Алтай ДЮСУПОВ: «Медициналық кадрлардың тапшылығын жою – басты назарымызда»

0
1517

«QAZAQ»-ТЫҢ АНЫҚТАМАСЫ:

Алтай Ахметқалиұлы Дюсупов – медицина ғылымдарының докторы, профессор.

Семей мемлекеттік медицина академиясының интернатурасын, «Қайнар» университетін және Ресейдің Е.Н. Мешалкин атындағы Ұлттық медициналық зерттеу орталығының докторантурасын бітірген.

Еңбек жолын 2001 жылы Семей мемлекеттік медицина академиясының ассистентігінен бастаған. Әр жылдары аталған оқу орнының жоғары санатты ангиохирург дәрігері, академия ректорының көмекшісі қызметтерін атқарған. 2009 жылдан бастап Семей мемлекеттік медицина университетнің даму және ұйымдастыру мәселелері жөніндегі проректоры, ғылыми және клиникалық жұмыс жөніндегі проректоры, Хирургия бойынша интернатура кафедрасының профессоры, Хирургия кафедрасының меңгерушісі, Жүрек-қан тамырлар және торакальды хирургия кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарды.

2021 жылдан бастап Семей медицина университетінің Басқарма төрағасы – Ректоры.

Алтай Дюсуповтың авторлығымен 100-ден астам ғылыми еңбек жарық көрді. Көп жылдық үздіксіз қызметі мен денсаулық сақтау саласына қосқан елеулі үлесі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, бірқатар марапаттарға ие болған.

Оның жетекшілігімен 4 PhD және 6 магистрлік диссертация сәтті қорғалды.

ОҚЫТУШЫЛАР МЕН ҒАЛЫМДАРДЫҢ БІЛІКТІЛІГІН АРТТЫРУҒА ЕРЕКШЕ НАЗАР АУДАРЫЛАДЫ

– Алтай Ахметқалиұлы, Сіз басқаратын Семей медицина университеті Қазақстандағы ең байырғы әрі бірегей өңірлік медициналық жоғары оқу орны. 1953 жылы негізі қаланып, еңсесін тіктеген бұл білім ордасын күні бүгінге дейін мыңдаған маман бітіріп, еліміздің денсаулық сақтау саласын дамытуға сүбелі үлесін қосып келеді. Сөздің басын медициналық білім ұясының бүгінгі тыныс-тіршілігінен бастасақ.

Семей медицина университеті 70 жылдан астам төл тарихында 30 мыңнан астам маман даярлады. Қазіргі уақытта оқу орнымызда 34 кафедра бар. Филиалдарда қызмет ететіндерін қосқанда жалпы саны 417 профессор-оқытушы жұмыс істейді. Университетте 6 мыңнан астам білім алушы даярлануда. Резидентурада оқитындардың саны – 963 адам.

– Ғылыми-инновациялық жетістіктер – университет қызметінің ажырамас бағыты. Сіз басқарып отырған медициналық университеттің ғылыми әлеуеті қандай?

– Семей медицина университетінің ғылыми әлеуеті зор. Профессор-оқытушыларымыздың біліктілігі жоғары. Оқу орнымыздың ғылыми-зерттеу инфрақұрылымы қалыптасқан, ғалымдарымыз ғылыми жобаларға белсенді түрде атсалысып келеді. Университет медицина мен денсаулық сақтау саласының өзекті мәселелерін шешуге бағытталған зерттеу қызметін қарқынды жүргізуде. Мәселен, 2024 жылы гранттық қаржыландыру аясында 10 жоба және 3 «Жас ғалым» жобасы жүзеге асырылды. Барлығына 660,5 миллион теңге бөлінді. Сонымен қатар, университетте жалпы көлемі 137, 6 миллион теңге көлемінде 12 ішкі ғылыми стартап жүзеге асырылды. Университет ғалымдары Ғылым және жоғары білім министрлігіне 2025-2026 және 2026-2028 жылдарға бағдарламалық-мақсаттық қаржыландыру бойынша конкурсқа 2 өтініш, гранттық қаржыландыру бойынша конкурсқа 7 өтініш, жас ғалымдар конкурсына 3 өтініш берді. Грант бөлу арқылы қолдау ғалымдарымызға іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізіп, заманауи ғылым жетістерін білім беру процесіне кіріктіруге, интеграция жасауға мүмкіндік береді.

