Ахмет пен Міржақыптың үстінен домалақ арыз жазған кімдер?

0
1162
Коллаж: Айнұр Қайратбекызы

«Көкірегі сезімді, тілі орамды» әрбір қазақ Алаш қайраткерінің үстінен өз қандастары тарапынан домалақ арыз жазылғанын көзбен көріп, қолмен ұстамаса да, сол заманның сазы мен дерек-айғақ ізіне бойлаған ақыл-ой құрығы мен қисын қиығы арқылы болжай, бағамдай алатыны кәміл. Ахмет Байтұрсынұлының көсемсөздік туындылары мен көркем шығармаларында өз ағайынына өкпе-реніш, наз айтатын жолдар қазақтың оқығандары арасында орын алған өмір шындығынан туындағаны – атар күндей айқын.

№ 1 сурет

Айталық, оның «Көк есектерге» деп аталатын өлең жолындағы:
Қинамайды абақтыға жапқаны,
Қиын емес дарға асқаны, атқаны.
Маған ауыр осылардың бәрінен
Өз ауылымның иттері үріп, қапқаны, – деп түйінделетін шумақ ақынның басынан өткен жағдайдың жыр өрнегіндегі белгісі екені сөзсіз.

Ахмет Байтұрсынұлының ғұмырнамасындағы ұстаздық, ағартушылық қызметтің бел-белесін зерделеп жүрген зерттеу жұмысы барысында архивтік құжаттардың көмбесінен қайраткердің үстінен жазылған екі домалақ арызды кездестірдік.

Біріншісі – Ішкі істер министріне 1914 жылдың 30 тамызында жазылған. Бұл арыздың түпнұсқасы емес, Орынбор губерниялық жандарм басқармасының іс-жүргізушісі тарапынан жасалған көшірмесі. Көшірме жандарм басшысының қолы мен мөрі арқылы расталған.

Екіншісі – Орынбор губернаторына бағытталған. Жазылған уақыты – 02.09.1914 ж. Губернатордың канцеляриясына тіркелген мерзімі – 06.09.1914 ж.

№2 сурет

Екі арыздың мезгілдік арасы – үш күн. Жалпы, Орынбор губернаторына жазылған түпнұсқалық арыздың мазмұнына қарағанда, арызданушылар аталған лауазымдардан бөлек тағы екі мекемеге – юстицияға, жер ісі және орналастыру министрлігіне арыз жолдаған. Бұдан шығатын қорытынды: шағым жазу ісі үлкен ұйымдастырушылық іс-шара әрі саяси астары бар науқан болғандығын аңғара аламыз. Бірақ, біздің қолымызға түсіп отырғаны – жоғарыда аталған екі арыз.

Бүгінгі талдайтынымыз Орынбор губернаторына жазылған, жазылымы түпнұсқада сақталған арыз.

Шағымданушылар – бес кісі. Олар: Қали Нұрымов, Досым Жүсіпов, Ерғали Балтабаев, Сағындық Бірманов, Жакен Сатыбалдин, Өтеген Сырымов (№ 1 сурет).

Аталмыш бес кісі шын өмірде болған тұлғалар ма, әлде ойдан алынған кісілер ме ол жағын Алаш қозғалысының тарихын жілік-жілігімен жіктеп, талдап жүрген ғалымдар анықтай жатар деп ойлаймыз.

№3 сурет

Домалақ арыз иелері (немесе иесі) сөздің «біссімілласын» «Қазақ» газетінің редакторы А.Байтұрсынұлы мен оның көмекшісі М.Дулатұлын Семей губернаторының өкімімен түрмеге жабылған, әкімшілік жер аударуға ұшыраған, полиция бақылауында болған қылмыскер кісілер деп қаралаудан бастайды. Сондай «қылмыскерлердің» қазақ халқының тағдырына мұғалім болу бұйырғанына «ашынады» (№2 сурет).

Бұдан әрі арыз иелері А.Байтұрсынұлы мен М.Дулатұлына қолдау беріп отырған кісілерді «әшкерелейді». Олардың қатарында Торғай облыстық басқарманың аудармашысы Тұңғашин, округтік сотта қазақ соты ісінің хатшысы Сейдәзімов (Қадырбек – автор), сол соттың аудармашы Балғымбаевтар (Ғұбайдулла ма немесе Ахмет пе – ол жағы бізге белгісіз) бар (№3 сурет).

№4 сурет

Аталмыш лауазым иелері «Қазақ» газетінің таралуына көмектеседі-міс, мұнымен шектелмей олар «Газеттің редакторы А.Байтұрсынұлымен бірігіп, неміспен болып жатқан соғыста Ресейді немістер жеңеді, себебі олардың одақтасы жеңімпаз Түрік мемлекеті. Немістер жеңсе, заңсыз алынған қазақ жерлері өздеріне қайтарылады, кезінде қазақ билеушілері орыс үкіметіне сатылып кеткен деген сыңайда үгіт жүргізеді. Олардың бұл ісін айтуға қарапайым қазақтар қорқады, себебі оларды аталмыш лауазымдық тұлғалар қызметтік беделі арқылы газет басшыларының үстінен түскен арыз-шағымдардан қорғайды», – деп бір қайырады (№4 сурет).

