Ел тарихындағы елеулі мереке

0
2372

Тәуелсіздік – кез келген мемлекеттің басты байлығы. Шерулер, соғыстар, ұлт-азаттық көтерілістер арқылы түрлі халық тәуелсіздікке қол жеткізді. Қазақстан үшін 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі егемендікке жол ашты, өзін-өзі билеуге ұмтылысының бастамасы болды.

Тарихқа көз жүгіртсек, Қазақстанның мемлекеттік егемендік алуы 1990 жылғы 24 сәуірде ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің «Қазақ КСР Президенті лауазымын тағайындау және Қазақ КСР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды қабылдауынан бастау алады. Президенттік билік институтын енгізу Кеңес Одағы құрамындағы одақтас республика ретінде Қазақстанның нақты егемендікке алғашқы елеулі қадамы болды. Сол күні Жоғарғы Кеңес Қазақ КСР Президенті лауазымына баламасыз негізде Қазақ КСР Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарып жүрген Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды.

Нұрсұлтан Назарбаевтың Мемлекет басшысы лауазымындағы алғашқы қадамдарының бірі – «Қазақ КСР Мемлекеттік Егемендігі туралы» Декларацияны әзірлеуі болды. Нұрсұлтан Әбішұлы Декларация жобасын баптар бойынша қарауға белсенді қатысты. Қазақстанның толық мемлекеттік тәуелсіздігін ресімдеудің бастаушысы болған құжат бойынша жұмыс Кеңес империясы кеңістігінде орнаған экономикалық және саяси хаос жағдайында өткенін атап өту қажет. КСРО Жоғарғы Кеңесінің басшылығы Қазақстанның «Мемлекеттік егемендік туралы» Декларацияны қабылдауын барынша тежегені белгілі, сондықтан Қазақстан халқы үшін тағдыршешті саяси-құқықтық құжатты әзірлеуі азаматтық ерлік актісіне айналды.

1990 жылы 25 қазанда XII шақырылған ҚазКСР Жоғарғы Кеңесі «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Мемлекеттік Егемендігі туралы» Декларацияны қабылдады, ол – Қазақстанның тәуелсіз даму жолындағы алғашқы қадамы болды.

Бұл тарихи маңызды кезеңнен кейін, еліміздің болашағы тағы бір ұлы күнді қанжығаға байлады. Қазақстан тарихындағы атаулы күн – 1991 жылғы 16 желтоқсан. Бұл күні Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі тарихи құжатты – «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» №1008-XII Конституциялық заңды қабылдады. Қазір бұл күн еліміздің басты мемлекеттік мерекесі – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні ретінде атап өтіледі.

1990 жылғы 25 қазандағы «Қазақ КСР Мемлекеттік Егемендігі туралы» Декларация және 1991 жылғы 16 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін ресімдеу жолындағы негізгі заңнамалық актілер бола отырып, жаңа егемен мемлекет – Қазақстан Республикасының конституциялық-құқықтық іргетасын қалады.

Аса жаңа ұлттық тарих, яғни Қазақстанның ұлттық егемендігі мен мемлекеттілігінің қалыптасуы мен нығаюының үш онжылдығы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты.

Шынайы тәуелсіздікке апаратын жол қиын болды. Елбасының өзі атап өткендей, «осы жылдар ішінде Қазақстан басқа мемлекеттер үшін ғасырларды қажет ететін қиын жолдан өтті».

Тарихи қысқа мерзім ішінде Қазақстан халқы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен қызметтің барлық саласында – жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға өту, халықтың өмір сүру деңгейін арттыру, құқықтық және демократиялық мемлекетті қалыптастыру, әлеуметтік мемлекет құруға қарай қозғалыс, мемлекеттік егемендікті, қауіпсіздік пен тұрақтылықты одан әрі нығайту, мемлекеттік құрылысты тереңдету сияқты орасан зор табыстарға қол жеткізді.

Қазақстанның нарықтық экономикасы бар тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуы өмір салтының, ойлау мен іс-әрекетінің түбегейлі өзгеруі есебінен болды. Елбасының саясаты «алдымен экономика, содан кейін саясат» іргелі қағидаты бойынша елді дамытуға бағытталды.