Университет ғалымдары патент алу бойынша белсенді жұмыс істеп келеді. Оқу орнымызда түрлі ауруларды диагностикалаудың, емдеудің қорғау құжаттарымен қорғалған жаңа әдістемелерін әзірлеу жүргізіліп жатыр. Мысалы, 2024 жылы 28 қорғау құжаты алынды. Олардың ішінде 10 өнертабыс патенті, 2 пайдалы үлгі патенті, Еуразия патенттік ведомствосынан 4 халықаралық құжат және 12 авторлық құқық бар. Бұл дерек біздің ғалымдарымыздың инновациялық белсенділігінің деңгейі жоғары екенін айғақтап тұр. Сондай-ақ, университет Қазақстан мен өзге елдердің озық ғылыми орталықтарымен және медициналық мекемелерімен ынтымақтастықта белсенді жұмыс істеп келеді. Рейтингі жоғары журналдарда жарияланған бірлескен зерттеулер мен мақалалар біздің ғылыми жұмысымыздың ажырамас бөлігі. 2024 жылы рецензияланатын халықаралық журналдарда 81 мақала жарияланды. Университеттің ғылыми-педагогикалық кадрларының Хирша индексінің  орташа көрсеткіші 0,76-ға тең. Осылайша Семей медицина университеті зерттеу қызметін дамыту, ғылыми мақалалардың, патенттік әзірлемелердің санын арттыру, перспективалы жобаларды жүзеге асыру арқылы өзінің ғылыми әлеуетінің деңгейі жоғары екенін көрсетіп отыр. Мұның медициналық білім беру сапасының артуына және Қазақстанның денсаулық сақтау саласына озық технологиялардың енгізілуіне берер көмегі зор.

– Бұл сұрақты қоюым бекер емес. Мемлекет басшысы отандық жоғары оқу орындарының алдына сапалы кадр даярлаумен қатар, ғылыми әлеуетті де арттыру қажеттігін алға тартып отыр. Президент тапсырмасын орындау мақсатында қандай жұмыстар атқарылуда?

– Президент тапсырмасын орындау мақсатында Семей медицина университеті ғылыми әлеуетін күшейту бойынша жүйелі жұмыс жасап жатыр. Мәселен, университетте жас ғалымдарды дамыту бағытындағы бастамалар жүзеге асырылып келеді. Атап айтқанда, кафедралар жанында ғылыми үйірмелер құрылған. Жас ғалымдар комитеті мен Студенттердің ғылыми қоғамы бар. Университет жанында профессор-оқытушыларға, докторантура мен магистратурада білім алып жатқан жастарға ғылыми зерттеулерге белсене қатысуға мүмкіндік беретін Ғылыми-зерттеу зертхана орталығы мен Радиациялық медицина және экология ғылыми-зерттеу институты жұмыс істейді. Оқытушылар мен білім алушылар өздерінің ғылыми зерттеулерін Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан жүргізілетін гранттық қаржыландыру конкурстарының аясында ғана емес стартаптар бойынша университет конкурстарының шеңберінде жүзеге асыра алады. Мәселен, 2024 жылы университет жалпы сомасы 49,5 миллион теңгені құрайтын профессор-оқытушыларға 3 ішкі грант, білім алушыларға 3 ішкі грант бөлінді. Қазіргі уақытта ғылыми стартап жобаларды ішкі қаржыландыруға конкурс жүріп жатыр. Қорытындысы бойынша білім алушыларға 3 грант, профессор-оқытушыларға 3 грант беру жоспарланып отыр. Бұл бағытта қарастырылған қаражат көлемі 54 миллион теңге.

Қазақстан Республикасында жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2023-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес Ғылыми инфрақұрылымды модернизациялау және цифрландыру қажет.

2026 жылға дейінгі «Медициналық және фармацевтикалық ғылым жүйесін жетілдіру» денсаулық сақтау саласын дамыту тұжырымдамасында медицинаның тұлғаландыру, алдын алу, болжау, қатысымдылық қағидасын жүзеге асыруда генетикалық зертханалар, биобанкілер, медициналық ақпарат жүйелері мен жасанды интеллект негізгі рөл атқарады. Университетте оқу орнын радиациялық құрамында сәулелену салдарын зерттеудің маңызды бөлігіне жататын биобанк бар, озық ғылыми ғылыми зерттеулер жүргізуге қажетті жағдайлармен қамтамасыз ететін «Мегалаб» зертханасын салу жоспарланып отыр. Бұл университеттің ғылыми әлеуетін нығайтып қана қоймай, денсаулық сақтау саласындағы, радиациядан зардап шеккен халықты диагностикадан өткізу, емдеу және оңалту бойынша маңызды міндеттерді шешуге мүмкіндік береді.

