Самарада кезекті айкидо фестивалі өтті

0
1816
Суретті түсірген: Антон СТЕЛЛИНГ /Самара қаласы

Ағымдағы жылдың 19-20 қазан күндері Ресейдің Самара қаласында жыл сайынғы дәстүрмен «Волжские перекаты» атты айкидо фестивалі өтті. Оған осынау жапон жауынгерлік өнерін серік еткен Мәскеу, Ижевск, Орск, Ульяновск, Димитровград, Самара облысының Новокуйбышевск, Тольятти, Қазақстанның Орал қалаларынан және Самара қаласынан біраз айкидошы қатысты. Ресейдің айкидо айкикай федерациясының қолдауымен өткен фестивальді Самара облысының айкидо федерациясы мен Самара қаласының «Котэнгу» айкидо клубы ұйымдастырды.

Суретті түсірген: Антон СТЕЛЛИНГ /Самара қаласы

Фестиваль аясында айкидодан 5-ші дан иелері Игорь Васильев (Мәскеу) пен Вадим Булдаковтың (Ижевск) шеберлік сабақтары өтті. Игорь Васильев жасөспірімдер мен ересектерге айкидода пайдаланатын «боккэн» қаруымен қызықты жаттығулар өткізсе, Вадим Булдаков балаларға өз тәжірибесіндегі базалық бағыттағы дене қыздыру жаттығулары мен тәсілдерді көрсетті. Екі шебер де көрсеткен қимылдардың ұқыпты істелуіне баса мән берді.

Ульяновск қаласынан келген айкидошы, 3-ші дан иесі Любовь Чиликова болса, балаларға жапон тілінің жазуы каллиграфия бойынша танымдық сабақ өткізді. Балалар арнайы алдарына қойылған қылқаламды қара бояуға малып, ақ қағазға жапонша жазды. Сөйтіп, жапон мәдениетінің бір бөлігін тануға тырысты.

Облысымыздан барған Асан Молдағали мен оның шәкірті Әлімхан Халилов көрермен алдында көрсетілімге шықты. Фестивальге дайындаған түрлі тәсілдерді ортаға салды. Соңында қатысқан командалар арнайы дипломдар және кубоктармен марапатталды.

Осындай фестивальді жыл сайын ұйымдастырып тұратын айкидо шебері, 6-шы дан иегері, «Котэнгу» клубының жетекшісі Дмитрий Цапаевқа және Самара облысының айкидо федерациясының басшысы Светлана Цапаеваға Батыс Қазақстан облысының айкидо айкикай федерациясы атынан алғыс білдіреміз.

Оралдық команда бұл фестиваль аясында өткен жаттығулардан тағы да тәжірибе жинақтап қайтты. Айкидошымыз Әлімхан Саматұлы Самара сапарында Дмитрий Борисовичке емтихан тапсырып, 7-ші кю-ге қол жеткізді. Яғни, қызғылт-сары түсті белбеудің иесі атанды. Осылайша, Самарадан оралдық айкидошылар жақсы әсермен оралды.

Асан НАРЫНБАЙҰЛЫ,
Батыс Қазақстан облысының айкидо айкикай федерациясының төрағасы, нұсқаушы

ОРАЛ ҚАЛАСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here