Элина Еникеева: «Жәбірленуші кінәлі емес, зорлаған, ұрған… адам кінәлі!»

0
2647

Қазір жаңа технологияның көмегімен барлығы жылдам жасалады. Ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсарин айтқандай, айшылық алыс жерлерден көзімізді ашып-жұмғанша жылдам хабар алғызатын уақыт. Мысалы, біз шот-фактураларды төлейміз, жалақы (зейнетақы) аламыз, емханаға дәрігердің қабылдауына жазыламыз, ХҚКО-дан анықтама сұраймыз, оқу орындарына түсеміз, жұмысқа орналасамыз, ауруханаға барамыз, ұшақ пен пойыз билеттерін сатып аламыз… Арамызда бұған қол жеткізе алмайтын да адамдар бар. Олардың кім екенін білесіз бе? Бұл құжаттары жоқ адамдар. Төлқұжаты да, азаматтығы да жоқ. «Сана сезім» әйелдер бастамаларының құқықтық орталығының қызметкерлері осындай адамдармен күнделікті қарым-қатынас жасайды, олардың мәселелерін шешуге көмектеседі. Аталған қоғамдық ұйымның заңгері Элина Еникеевамен сұхбат барысында біз тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, еңбек көші-қонына қатысты көптеген сұрақтарға жауап алдық.

– Сіздер коммерциялық емес ұйым ретінде 2001 жылдан, қоғамдық ұйым ретінде 2004 жылдан қоғамдық жұмыстардың бел ортасында келе жатырсыздар. Түрлі ассоциациялар мен коалицияларға мүшесіздер. Осы уақытқа дейін нақты қандай жобалармен айналысып келесіздер?

– «Сана сезім» әйелдер бастамаларының құқықтық орталығы үкіметтік емес ұйым ретінде 2001 жылдан бастап әйелдер мен балалар, жұмысшы-мигранттардың құқықтарын қорғау бойынша жұмыс атқарып келеді. Ұйымның негізгі бағыттары: әйелдер мен балалардың әділеттілікке қол жетімділігі; әйелдер мен балалардың зорлық-зомбылықсыз өмір сүру құқығы; әйелдер мен балалар трафигін тоқтату; еңбек көші-қоны; гендерлік білім.

Ұйымда әділеттілікке қол жеткізу кезінде құқықтары бұзылған әйелдер мен балаларға, адам саудасы мен тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына тегін және құпия психологиялық әрі заң көмегі, сондай-ақ әлеуметтік көмек көрсетіледі, олардың мүдделерін қажет болған жағдайда ұйымның заңгерлері сотта қорғайды. Орталықта тәулік бойы «Жедел желі» жұмыс істейді, онда операторлар кеңес беріп, тиісті маманға бағыттайды. Ұйымға түрлі сипаттағы сұрақтар келіп түседі, олардың өтініштері ұйымның миссиясына байланысты емес мәселелерге қатысты болған жағдайда, «Жедел желі» телефонының операторлары тиісті ұйымға бағыттайды. Шымкент қаласының тұрғындары арасында адам саудасының орын алған тәуекелдері туралы, шетелге шығу кезіндегі қауіпсіздік шаралары туралы, еңбекші-мигранттар көп шоғырланған жерлерде (яғни, Шымкент қаласының базарларында, құрылыстарында, алаңдарында және автовокзалдарында) кең ауқымды ақпараттық науқан өткізілуде. Құқық қорғау органдарының өкілдерімен бірлескен іс-шаралар жүргізілуде. Шымкент қаласының тұрғындары үшін адам саудасына, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл, бала құқықтары, бала еңбегінің ең нашар түрлері, құқығы бұзылған әйелдердің әділеттілікке қол жеткізуі бойынша білім беру тренингтері өткізіліп жатқанын атап өту қажет.

Қазіргі уақытта атқарып жатқан жобаларымызға тоқталсам:

  1. «Қазақстан Республикасының Қызылорда, Жамбыл және Түркістан облыстарында азаматтығы жоқ адамдарға құқықтық көмек көрсету» Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар Ісі Жөніндегі Жоғарғы Комиссарлар Басқармасының қаржылық қолдауымен;
  2. «Азаматтық қоғам ұйымдарының әлеуетін арттыру арқылы адам саудасына бірге қарсы тұру жобасы» АҚШ Мемлекеттік департаментінің қаржылық қолдауымен;
  3. «Орталық Азияда қауіпсіз көші-қон» Winrock International ұйымымен жүзеге асырылып жатқан USAID-тің қаржылық қолдауымен және «Сана Сезім» әйелдер бастамаларының құқықтық орталығы» үкіметтік емес ұйымының серіктестігімен, адам саудасымен күрес және қауіпсіз көші-қонды насихаттау бойынша ынтымақтастық жасайды.

Статистикалық мәліметтерді саралайтын болсақ, адам саудасына арбалғандардың басым бөлігі 21 мен 40 жас аралығындағы әйелдер екен. Олардың көбісі шетелге жұмыс істеймін деп барып, сол жақтың азаматына тұрмысқа шығып, отбасын құрғандар. Сіздерге тікелей желі арқылы көмек сұрағандарға қандай көмек көрсетесіздер?

