Конституциялық дамудың өзекті мәселелеріне арналған конференция өтті

0
1194
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Қазақстанның демократиялық және құқықтық мемлекет ретіндегі конституциялық дамуы» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Ауқымды жиын Республика күніне және университеттің 90 жылдығына орайластырылды. Конференция Қазақстан Республикасының конституциялық негіздерін дамытуға, мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесін құруға елеулі үлес қосқан ҚР ҰҒА академигі, профессор Сұлтан Сартаевты еске алуға арналды.

Іс-шараға Қазақстан мен шетелдердің жетекші ғалымдары, мемлекеттік органдар өкілдері, халықаралық және ұлттық сарапшылар, азаматтық қоғам, құқық қорғау ұйымдарының өкілдері, ЖОО оқытушылары мен студенттері, БАҚ өкілдері қатысты. Конференцияның мақсаты – Қазақстанның демократиялық, құқықтық, зайырлы және әлеуметтік мемлекет ретіндегі конституциялық дамуының өзекті мәселелерін қарастыру.

ҚазҰУ Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов іс-шараны ашып, ашық және демократиялық қоғам құруға бағытталған Тұрақты даму мақсаттарын іске асыру шеңберінде өткізілетін ғылыми конференцияның маңыздылығын атап өтті.

«Конференцияда Қазақстанның демократиялық, құқықтық, зайырлы және әлеуметтік мемлекет ретінде одан әрі дамуына қатысты мәселелер қаралады. Академик Сұлтан Сартаев өз еңбектерінде Қазақстанның егемендігі туралы идеяны дамытып, мемлекеттік тілді дамыту, адам құқықтарын қорғаудың тиімді тетігін құру, жоғары деңгейде тұрақты мемлекеттік басқару институттарын құру мәселелерін көтерді», – деп атап өтті бірінші проректор Е.Дүйсенов.

Қазақстан мемлекеттілігінің негізін қалаған алғашқы құжат 1990 жылғы 25 қазанда Жоғарғы Кеңес қабылдаған «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация болып табылады.

Декларацияда басты міндеттердің бірі – қазақ тілі мен қазақ халқының ұлттық рухын жаңғырту және дамыту болды. Академик Сұлтан Сартаев осы декларация авторларының бірі болды.

Пленарлық отырыста ҚР Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Игорь Рогов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, профессор Унзила Шапак, ҚР Конституциялық сотының судьясы, заң ғылымының докторы Айжан Жатқанбаева, ҚР Конституциялық Кеңесінің бұрынғы мүшесі, заң ғылымының докторы Әлібек Темірбеков, Қытай және Орталық Азия білім беру саласындағы ынтымақтастыққа жәрдемдесу жөніндегі жұмыс кеңесінің бас хатшысы, Сиань Цзяотун университеті заң мектебінің профессоры София Ушурова, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Арман Рахимов, ҚР Сот әкімшілігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Ержан Қожахметов сөз сөйледі.

Тәуелсіздік алған қиын кезеңде Қазақстанның көрнекті заңгерлері, академик Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев жаңа тәуелсіз құқықтық сананы қалыптастыру туралы мәселе көтергенін атап өткен жөн. Қазақ заң ғылымының көрнекті тұлғаларының сөздері, еңбектері тәуелсіз Қазақстанның құқықтық негізін қалыптастыруға үлкен әсер етті.

Конференцияға қатысушылар академик С.Сартаевтың Қазақстан Республикасының егеменді мемлекет туралы идеяларын қарастырып, қазіргі жағдайдағы Қазақстанның конституциялық даму теориясы мен практика мәселелерін, Мемлекет басшысының жаһандық кеңістікте Қазақстанның бейбіт дамуын қамтамасыз етуге бағытталған жаңа құқықтық бастамаларын талқылады.

Конференцияның ұйымдастырушылары: Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультетінің Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасы.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here