Еліміздегі шағын қалалардың көптеген түйткілді мәселелері бар. Өмір сүру ортасының қолайсыздығы, халықтың ірі қалаларға қарай көшуі, жергілікті тұрғындардың орта жасының ұлғаюы, табыс көзінің аздығы сияқты проблемалар көзге бірден түседі.
Арқалық – «даму әлеуеті төмен» статусы бар өңіріміздегі жалғыз моноқала. Бірақ, соңғы жылдары қала басшылығының тиімді жұмыстарының нәтижесінде әлеуметтік-экономикалық даму көріністері байқалып келеді.
Арқалықтан бір кездері халықтың жаппай көшуі ғимараттардың бос қалуына әкеліп соқтырды. Бұл көрініс халықтың көңіл-күйіне, жалпы әлеуметтік жағдайына теріс әсер етті. Жұмыссыздық белең алды.
Арқалық ірі қалалардан шалғай орналасқан. Сондықтан да, Арқалыққа Қазақстанның басқа аймақтарымен жақсы байланыс қажет. Бұл өте өзекті мәселе, өйткені көлік бағыттарын түбегейлі жақсартпаса, Арқалық өңірінің экономикалық дамуы екіталай.
Қазіргі таңда біз талапкерлер мен студенттерді, жаңа кадрларды, инвесторларды барынша тартуға тырысып жатырмыз, бірақ, өкінішке орай, жоғарыда аталған себептерге байланысты, жастардың таңдауы көбіне ірі қалаларға түседі.
Сөз жоқ, Торғай өңірі тарих пен рухани құндылықтарға бай өлке: ұлт ұстазы да, тұңғыш дала мектебі де, алғашқы ағартушы да, қазақты «оятуға» тырысқан қайраткер де шыққан. Өңірдің бірегей табиғаты, ғылыми және туристік ортада танымал Торғай геоглифтері және өзге де ерекшеліктері бар. Яғни, бұл аймақта туризм саласының да әлеуеті зор.
Аталған ерекшеліктер қаланың ғана емес, түгел облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына да жағымды әсер етері сөзсіз.
Қазір Арқалық қаласы арқылы өтетін көлік жолдарына үлкен үміт артылып отыр. Әлі де болса қажетті қаражат көлемі бөлінбей жатыр.
Торғай өңірін түлету үшін, ішкі туризм мен кәсіпкерлікті дамыту үшін әуежай салып, әуе тасымалын іске қосу қажет. Бір кездері Арқалық әуежайынан Қазақстанның көптеген қалаларына, Мәскеуге, сондай-ақ Қостанай облысының аудандарына ұшақтар қатынайтын. Бүгінде сол аймақтық авиация туралы тек естеліктер ғана айтылады.
Қазақстанның сапалы өзгеруі еліміздің барлық өңірлерін бірдей дамытуға тікелей байланысты. Онсыз шағын және шалғай өңірлердегі халықтың көңіл-күйі де, жастардың жұмысқа келуі де, тұрақты қоныстануы да, кәсіби белсенділігі де төмен болып қала береді.
Осы маңызды іс шешімін тапса, Арқалық сияқты өнеркәсіп орталықтары миграция мәселесін шешіп, кәсібін дөңгелетіп, инвестициялық белсенділігін еселеп, қуатты өңірге айналары сөзсіз.
Ержан Әмірбекұлы, экономика ғылымдарының докторы, профессор