қытай 104-ші, Өзбекстан 114-ші, Түркіменстан 119-шы орынға жайғасқан. Демек, бұдан солтүстіктегі Ресейден басқа көршілерімізде жағдайдың қалыпты екенін байқауға болады.

Былтыр Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты жүргізген зерттеуге сәйкес, өзіне-өзі қол жұмсау туралы ой әрбір төртінші жас бозбаланы мазалайды екен. Осы реттегі ең қолайсыз аймақтар – Алматы қаласы, Алматы, Қарағанды, Түркістан облыстары болып отыр. 

Әсіресе, елiмiзде кәмелетке толмағандар арасында суицид өршіп тұр. Мысалы, Мәжіліс депутаты Динара Закиева таратқан мәліметке сенсек, 2020 жылы 143 жеткіншек өз өмірін қиған екен. Балалар  суицидіне жүргізілген  талдау да осыны  көрсетеді. Олардың еліміздегі орташа жасы 15 пен 17 жас аралығын қамтыған. Екінші қауіпті топ – 25-29 жас аралығындағы жастар. Бұл жасөспiрiмдер мен жастардың жүйке жүйесi бiр қалыпты тұрақтанбаған кезеңiн көрсетедi. Мұндай әрекеттер жыл сайын өршiп және жасарып барады. Статистикаға  сенсек,  жастар  арасында  суицид  жағдайларының  90 пайыздан астамы мектеп пен отбасында болады екен.

Зерттеу амалдары көрсеткенiндей, өзiне-өзi қол салушылар мұндай әрекеттерге өздерiнiң бұзақылық жасауынан, қылмыстық жауапкершiлiктен үрейленуiнен, ата-аналарынан қорқуынан бой алдыратыны анықталып отыр. Бұлардың бәрi анықталғаны. Алайда, елiмiзде бұл iстi нақты есепке алып, оған сараптама жасап, мәселенiң түпкi тамырына үңiлiп отырған арнайы мекеме де жоқ болып келедi. Сондықтан оқиғаның алдын-алу шаралары жүргiзiлмей, оның жолын кесу бос әурешiлiк едi.

Жергiлiктi жерлерде де жағдай әртектi. Олардың жас ерекшелiктерi де әртүрлi. Әлi он екiде бiр гүлi ашылмаған алтыншы сынып оқушысының  белтемiрге асылып ажал құшуы жан түршiктiредi. Өткен бір жылдары Қарағанды облысында өз-өзiне қол жұмсау фактiсi 140-тан асып жығылған. Павлодар облысында да өзiне-өзi қол жұмсап, өмiрмен қош айтысушылардың саны артып отыр. Бiр отбасынан үш бiрдей адамның өз өмiрлерiмен қоштасуын қалай түсiнемiз?!

Биылғы жыл басы да қайғылы оқиғалармен басталды. Кiбiсе жылдың күйбеңi Алматы облысында екi күнде бес бiрдей азаматтың басына түстi. Қаза болғандардың бесеуi де өзi-өздерiне қол жұмсаған. Оның үшеуi тағдырдың тәлкегiне шыдамай, өз үйiнiң табалдырығында асылып өлсе,  бiреуi аңшы мылтығымен атылып өлген. Ал, ендi бiрi сүйген қызымен келiспей қалып, өз-өзiне суық қару кезеген. Жастар арасында махаббат дертiне шалдыққандар ашуын «өлiмнен» ғана iздеуі әдетке айналды. Ана бір жылы ақпан айында Қарағанды қаласында Тәттiмбет атындағы ұлт аспаптар оркестрiнiң 36 жастағы әртiсiнiң дарға асылып қалуы қоғамда үлкен шу туғызды. Өмiр тауқыметiнен өз еркiмен кетуiне өнер адамының аз жалақы алуы (30 мың теңге), отбасын асырай алмауы себеп болыпты. Мұндай дереккөздерiн тiзе берсек, көптеп саналады. Ал, психологтар мұның астарын «адамдардың жүйке жүйесiнiң әлсiздiгi мен жанның тоқырауынан ғана iздеп қоймай, белгiлi бiр шаралар қолданып, халықтың санасына онсыз да шектеулi ғұмырды өз еркiмен қиюға болмайтынын түсiндiру керектігімен» түсіндіреді.

Осы келеңсіз оқиғаларды болдырмау мақсатында елімізде алғаш рет «Қазақстан жастары арасында суицидтің алдын алу бойынша профилактикалық іс-шаралардың сапасын бағалау атласы» мен «Жас адамның әлеуметтік-психологиялық әл-ауқат индексін» әзірлеу жұмыстары қолға алынып отыр.   

Қоғамды алаңдатып отырған көкейкесті мәселеге психологтардың, әлеуметтанушылардың, психиатрлардың назар аударып отырғаны тегіннен тегін болмаса керек. Демек, жағдай көңіл көншітерлік емес. 

