Әдебиет деген алып әлемнің қайраткерлері аз емес. Есімі елден бөлек сондайлық дарынды тұлғаларымыздың бірі де бірегейі – Әбілфайыз Ыдырысов. Ұлттық руханият, тіл мен әдебиет, журналистика мен педагогика салаларында өзіндік із қалдырған азамат есімі аталғанда, оның еңбектерін еске алмау – әділетсіздік. Ол қазақ журналистикасының дамуына өлшеусіз үлес қосып, қаламының қуатымен елінің еңсесін тіктеуге қызмет етті.
Әбілфайыз Ыдырысұлы 1930 жылы 23 ақпанда Қостанай облысының Амангелді ауданындағы Егіндісай ауылында туған. Жазушы, журналист, педагог, тарих ғылымдарының кандидаты. Ол 800-ден астам публицистикалық мақалалар, очерктер, оқулықтар, «Қазақ журналистикасының тарихы», «Очерк журналистика жанры ретінде», «Баспа өнімдерін әсемдеу», тағы басқа да пәндер бойынша әдістемелік құралдар дайындаған ұстаз. Әбілфайыз Ыдырысов қазақ оқырмандарына «Таңшолпан» деректі романының авторы ретінде де кеңінен танымал жазушы.
Еңбек жолын жастар газеттерінен бастап, бүкіл елге, алдымен, публицист-журналист ретінде танымал болған Әбекең бүгін республика журналистерінің белгілі ұстазына айналып отыр. Қазақ журналистикасының күрделі проблемаларын шешуге қатысқан, оның теориялық негізін жасаған мамандардың бірі. Ол өмірінің жарты ғасыр уақытын журналистика, әдебиет майданына арнады. Оның қырық жылында ұстаздықпен айналысты. Көптеген сыйлықтардың лауреаты, конкурстардың жүлдегері болды. Онға тарта повесть, новелла, романдардың, басқа да көркем туындылардың авторы. Журналист-ұстаз ретінде Әбілфайыз Ыдырысов аттары әйгілі Қалижан Бекхожин, Тауман Амандосов, Темірбек Қожакеев, Шериаздан Елеукенов сынды тұлғалармен қатар қоятын майталман маман еді.
Иә, арыны асқақ, арманы биік азамат еңбек етуден қашып, талаптанудан тайсақтаған жоқ, көп оқыды, оқығанымен бөлісіп, оқулықтар жазды, іргелі басылымдарда ірілік танытып, ғылым мен білімді насихаттады, мұқым елге маңызды ақпарат таратып, тіршілігін тілшілікке арнады. Ірілерге ілесіп, кемеңгерлермен көшелес, көрегенділермен кеселес болды. Оның айғағы – ХХІ ғасыр қаймағы Әуезовке деген іңкәрлік.
Әбекеңнің «Әуезовке іңкәрлік» (Атамұра, 1997 ж.) кітабын алыңыз. Әуезов әлемі десіп жүреміз. Өйткені, оның өзіндік әлемі бар. Әркімнің өз Әуезові бар. Ол әлемнің Әуезові! Ғажап болмысты Әуезов әулиелігі! Сондықтан әуезовтану – терең ілім, мирас. Кеңес кезінде Әуезов астарлап айтқан кейбір болжамдар кейін дәл келді.
Кітапта негізінде ұлы ойшылдың дәріс алған шәкірттеріне айтқан сол әулиеліктері әңгімеленеді.
Әуезов – 37 жылғы құрбандар туралы «Олар әлі-ақ ортамызға оралады» деген екен. Олар ақталды. «Қазақтың кім екенін әлі-ақ танысасыңдар», – деген екен, міне, егемен ел болдық. «Азаттыққа аттанысты жастарымыз бастайды» деген ол. 86-ның желтоқсанында қазақ жастары нақ солай жасады. Ұлы дана Айтматов жайлы «Ол әлі-ақ Адамзаттық болады», деп болжаған. Ол да дәл келді.
Қысқасы, Әбекең өзінің «Әуезовке іңкәрлік» атты новеллалар жинағында ұлы классигіміздің сондай әулиелік болжамдар айтқан сәуегейлік сәттерін оқиғалық желілермен келісті бейнелеу арқылы оның қайталанбас абыздық тұлғасын сомдаған. Тіпті, жазушы өз ой толғауында «Маған Әуезовтың дәрістері көп көмектесті. Мен ол кісіні пір тұтамын. Ең бірінші, сол кісі менің түсіме кіріп, аян берді: «Әбілфайыз, жаз!», – деді» деп сыр шертеді. Кейіннен өзі де аға тәлімгер жолын жалғап, қазақтың қабырғалы қаламгері атанды. Басылымдарда бас редактор қызметін атқарып, білгенімен бөліспекке бекінді. Тілші болмақтың тіршілігін тыңдап, талаптыға трамплин болды.
Қаламгердің «Сыр мен шындық» атты шығармалар жинағына (Алматы, «Атамұра», 2000 ж.) енген «Ұлттық рух, ұлттық намыспен асқақтайық!» деген тақырыппен берілген толғауын атамасқа болмас. Бұл туындыда өмір шындығы, қазіргі заман тынысы ащы да болса ақиқатты тура да сөз болады. Жинаққа енген әр материал мен қазақпын деген пендені еріксіз ойландырады, теңселтіп тебірентеді. Өйткені, оларда ұлтымыздың тағдырына қатысты көкейкесті мәселелер көтерілген. Автор: «Неге олай?!» «Неге бұлай?!» «Неге?!» «Ар қайда, намыс қайда?!» – деп толғанады.