Оқытушылар мен ғалымдардың біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінеді. Әлемнің озық университеттері мен ғылыми орталықтарында тағылымдамалар ұйымдастырылады. Бұдан бөлек, университет шетелдік ғылыми институттармен және медициналық орталықтармен келісімдерге қол қою арқылы халықаралық әріптестік ауқымын кеңейтіп келеді. Бұл тәжірибе алмасуға, озық технологияларды енгізуге және ғылыми зерттеулердің сапасын жетілдіруге септігін тигізеді. Оқытушылар мен білім алушыларды оқыту үшін профессорлар визитингі ұйымдастырылады.

Университет ғалымдарды импакт-факторы жоғары халықаралық журналдарда мақалалар жариялауға ынталандыру арқылы жарияланатын мақалалар санын арттыруға ұмтылып келеді. Бұл университеттің әлемдік ғылыми қауымдастықтағы позициясын нығайтып қана қоймай Қазақстандағы медицина практикасына инновациялық әдістерді енгізуге көмектеседі. Мәселен, рейтингісі жоғары журналда мақала жариялағаны үшін авторға сараланған қосымша ақы төлеу қарастырылған. Біздің мамандар шетелдік журналдардан бөлек елдегі беделді ғылыми журналдарда белсенді түрде мақалалар жариялайды. Университет шығаратын «Ғылым және денсаулық сақтау» журналы отандық және шетелдік рейтингтерде Қазақстанның медициналық журналдарының арасында көш бастап тұр. Журнал Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім сапасын қамтамасыз ету бойынша комитетінің басылымдар тізбегінің 2-ші тізіміне енді. Университет алдында Scopus және Web of Science мәліметтер базаларына еніп индекстелу мақсаты қойылып отыр.

ӨҢІРДЕГІ МЕДИЦИНА КАДРЛАРЫ ТАПШЫЛЫҒЫН ЖОЮ ҮШІН ЖОЛ КАРТАСЫ ҚАБЫЛДАНДЫ

– Ғылымды трендке айналдыру – заман талабы. Ол үшін жас ғалымдарға жан-жақты қолдау көрсетудің маңызды екенін астын сызып атап өткен жөн. Жастардың ғылымға көптеп келуіне қандай мотивация жасау керек деп ойлайсыз? Университетте еңбек етіп жүрген жас ғалымдардың саны қанша? Олар оқу орнындағы ғылымды дамытуға қаншалықты үлес қосуда?

– Семей медицина университетінде жас ғалымдарды ғылымға тарту мақсатында жас ғалымдарға қолдау көрсетуге бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылып жатыр. Университетте әр кафедрада студенттік ғылыми үйірмелер арқылы жас зерттеушілерге тәжірибелі оқытушылардың жетекшілігімен жұмыс істеуге, құзыреттіліктерін дамытуға, конференцияларға қатысуға, ғылыми еңбектерін жариялауға және ғылыми жобаларға қатысуға мүмкіндік беретін тәлімгерлік бағдарламалары жүзеге асырылып келеді. Жас мамандар университетті тәмамдағаннан кейін магистратураға және докторантураға оқуға түсу мүмкіндігіне ие. Ол үшін университетте барлық жағдай жасалған. Әрине, жас ғалымдарға қаржылық қолдау көрсетуге көп көңіл бөлінеді. Оның ішінде жоғарыда білім алушыларға және жас ғалымдарға арналған ғылыми стартаптар жөнінде айтып өткенімдей, ғылыми зерттеулерге қаржы бөлу бар. Бағдарламалық-мақсаттық және гранттық қаржыландыру бойынша жобаларға қойылатын басты талап, міндетті шарт-жобаға қатысатын ұжымның құрамындағы жас ғалымдардың саны 30 пайыздан кем болмауы керек. Бұл жас ғалымдарды ғылыммен белсенді айналысуға ынталандырады деп ойлаймын. Университетте жас ғалымдардың ғылыми-практикалық конференцияларға және тағылымдамаларға қатысуына жан-жақты қолдау көрсетіледі. Қазіргі уақытта университетте 180-нен астам жас ғалым жұмыс істейді. Олардың 45-і университет жанындағы Жас ғалымдар комитетінің мүшесі. Олардың зерттеулерінің медицинаның өзекті мәселерінің үлкен шоғырын қамтуы білім беру процесі мен клиникалық тәжірибеге жаңа білім мен технологияларды интеграциялауға септігін тигізеді. Сондай-ақ университет студенттердің ғылыми бірлестіктеріне қолдау көрсетіп жыл сайынғы дәстүрлі Студенттер конференцияда үздік ғылыми жұмыстарды анықтауға арналған конкурс өткізіп келеді. Бұл шаралар жас ғалымдар өздерінің әлеуеттері мен қабілеттерін көрсетіп Қазақстан медицинасының дамуына үлес қосуға мүмкіндік алатын ғылыми орта қалыптастыруға бағытталған.

