Кинотанушылар мен киносыншылардың халықаралық форумы өтеді

0
815

6-10 қыркүйек аралығында Алматыда BAIQONYR халықаралық кинофестивалі сегізінші рет өтеді. Фестиваль бағдарламасы қызықты шараларға толы – кино көрсетілімдермен қатар, жеке анимациялық кинофестиваль, шеберханалар, воркшоптар, танымал режиссерлер мен актерлердің дәрістері, сондай-ақ киноиндустрияның өзекті мәселелері бойынша дөңгелек үстелдер өтеді.

Фестивальдің басты оқиғаларының бірі ТМД елдерінің кинотанушылары мен сыншыларының II форумын өткізу болмақ, оның жұмысына 30-дан астам шетелдік мамандар қатысады. Форум бағдарламасында – «Кинотанудағы заманауи үрдістер мен сын-қатерлер: зерттеулер, талдау және перспективалар» тақырыбындағы панельдік сессия, жетекші кинотанушылардың авторлық дәрістері мен шеберлік сыныптары, фильмдерді көру және оларды талқылау. Форум соңында кинотанушылар мен сыншылардың пікірінше фестивальдің ең үздік фильмі де таңдалады.

Форумға Армения, Эстония, Беларусь, Ресей, Өзбекстан, Әзірбайжан және басқа да көптеген елдердің сарапшылары келеді. Олардың ішінде:

– ФИПРЕССИ және НЕТПАК мүшесі, көптеген халықаралық кинофестивальдердің бағдарламалық директоры және кеңесшісі болып табылатын Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Гульбара ТОЛОМУШОВА бар. Ол 2018 жылы BAIQONYR кинофестивалінің қазылар алқасын басқарған;

– Ташкент ВГИК директоры, Өзбекстан кинематография агенттігінің көркемдік кеңесінің мүшесі Эльдар ЮЛДАШЕВ;

– «Мәскеу премьерасы» Халықаралық кинофестивалінің бағдарламалық директоры және «Достастық» халықаралық киномектебінің кураторы (Тбилиси – Батуми), ФИПРЕССИ мүшесі Евгений МЕЙЗЕЛЬ;

– «Өрік ағашы» халықаралық деректі фильмдер фестивалінің бағдарламалық директоры (Армения Республикасы) Артур ВАРДИКЯН;

– Таллин DocPoint деректі фильмдер фестивалінің ұйымдастырушысы Тристан ПРИЙМЯГИ;

– Беларусь Ұлттық Ғылым академиясының Беларусь мәдениетін, тілін және әдебиетін зерттеу орталығының экрандық өнер бөлімінің аға ғылыми қызметкері Марина БЕЛООКАЯ;

– «Мәскеу премьерасы» ХКФ көркемдік жетекшісі және бас продюсері Вячеслав ШМЫРОВ;

– «Кино уақыты» киножобаларын қолдау және кино іс-шараларын ұйымдастыру дирекциясы жанындағы кинобағдарламалардың кураторы және кино іс-шараларының тұрақты спикері (Татарстан Республикасы) Адиля ХАЙБУЛЛИНА;

– өнертану докторы, Өзбекстан Республикасы Ғылым Академиясының өнертану институтының «Кино және теледидар » бөлімінің меңгерушісі Нигора КАРИМОВА;

– «Ника» Ресей кино өнері академиясының академигі, Чебоксар Халықаралық кинофестивалінің бағдарламалық директоры және көркемдік жетекшісі Сергей ЛАВРЕНТЬЕВ және тағы басқалар бар.

Форумның төрағасы – кинотанушы, BAIQONYR кинофестивалінің бағдарламалық директоры Ержан ЖҰМАБЕКОВ.

Естеріңізге сала кетсек, BAIQONYR халықаралық кинофестивалі ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Мемлекетаралық гуманитарлық ынтымақтастық қорының қолдауымен өтеді.

Фестиваль жаңалықтарын baiqonyr.kz сайтынан және біздің Instagram және Facebook парақшаларымыздан – baiqonyrfilmfestival қарай аласыздар (Форум жаңалықтары – film_critics_forum инстаграм парақшасында).

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here