ҚазҰУ спортшылары қола жүлде алды

0
1704

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев оқу орнының түлегі Елдос Сметов пен медицина факультетінің 1-курс студенті Игорь Сонды Токио Олимпиадасының қола жүлдесімен құттықтады.

Дзюдошы Елдос Бақтыбайұлы ҚазҰУ-дың заң факультетін бітірген. 2016 жылғы Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері. Күншығыс елінде  60 келі салмақта ел намысын қорғап, қола медальға қол жеткізді.

Игорь Сон – қазіргі сәтте денешынықтыру және спорт мамандығы бойынша білім алуда.  Ауыр атлетикадан 61 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсіп, жұлқа көтеруде 131 келіні, серпе көтеруде 163 келіні бағындырды.

Жансейіт Түймебаев өз құттықтауында Олимпиада ойындарының жүлдегерлері қазақ елінің абыройын асқақтатып қана қоймай,  университет ұжымын шексіз мақтаныш пен қуанышқа бөлегенін жеткізді. Сонымен қатар, күншығыс елінде екі күн ішінде қоржынға түскен екі қола кейінгі студент жастар үшін ерен үлгі, патриоттық рух сыйлайтын жарқын сәт екенін атап өтті.

Естеріңізге сала кетсек, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универсиетінің 10-ға жуық түлегі мен білім алушылары Қазақстан ұлттық құрамасында жүзу, дзюдо, еркін күрес, ауыр атлетика, жеңіл атлетика сияқты спорт түрлерінен бақ сынауда.

Барлық спортшыларымыздың елге жеңіспен оралуын тілейміз!

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here