

Өткен айда Ресей билігі Қазақстанның солтүстігіне газ құбырын тарту жайлы бұйрыққа қол қойды. Жоба еліміздің энергетикалық ландшафтын айтарлықтай өзгертуі ықтимал. Бірақ, жаңалық жұртшылықтың назарына ілігіп, талқысына түспеді. Әлбетте, бұл бір қарағанда солтүстік өңірді газдандыру үшін оңтайлы шешім болып көрінеді. Әйтсе де, мұның салдары қандай болмақ? «Газға жылдам қол жеткіземіз» деп бөркімізді аспанға атып, аптыққанда, түстіктегі көршімізге тәуелділігіміз артпай ма? Энергетикалық тапшылықтан құтқаратын басқа жолдар бар ма? Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті осы сұрақтар төңірегінде ой өрбітеді.
БИЫЛ 12,4 МЛН ТҰРҒЫН ГАЗБЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТІЛЕДІ
Әлқисса. Алдымен елімізде газдандыру мәселесі қалай шешіліп жатқанына тоқталсақ. Энергетика министрлігінің соңғы мәліметінше, биыл мемлекет 7 елді мекенді газдандыру бойынша 45 жобаны іске асыру үшін 65,9 млрд теңге бөлді. Осы жобаларды іске асыру елді газдандыру деңгейін 62%-ға дейін немесе 12,4 млн-нан астам адам газға қол жеткізе алады.
Атап өтейік, «Сарыарқа» магистральдық газ құбыры Қазақстанның астанасы мен орталық және солтүстік аймақтарын газбен қамтуға арналған. Құбырды төрт кезеңде салу жоспарланып отыр. Бірінші кезеңде Жезқазған-Қарағанды-Астана бағытындағы магистралды газ құбырының құрылысы жүргізіледі. Екінші кезеңде Астана қаласынан Көкшетауға дейін газ құбырын тарту, ал үшінші кезеңде Петропавл қаласына тарту көзделіп отыр. Соңғы кезеңде Жезқазған мен Теміртаудағы компрессорлық станциялардың құрылысы қарастырылған. Құбырдың жалпы ұзындығы 1061,3 шақырымды құрайды.
Жалпы алғанда, «Сарыарқа» газ құбыры 2040 жылға қарай 2,8 млн тұрғыны бар 171 елді мекенді көгілдір отынмен қамтамасыз етеді деп болжанған. Бірақ, былтыр сенатор Ерік Сұлтанов оның құрылысының баяу жүріп жатқанын ескере келгенде бұрын жоспарланғандай 2025 жылға қарай солтүстік өңірлерді газдандыруды аяқтау мүмкін болмайтынын айтты. Шынында, солай болды да ғой.
Сенатор осыған байланысты Үкімет басшысына газ саласын дамытудың 2030 жылға дейінгі кешенді жоспарын бекітуді жеделдетуді ұсынды және онда осы мәселелердің бәрі көрініс табуы тиіс екенін айтты.
Қазір елде төрт ірі газ өңдеу зауыты және бірнеше шағын зауыттар бар, сондай-ақ Қарашығанақ кен орнының газын елден тыс жерде – Ресейдегі Орынбор газ өңдеу зауытында өңдеу жөніндегі маңызды уағдаластық қолданылады. Негізгі төрт зауытқа Маңғыстау облысында «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамына тиесілі Қазақ газ өңдеу зауыты, Теңіз газ өңдеу зауыты (Атырау облысында қуаты жылына 8,8 млрд м3), Жаңажол газ өңдеу зауыты (Ақтөбе облысында қуаты жылына 7,5 млрд м3) және «Болашақ» газ өңдеу зауыты (Атырау облысында қуаты жылына 4,4 млрд м3) жатады.
