Әлеуетті әскер мен қуатты қорғаныс – мемлекеттің басты тірегі, ел қауіпсіздігінің кепілі. Әлемде қалыптасқан күрделі геосаяси ахуал Еуразия кіндігінде орналасқан Қазақстанға ерекше сергек болуды талап етеді. Әсіресе, осындай сындарлы кезеңде сардарларымыз бен сарбаздарымызға жүктелер жауапкершілік ерекше жоғары. Ел Президенті – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев армияның жауынгерлік әлеуетін кезең-кезеңімен көтеру және әскерді даярлаудың жаңа тәсілдеріне көшу мәселелеріне айрықша назар аударып келеді. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаевпен сұхбат барысында әскери қызметтегі тәртіп пен қауіпсіздікті нығайту, әскери қызметшілердің әлеуметтік мәртебесі туралы әңгіме қаузалды. Бұдан бөлек, қорғаныс ведомствосының алдында тұрған міндеттер екшеліп, бөлімшелердің жауынгерлік дайындығы мен әскери инфрақұрылымды дамыту мәселелері баяндалды.
«ӘСКЕРИЛЕРДІҢ АЙЛЫҚАҚЫЛАРЫ ЕКІ ЖЫЛДА ОРТАША ЕСЕППЕН 48,2 ПАЙЫЗҒА АРТАДЫ»
– Шайх-Хасан Сатарқұлұлы, ең алдымен ғасырдан астам тарихы бар басылым – «Qazaq» республикалық газетіне сұхбат беруге уақыт бөлгеніңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Қуатты қорғаныс – тұрақтылық пен тыныштықтың кепілі екендігі белгілі. Ел егемендігінің елең-алаң кезінде қалыптасқан Қазақстан Қарулы күштерінің сапында бүгінде 300 мыңға жуық азамат қалтқысыз қызмет атқарады екен. Әңгімемізді ел тыныштығын күзетіп тұрған азаматтардың әлеуметтік ахуалын білуден бастасақ… Әскери қызметшілерге мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар олардың әлеуметтік мәселесін оңтайлы шешуге қаншалықты септігін тигізеді?
– Сауалыңызға рақмет. Биылғы жылдың басты жаңалығы – 1 қаңтардан бастап жеті мемлекеттік орган еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесіне көшті. Бұл тізімде Қорғаныс министрлігі де бар. Бірден айтып өту керек, бұрын әскери қызметшілердің еңбегіне ақы төлеу 78 тарифтік санат бойынша жүзеге асырылып келген. Енді бірыңғай тізілімде 22 позиция бойынша жүргізілетін болады. Бұл жалақы жүйесін айтарлықтай жеңілдетеді әрі диспропорцияларды жояды.
Еңбекке ақы төлеудің жаңа жүйесіне көшу 2025-2026 жылдары екі кезеңде іске асырылады. Яғни, биылғы қаңтардан бастап офицерлер құрамының лауазымдық жалақысы орта есеппен 20,3 пайызға, батальон командирі – 28,2 пайызға, қатардағы және сержанттық құрам – 33,9 пайызға, бөлімше командирі – 43,1 пайызға, полк сержанты – 54 ,3 пайызға артты.
Екінші кезең алдағы жылы басталады. 2026 жылғы қаңтардан бастап офицерлер құрамының лауазымдық жалақысы бірінші кезеңдегі жоғарылату деңгейінен орта есеппен 23 пайызға артады. Қатардағы және сержанттық құрамның еңбекақысы тағы да 10 пайызға көтерілмек. Бұл өзгеріс 2023 жылы лауазымдық жалақылары өскендіктен, ұшу құрамының әскери қызметшілері мен әскери медицина қызметкерлеріне әсер етпейтінін атап өту керек. Тағы бір айта кететін жайт, лауазымдық жалақының артуы – сыныптылығы мен мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтермен жұмыс істегені үшін төленетін үстемеақының, сондай-ақ сауықтыруға берілетін көтерме жәрдемақының, еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшерінің ұлғайуына да әсер етеді. Осылайша, 2025-2026 жылдар ішінде Қарулы күштер мен басқа да күштік құрылымдар әскери қызметшілерінің лауазымдық айлықақыларын арттыру орта есеппен 48,2 пайызды құрамақ. Тағы бір айта кетерлігі, мерзімді қызметтің әскери қызметшілеріне арналған «Срочники 2.0» бағдарламасы жұмыс істеп келеді. 2022 жылғы
25 қазанда Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов жоғары оқу орындарымен меморандумға қол қойған болатын. Келісімде білім ордалары есебінен жоғары білім алу үшін орын бөлу көзделген. Қызмет барысында үздік шыққан сарбаздар осы бағдарлама арқылы Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырмай, тегін оқуға түсу мүмкіндігіне ие болды. Қазірдің өзінде 1 жарым мыңға жуық мерзімді қызметтен өткен азамат жоғары оқу орындарында білім алуда. Биылдан бастап әскер қатарында болып, іріктеуден үздік шыққандарға мемлекеттік грант берілетін болады. Бұдан бөлек, Қарулы күштердің цифрлық трансформациясы аясында мерзімді әскери қызметке шақырылған азаматтар кредиттік демалыс ала алады. Атап айтқанда, азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру туралы бұйрық тікелей жүйеде шығарылып, бірден кредиттік бюролардың сервистеріне жіберіледі. Кредиттердің бар-жоғын анықтағаннан кейін екінші деңгейдегі банктер мен микрокредиттік ұйымдар бұл деректерді 14 ай мерзімге кейінге қалдырады. Қазіргі уақытты жалпы сомасы 5,54 млрд теңгені құрайтын қарыз бойынша мерзімді әскери қызметке шақырылған 15 мыңнан астам адамға кредиттік каникул берілгенін айта кету керек.