– Білім ордасындағы кадр тапшылығын жою, ғылыми жұмыстардың сапасын арттыру бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?

– Медициналық кадрлардың тапшылығы мәселесі біздің өңір үшін ғана емес мемлекеттік деңгейдегі өзекті мәселе. Қазақстан бойынша 5 мыңнан астам дәрігер маман жетіспейді. Біздің университет алдыңғы кезекте Абай, ШҚО, Павлодар облыстары үшін мамандар даярлап келеді. Осы үш өңір бойынша жетіспеушілік 387 адамды құрайды. Оның ішінде Абай облысы – 47, ШҚО – 170, Павлодар облысы – 170.

Университет жыл сайын жұмыс берушілер арасында сауалнама жүргізіп соның нәтижесінде жұмысқа орналасқан түлектердің біліктіліктерін және алдағы уақытта білім беруде басымдыққа ие болуы тиіс мамандықтарды анықтауға қажетті ақпарат алады.

Медициналық кадрлар жетіспеушілігі мәселесі республикалық ауқымға ие мәселе болғандықтан оны шешуде кешенді әдістер қолдану керек. Бұл мәселе жерде кадр даярлауда ғана емес, себептері әлдеқайда тереңде, соған сәйкес шешімдер керек. Университетіміз бұл бағыттағы жұмысқа да қатысып келеді. Мәселен, биыл «Ауылдағы медицина кадрларының тапшылығын жою жылы» аясында форсайт зерттеулері негізінде Жол картасы қабылданды.

Университетте Ашық есік күндері және бос орындар жәрмеңкелері-медициналық мамандықтарды танымал етуді арттыруға бағытталған іс-шаралар өткізіледі. Университет жергілікті атқарушы органдармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істей отырып білім алушылар мен аймақтың медициналық ұйымдарын тоғыстырушы қызметін атқарып келеді. Бұл ретте ауылдағы денсаулық сақтау саласының қажеттіліктері баса мән беріледі. Мәселен, 2024 жылдан бастап университеттің бастамасы бойынша аудандардың атқарушы органдары мен медициналық ұйымдарының және резидентура мен интернатура білім алушыларының арасында кездесулер өткізіліп келеді. Ондай кездесулерде аудан әкімдері мен бас дәрігерлері ауданда жас мамандарға жасалған туралы ақпарат береді. Ал білім алушылар жас мамандарға көрсетілетін әлеуметтік қолдау, аудандық ауруханалардағы жалақы көлемі мен жарақтандырылуы тұрғысынан өздерін қызықтыратын сұрақтарды қоюға мүмкіндік алады. 2024 жылы Шығыс Қазақстан облысының 9 ауданының, Абай облысының 10 ауданының және Павлодар облысының 11 ауданының басшылығымен кездесулер өткізілді.

Тағылымдамалар мен көшпелі практикалар – жұмыс барысында тәжірибе алу мақсатында медициналық мекемелердегі резиденттер үшін тағылымдамалар ұйымдастыру. 2024 жылы 21 резидент Үндістанның Santosh университетінде, 10 резидент ТМД елдерінде, 640 резидент еліміздің өңірлерінде тағылымдамадан өтті. Мысалы, 2023 жылы 17 мамандық бойынша 129 резидент ауылдар мен моноқалаларда тағылымдамадан өтті. Өткен жылы осы бағытта 34 мамандық бойынша 279 резидент біліктілігін арттырды. Резидент дәрігердің клиникалық практикасының ұзақтығы кемінде 3 айды құрайды.

