ҚазNARU жастары университетте болған сыбайлас жемқорлықты айыптайды!

0
863

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің студенттері Алматы қалалық прокуратурасы жариялаған бюджет қаражатын жымқыру әрекетіне өз көзқарастарын білдірді.

«Біздер еліміздегі аграрлық саладағы жетекші оқу орны саналатын ұлттық университеттің бұрынғы қызметкерлерінің жемқорлыққа жол бергеніне өкініш білдіреміз және олардың қоғамға жат сыбайластық әрекеттерін батыл айыптаймыз! Бюджет қаражатын жымқыру – бұл бүгінгі білім алушылардың, ертеңгі болашақ жас мамандардың қалтасын тонау! Бұл біздің мақтаныш тұтатын қара шаңырағымыздың абыройы мен беделін түсіру! Біз өзіміз білім алатын оқу ордасында орын алған осындай жемқорлық көріністерінің тезірек жойылуын қалаймыз. Біз Жаңа Қазақстандағы Әділетті университет құруды мақсат тұтып отырған жаңа басшылықтың қадамдарын бірауыздан қолдаймыз!» – деген студенттер өз үндерін әлеуметтік желі арқылы білдірді.

Айта кетейік, 2020 жылы Университет пен бірнеше кәсіпкерлік ұйымдар арасында жасалған келісімшарт негізінде тұқым себу мен өнім өсіру орындарын өңдеу үшін жалған актілер жасалынып, 43,8 млн. теңге қаражат қолды болған еді. Сонымен қатар, тұрғын жай емес (дүкендер, асханалар және т.б.)  коммерциялық ғимараттарды жалға беру ақысы – 7,9 млн. теңге университеттің есеп шотына түспегені анықталған болатын.

Университеттің жаңа басшылығы 2023 жылдан бастап ҚР заңнамасының талаптарына сәйкес, осы олқылықтарды шұғыл жою және иеліктен заңсыз шығарылған активтерді, оның ішінде ЖОО жатақханалары мен оқу аудиторияларын қайтару бойынша іс-шаралар жүргізуді қолға алуда.

Нәтижесінде, №6 студенттік жатақхана тұрғын үй қорына қайтарылып, қосымша 280 студент баспаналы болды. «Шаһ» атты мейрамхана мен офис ретінде жеке кәсіпкерге қызмет жасап келген №3 студенттік жатақхана да кері қайтарылып, толықтай күрделі жөндеуден өткізіліп, 300 білім алушыға берілді. Бұл мақсатқа университет бюджетінен 160 млн. теңгеге жуық  қаражат бөлінді. Сондай-ақ, 100 млн. теңге бюджеттік қаржыға студенттер үшін интерактивті тақталар мен проекторлар сатып алынды.

Тағы бір үлкен жаңалық – жақында 9 қабатты, 450 орындық жаңа студенттік жатақхана мен Медициналық орталықтың құрылысы басталды. Инвестиция көлемі 2,3 млрд теңгеден астам. Мұндай жаңа жатақхана соңғы 30 жылдың ішінде алғаш рет бой көтергелі отыр.

Университет басшылығы үндеу жариялаған студент жастарға бұрынғы орын алған кемшіліктерді шұғыл жою, әділеттілікті қалпына келтіру бойынша барлық іс-шаралар ашық түрде жалғасатынын жеткізді.

ҚазNARU Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here