Соңғы жылдары Қазақстан Республикасының газ саласында шикі газ өндіру көлемінің серпінді өсу үрдісі сақталып отыр. 2030 жылға қарай Қазақстанда шикі газ өндіру 87 млрд м3 деңгейінде күтілуде. Алайда, өндірілген 87 млрд м3 газдың тек 42,1 млрд м3 ғана (48 %) тауарлық газға қайта өңделетін болады. Қалған газ жер қойнауын пайдаланушылардың өз қажеттіліктеріне пайдаланылады немесе қайтадан қабатқа айдалады.
АЛТЫ ЖЫЛ БҰРЫН ПРЕЗИДЕНТТІҢ ӨЗІ КӨТЕРГЕН МӘСЕЛЕ
Қазақстанның солтүстігін газдандыру мәселесі – бірнеше жылдан бері көтеріліп келе жатқан өзекті тақырып. 2019 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарын түгелдей газбен қамту қажеттілігі турасында сөз қозғады. 2,8 млн халық тұратын аталмыш облыстардағы газдандыру деңгейінің екі пайыздан да төмен екенін тілге тиек етті.
Бұл мәселенің нүктесін 2019 жылдың соңында іске қосылған жоғарыдағы «Сарыарқа» газ құбыры қоюы тиіс-тін. Жоба әу баста газды Қызылорда облысынан Қарағанды облысына жеткізіп, артынша елорданы жылытуға арналған еді. Бастапқы жоспар жүзеге асқан соң, құбырды Петропавл қаласына дейін созуға шешім қабылданды.
2023 жылы сол тұстағы Премьер-министр Әлихан Смайылов солтүстік және шығыс өңірлердегі газ тапшылығын түбегейлі жоюға шақырған болатын. Ал, былтыр ақпан айында Премьер-министр Олжас Бектенов осы мәселеге қатысты депутаттық сауалға жауап берді. Онда «Сарыарқа» газ құбырын солтүстікке ұзарту жұмыстары Бейнеу-Бозой-Шымкент магистральдық газ құбырының екінші желісінің құрылысымен қатар жүретінін айтты. Сондай-ақ, жобаны келер жылдың соңында аяқтау жоспарланғанын мәлімдеді.
Одан бері бір қыдыру уақыт өтсе де, жұмыстың жүзеге асырылуы жайлы сүйіншілеген жаңалықтар жоқ. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің сөзінше, дайындық жұмыстары «QazaqGaz» компаниясы арқылы жасалуда. Дегенмен, жобаны қаржыландыру көздері әлі де бұлыңғыр.
2024 жылдың шілдесінде «Atameken Business» басылымының тілшісі министрден осы жөнінде сұрағанда, нақты жауаптан жалтарып, қысқа қайырды. «Түрлі нұсқалар қарастырып жатырмыз. Мәселен, «Самұрық-Қазына» қорынан облигациялар шығару, Ұлттық қордан қаражат, коммерциялық несиелер алу сынды тетіктер бар. Егер инвестор тартылса, оның да қаржысы жұмсалуы мүмкін. Бірақ, бұл туралы айтуға әлі ерте», – деген еді осы күзде 55 жасқа толатын Алмасадам Майданұлы.
Әзірге бізге белгілісі газ құбырын солтүстікке созудың құны 188,5 млрд теңгеге бағаланған. Уақыт өте келе, бұл соманың өсуі де ғажап емес.
ҚАЗАҚСТАН МӘСЕЛЕСІН РЕСЕЙ ШЕШЕ МЕ?
2023 жылдың қарашасында Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин Қазақстанға сапарының қарсаңында «Казахстанская правда» газетіне сұхбат берді. Кремль қожайыны: «Бүгінде «Газпром» (Ресей трансұлттық энергетикалық компаниясы, – ред.) мен Қазақстан үкіметі арасында газ саласындағы ынтымақтастық жөніндегі жол картасы бекітілді. Ресей Қазақстанның солтүстік және шығыс өңірлерін газбен қамтамасыз етуге қол ұшын созуға даяр», – деп мәлімдеді.
Ресей Федерациясы үкіметінің 2025 жылғы 18 ақпандағы өкімімен Қазақстанның солтүстік және солтүстік-шығысын газбен қамтамасыз ететін газ құбырын салу туралы шешім қабылданды. Ресей Қазақстанның солтүстік және солтүстік-шығысына жылына 10 млрд текше метр газ жеткізгісі келеді.