– Соңғы жылдары әскерилеріміздің кәсіби дайындығына, армиямыздың заманауи қару-жарақпен, озық технологиямен жабдықталуына ерекше назар аударыла бастады. Мемлекет басшысы Қарулы күштерімізді технологиялық тұрғыда жаңғырту жұмысына жете мән беріп отырғаны белгілі. Жаңа үлгідегі қару-жарақ пен заманауи техниканың үлесін арттыру бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Мемлекет басшысы 2023 жылғы 5 мамырда өткен Бүкілармиялық кеңесте жаңа үлгідегі қару-жарақтың және техниканың, әсіресе дәлдігі жоғары қарулардың, ұшқышсыз басқарылатын техника мен роботты кешендердің үлесін арттыру қажеттігін айтқан болатын. Сондай-ақ, әскеріміз ұтқыр болу үшін тасымалдаушы ұшақтардың және ұрыс көліктерінің санын арттыру туралы тапсырма қойды. Қорғаныс министрлігі 2024 жылы мемлекеттік қорғаныс тапсырысын орындау шеңберінде Қарулы күштерді қару-жарақ пен әскери техниканың жаңа түрлерімен жарақтандыру мақсатында белсенді жұмыс атқарды. Мәселен, өткен жылы Қарулы күштерге 100-ден астам жауынгерлік машина мен авиациялық техника сатып алынғанын айту керек. Біз үшін жаңа жабдықтарды сатып алудан бөлек, қолда бар қару-жарақ үлгілерін жаңғырту, сондай-ақ шетелдік әріптестермен және халықаралық ұйымдармен өзара тиімді іс-қимыл жасау басым бағыт болып қала бермек. Алдымен қазіргі заманғы әуе шабуылына қарсы қорғаныс құралдарына тоқталсақ, бүгінде «Бук-М2Э», «Тор-М2К» зениттік зымыран кешендері, «Роса-РБ» «Платформа, сондай-ақ отандық «Нұр» радиолокациялық станциялары жауынгерлік кезекшілік атқарады. Былтыр әскеріміз 45 «COBRA II» сауытты дөңгелекті машинасымен толықты. Бұл көлік армияның қарқынды ұрыс жағдайында операциялар жүргізу мүмкіндігін арттырады. Сонымен бірге, мемлекеттік қорғаныс тапсырысы шеңберінде «Арлан» көпмақсатты сауытты дөңгелекті машинасының 53 бірлігін сатып алдық. Бұл жауынгерлік машиналар Құрлық әскерлері бөлімшелерінің ұтқырлығы мен қауіпсіздігін арттыруға арналған. Қосымша қаржыландыру аясында 2024 жылғы желтоқсан айында еліміздің Әскери-әуе күштері А-400М әскери-көліктік ұшағымен толықты. Ұшақ жеке құрамды, ауыр жүктерді, техниканы тасымалдауға, гуманитарлық операциялар шеңберіндегі тапсырмаларды орындауға арналған. Республика күні қарсаңында «Шапшаң» көліктік-десанттық қайығы суға түсірілді. Диверсияға қарсы қайық теңізде және өзендердің сағаларында операциялар жүргізуге, жабдықталмаған жағалауға десант тасымалдауға және оларды атыспен қолдауға, медициналық эвакуациялауға және апатқа ұшырағандарға көмек көрсетуге арналған. Бұдан бөлек, қару-жарақ пен техниканың қолданыстағы үлгілерін жаңғыртуға және күрделі жөндеуге де көп көңіл бөлінеді. Бұл өз кезегінде қолданыстағы жүйелердің қызмет ету мерзімін ұзартып қана қоймайды, сонымен қатар талаптарға сәйкес олардың функционалдығын жақсартуға да мүмкіндік берді.