Ғылыми жарияланымдардың сапасын арттыру үшін университет зерттеушілерді қолдауға және олардың ғылыми өнімділігін арттыруға бағытталған іс-шаралар кешенін жүзеге асырып келеді. Негізгі бағыттардың бірі – импакт-факторы жоғары халықаралық рецензияланатын журналдарда жариялау белсенділігін ынталандыру. Біздің ғалымдардың ғылыми беделі мен еңбектерінен дәйексөз алыну деңгейін арттыру үшін университет халықаралық ынтымақтастықты күшейтіп келеді. Зерттеушілер шетелдік ғылыми орталықтармен бірлескен жобаларға тартылады, бұл тәжірибе алмасуға және беделді жарияланым алаңдарына шығуға ықпал етеді. Оқу орны деректерді талдау және биомедициналық ақпаратты өңдеу үшін заманауи статистикалық бағдарламаларды пайдалануды қоса алғанда, ғылымға цифрлық технологияларды белсенді енгізуде. Бұл құралдар ғалымдарға дәлірек және сенімді зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді.

РЕЙТИНГ – УНИВЕРСИТЕТТІ ДАМЫТУДЫҢ МАҢЫЗДЫ ҚҰРАЛЫ

– Рейтинг – бәсекеге қабілеттіліктің көрсеткіші. Университеттердің түрлі рейтингтегі позициясы оның білім кеңістігіндегі орнын айшықтаса керек. Соңғы жылдар белесінде Семей медициналық университетінің бұл тұрғыдағы көрсеткіштеріне тоқталып өтсеңіз. Жалпы өзіңіздің рейтингке деген жеке көзқарасаңызды білсек…

Кейінгі жылдары университет өз позициясын айтарлықтай нығайтты. Мәселен, 2023 жылы біздің университеттің екі білім беру бағдарламасы «Атамекен» ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының Ұлттық білім беру рейтингінде көшбасшы орынға ие болды. 2024 жылы мұндай бағдарламалардың саны төртке дейін өсті. 2023 жылы біздің «Стоматология» және «Фармация» бағдарламалары «Атамекен» рейтингі бойынша үздік үштікке енді. Бұл біздің студенттердің дайындық деңгейінің жоғары екенін және университетіміздегі білім беру  сапасын көрсетеді. 2024 жылы аталған бағдарламаларға «Қоғамдық денсаулық сақтау» және «Медицина» білім беру бағдарламалары қосылды. Осылайша, біздің университет студенттерге сапалы және сұранысқа ие білім беру бағдарламаларын ұсына отырып, медициналық білім беру саласындағы өзінің позициясын нығайтуды жалғастыруда. Сонымен бірге, біздің университет 2022 және 2024 жылдары Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының ұлттық рейтингі бойынша Қазақстанның үздік медициналық жоғары оқу орны болып танылды. 2022 жылы біз «ALTYN SHIPAGER» ұлттық сыйлығына сәйкес еліміздің медициналық жоғары оқу орындары арасында 2-орынды иелендік.

Біз халықаралық рейтингтерге де белсенді қатысамыз. 2024 жылы біздің университет QS Stars халықаралық рейтингінде 3 жұлдыз алды. Бұл лайықты нәтиже. Бұл ретте біз «Оқыту» және «Интернационалдандыру» санаттары бойынша 4 жұлдызға, «Жұмысқа орналасу» санаты бойынша 3 жұлдызға қол жеткіздік. Көрсеткіштерді ары қарай жақсарту үшін белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз.

2024 жылы Times Higher Education Impact Rankings рейтингіне қатысуға өтінім берілді, ал 2029 жылға қарай біз топ 700+ QS WUR by Subject-ке кіруді жоспарлап отырмыз.

Рейтингтерге деген жеке көзқарасыма келетін болсақ, мен оларды университетті дамытудың маңызды құралы деп санаймын. Рейтингтердегі жоғары позициялар жоғары оқу орнының беделін арттырып қана қоймай, талантты студенттер мен мықты оқытушыларды тартуға, қосымша қаржы алуға және соның салдарынан білім сапасын жақсартуға көмектеседі. Алайда, университеттің басты мақсаты – рейтингтерде жоғары орындарға ие болу ғана емес, сапалы білім беру және медицина мен ғылымның дамуына үлес қоса алатын білікті мамандарды даярлау.

– Алтай Ахметқалиұлы, алғашқы еңбек жолыңыздан бастап күні бүгінге дейін денсаулық сақтау саласында табан аудармай еңбек етіп келесіз. Бірқатар лауазымды қызметтерді де атқардыңыз. Сұхбатымыздың соңында университетті жаңа белеске шығару жолындағы жүйелі жоспарыңыз жайында сөз қозғап, әңгімемімізді түйіндесек.

