Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті – Қазақстандағы педагогикалық жоғары оқу орындарының көшбасшысы. Университет еліміздегі тұңғыш жоғары оқу орны ретінде педагогикалық кадрларды даярлаудың бай тарихына ие. Оқу орнының басты міндеті жаңа форматтағы бәсекеге қабілетті, озық ойлы педагог кадрларын дайындау болып табылады. Бұл міндет біздің профессор-оқытушылар қауымына аса үлкен жауапкершілікті жүктейді.
Абай университеті сауатты ұйымдастырылған жүйені және үйлестірілген білім беру құрылымын ұсынады, сол себепті біздің білім алушыларымыз өз болашағына қатысты, нақтырақ айтар болсақ, бакалавриат бітіргеннен кейін жұмыс істеу, магистратураға түсу, оқуын жалғастырып, PhD дәрежесін алу, оқытушылық немесе ғылыми зерттеулермен айналысу сияқты өз болашағын нақты жоспарлай алады.
Біздің университеттегі жақсы жабдықталған зертханалар мен түрлі ғылыми орталықтар студенттерге міндетті зертханалық жұмыстармен шектелмей, өз идеяларын дамытуға және ғылыми жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Оқу барысында өзінің іс жүзінде білгісі келетін және білімі мен біліктілігін тексергісі келетін кез-келген білім алушы біздің білікті мамандармен байланысып, тиісті қолдау мен сапалы кеңестер ала алады. Мысалы, сабақ жоспарын алдын-ала құрыңыз, қандай пәнді, қашан және қалай дайындалу керек. Бұл оқу тәжірибесінің сапасына және жалпы оқу үдерісіне әсер ететін дүние. Бұл, әсіресе, бірнеше мамандық бойынша оқитын немесе қызметтің бірнеше бағытын біріктіре жүрген студенттер үшін өте маңызды.
Абай университеті – қарым-қатынас жасай білуге үйренудің мол тәжірибесі, терең білім, ой-өрістерін кеңейту, кедергілерді жеңу, басымдықтарды айқындау, батыл идеяларды жүзеге асыру және ең бастысы өз мақсатына жетуге толық мүмкіндік беретін және көп нәрсеге қол жеткізуге болатын тарихы терең, сонымен қатар жоғары мәдениетке ие бірегей жоғары оқу орны. Біздің түлектерге еңбек нарығында сұраныс жоғары және жұмыс берушілер тарапынан да оң көрсеткіштерге ие. Бұл көбіне университеттің тиімділігін анықтайды және бұл бағыттағы жұмыс жалғасатын болады.
Біздің университетте оқу болашақ түлектерге жоғары жалақы алуға мүмкіндік береді. Статистикаға сүйенсек, жұмысшының білім деңгейі неғұрлым жоғары болса, соғұрлым жұмыс орнындағы оның жалақысы көбірек. Абай атындағы ҚазҰПУ педагогикалық мамандықтары түлектерінің жұмыс берушілері – бұл тек Алматы қаласы мен Алматы облысының ғана емес, сонымен қатар республиканың барлық аймақтарындағы оқу орындары мен білім мекемелері болып табылады. Оқу бітіргеннен кейінгі бірінші жылы-ақ түлектердің 96% жұмысқа орналасады. Оқу орнымыздың «Мансап» мобильді қосымшасы (4000-нан астам қолданушы) және «BAGDAR» онлайн-платформасы (1726 бос жұмыс орны, 973 ұйым) жұмыс іздеуді және түлектердің жұмыспен қамтылуын едәуір жеңілдетуде.
Абай университетінің студенттері үшін жоғары білікті мамандар, үздік оқытушылар және еліміздің танымал ғалымдары болу үшін барлық жағдай жасалуда. Бүгінгі таңда университетіміз бакалавриат, магистратура және докторантураның 219 білім беру бағдарламасы бойынша мамандар даярлайды.
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың сыртқы қызметі халықаралық байланыстарды сапалы кеңейтуге бағытталған. Әлемнің 33 еліндегі белді университеттермен 140-тан астам келісім-шарттар, оның ішінде әлемдік университеттер рейтингісінің алғашқы ТОП-500 қатарына кіретін университеттермен 20 келісім жасалды. 750-ден астам магистранттар мен докторанттар шетелде тағылымдамадан өтті. Соңғы 3 жыл ішінде (2018-2021 жж.) біздің 150-ден астам студент 17 шетелдік серіктес университеттерде семестрлік дайындықты аяқтады. Ал Абай атындағы ҚазҰПУ-да академиялық ұтқырлық бойынша – Франция, Германия, Польша, Түркия, Қытайдан келген 43 студент білім алды.
Халықаралық академиялық ұтқырлық – бұл университетті дамытудың маңызды бағыты. Сонымен қатар, шетелдік жоғары оқу орындарымен тығыз ынтымақтастық Қазақстанның жоғары деңгейдегі мемлекет ретінде имиджін арттырады. Артықшылықтары барлығына айқын. Жаһандану кезеңінде студенттеріміздің әлемдік деңгейдегі білім мен тәжірибе алуы университет үшін де, ел үшін де маңызды. Абай атындағы ҚазҰПУ-дың міндеттерінің бірі – шетелдік студенттерді тарту. 2020/2021 оқу жылында бұл контингент әлемнің 17 елінен 334 адамды құрады: Өзбекстан, Қытай, Түрікменстан, Моңғолия, Ресей және басқалары – студенттердің жалпы санының 2,58%. Шетелдік студенттерге білім берудің барлық деңгейлерінде білім беру қызметтері ұсынылады. Біздің жастардың шетелдік құрдастарымен қарым-қатынасы екі жақтың қызығушылығын тудырады. Олар көптеген жаңа нәрселерді біледі, ой-өрістерін кеңейтеді, әртүрлі мәдениеттердің өкілдері арасында қарым-қатынас тәжірибесін жинақтайды.
Әлеуметтік жұмыста біз жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ аз қамтылған отбасынан шыққан студенттерге мемлекеттік көмекті, ең алдымен, ҚР Білім және ғылым министрлігінің гранттары жүйесін белсенді түрде қолдана отырып, көбірек көңіл бөлуге тырысамыз. Бізде тек мұқтаж студенттерге ғана емес, сонымен қатар үздік студенттерге, белсенділерге және өз жетістіктері арқылы өз университетінің беделін арттырып жүрген білім алушылар үшін жеңілдіктердің нақты жүйесі қарастырылған.
Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, Абай атындағы ҚазҰПУ-да студенттерге барлық жағдай жасалғанын мақтанышпен айта аламын. Университет басшылығы өз қызметінің барлық бағыттарын жетілдіру бағытында үнемі жұмыс істейді. Сондықтан, Абай университетінде оқу жастардың жеке дамуына және кәсіби өсуіне үлкен мүмкіндіктер ұсынады. Оқып білім алғысы келетін, өзін жоғары сұраныстағы маман ретінде көрсетіп және студенттік өмірінде қоғамдық, тәрбиелік жұмыстарға белсенді араласып танымал болғысы келетін жастарға, біздің университеттің есігі әрдайым ашық.
Дархан БІЛӘЛОВ, «Абай атындағы ҚазҰПУ» КЕАҚ Басқарма төрағасы – ректоры