Қала тазалығы – таза экология

0
2206

Қасиетті қара жердің қадірін тайраңдап жүру үшін ғана емес, таянып тұру үшін де сақтау – ең жауапты міндет екенін ұмытпағанымыз жөн. Өмірде өзектілігін де, қажеттілігін де жоғалтпайтын екі ереже бар. Ол – тәртіп пен тазалық, егер сақтансаң, сақталасың. Бүгінгі таңда қоршаған ортаны қорғау бүкіл қоғамның мәселесіне айналғаны баршаға аян. Әсем қала Алматының шырқын бұзатын тұрмыстық қатты қалдықтар мәселесі соның өзектілерінің бірі.

Алматы қаласы тұрғындарының денсаулығы мен қоршаған ортаға елеулі кері әсерін тигізетін күнделікті қолданыстан шығатын тұрмыстық қатты қалдықтар. Олардың санитарлық-экологиялық талаптарға сәйкес уақытында шығарылмауы нәтижесінде тез бұзылатын органикалық шығарындылар сасып, шіріп, қоршаған ортаға жағымсыз әсерін тигізеді. Экологиялық кодекстің талаптарына сәйкес тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау, залалсыздандыру, орналастыру және жою жергілікті атқарушы органдардың міндетіне жатады.

Жалпы, Алматы қаласы бойынша коммуналдық қалдықтарды шығару бойынша 25 қоқыс жинайтын ұйым 94 учаскеге қызмет көрсетеді және қатты қалдықтарды 100% Алматы облысының полигондарына тасымалдау қызметтерін қамтамасыз етеді.

Алматы бойынша 2021 жылдың 9 айында коммуналдық қызметтер мен қоқыс жинайтын ұйымдар 270,8 мың тонна коммуналдық қалдықтарды сұрыптау кешеніне (КҚСК) және Алматы облысындағы 6 полигонға жинап шығарылды.

Алматыда қалдықтарды өңдеу және кәдеге жарату мақсатында қоқыс сұрыптау кешені қызмет атқарады.

КҚСК қызметінің нәтижесінде полигонға тек қауіпсіз инертті және биологиялық ыдырайтын материалдар жіберіледі, оларды одан әрі қайта өңдеуге болады. Кешен жер ресурстарын сақтаумен қатар, болашақта қатты қалдықтарды қайта өңдеу өнімдерін (отын, компост және басқалары) өндіру мүмкіндігі пайда болады.

Сұрыптау кешенінің орналасқан жері Алматы қаласының Алатау ауданындағы Алғабас шағын ауданы.

Алматы қаласында коммуналдық-тұрмыстық қатты қалдықтарды бөлек жинауды енгізу саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында «ECOWorld» ЖШС және «Taza Qala» ЖШС-мен пластикалық қалдықтарды жинауға арналған 300-ден астам тор контейнерлер орнатылды (350 тонна пластик жиналды).

«Промтехноресурс» ЖШС оқу орындарында электрондық және электр қалдықтарын жинауға арналған 100 аса арнайы контейнерлер орнатылған.

Алматы қаласында қайта өңделетін: макулатура, пластмасса, медициналық қалдықтар, қара және түсті металдар, қалдық батареялар, құрамында сынап бар өнімдер мен құрылғылар және т.б. заттарды жинау, шығару және қайта өңдеумен 28-ге жуық кәсіпорындар мен ұйымдар айналысады.

Қала аумағындағы қалдықтарды басқарудың біршама мәселелері бар:

– өндірістік және улы қалдықтарды көмуге арналған полигондардың болмауы;

– тұрғындарды коммуналдық қалдықтарды бөлек жинауды жүргізуге экономикалық ынталандырудың жоқтығы, қайталама шикізат нарығының дамымауы;

– қайталама материалдық ресурстарды өңдеу және кәдеге жарату көлемдерін мемлекеттік статистикалық есепке алудың болмауы.

«Таза болса жеріміз, аман болар еліміз» деген қанатты сөз бекер айтылмағанындай, қала аумағындағы өндірістік және тұрмысты қатты қалдықтар мәселесі Алматы қаласы бойынша Экология департаменті тарапынан қатаң бақылауға алынған және осыған қатысты проблемаларды шешу ұдайы күн тәртібінен түспейтін сұрақ.

Нұржан БӨЛЕКБАЕВ,
Алматы қаласы бойынша Экология департаменті
Мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің бас маманы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here