Ұлттық тестілеу орталығы қазір жоғары оқу орнында ақылы бөлімде оқып жатқан өткен жылғы мектеп және колледж түлектеріне маңызды ақпаратты жариялады. Орталық мамандары олардың биылғы негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) қатысып, қайтадан 1 курсқа оқуға түсе алатынын ескертті.
«Сіздерге ҰБТ-ға қатысу үшін міндетті түрде университеттен шығудың қажеті жоқ. Жоғары оқу орнында оқып жатып, ҰБТ тапсыра беруге болады. Алайда, тестілеуден тиісті балдарды жинап, грант конкурсына өтініш беретін кезде студент ретінде ешқандай университетте тіркелмеген болуыңыз керек» делінген орталық таратқан хабарламада.
Басқа білім беру бағдарламаларының тобына ауысуға ниетті шығармашылық мамандықтардың студенттері мен ақылы негізде «педагогикалық ғылымдар» білім беру саласына ауысуға ниетті студенттер тек қаңтар және тамыз айларындағы ҰБТ-ға қатыса алады.