«ОФИЦЕР КАДРЛАРДЫ ДАЯРЛАУДЫҢ ҰЛТТЫҚ ЖҮЙЕСІ ЖЕТІЛДІРІЛДІ»
– Әскери мамандарды уақыт ағымына сай даярлау ісі де саладағы маңызды мәселенің бірі. Әскери оқу орындарының материалдық-техникалық базасын жаңғырту бағытында, академиялар мен институттардың әлемдік стандарттарға сәйкестендіру тұрғысындағы жұмыстарға тоқталып өтсеңіз.
– Бүкілармиялық кеңесте ел Президенті әскери білім беру жүйесін одан әрі дамыту, сондай-ақ әскери оқу орындарын әлемдік стандарттарға сәйкестендіру, қазіргі заманғы талаптарды ескере отырып, оқу бағдарламаларын жетілдіру жөніндегі шаралар қабылдау туралы тапсырма берді. Осыған байланысты, Қорғаныс министрлігі Қарулы күштердің әскери білімі мен ғылымын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірледі. Қорғаныс министрлігінде ғылыми-зерттеу және өнертапқыштық қызметпен Ұлттық қорғаныс университетінің, Құрлық әскерлері әскери институтының, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының, Әуе қорғанысы күштері әскери институтының және «Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығы» АҚ-ның ғылыми қызметкерлері айналысады. 2018-2023 жылдар аралығында әскери оқу орындары гранттық қаржыландыру шеңберінде 19 ғылыми жобаны, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бойынша 4 ғылыми бағдарламаны, конкурстық рәсімдерден тыс бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында 1 ғылыми-техникалық бағдарламаны және консалтингтік қызметтер шеңберінде жалпы сомасы
1 868,5 млн. теңгелік 1 ғылыми жобаны іске асырды. Ғылыми жобаларды іске асыру қорытындысы бойынша әскери оқу орындары зияткерлік меншік құқығы туралы патенттер мен куәліктер иеленді.
Жалпы, кадр дайындау – күрделі процесс. Бүгінгі таңда офицер кадрларды даярлаудың ұлттық жүйесі, оның сандық және сапалық параметрлері үнемі жетілдіріліп отырады. Атап айтқанда, Қорғаныс министрлігі білім берудің жаңа мемлекеттік стандарттарын әзірледі және қолда бар оқу бағдарламаларын қайта өңдеді. Онда жеке құраммен жұмыс істеу үшін практикалық бағыт айтарлықтай ұлғайтылды. Әскери кадрларды іріктеу және даярлау жүйесінде барлық бағыттар мен деңгейлерде ауқымды және мақсатты жұмыс жүргізіліп келеді. Офицерлерді негізінен Құрлық әскерлерінің әскери институты, Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты, Радиоэлектроника және байланыс әскери институты дайындайды. Сержанттар құрамын дайындауда біз Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледжге арқа сүйейміз. Былтыр алғаш рет Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледж кадеттері бітіріп шықты. Ұлттық қорғаныс университеті елдегі жоғары әскери білімнің флагманы, жаңа үлгідегі әскери оқу орны, инновацияларды енгізу саласындағы көшбасшы. Университет ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің қарулы күштері үшін әскери кадрларды бірлесіп даярлау жөніндегі оқу орындарының тізбесіне енгізілген.
– Әлеуметтік-идеологиялық жұмыстарды күшейту жөнінде қандай жұмыстар атқарылуда?