Тәуелсіздіктің үш онжылдығы Қазақстан үшін экономикалық прогресс пен орнықты даму дәуіріне айналды. Қазақстан посткеңестік кеңістіктегі ең табысты және ауқымды нарықтық реформаларды іске асыруда көшбасшы болды. Еуропалық Одақ пен АҚШ Қазақстанды посткеңестік кеңістікте нарықтық экономикасы бар бірінші мемлекет деп таныды. Сондай-ақ, Қазақстан әлеуметтік-экономикалық өзгерістердегі ТМД көшбасшыларының бірі болды. Экономикалық дамудағы жетістіктер республика халқының әл-ауқатының өсуіне ықпал етті. 1991 жылдан бастап Қазақстан азаматтарының орташа жалақысы 17 есе, ал зейнетақы мөлшері 10 есе өсті. Қазір Қазақстан халқы 19 млн адамнан асты. Бала туу деңгейі 60%-ға артты. Қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 64 жастан 72 жасқа дейін ұлғайды.

Млн тұрғыны бар қалалар мәртебесін үш қала – Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент алды. 100 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. 1 500 мектеп және 2 700-ден астам балабақша салынды.

Елбасының ұлттық мәселедегі дәйекті саясаты елдің экономикалық жетістіктері мен халықтардың тең құқықтылығы қағидаттарын бекіту негізінде ұлттық бірлікті қамтамасыз етті. Біртұтас ұлт – Қазақстан халқының жұмылдырылуы басталды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Қазақстан халықтары Ассамблеясын (ҚХА) құру идеясын ұсынды.  Республикада ұлты мен діни сеніміне қарамастан, елдің барлық азаматтары үшін тең мүмкіндіктер жасалды. Әлеуметтік бейбітшілік сақталып, этносаралық және конфессияаралық келісім дамыды.

Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде Қазақстан көптеген нәтижелерге қол жеткізді. Егер жергілікті жерлерде сыбайлас жемқорлық және мемлекеттік мүдделерге нұқсан келтіре отырып, жеке мүдделерге қойылған міндеттерді тиісінше орындамау сияқты адами фактор болмаса, нәтижелер неғұрлым салмақты және ауқымды болар еді. Екі жаңғырту жүргізілді. Бірінші жаңғырту жаңа мемлекеттің қалыптасу кезеңін, жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшуді, саяси және экономикалық жүйенің дамуын қамтиды. Екінші жаңғыру «Стратегия-2030» қабылдау кезеңін және экономикалық өсіммен қатар жүретін жаңа астананы құрудың стратегиялық шешімін қабылдауды қамтиды, жан басына шаққандағы ЖІӨ 1 200 долларды құрады. Қазір біз Үшінші жаңғыртуды бастан кешірудеміз, ол бес басым міндетті қамтиды – технологиялық жаңғырту; бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту; макроэкономикалық тұрақтылық; адами капиталдың сапасын жақсарту; институционалдық өзгерістер, қауіпсіздік және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, «Тәуелсіздік – қазақстандық мемлекеттіліктің берік тірегі. Тарихы бай, тамыры терең Қазақстан үшін бұдан артық құндылық жоқ. Бұл ең қымбат қазына, ең құпия қазына. Сондықтан біз ата-бабаларымыз армандаған Тәуелсіздігімізді бағалаймыз. Егемендік – бұл әрбір халық ие бола бермейтін баға жетпес игілік».

2021 жыл тарихи және межелі жыл болуға уәде береді. Қазақстан 10 жылдық дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Алдағы жылдарға көп нәрсе жоспарланған. Тәуелсіздікке қол жеткізу Қазақстан тарихындағы жаңа демократиялық мемлекет, жаңа қоғам құрудың негізін қалаған айтулы оқиға болды. Ендігі кезекте еркін мемлекеттің еркін халқы өздері ұмтылатын мақсаттарды жүзеге асыруға сенімді түрде үміттене алады. Қазақстан үшін әлемдегі кез келген ел сияқты Тәуелсіздік мемлекеттіліктің берік тірегіне айналды және егемендіктің сенімді негізін құрады.

Т. РАХМЕТОВА,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің
заң факультетінің қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу
және криминалистика кафедрасының оқытушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here