Ресей үкіметі 18 ақпанда арнайы қаулы қабылдап үлгерді. Ол бойынша магистральдық газ құбыры Түмен облысында салынады, оның жұмысын қамтамасыз ету үшін 50 МВт қуатты компрессорлық станциялар бой көтермек. Бұл жоба Ресей мен Қытай арасындағы ірі газ құбырының бір бөлігі ретінде қарастырылып отырғаны өткен жылы айтылған. Жыл соңында Ресей вице-премьері Александр Новак Ресейден Қытайға Қазақстан арқылы өтетін газ құбырының бағыты әзірленіп жатқанын мәлімдеген еді. Оның жалпы қуаты 45 млрд текше метр болса, соның 10 миллиарды біздің жер арқылы өтеді.
Ресей билігінің айтуынша, бұл жоба алдағы жылдары Қазақстанның солтүстік өңірлерін газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Алайда, қай кезде іске қосылатыны белгісіз. Жауаптылардың ешбірі қандай да бір датаны атамады. Ресей вице-премьері Александр Новак жаңа жыл қарсаңында: «Қазіргі таңда есеп-қисабы жүргізіліп, техникалық-экономикалық тұжырымдамасы әзірленуде. Келіссөздер де жалғасуда», – деп мәлімдеді.
Дегенмен, Ресей газына иек артудың елеулі тәуекелдері бар. Мұны жоққа шығара алмаймыз. Ескеруге тиіс жайттар баршылық.
Әзірге Ресейдің Қазақстанға газ жеткізу шарттары туралы нақты ақпарат жоқ. Әйткенмен, көршіміздің ресурсы халықаралық баға шегіне байланысты экспорттық құнмен жеткізілуі ықтимал. Мысалы, 2023 жылы кәрі құрлық үшін газдың орташа бағасы мың текше метріне шамамен 500 долларды құрады. Ал, біздегі ішкі тарифтер бірнеше есе төмен. Валютаны айырбастағанда, дәл осындай көлемнің құны шамамен 70-80 долларға татиды. Егер Қазақстан үшін газ бағасы Еуропамен бір деңгейде белгіленсе, солтүстік өңірдегі тұрғындар үшін көгілдір отын қолжетімсіз болмақ. Мұндай жағдайда, тіпті бюджет тапшылығы мен әлеуметтік шығындардың көптігіне қарамастан, Үкімет бағаны лажсыздан субсидиялайды. Бірақ, кейбір салалық сарапшылар «Ресей жеңілдік жасар» деп үміттенеді. Олардың жорамалынша, алпауыт көршіміз қазіргі нарықты ескеріп, қолайлы баға ұсынуы кәдік.
Ұзақ мерзімді келісімшарттар жасалған соң, Ресейдің энергетикалық ресурстарды қысым көрсету құралына айналдыратыны жасырын емес. Мәселен, 2022 жылы Мәскеу Германияға газ айдауды қысқартып, күллі Еуропада бағаны шарықтатты. Ал, Қазақстан үшін мұндай қауіп бар ма? Өкінішке орай, иә! Ұзақ мерзімді келісімнен кейін газ құбырының геосаяси бишікке айналу қаупі зор. Ауаны осқылап-ақ, тырп еткізбеуге қауқары жетеді. Демек, газ құбырын салысымен, Мәскеудің позициясы одан әрі нығаяды. Қандай да бір саяси дискуссия орын алса, шүмекті бұрап, қуаттан айырады. Мұны техникалық апат болғандай көрсету аса қиын шаруа да емес. Солтүстік аймақтар жылусыз қалып, хаос орнайды. Әйтпегенде, Владимир Путиннің өзі бұл жобаға соншалықты ынтықпас еді. Ұсыныстың едел-жедел мақұлдануы да бақай есептің қамы болса керек.