– Әскерлердегі тәрбие және идеологиялық жұмыс негізінен ақпараттық-тәрбиелік, психологиялық, мәдени-демалыс, әскери-әлеуметтік, әскерді ақпараттық-психологиялық мінез-құлықтан қорғауды, әскери тәртіп пен құқықтық тәртіпті бекітуді, әскери ұжымдарда жоғары моральдық-психологиялық ахуалды сақтауды қамтиды. Өткен жылы Қарулы күштердегі идеологиялық жұмыс тұңғыш Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов пен Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдық мерейтойларына арналған іс-шараны қамтыды. Былтыр Ақмола облысының Ақкөл қаласында армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің ескерткіші ашылды. Жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу аясында Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, батырдың туғанына 100 жыл толуына арналған бағдарламалар, сұхбаттар мен бейнероликтер топтамасы шығарылды. Құрлық әскерлерінің әскери институтында «Әскери ант» атты телесериал түсірілді. Алматыда Сағадат Нұрмағамбетовтың туғанына 100 жыл толуына орай «Айбын» X халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны өтті. Оған Қазақстанмен бірге Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстаннан 750 жас патриот жиналды. Сонымен бірге Қарулы күштерде, барлық гарнизондарда, әскери бөлімдер мен мекемелерде Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың өмірі мен ерлігін өскелең ұрпаққа қол жетімді етуге арналған іс-шаралар өтті. Конференциялар мен «дөңгелек үстелдер» Рақымжан Қошқарбаевтың өмір жолы және оның мұрасына арналды. «Айбын» журналы Халық қаһарманына арнайы шығарылым әзірледі. Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығы аясында гарнизондарда мерекелік іс-шаралар, әскери ұжымдар челлендждер, түрлі акциялар, «дөңгелек үстелдер» өтті. Ал, әскери оқу орындарының курсанттары «Біз – батыр елдің ұрпағымыз» атты әскери-патриоттық акцияға қатысты. Көптеген мектептерде «Мәңгілік ел алыптары: Рақымжан Қошқарбаев» атты Ерлік сабақтары өткізілді. Бұдан бөлек, биылғы идеологиялық жұмыстардың қатарында алдағы жазда Ақтөбеде қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиыны өтетінін айта кету керек.
«ӘСКЕРИ ӨМІР БОЗБАЛАНЫҢ ЕРІК-ЖІГЕРІН ЖАНЫП, НАМЫСЫН ОЯТАДЫ»
– Халқымыздың даңқты тұлғасы Бауыржан Момышұлының «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деген ұлағатты сөзі бар. Бабалар аманатына адалдық бүгінгі буынның басты борышы, қасиетті парызы. Азаматтарымызды елжандылыққа тәрбиелеуде, Отанға қалтқысыз қызмет етуде әскери іс маңызды рөлге ие. Осы ретте Сізден әскери тәртіп пен әскери қызмет қауіпсіздігін нығайту тұрғысындағы іс-шаралар туралы сұрағым келіп отыр.
– Қарулы күштерде әскери тәртіпті нығайту бойынша профилактикалық және алдын алу шараларының барлық кешені 2025 жылға дейінгі «Өміріңді сақта» ведомствоаралық бағдарламасына сәйкес жүзеге асты. Өзіңіз білесіз, бұл кешенді жоспар психологиялық, идеологиялық және патриотизмге тәрбиелеу сияқты көптеген бағыттарды қамтыды. Бөлімдердегі жеке құрамды бақылау «Серіктес», «Пирамида» және «Жауынгерлік дос» жүйелері арқылы жүзеге асырылды. Әскерде болып, өмір мектебінен өткен кез келген адам алдымен тәртіп пен жауапкершілікке үйренеді. Сындарлы сәтте өзіне сенімді болады. Қайталап айтамын, әскер дегеніміз – бұл өмір мектебі. Ол мектеп жастарды отаншылдыққа тәрбиелеп, әскери саланың негізін үйрететін, ер жігітті есейтетін орта. Уақытының басым бөлігі жауынгерлік дайындықтан тұратын әскери өмір бозбаланың ерік-жігерін жанып, намысын оятады. Азаматтық өмірде жеңіл-желпі әрекеттерге үйренген кейбір жастар қиындық көрмей өседі. Сол себепті әскерден жалтарудың ретін іздейді. Біз ел қорғайтын азаматтарды тәрбиелейміз. Ал, еліне қорған боламын деген ер жігіт әскер қатарындағы бір жылда көбіне жауынгерлік дайындықпен айналысады. Бұл дегеніміз біріншіден елдің жұмылдыру ресурсы. Мұны дұрыс түсіне білетін жастар бізде аз емес деп білемін. Олай болса, Отан қорғау деген абыройлы міндетке адал болғанға не жетсін?! Сарбаздарды тереңдетіп зерделеу мақсатымен олардың ата-аналармен тығыз байланыс орнатылған. Әлеуметтік желілерге ұдайы мониторинг жүргізіліп келеді. Бұдан бөлек, ата-аналардың чаттары жұмыс істеп тұр. Қорғаныс министрлігінің мобильді топтары алдын алу жұмыстарын ұйымдастыру мақсатымен әскери бөлімдердің командирлеріне әдістемелік көмек көрсетіп отырады. Лудоманияға бейім және несиелері бар адамдардың есебі, қаржылық сауаттылық кейстері сараланып, олардың төлем қабілеттілігіне талдау жүргізіледі. Әскери қызметшілерді қызметтік уақытта бақылаудың пәрменді нысандарының бірі – онлайн-бақылау және бейнебақылау камераларын қарау. Бұл оқиғалардың алдын алуға және сақтандыруға ықпал етуге мүмкіндік береді. Осыған байланысты әскери бөлімдер мен мекемелердің штаттарына оператор лауазымдары енгізілді. Бүгінде Қарулы күштерде 12 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылған. Бұдан бөлек, армиядағы профилактикалық қызметтің бір аспектісі «Сарбаз аналары» комитетімен өзара іс-қимыл екені белгілі. Қоғамдық ұйым өкілдеріне сарбаздар қызметінің барлық кезеңдерінде, олар әскерге шақырылған сәттен бастап, запасқа шығарылғанға дейін есік ашық. Комитет мүшелеріне әскери бөлімдердің инфрақұрылымымен, мерзімді қызмет әскери қызметшілерінің моральдық-психологиялық жай-күйімен, тұрмысымен және қызмет өткеру жағдайымен танысуға, жеке әңгімелесулер, семинарлар мен тренингтер, сауалнамалар мен салтанатты іс-шаралар өткізуге, ұсыныстар енгізуге мүмкіндік берілген.