– Университетте 2024-2029 жылдарға арналған даму бағдарламасы іске асырылуда. Оның шеңберінде негізгі стратегиялық бағыттар айқындалды. Біз университетті кешенді дамытуға, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және жоғары білікті медицина мамандарын даярлау үшін жағдай жасауға назар аударамыз. Бағдарламаның негізгі бағыттарына мыналар жатады:

Бірінші, Институционалдық ортаның орнықты дамуы: халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және университеттердің жетекші рейтингтеріне қатысу, ЖОО менеджментін жетілдіру және адами ресурстарды дамыту.  Екінші, академиялық көшбасшылықты үздіксіз жетілдіру: жоғары медициналық білім беру саласындағы әлемдік сапа стандарттарына сәйкес келетін ұсынылатын білім беру қызметтерін жетілдіру, білім алушыларды ұйымдасқан қоғамдық қызметке тарту үшін қолайлы орта құру. Үшінші, ғылыми және зияткерлік әлеуетті дамыту: ғылыми ізденістердің нәтижелілігін арттыру, білім алушылардың ғылыми зерттеулерінің әлеуетін арттыру, «Зерттеу университеті» мәртебесін алу. Төртінші, халықтың денсаулығын нығайтуға көмектесу: Абай облысының тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жақсарту, университет клиникасы жағдайында жоғары технологияларды дамыту.

2029 жылға дейін оқу орнында бірқатар жұмыстарды орындауды көздеп отырмыз. Атап айтқанда, QSWUR World University Rankings by subject топ 700 + рейтингіне кіру, университетте құрылған студенттер мен қызметкерлердің даму жағдайларына қанағаттануының жоғары деңгейін қамтамасыз ету, волонтерлік қызметпен айналысатын білім алушылардың үлесін 2029 жылға қарай 40 пайызға ұлғайту, ғылыми және клиникалық зерттеулер санының 1,5 есе өсіру, университеттің Хирш индексін 2029 жылға қарай 0,65-ке дейін арттыру, пациенттердің медициналық көмек сапасына 98 пайыз қанағаттануына қол жеткізу.

Бұл стратегияны іске асыру университетке жаңа деңгейге көтерілуге және оның жетекші медициналық білім беру мекемесі ретіндегі позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.

БОЛАШАҚТАН ТЕК ЖАҚСЫЛЫҚ КҮТЕМІН

ҚЫСҚА ҚАЙЫРҒАНДА:

– «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден». Әлихан Бөкейханның осы бір сөзін қалай түсінесіз?

Алып-қосары жоқ, дәл айтылған мәні ерекше сөз. Әрине, білім бүкіл адамзат айрықша бағалайтын құндылық. Оқыған тұлға биік белестерді бағындыра алатыны анық. Алайда бұның бәрі оның өзінің жеке табысы, жетістігі болып қала береді. Өйткені, ұлтқа қызмет ету саналы түрде жүзеге асады. Ал ол үшін тұлғаның мінезін қалыптастыратын сипаттардың ішінде елге деген сүйіспеншілік, халық алдындағы перзенттік парызын сезіну сынды қасиеттер болуы міндет.

– Өмір жолыңызда арқаңыздан қағып, қолұшын созған жандар болды ма?

Әр адамның өмірінде оның жеңістеріне аса қуанбайтындар мен қолдаушылар болатыны даусыз. Менің жолымда көптеген кедергілер болды. Менің ойымша, олар әрқашан болады. Өйткені, кедергісіз жолдар жоқ. Бірақ әрқашан менің жанымда мені қолдайтын адамдар, идеяларым мен бастамаларым бар. Дәл осы қолдау маған күш пен сенімділік береді.

– Қазіргі жастардың бойындағы қандай қасиет ұнайды?

Жастардың жаңа білімге ұмтылатыны, жаңа көкжиектерді түсінуге тырысатыны қуантады. Мұнымен бірге олар жауаптылық, мейірімділік, жанашырлық және басқа да көптеген құнды адами қасиеттерді жоғалтқан жоқ.

– Болашақтан не күтесіз?

Болашақтан тек жақсылық күтемін. Еліміздің даму деңгейі ары қарай өседі деп ойлаймын. Әлбетте, қиындықтар туындауы мүмкін. Кейбір мәселелер аса күрделі болып көрінуі де ықтимал. Алайда, барлығын еңсеруге еліміздің әлеуеті толық жететініне сенімдімін. Келешекте Қазақстан бұрынғыдан да үлкен жетістіктерге жетіп көркейеді деп білемін.

Жандар АСАН,
медиа-менеджер, коммуникация және PR маманы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here