Қазақстан халқының бірлігі күнінде татулық пен достықты ту еткен адамдар жайлы сөз етудің еш артықтығы жоқ. Қазаққа жиен болып келетін Кристина Кемелова-Новикова бүгінде ҚР Қорғаныс министрлігінің Медиа орталығындағы Алматы гарнизонының Баспасөз қызметін басқарады. 20 жылдан астам уақыттан бері қиындығы мол әскери салада қызмет атқарады. Әскери шені – подполковник. Ағылшын және испан тілдерінің маманы. Халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын бір кісідей меңгерген Кристина өзін қазақ санайды. Тілі де қазақша шыққан. Нағашыларының қолында тал бойына қазаққа тән қасиеттерді сіңіріп өскен Кристина Кемелова-Новикованы аз-кем әңгімеге тарттық.
«ТҮРІМ ҚАЗАҚҚА ҰҚСАМАСА ДА,
ЖҮРЕГІМ ҚАЗАҚ ДЕП СОҒАДЫ»
– Кристина, туып-өскен жеріңіз, ортаңыз туралы айтып берсеңіз…
– Батыстың қызымын. Атырау облысындағы Құлсары ауылының тумасымын. Анам – қазақ. Ал, әкемнің қанында үш ұлттың (түркімен, татар, орыс) қаны бар. Мен нағашыларымның қолында өстім. Солардың тәрбиесін көрдім. Қазақ мектебіне бардым. Сондықтан түрім қазаққа ұқсамаса да, жүрегім тек қазақ деп соғады.
Нағашыларым текті жерден шыққан азаматтар. Кіші жүз. Есентемір Байұлы ұрпақтары. Атам Аққуан Кемелов – Қазақстанның еңбек сіңірген геологиялық барлаушысы. Оның құрметіне Атырау облысында көшелердің бірі аталған. Әжем медицина қызметкері. Анам да дәрігер болған еді.
Жоғарғы оқу орнын Алматыдағы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде екі шет тілі бойынша бітірдім. Ал, бала кезден музыкаға да, спортқа да жақын болдым. Түрлі жарыстарға қатыстым. Әр шаңырақтың төрінде тұратын қазақтың қасиетті домбырасын шерте аламын. Қара домбыраның қоңыр үнін бала күнімнен естіп өстім. Отбасында қазақша сөйлесеміз. Балаларым да қазақи тәрбиемен өсіп келеді.
– Әрине, қазақ тілін еркін меңгеріп алғаныңыз қуантады. Ал, мемлекеттік тілді үйренуде қандай да бір қиындықтар болды ма?
– Мемлекеттік тілді үйренуде менде ешқандай қиындық болған жоқ. Себебі, жоғарыда айтқанымдай, қазақ тілінде білім алдым, қазақы ортада өстім. Тілім қазақша шықты десем де болады. Ал, тіл үйренемін деген әрбір адамда алдымен ынта-ықыласы болуы керек.
«КӨНЕРГЕН СӨЗДЕРДІ ҚОЛДАНСАМ,
КӨПШІЛІК АҢ-ТАҢ БОЛАДЫ»
– Қазақ тілінде қандай шығармаларды оқыдыңыз? Қай қаламгердің шығармашылығы ұнайды?
– Мектепте қазақ әдебиеті пәні қатты ұнайтын. Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Шаханов, Мұқағали Мақатаев сияқты көрнекті қаламгерлердің шығармаларын сүйіп оқимын. Сонымен қатар, «Қазақ», «Шалқар» радиоларындағы жыр-термелерді, айтыстарды ұйып тыңдап жүремін. Бос уақытым бола қалған жағдайда, шетел классиктерінің де шығармаларын оқимын.
– Өз ортаңызда қазақ тілін насихаттайсыз ба? Басыңыздан қазақ тіліне қатысты қызықты оқиғалар өтті ме?
– Менің түріме қарап кейбір адамдар әңгімені алдымен орысша бастайды, таза қазақша сөйлегенімді көргеннен кейін артынан таңданып қалады. Мен өз ортамада қазақ тілін насихаттаймын деп айта алмаймын. Ал, өзім қайда барсам да, қазақша сөйлеймін. Қарабайыр тілде емес, әдеби көркем тілде, мақал-мәтелдерді қосып сөйлегенді құп көремін. Архаизм (көнерген) сөздерді қолдансам, көпшілік аң-таң болады. Маған риза болып жатады. Осының өзі мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру деп ойлаймын.
Тағы бір қызық жағдайды айтсам. Орысша сөйлегенімді көрген орыс тілді азаматтар: «Сіздің орысшаңызда акцент бар. Бірақ, түріңіз қазаққа ұқсамайды, сонда ұлтыңыз кім?» деп таңғалып сұрап жатады. Керісінше, қазақша таза сөйлеймін. Орысша сөйлегенде кейде арасында қазақ тіліндегі ә, ө, ұ, ү, ғ дыбыстары кетіп қалып жатады.
– Кристина, әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен
Индира БІРЖАНСАЛ
Елінің нағыз патриоты. Кристина өте еңбекқор, қызметіне берілген, сонымен қатар бірнеше істі, өнерді қатар алып жүрген жан. Алғаш танысу сәтімде қызыға да таңданыс білдіргенімді айта кеткен жөн. Жалпы айтқанда мінезіне, өнеріне, адамгершілігіне ғашықпын
Әпкем ❤️