Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Францияның мәдениет министрі Рима Абдул-Малакпен кездесті. Аида Балаева өз сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эммануэль Макронның өзара сапарларынан кейін Қазақстан мен Францияның қарым-қатынасы жақында ірі мәдени жобаларға ұласатынын атап өтті.
Еске салайық, Франция Президентінің Астанаға сапары аясында тарихи және мәдени мұраны жаһандық гуманитарлық ландшафтқа интеграциялау, дамыту және жан-жақты насихаттау мәселелері талқыланған. Нәтижесінде Лувр және Гиме шығыс өнер музейінде Қазақстанның тарихи мұраларының көрмесін өткізу туралы алдын ала келісім жасалды.
Сонымен қатар, Аида Балаева әріптесіне Францияның TIJI балалар арнасының мазмұнын қазақ тіліне аудару жобасы аяқталып, қазіргі қазақ поэзиясы мен прозасының антологиясы француз тілінде жарық көргенін хабарлады.
Өз кезегінде Рима Абдул-Малак Қазақстанмен мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастық Франция үшін ерекше маңызға ие екенін жеткізді.
«Келесі жылы Бельфордағы театр бірнеше айға созылатын іс-шаралар аясында көптеген қазақстандық әртістерді қабылдайды. Біз қазір Гиме музейінде өтетін көрмені ұйымдастырумен айналысып жатырмыз. Француздар тарапынан елімізде қазақ мәдениетін насихаттауға деген үлкен қызығушылық бар. Париж тұрғындары немесе қонақтары ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінде тұратын француздардың қазақтың мәдени байлығымен танысуға жағдай жасауға күш саламыз», – деді Р.Абдул-Малак.
Тараптар музей саласы сарапшыларының, реставраторлардың өзара сапарларын ұйымдастыру, халықаралық деңгейде бірлескен киножобаларды іске асыру, анимациялық фильмдер, анимациялық сериалдар жасау туралы уағдаласты.