Бүгінгі таңда ұрыс-керістің ХХІ ғасырға тән «тәсілі» пайда болды.  Оған қара күштен де асып түсетін «әлеуметтік желі» деген адам жанын жаралайтын «қарудың» ықпалы зор болып отыр. Желіден желдей есіп, адам жанын жегідей жейтін негізсіз жалалар мен ғайбат сөздер адамдар арасындағы мейірімділік, қайырымдылық, бауырмалдық іспетті құндылықтардың тәрбие бастауын быт-шыт етуде.

Қазір адам санасын басқарудың немесе адамзатты рухани аздырудың түрлі жолдары жұмыс процесіне айналып отыр. Ғаламтор, әлеуметтік желілер, телефонға тәуелділік адамзат санасын шырмап алған. Бұл нені көрсетеді? Осы жолдарды зерттеген шотландиялық ғалым Аяд Рахван  желіге тәуелді болған адамды «әлеуметтік мүгедек» деп атапты. Бұрнағы жылдары әлеуметтік желіде «Көк кит» деген сойқан шығып, қоғамның  зәресін алды.

Бiздiң ең үлкен әлсiздiгiмiз – ұрпақ тәрбиесi. Жалпы бiлiм беретiн оқу орындарында тәрбие туралы сөз айтылмайды. Ал, «Тәрбиесiз берiлген бiлiм – адамзаттың қас жауы» (әл-Фараби). Сондықтан елiмiзде бастауыш мектептен бастап, жоғары оқу орындарында тәрбие сабағын енгiзу аса қажеттiлiкке сұранып тұр. Ұлттық құндылығымызға айналған «Кабуснамада» айтылған  тәрбие бастауын жапондардан үйренгендей боламыз. Сол үлгi алатын Жапон елiнiң өзiнде жыл сайын 32 мың адам өзiне-өзi қол жұмсайтынын бiрiмiз бiлсек, екiншiмiз бiлмеймiз. Қазiр дауасыз дерт Жапонияны да жаулап барады. Осыған алаңдаған Жапон үкiметi «Суицидке қарсы күресудiң 9 жоспары» деген бағдарлама қабылдап отыр. Экономикасы тұрақты, iшiп-жемi мол жапондарға не жоқ дерсiң! Мәселе, кейде шамадан тыс семiздiктi де көтере алмайтынымыздан шығып жатады. Жапон халқын алаңдатып отырған тағы бiр проблема – ол жастардың дер кезiнде отау құруға  пейiлсiздiгi. Жастардың үй болуға ықылассыздығы әйелдер мен еркектердiң өздерiн-өздерi асырауға теңдей қабiлеттiлiгi, яғни гендерлік саясаттың кері әсері болып отыр. Бүгiнгi жапон қыздары күйеусiз де өздерiн-өздерi қамтамасыз ету әрекеттерi қоғамды үлкен әбiгерге салып отырған көрiнедi. Соңғы кезде жапон жiгiттерi өздерiнен көп төмен Филиппин, Шри-Ланка елдерiнен қалыңдық iздеуге құмарлық танытуда. Жоғарыдағы  жапондардың өлiмiне отбасындағы бiр-бiрiне сенiмсiздiк, бағынбаушылық көрiнiстерi әсер еткен. Мұндай оқиға Америка қоғамын да шайқалтқан кездерi болған.

Өткен ғасырдың 60-70 жылдары экономикалық, әлеуметтiк мәселелердi дұрыс шеше бiлген АҚШ халқын жеңiл сайран салумен өмiр сүру дағдысы әбден жалықтырып, соңы ауыр дағдарысқа апарып, нәтижесiнде әрбiр сегiзiншi үйде бiр адам асылып, не у iшiп өлу оқиғалары жаппай етек алған болатын. Бұл не жетiмсiздiктiң салдары ма? Әрине, жоқ! Демек, бұл жерде қоғамның психологиясын сауықтыру қажет болып тұр. «Егер адам өмiрдiң мәнiне не құндылығына көңiл аудара бастаса, бұл оның ауру екенiн көрсетедi» деген  атақты психолог Зигмунд Фрейдтiң сөзiне құлақ түруге болады. Бүгiнгi адамдардың ерте ме, кеш пе, өзi үшiн мынау менiң өмiрiм деген тарихты ойлап табуға әуестiгi жоғарыдағы ойды алдымызға шығарып отыр. 

«Бiз жылап туамыз, шағымданып жүрiп өмiр сүремiз, түңiлiп өлемiз» деген Фуллер сөзi осындайда керек-ақ. Әйтсе де, «адам өмiрiнiң ырғағы – жын-ойнақпен алмасып отыратын кертартпалық» деген Хаккели сөзi бүгiнгi әңгiмемiздiң диагнозына айналып отырған сияқты.

