Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің депутаттары «Отбасы-неке қатынастарынан туындайтын дауларды қарау кезінде кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін сақтау мен қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі өзекті мәселелер» тақырыбына арналған отырыс өткізді.
Комитет төрағасы Нұрлан Бекназаров өз сөзінде балалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау, олардың бақытты және қауіпсіз балалық шағы үшін қажетті жағдайлар жасау – мемлекетіміздің басты міндеттерінің бірі болып табылатынын атап өтті.
«Мемлекет басшысы өз Жолдауларында балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау, олардың әлеуметтік және экономикалық әл-ауқатын қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударады. Баланың құқықтық мәртебесінің ересек адамдармен салыстырғандағы ерекшелігі олардың ең күрделі және осал санатқа жатуынан туындайды. Себебі өзгелермен тең құқықтарға ие бола отырып, балалардың өз құқықтарын жүзеге асырудағы мүмкіндіктері әлдеқайда шектеулі. Бүгінгі шара кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықтарын қорғау мәселелеріне арналған 2024 жылдың І тоқсанына жоспарланып отырған дөңгелек үстелге дайындық аясында өткізілді», – деді сенатор.
Қатысушылар отырыс барысында отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейту, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және олардың құқықтарын қорғау мәселелерін талқылады.
Отырыста Жоғарғы Соттың судьясы Рәзия Қуанышбаева, әділет министрінің орынбасары Алма Мұқанова, Бас прокуратураның қоғамдық мүдделерді қорғау қызметі бастығының орынбасары Сәкен Сәмет және басқалар сөз сөйледі.