Шағым мазмұнындағы келесі бір жолдарда домалақ арыздың артында кім тұрғанынан хабар беретіндей ақпарат белең қағатындай. Ол жолдарда «Қазақ» газетін алғашқыда редакторы А.Байтұрсынұлы болғанын, бірақ кейін ол оны басқа кісіге өткізгенін жазады. Мұны ол әлде бір қазақ сұлтанының өзіне жазған қарсы мақаласынан кейін қорқып, басшылықты өзге тілектес кісіге берді деп пайымдайды (№5 сурет).

№5 сурет

Алаштанушылар Байтұрсынұлының мақаласына қарсы жазған «сұлтанның» кім екендігін тез табады. Автордың осы құжаттармен бөлісіп, пікір алмасқан кісі белгілі ғалым С.Аққұлұлының пікірінше, ол сұлтан – Б.Қаратаев.

Шағымның лауазым иесінен сұрайтын түйін сөзі мынадай: «Ақын Байтұрсынұлы мен Дулатұлы өз «шайкаларымен» бірге қазақ халқын құрдымға тартып бара жатыр. Сондықтан «Қазақ» газетін жауып, оның редакторы мен оның көмекшісін Орынбор қаласынан қуып жіберу керек. Әйтпесе, қазақ халқы ажал кебін киеді» (№6 сурет):

№6 сурет

Шағымданушылар бұлайша «дабыл қағатын» себебінің бірі Орынбор қаласына қазақ ісіне қатысты мекемелер шоғырланған. Сол шоғырдың ішінде аталмыш тұлғалардың жүруі қауіпті. Сондықтан олар арызды Ішкі істер, юстиция, жер ісі мен орналастыру министрліктеріне бір мезгілде жолдаған. Қазақ арасынан жоғары білім алған кісілер мұндай жаман іске ешқашан бармайтынын, өкінішке қарай, ондай білімі бар тұлғалар Ресей ішінде алыста қызмет етіп жүргендіктен қараңғы халықтың көзін ашу ісі кеміп кеткен. Бұл тұста олар А.Байтұрсынұлы мен М.Дулатұлының жоғары білімі жоқтығын меңзеп тұр. Олардың оқуы – арнайы орта білім. Бірі – мұғалімдер мектебінің түлегі болса, екіншісі – мұғалімдерге арналған педагогикалық курсты тамамдаған болатын. Аталмыш оқу орындарының бүгінгі дәрежесі – педагогикалық училище, яғни педагогикалық колледж. Арызданушылар осыны меңзеп тұр. Соған қарағанда арыз иелерінің (немесе иесінің) жоғары білімге қатысы бар жандар (жан) екендігін байқатады (№7 сурет):

№7 сурет

Шағымның соңында арызданушылар аталған кісілерге ашық түрде қарсы шығуға қаймығатындарын, себебі олар бұлардың соңына түсіп қуғынға ұшырататынын жазып баяндайды. Домалақ арыздың соңына «қазақша қол қойдық» деп, араб қәрпінде аты-жөндерін таңбалайды (№8 сурет):

№8 сурет

Міне, жүз жылдан астам архив мұрағатында «үнсіз жатқан» домалақ арыздың мазмұны осындай. Бұл арыздың Ішкі істер министрлігіне бағытталған нұсқасының мазмұны, тіптен, сойқан. Оны талдау алдағы уақыттың еншісі мен күннің сәтіне бұйырылып тұр.

Түйіндей келгенде, арызқойлар қаралаған Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы – қазіргі таңда қазақ ұлтының бетке ұстар асыл тұлғалары. Әділетсіз, зорлықшыл биліктің ығына ерген заманның саяси ұстанымы оларды қанша қараласа да, «аққа – құдай жақ» деген тарих оларды өзі арашалап алды. Тарихтан сабақ алу деген ұғымның бір ұшы осындай бір көріністерге тірелетіні сөзсіз.

Алмасбек ӘБСАДЫҚ,
филология ғылымдарының докторы

Қосымша: Мақала ҚР БҒМ Ғылым комитетінің 2020-2022 жылдарға арналған ғылыми гранттық қаржыландыруға ие болған «А.Байтұрсынұлының ауылдық мектептердегі ағартушылық және қоғамдық қызметі (жаңа архивтік деректер мен өлкетанушылық мағлұматтар, тұлғаның тыңнан табылған шығармалары негізінде)» атты Жоба негізінде дайындалды.

Дереккөз: /abai.kz 

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here