Өлеңім – өмір айнасы

0
514

2025 жылы 13 ақпан күні қаламыздың қақ ортасында орналасқан  № 67 жалпы білім беретін мектепте өзгеше бір әдеби басқосу өтті. Бұл қазақ поэзиясына өзіндік  ерекшелігімен үн қосқан, Қытай Халық Республикасы, Алтай аймағынан атажұртты аңсап келген, ахметтанушы, Алаш зиялыларының еңбектерін зерттеуші, Астананың 15 жылдығына орай «Қазконтент» акционерлiк қоғамы ұйымдастырған жыр мүшәйрасының ІІ дәрежелі жүлдесін, «Қаз-айтыс» сайты ұйымдастырған «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» жобасының жеңімпазы, 2016 жылы қазанда «Алматы – тәуелсіздіктің алтын бесігі» атты халықаралық жыр мүшәйрасының бас жүлдесін еншілеген Әділет Ахметұлымен өткен ерекше танымдық кеш болатын.

Кездесудің мақсаты – жас оқырмандарға, әдебиет сүйер оқушыларға қара өлеңнің құдіретін ұғындырып, өр рухты ақын шығармашылығымен таныстыру. Поэзияға деген сүйіспеншіліктерін арттыру болды. Кездесу ақынның шығармашылығы мен жеке өмірі арасындағы  байланыс туралы терең ойлар мен әңгімелерге, естеліктерге толы болды.

Кеш бірнеше бөлімнен тұрды. Алғашқы бөлімде ақынның өмірі туралы әдебиетсүйер  қауымға бейнебаянмен көрсетілді. Ақынның ақындық жолға қалай келгендігі айтылды. Кездесудің «Сыр-сұхбат» бөлімінде  ақынға көрермендер түрлі сұрақтар қойды. Бір оқырман ақыннан шығармаларын жазуда шабыт қайдан келетінін сұрады. Ақын: «Шабыттың көзін нақты анықтау қиын. Ол кез келген жерде, кез келген уақытта келуі мүмкін. Көбіне ол тыныштықта, табиғатта немесе адамдардың арасындағы қарым-қатынаста келеді», – деді.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің студенті «Сізді ахметтанушы ретінде білеміз. Зерттеу жұмыстары барысында біз білмейтін қандай тың ақпарттарға куә болдыңыз?» – деп ойландыратын сұрақ қойды. «Ахмет Байтұрсынұлы туралы айтатын ақпарат көп. Сіздерге еш жерде айтылмаған, көрсетілмеген бір мәлімет айтайын. 2023 жылы ізденіс үстінде отырып, Ахмет Байтұрсынұлының  жұқа, кішкентай жинақ кітапшасын тауып алдым. Кітапша төте жазумен басылған. 1922 жылы Ташкент қаласында шығыпты. Кітапшаның аты «Маймыл мен көзілдірік». Бұл Ахметтің И. Крылов шығармаларынан аударған «Қырық мысалының» бірі. Кітапшаның құндылығы – ол қазақ коммикс туындыларының алғашқыларының бірі. Ішінде көзілдіріктің қасиетін түсінбейтін ақымақ маймылдың қызықты суреттері түсті бояулармен салынған. Бір қызығы, бұл кітап Ахмет еңбектерінің тізімінде жоқ. Мен шын мәнінде, Абайдың және орыс классиктерінің бір еңбектерін өз мақалам үшін іздеп отырып, ойламаған жағдайда тауып алдым. Бұл кешіктерімей «Жас Алаш» газетінде мақала жазып жарияладым. 2023 жылдың ахметтанудағы аса ірі жаңалығы деп бағаланды. Ізденіс барысында мұнан басқа да Ахметке және Алашқа қатысты құнды мұраларды тауып алған кездеріміз бар. Ондай жоқтың табылған сәтіндегі көңіл-күйімізді бейнелеп айту қиын. Ол бір ғажап сәттер», – деп кеш иесі өзі тапқан құнды ақпараттармен бөлісті.

Поэзия – адамның сезімдерін, қоғамдағы қайшылықтарды, тіршіліктің  мәнін түсінуге көмектесетін баламасы жоқ жанр, өлең – қастерлі құрал. Поэзияның құдіретін сезінген мектеп оқушылары ақынның өлеңдерін жатқа оқыды. Ұйымдастырушылар да осы жүздесу орайында арнайы «Поэзия» минутын орналастырған болатын. Ә. Ахметұлы жас бүлдіршіндердің өнеріне оң бағасын беріп, әсерлі жылы лебізін төгіп, ағынан жарылды. Сонымен қатар, өлең дүбірі алпыс екі тамырымызды тулатқан керемет кеште өнерпаз оқушылар дайындаған күмбірлеген күй де, мың бұралған би  де, құлақ құрышын қандырар ән де болды. Кеш көпшіліктің жүрегінен орын тауып, әдебиетке деген қызығушылықты арттырды. Осылайша, әдебиет әлемі тағы бір таңғажайып кешпен толықты, ал ақынның өлеңдері тыңдаушылардың жадында ұзақ сақталатын сәтке айналды.

Кеш соңында ақын өзімен ала келген кітаптарын мектеп кіхапханасына табыс етті. Мектеп тарапынан да ақынға кітаптар мен кәде-сый табысталды. Кештің мазмұнды, оқырмандарға әсерлі жетуін қадағалап, жан-жақты ұйымдастырған мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері және Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің студенттеріне алғысымыз бөлек.

Құралай БЕГАЛИЕВА,
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here