Ел экономикасының тірегі – жұмысшы мамандықтар

0
37

2025 жылды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Бұл шешім қоғам назарын жұмысшы мамандықтардың маңыздылығына аударып, олардың беделін арттыруға бағытталған. Елдің тұрақты дамуы мен экономикасының өркендеуі көбіне осы саладағы мамандардың еңбегіне тәуелді.

«Ана тілі»  газетіне берген сұхбатында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл туралы былай деді: «Экономиканың көптеген саласында жұмыс қолы жетіспейді. Жұмысшы мамандықтар мол әрі тез табыс табу тұрғысынан қызықтыра қоймауы мүмкін. Бірақ, бұл мамандықтардың еңбек нарығында сұранысқа ие болатынына да, қоғамдағы мәртебесі жоғары болатынына да кепілдік бар. Мен кәсіпорындарды аралаған кезде жастарды жиі жолықтырамын. Олардың арасында жұмысшы әулеттерінің өкілдері көп екені көңіл қуантады. Мемлекеттің міндеті – жас мамандарға материалдық және моральдық жағынан көмектесу. Мен бұл шаруамен үнемі айналысамын».

Жұмысшы мамандықтары – экономиканың негізгі тірегі. Құрылысшылар жолдар мен ғимараттар салады, дәнекерлеушілер өндіріс орындарын жабдықтайды, ал ауыл шаруашылығы мамандары елді азық-түлікпен қамтамасыз етеді. Олардың еңбегі – күнделікті өмірдің негізі. Техникалық мамандар болмаса, заманауи инфрақұрылым да, өндіріс те жұмыс істемейді.

Бүгінде бұл мамандықтардың беделі бұрынғыдан төмендегені байқалады. Көп жастар физикалық еңбекпен айналысатын саланы таңдаудан қашқақтайды, өйткені олар оны «қарапайым» немесе «ауыр жұмыс» деп есептейді. Алайда бұл – жаңсақ пікір. Заманауи технологиялар мен білімнің арқасында жұмысшы мамандықтары қазір әлдеқайда қызықты әрі табысты салаға айналып отыр.

Қазақстанда көптеген маңызды салалар, соның ішінде энергетика, құрылыс және ауыл шаруашылығы, білікті мамандарға тәуелді. Жас мамандардың бұл салаға келуі елдің технологиялық және экономикалық дамуын жеделдетеді. Мәселен, жоғары технологиялық зауыттарды басқару үшін білікті слесарьлар мен механиктер, заманауи техникаларды қолдану үшін құрылысшылар мен электриктер қажет.

Жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру тек мемлекеттің ғана емес, қоғамның да ортақ міндеті. Біз күнделікті өмірімізде олардың еңбегін байқамасақ та, ол өміріміздің ажырамас бөлігі. Әрбір дәнекерлеуші, құрылысшы немесе фермер өз еңбегімен қоғамға қызмет етеді, елдің дамуына үлес қосады.

Жұмысшы мамандықтары – ел экономикасының қозғаушы күші. Олардың беделін арттыру – қоғам дамуының кепілі. Президент бастамасы жастарды осы салаға тартуға және жұмысшы мамандықтарын заман талабына сай дамытуға бағытталған. Бұл қадамдар жұмысшы мамандықтарының болашағын жарқын етіп, ел экономикасын нығайта түседі.

Еңбек – елдің ертеңі. Жұмысшы мамандықтар – сол еңбектің жүрегі.

Ақнұр БАҒДАТҚЫЗЫ,
ХАТУ университетінің 1-курс студенті 

АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here