– Біздің ұйымның «Жедел желі» телефонына жүгінген адам саудасының құрбандарына заң тұрғысынан тегін кеңес айтылады. Қажет болған жағдайда заңгерлер тікелей мәселені шешуге атсалысады.

– Қазақстанда ана мен бала құқығы қалай қорғалады? Оларды тұрмыстық зорлық-зомбылықтан құтқару үшін нендей көмектер көрсетіледі?

– Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық бағзы заманнан бері бар және біздің қоғамда кең таралған, сондықтан кейде ешқашан бітпейтіндей және өзгермейтіндей болып көрінеді. Ол қоғамның барлық салаларын қамтыды, барлық этникалық, мәдени топтарда көрініс тапқан. Отбасылық зорлық-зомбылық проблемасын қазақстандық қоғамның көпконфессиялығы мен көпұлттылығы күрделендіре түседі. Көптеген этнос өкілдерінің арасында бүгінгі күнге дейін отбасылық проблемаларды, ең алдымен отбасылық қатыгездік мәселесін, қоғамдық назардың объектісі немесе ғылыми зерттеу тақырыбы ретінде көру әлі де әдетке айналған жоқ. Қазіргі қазақстандық отбасының «жабықтығы», отбасылық мәселелермен айналысатын мамандардың, оның ішінде әлеуметтік қызметкерлердің отбасындағы проблемаларды анықтауға қолжетімділігінің болмауы, құқық қорғау және медициналық мекемелерден ақпараттың жеткіліксіздігі, заң жүйесіне деген сенімсіздік және басқа да бірқатар себептер – мұның бәрі Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылық пен әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық дәрежесі туралы дұрыс қорытынды жасауға мүмкіндік бермейді.

«Сана сезім» әйелдер бастамаларының құқықтық орталығы» ҚБ бағытының бірі – этникалық қауымдастықтарды қыздар мен әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық пен зиянды әрекеттерге қарсы іс-қимылға тарту. «Сана сезім» әйелдер бастамаларының құқықтық орталығы қазіргі таңдағы және болашақтағы барлық күш-жігерін этникалық азшылықтар арасындағы зорлық-зомбылықты анықтауға және алдын алуға, серіктестермен – құқық қорғау органдары, мемлекеттік мекемелер (Түркістан облысы әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Комиссия, Түркістан облысы прокуратурасы, Түркістан облысы ІІД және т.б.), халықаралық және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, қорғауға және оңалтуға бағыттайды. Бұл бағытта ұйымда дағдарыс жағдайында қалған әйелдер мен балаларға тегін құқықтық, психологиялық-әлеуметтік көмек көрсетіледі, ұлттық мәдени орталықтармен құрылған этникалық топтардың зорлық-зомбылықтың ықтимал құрбандары үшін ерте неке және ерте қаламаған жүктіліктің салдары туралы, әйелдердің құқықтары туралы, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы семинарлар, тренингтер өткізіледі. Өткізілген ақпараттық шаралар этникалық азшылықтар арасында және әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған. Бұл тренингтер қалада тұратын әйелдер үшін де, ауылдық жерлерде тұратын әйелдер мен қыздар үшін де өткізіледі.

Құқық қорғау органдарымен (құқық қорғау органдарының қызметкерлері үшін тренингтер, зорлық-зомбылық құрбандарын анықтау, олардың профилактикасы және оларға көмек көрсету бойынша рейдтік іс-шаралар) және БАҚ өкілдерімен қоғамдағы зорлық-зомбылықтың профилактикасы бойынша өзара іс-қимыл жасау да өте маңызды. Себебі, құқық қорғау органдары мен БАҚ қоғамда зорлық-зомбылықсыз қарым-қатынастарды қалыптастыруда, сондай-ақ қыздар мен әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық пен зиянды әрекеттерге қарсы тұру үшін және этникалық қауымдастықтарды тартуда маңызды рөл атқарады.

– Шымкентте «Сана сезім» әйелдер орталығынан басқа ана мен бала құқығын қорғайтын басқа ұйымдар бар ма?

– Шымкент қаласында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін «Самғау сенім» орталығы бар. Ол тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары үшін тегін баспана ұсынады.

– Біздің қоғамда қандай да сипаттағы зорлық-зомбылықтың құрбаны болған адамның өзін кінәлау тенденциясы барын жасыра алмаймыз. Сіздер осы салада 20 жылдан бері келе жатырсыздар. Шынтуайтында, кім кінәлі? Әйелін өлімші етіп сабаған еркек пе, таяқ жеген әйел ме?

– Мысалы, біз зорлау құрбанын масқарамен стигматизациялауға үйреніп алдық. «Ол өзі кінәлі, ол оған зорлық-зомбылық жасады!  Қысқа белдемше киіп, ашық-шашық киініп көзге түсіп жүрді…» деген сияқты айыптаулармен төпелейміз.

