Білім – кез келген ұлттың сапа көрсеткіші

0
1557

Бүгін, 1 қыркүйекте Абай атындағы ҚазҰПУ ұжымы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына кезекті Жолдауын зор ықыласпен тыңдады. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды мәселелеріне баса назар аударылған, қазақстандықтардың, оның ішінде жастардың әл-ауқатын одан әрі жақсартудың нақты бағдарлары көрсетілген жаңа Жолдауда айтылған бастамаларды Университет ұжымы бірауыздан қолдады.

Ел Президенті жоғары білім саласына да назар аударды. «Отандық жоғары оқу орындарының сапасы артқан сайын олардағы білімнің құны да өседі. Сондықтан мемлекет білім беру гранттарын бөлуді жоспарлап отыр, олар ҰБТ нәтижелеріне және өзге де көрсеткіштерге байланысты мөлшері бойынша 30-дан 100%-ға дейін сараланатын болады. Оқуға жылдық 2-3% жеңілдікпен несиелер де берілетін болады. Көрсетілген шаралар жоғары білімді неғұрлым қолжетімді етеді, сондай-ақ, қоғамда әріптестік пен өзара жауапкершілік идеологиясын нығайтады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Оның айтуынша, білім беру сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлінеді.

Мектеп мұғалімдерінің рөлі ерекше атап өтілді. Соңғы жылдары бұл мамандықтың тартымдылығын арттыру мақсатында мемлекет тарапынан ауқымды жұмыстар атқарылуда. Дегенмен, бұл бағытта әлі де оң өзгерістер қажет. Педагогикалық жоғары оқу орындарын аккредиттеудің жаңа стандартын қабылдап, олардың түлектері үшін құзыреттілік шеңберін әзірлеу қажет. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы техникалық білім берудің қазіргі кезеңдегі маңыздылығын атап өтіп, жаһандық ғылыми-техникалық прогресті ескере отырып, жоғары сыныптарда жаратылыстану-математикалық цикл және ағылшын тілі пәндерін оқытуды күшейтуді ұсынды.

Жаңа мектептер құрылысына да ерекше назар аударылды. Осылайша, жемқорлардан алынған ақшаны осы мақсатта пайдалану ұсынылды. Мемлекеттен заңсыз алынған барлық қаражат алынып, мектеп құрылысына жұмсалуы тиіс екенін атап өтті.

Абай университетінің басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы мен студент жастар Мемлекет басшысының саяси реформалардың жаңа бағдарламасын бірауыздан қолдап, оның тапсырмаларын жүзеге асыруға белсене атсалысатын болады.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here