– Армияның жауынгерлік әлеуетін көтеру, басқару үдерістерін одан әрі цифрландыру және Арнайы операциялар күштерін дамыту бағытындағы жұмыстар туралы баяндап берсеңіз.
– Қарулы күштерге заманауи технологияларды енгізу бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде. Бұл міндеттерге байланыс жүйелерін жаңарту, басқару жүйелерін біріктіру, қару-жарақ пен техниканы жаңарту және киберқауіпсіздік кіреді. Цифрландыру әскери операциялардың тиімділігі мен дәлдігін арттырып қана қоймайды, сонымен қатар әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Оларға әртүрлі жағдайлар мен сценарийлерде тапсырмаларды сәтті орындауға көмектеседі. Бүгінгі күні Қарулы күштерді цифрландыру шеңберінде азаматтарды әскери есепке алуға қатысты барлық мәліметтер оның «жеке кабинетінде» «Egov» және «Мgov» электрондық үкіметінің мемлекеттік көрсетілетін қызметтер порталдарында көрсетіледі. Өткен жылы бұл қызметті 700 мыңға жуық адам пайдаланды. Тағы бір жаңалық ретінде айтарым – 17 жастағы бозбалаларды әскери есепке қою Электрондық Үкіметтің белсенді форматына ауыстырылды. Онда азаматтарды шақыруды кейінге қалдыру және босату туралы бірқатар ұсыныстар енгізілген. Арнайы операциялар күштерінің қолбасшылығы Мемлекет басшысының армияның жауынгерлік қабілетін түбегейлі арттыру және Қарулы күштердің жұмысын қайта құру жөніндегі тапсырмасын іске асыру шеңберінде құрылды. Арнайы операциялар күштері елдің қорғаныс қабілетін, әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету шеңберінде, оның ішінде терроризмге қарсы операцияларға қатысу және заңсыз қарулы құралымдарға қарсы арнайы міндеттерді шешуге арналған құрылым. Арнайы операциялар күштерінде жауынгерлік, командирлік даярлықтың жаңа бағдарламалары, сонымен қатар атыс қаруынан, минометтерден және де жауынгерлік техникалардан оқ ату курстары енгізілді. Арнайы операциялар күштерінің әскери қызметшілері көптеген республикалық және халықаралық оқу-жаттығуларға, қиын климаттық жағдайларда аман қалу, биіктіктен секіру, атыс және тау дайындығы курстарына белсенді қатысады. Арнайы операциялар күштерінің қолбасшылығы кәсіби дайындалған әскери қызметшілердің резервін қалыптастырумен белсенді түрде айналысады. Осы мақсатта біліктілік сынағы ұйымдастырылды. Оның нәтижелері бойынша 29 әскери қызметші батылдық пен батырлықтың символына айналған күрең қызыл беретті алу құқығына ие болды. Өткен ақпан айында Арнайы операциялар күштерінің «Жаубасар» командасы алғаш рет Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен элиталық бөлімшелердің жарысына қатысып, жоғары нәтиже көрсетті. Бүгінде олар Қарулы күштердің арнайы дайындалған, техникалық жарақтандырылған, жақсы жабдықталған, мемлекеттің мүдделерін қорғау оның қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету жөніндегі ең күрделі міндеттерді орындауға дайын құрылым болып табылады.
– Шайх-Хасан Сатарқұлұлы, әңгімеңізге рақмет!
Жоба авторы: Жандар АСАН