Иә, қит етсе осылай дейтініміз жасырын емес. Мен «жәбірленуші кінәлі емес!» деп мәлімдегім келеді. Яғни, зорлаған адам кінәлі. Ұрған, шабуыл жасаған, тонаған, алдаған адам кінәлі. Көшеде қауіпсіздікті қамтамасыз етпегендер кінәлі.

Әйелін өлімші етіп сабаған күйеуі: «Ол – жаман! Ол өзі жанжал шығарды!» деп әйеліне кінә тағады. Егер өмірлік жұбайы нашар болса, неге бірге өмір сүреді?! Ажырассын, бірақ тиіспесін. Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарымен біздің психологтар бірнеше ай жұмыс істейді. Сонда байқағанымыз, олардың өзін-өзі бағалауы нөлге дейін төмендеген. Олар: «Мен ешкім емеспін, мен нөлмін», – дейді. Бұл ретте біздің көптеген ер адамдар өзінікін ғана дұрыс санайтынына қарның ашады.

Біздің орталық СИДО-ның қазақстандық баяндамасын дайындауға қатысқан. Бұл баяндама БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою комитетіне ұсынылады. Мәселен, 2017 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Дүниежүзілік экономикалық форумның гендерлік алшақтық индексінде 144 елдің ішінде 52-орында тұрды. «Әйелдердің экономикалық қатысуы және мүмкіндіктері» көрсеткіші бойынша – 30-орын, «білім деңгейі» бойынша – 48-орын, «денсаулық индексі» бойынша – 36-орын, «саяси ілгерілеу» бойынша – 93-орын. Бұл, әрине, жаман көрсеткіштер емес, алға ілгерілеу бар, бірақ оған мақтануға әлі ерте. Мен осы көрсеткіштерді есептеудің қыр-сырына үңілмеймін, бір ғана нәрсені айтайын, Қазақстанда орын алған тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері осындай дүниежүзілік көрсеткіштерге  өте қатты әсер етеді.

– Әлі күнге дейін құжатсыз, құқықтық тұрғыда Қазақстан Республикасының азаматы ретінде тіркелмегендер саны азайды ма? Қазақстандықтардың құқықтық һәм психологиялық сауаттылығы артты деп айта аламыз ба?

– Біздің ұйымның тәжірибесінен зардап шеккендер көбінесе өздерін жәбірленуші деп тани бермейді және өздерінің пайдаланылып жатқанын түсінбейді. Біздің ұйым жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ азаматтарға, яғни Кеңес өкіметінің паспортын уақытында әртүрлі себептермен Қазақстан Республикасының жеке куәлігіне айырбастай алмаған азаматтарға құжаттандыру жағынан тегін заңгерлік көмек көрсетеді. 2019 жылдан бастап ҚР ІІМ, ҚР ӘМ және «Сана сезім» ӘБҚО ҚБ, Адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюромен бірлесіп, жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ азаматтарға бірлескен көмек көрсету туралы республикалық акция өткізілуде.

– Еңбек құлдығында болып, әбден зәбір көрген отандастарымыздың оқиғасымен бөліссеңіз. Өзгелер сабақ алсын…

– «Сана сезімнің» ең аты шулы ісі – бұл біздің азаматтар Ресейде еңбек эксплуатациясына ұшыраған кезде, еңбек эксплуатациясына ұшыратқан бұрынғы Қазақстан Республикасының азаматтары, бұл Галяновское ісі, онда біздің азаматтарымызды дүкендерде жұмыс істеу үшін Мәскеу қаласына жұмысқа тартып, оларды жертөледе тұрғызып, сол жерде жұмыс істеткізіп, оларға зорлық-зомбылық қолданған. Бұл дүкенде олар босанған, кейіннен балаларды өздерінен тартып алып қорқытқан. Бірнеше қыз қашып үлгеріп, біздің ұйымға көмек сұрап жүгінді, толық әлеуметтік және заңгерлік көмек алды.

Менің ойымша, шетелде жұмыс істеу туралы ұсынысқа келіспес бұрын ақпаратты алдымен тексеріп, біздің ұйымның сенім телефонына алдын ала хабарласып, шетелге шығу кезінде қауіпсіздік шараларын қабылдау қажет. Сондай-ақ, немқұрайлы болмау және адам саудасының фактілері туралы хабарлау қажет.

– Жыл басынан бері сіздерге қанша қоңырау келіп түсті?

– Адам саудасының алдын алу мақсатында өз қызметін жүзеге асыратын «Сана сезім» әйелдер бастамаларының құқықтық орталығы деректері бойынша 2021 жылғы статистика мынадай: «Жедел желіге» келіп түскен қоңыраулар саны 932 құрады (ерлер – 521, әйелдер – 411). Адам саудасы мен еңбек көші-қонынан зардап шеккен 90 адамға көмек көрсетілді (ерлер – 74, әйелдер – 16).

– Алға қойған қандай жоспарларыңыз бар?

– Біздің ұйымға жүгінген азаматтарға көмек көрсетуді тоқтатпаймыз. Біз жобаның бар-жоқтығына қарамастан, өз жұмысымызды  жалғастырамыз.

– Ашық әңгімеңізге алғыс айтамыз!

Әңгімелескен: Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here