Ондай толғанудың сыры мен шындығы тіл, діл, дін, жер сату, ар, намыс, халық тағдыры, қалталы қазақтар, келімсектердің басынуы бейқам қонақжайлылық, қазына-байлығымыздың талапайға түсуі, бала сату, ата-анадан безу, тың көтеру трагедиясы, түрлі бомбалар жарылыстар зардаптары жайы. Ұлттық рухпен, ұлттық намыстың, ұлттық идеяның кеңістік мәнісі. Біріккен сыбайластық пен жемқорлықтың зардабы. Халықты жаулаған түрлі кесапат, дерттермен күрес мәселесі, Қазақ ауылын тығырықтан шығару проблемалары.
Автор аталған публицистикалық туындылар жинағында «дос жылатып айтады» принципін ұстанып, әлгі саналғандардың бәрін ашына алға жаяды. Ұлттық намыс неге кеміс, ұлттық рух неге төмен? «Қашан оянасын, қазақ?!» деп жанайқайын сыртқа шығарады.
Тағдырында талайды көрген ұстаз 1953-1965 жылдар аралығында “Қазақстан пионері” (қазіргі “Ұлан”) газеті редакциясында әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары, “Лениншіл жас” (қазіргі “Жас алаш”) газетінде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы сынды қызметтерді атқарып, ары қарайғы ғұмырын ғылым мен білім беруге арнайды.
Әбілфайыз Ыдырысовтың қазақ баспасөзінің зерттеушісі ретінде жазған еңбектері де бір төбе. Мәселен, «Адамзат мәдениетінің өркені», «Қарақайлыны билеген қазақтар», «Қазақтың аттары беймәлім патшалары, баспагерлері», «Skun касак-көсем қазақ», «Терең тарихтың өшпес ізі», «Ахаң мен «Қазақ» газеті жайлы ақиқат» атты сүбелі еңбектері – жоғарыда айтқан сөзіміздің айғағы. Ғалым бұл оқулықтарға енген зерттеу еңбектерінде қазақ басылымдарының тарихы мен журналистерінің әдеби һәм публицистикалық мұраларын терең талдап, таразылап, ғылыми бағасын беріп, тасқа басты. Сондай-ақ сол кездегі қазақ баспасөзінің көкейкесті мәселелерін қозғап, газет жанрлары туралы кеңінен түсінік береді. Бұл еңбектер – жас журналистер мен ізденушілер үшін таптырмайтын оқу құралы, ұлттық журналистиканың шежіресін шертетін құнды қазына, Әбілфайыздың қолтаңбасы!
Әбекең – Алтай ерлік пен қайрат иесі, қайсар кісі. Ол өмірге құштар. Қиындықты жеңе білген адам! Сол жақ аяқ-қолы жансыз қалғанда да сау қолымен жазумен айналысты. Сөз басында айтқандай қаншама құнды шығармаларды дүниеге әкелді. Мақсатты өмір сүру үшін барын салды. Өжеттігімен жанпида әрекет-күресімен ол Карчагин, Островский және өзіміздің Зейнолла Шүкіровтың қайсар ерліктерін қайталады. Ауыр дертке ұшырағанда, жарты денесі жансызданып жатқанда да айлап-жылдап, күні-түні жазумен өтті. Жас ұлғайған шақта қолға қалам алып, көркем прозаға кірісу екінің бірінің жүрегі дауаламайтын іс. Ондай жүректі қаламгер тек қазақта емес, әлем әдебиетінде де саусақпен санарлық. Алпыстан асқан жазушының көркем шығарма жазуға отырып, күш-қайратын сарп етіп жазған том-том еңбектерінің сан мың шәкірттер жанына сан ғасыр шырақ жағары анық
Әбілфайыз Ыдырысовтың ғұмыры – шындық пен әділдік жолында сарп етілген саналы ғұмыр. Оның азаматтық ұстанымы, ұлтқа деген жанашырлығы талай жасқа үлгі болды. Ғұмырын қазақ баспасөзіне арнаған ол журналистиканың ғана емес, қазақ сөзінің шырақшысы. Оның жазған әр еңбегі, көтерген әр тақырыбы – болашақ ұрпақ үшін қалдырылған баға жетпес мұра. Қаламы жүрдек, ойы терең азаматтың әрбір сөзі – ұлттық сананың шамшырағы.
Әбілфайыз Ыдырысов публицистикасы мен төл туындылары қазақ әдебиеті мен журналистикасында өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Ол өз ісіне жай тілмаштық ретінде қараған жоқ, әрбір туындыға ұлттық реңк беріп, төл шығармамыздай сіңіре білді. Оның шығармашылық шеберлігі – өз ісін еркін игеріп, оны қазақы бояумен әрлей білуінде. Әбілфайыз жанына үңілсеңіз, одан ұлтшылдықты емес ұлтжандылықты аңғарасыз. Асып-тасқан астамшылық пен даурықпа популизмнен ада. Иә, ол өз ұлтын, өз өлкесін, халқын жанындай жақсы көріп, пайда әкелуді көздеді. Десек те, «өз ұлтын, халқын сүйген адам, өзгені де өзіндей құрмет тұтуы шарт», – деп ұғынды.
Ұлттық журналистиканың дамуына өлшеусіз еңбек сіңірген қайраткердің мұрасын дәріптеу – бізге артылған аманат. Ұлт үшін қалам тербеген қаламгердің еңбегі өзі сүйген елі, өзін сүйген халқы барда мәңгі жасай бермек!
Игерді Ақтолқын,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің 2-курс студенті;
Ғылыми жетекші: ф.ғ.к., доцент Ғ. Майкотова.