Өмiр – тәуекел. Қауiптi жағдайларға тап болғанда ғана бiздiң жетiспеуiмiз жалғасады. Алайда, адам Аллаһ берген жанын өз қолымен қиюы арқылы жердегi тiршiлiктен өмiрiн үзгiсi келедi. Неге?! Маңдайына өмiрдiң ауыр шоқпары тимесе де, басына қараспанды тiреп қойып батпандай қайғыға батып жүретіндер бар. Iшкi әлемiне үңiлсек, өмiрден түңiлiп жүргенiн айтады. Бұл үлкен-кiшi бәрiмiздiң де бойымызды тұмшалап алған. Әрине, қиындықты да жоққа шығармасымыз анық. Кілең түңілу!  

Қазiр қолына қалам ұстаған жас ақын-жазушылардың өлеңдерiне үңiлсек, өлiм жайлы өлеңдердi көптеп кездестiресiң. Көпшiлiгiнде  пессимистiк сарын басым. «Неғұрлым көп өмiр сүрген сайын, Күн  жүйесiнде Жер жындыхана рөлiн ойнайды деген ойға көбiрек ауыса беремiн» деген Бернард Шоу ықпалындағы адасу тұңғиындағы түңiлiс.

Рас, бiз көп оқимыз, көп iзденемiз. Бiрақ, «әрбiр кiтап – өз өмiрiңнен ұрлау. Неғұрлым көп оқыған сайын, солғұрлым қолынан аз iс келедi, солғұрлым аз өмiр сүргiң келедi» деген ақын Цветаеваның жетегiнде  кетпегенiмiз абзал.

Осындайда Мысыр жазушысы Нагиб Махфуздың Нобель сыйлығын алу салтанатында сөйлеген сөзiн еске түсiрсек болар едi: «Бiз үшiншi дүниенiң балалары, сiздердi, оқымысты қайраткерлерден оның асыл үлгiсiн алуға шақырамыз. Мырзалар! Бүгiнгi дүние бастан кешiрiп жатқан  күйзелiстерге қарамастан, мен оптимист болып қаламын. Мен ешқашанда «Жақсылық – жамандықты тек о дүниеде жеңедi» деп санаған ұлы философ Кантпен келiспеймiн. Жоқ, жақсылық күн сайын жеңiп жатыр. Бiзге солай болып көрiнсе де, зұлымдық игiлiктен әлдеқайда әлсiз. Және соған ұлы дәлел бар. Егер жақсылық жеңгенде адам жаратылыстың жабайы ауруларға, қорқыныш пен өзiмшiлдiкке қарсы тұра алмас едi. Артық айтсам, егер  жақсылықтың мерейi үстем шықпаса, адамзат өркендеуге қабiлеттi бола алмас едi, ұлт болып ұйыса, техниканың барлық жаңа кереметтерiн ойлап таба алмас едi, адам құқығын жариялай алмас едi. Рас, зұлымдық тiкенек тәрiздi әрi жария келедi, ал адам баласына өзiнiң қуаныш-шаттықтарына қарағанда бақытсыздықтары мен қырсықтары туралы көбiрек есiнде сақтап қалушылық тән. Бiздiң ұлы ақынымыз Әбул-Әлi дұрыс айтқан: «Ажал сағатындағы қайғы туған сәттегi қуаныштан әлденеше мәрте күштiрек».

Мiне, Нобель сыйлығы иегерiнiң сөзi. Бiздiң үлкен сыйлығымыз –  Мемлекеттiк сыйлық. Оның иегерлерi де осы мазмұнда соңында ақылға қонымды сөз қалдырса, қане! Бізде де Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері  бар. Солардың топ-тобымен сыйлық алуын білсек те, осынау мәртебелі сәтте  сөйлеген сөздерін есітіп көрмеппіз! Өкінішті-ақ!..

Қоғамның iшкi ережелерiне көндiкпей, оның амалдарына қарсы күресуге дәрменсiз кейiп танытқан жандар қоғамның үрейiн алып тұр. Жан ауруының асқынған түрi саналатын бұл құпия өлiмдi қазақи керемет  пайыммен «қара кiсiнiң» шақыруымен болған деседi. Бұл, әрине, өзiмiздi-өзiмiз алдау ғана. Осы мақаланы дайындау үстiнде жан түршiгерлiк тағы бiр оқиға орын алды. 21 мамыр күні Жамбыл облысындағы №82796 әскери бөлімінің мерзімді қызметтегі әскери қызметшісі казарма ғимаратының 4-қабатындағы терезеден секіріп, көз жұмды. Оны өлiмге не итермеледi? Құпия. Ал, суицидтің алдын-алу әзiрге мүмкiн болмай тұр.

Өмірде қандай қиындық көрсе де, Тәңірден күдер үзбей, тәуекелшіл бола білу, жақсылықтан үміт ету – нағыз мұсылмандық қасиет. Сонымыздан  айырмасын деп тілейік!

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here