Құбырдың құрылысына қатысты санкциялық тәуекелдерді де ұмытпаған жөн. Ресей-Украина соғысы ит жығыс түсіп, келіссөздерден барқадар таппады. Мұндай сәтте, Еуропалық Одақ ресейлік газдан бас тартып, энергетикалық экспорттарына шектеулерді ұзартуға дәттері шыдауы мүмкін.
Әрине, мұндай жағдайдың орын алу ықтималдылығы өте төмен. Себебі, бұл кәрі құрлық үшін өте нәзік мәселе. Бірақ, егер орын алса, Қазақстан сөзсіз қиындыққа тап болады. Қажетті инфрақұрылымға миллиардтаған теңге инвестиция салынғаннан кейін ел газсыз қалуы мүмкін. Ресей құбырды шекараға дейін жеткізудің шығынын өзі көтерген күннің өзінде тәуекел жоғалмайды. Құбырды ішкі аймақтарға тарту үшін бәрібір шығынданамыз. Алдын ала есептеулер бойынша, бір ғана өңірдің өзіне 250 млрд теңге кетуі мүмкін. Ең қауіптісі – үкілеген үміттің ақталарына ешбір кепілдің жоқтығы.
ҚҰНЫ ЖОҒАРЫ, САЛДАРЫ АУЫР ТӘУЕКЕЛ
Ең қызығы, отандық газ қорларымыз бола тұра, өзгеге сұқтануымызда. Қарашығанақ, Теңіз, Қашаған кен орындары қазірдің өзінде қазынамызға миллиардтаған доллар пайда түсіруде. Неліктен күш-жігерімізді ішкі инфрақұрылымды дамытуға бағыттамасқа? Дау жоқ, «Сарыарқа» газ құбырын ұзарту немесе батыстағы кендерден жаңа құбырлар тарту машақатты іс. Егжей-тегжейлі зерттеуді қажет ететін ауқымды шаруа. Бірақ, дәл осы жолды таңдасақ, аюдың апанын айналып өтер едік.
Бұдан бөлек, балама нұсқаларды да қарастыруға болады. Мысалы, сұйытылған табиғи газ инфрақұрылымын дамыту: терминалдар салып, газды цистерналармен шалғай мекендерге жеткізу ұтымды шешім болар еді. Түркияның тәжірибесі пікірімізді қуаттай түседі. Анкара тасымалдау жүйесі арқылы құбыр тартуға тиімсіз аймақтардың өзін газбен қамтамасыз етуде. Әйтсе де, мұның да өзіндік шығындары бар. Алдын ала есептеулерге сүйенсек, Солтүстік Қазақстан облысына осындай жүйе құру шамамен 100 млрд теңгені қажет етеді. Сонымен қатар, сұйытылған табиғи газ бағасының әлемдік нарыққа байланысты мың құбылатынын ұмытпайық.
Қазіргі таңда балама бағыттарға деген қызығушылық байқалмайды. Ал, «Газпроммен» жасалған ұзақмерзімді келісім қысқа уақытта газ тапшылығынан құтқарғанымен, энергетикалық тәуелділікке жол ашады. Сын сағатта газсыз қалу қаупі күшейеді, көгілдір отынның бағасы қалтаны түгеседі. Ең жаманы, геосаяси ойындарды өзгенің ережесімен ойнауға мәжбүр боламыз.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
«Ортақ өгізден оңаша бұзау артық» дегендей, бар әлеуетімізді ішкі инфрақұрылымды дамытуға арнаған абзалырақ. Бюджетке салмақ салғанымен, ұзақ мерзімді перспективада жемісін берері сөзсіз. Ресейлік газға жүгінген күннің өзінде, саяси қысымды барынша азайтудың амалын жасау керек. Келісімшартта баға мен тасымалдау көлемін нақтылау маңызды. Сонымен қатар, сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде автономды газдандыруды дамыту – күн тәртібіндегі мәселе. Осы орайда Уинстон Черчилльдің сөзі ойға оралады: «Англияның мәңгілік достары жоқ, оның тек мәңгілік мүдделері ғана бар».
Фараби СӘЙКЕНОВ