Ұлт пен ұлысты біріктіретін күш болса ол өнер. Іш дұниясындағы сезімін сонда салып, сахна киесін сезінетіндер сол жолды құдіретті етіп келеді. Еліміздің тұтастығын берік етуде де өнер иелерінің рөлі басым. Бұл жолға бас изегендердің бірі – ұйғыр ұлтының «Дервиши» ән тобы. 25 жылдық шығармашылығында Қазақстан халқының сүйіспеншілігіне бөленіп, сан ұлттар арасында мәдени байланыс орнатып өз тарихын таңбалады. 27-ші наурызда сол тарихқа мөр басып, ширек ғасырлық ғұмырын атойлатып атап өтпек. Осы ретте аталмыш топтың өткеніне үңілейік.
1999 жылдың құрдасы «Дервиши» ән тобының құрылу тарихы терең. «Көйдүм ярим» алғашқы ән жинағымен талайлардың жүрегін жаулады. Дәл сол жылы еліміз ішінде өткен үздік жеті әннің бірі ретінде таңдалып, «Алтын домбыра» премиясын алды. 2000-2003 жылдары қатарынан «Алтын диск» премиясына ие болды. «ЕМА — 2014» халықаралық еуразиялық музыкалық премиясының иегерлері атанды. Жетістікке жету бір бөлек те, сол шыңда қалу тым басқа. Сан жылдар өтсін көп ұлтты мемлекеттің сүйігі боп өз биігінен түспеуі де себепсіз емес.
Дервишилықтардың әні тыңдарманға өмір сыйлайды. Әр сазында ғұмыр кешіп жүргендей қуаныш пен терең сезімдерге бөлейді. «Молчаливая любовь», «Тойнаме», «Гүльайим», «Зебо», «Сойгунамэ», «Хумарим», «Яркянт баглири», «Ясмин», «Ойна-ойна», «Әзиз Достар», «Айнала», «Ассалам Алейкум», «Говори о любви», «Туған ел», «Вәлләй», «Сәрваз», «Ана жутум», «Жаһаним», «Мимоза» т.с.с әуендері халықпен бірге жасап келеді. «Мимоза» армян өкілі Арно Бабаджанянның композициясына жан бітіріп сөз тулатудан туған ән. Күрделі әуезге тереңінен бойлатар құдірет осы болар сірә. Содан да жұрт «Дервишидің» әнін көптен күткен қонақкәдедей жүрекпен қарсы алады. Мұндайда «дервиши» сөзі кедей мәнінде емес тым терең мағыналы деген аталар сөзі еске түседі. Ендеше, еліміз үшін қасиетті саналған айда «Байрам» атауымен ән кешін өткізетін дервишилықтардың көбін ойландыратын осы атауының мәнісін саралап көрейік.
«Дервиши» парсы тілінен аударғанда кезбе мәнін береді. Шығыс әдебиетінде әртүрлі мағынада қолданылған. Түбі, ғалымдардың бір қатары Құдай жолындағы барын берген пақыр дегенге кеп тоқтайды. Қазақша дәруіш деген мәнге саяды. Бұл атау қаржылық сипатты ғана бейнелейді десек қателескеніміз болар, себебі оның түп тамыры рухи алыс-берісте жатыр. Мұны Дильмурат Бахаров былай түсіндіреді «Сопылықты уағыздайтындар да дервиштер саналады. Әйткенмен, біздің аталарымыздан естігеніміз бойынша бұл мүлде басқа ұғым: дервиш дегеніміз – қалаға келіп, жұртты жинап, аспапта ойнап, әр жерде, қалада не болып жатқанын айтып екі арада байланыс орнататын адам.» Осы орайда, аталмыш сөздің тағы бір мәні туады. Яки, қазір де журналистер қолындағы ақпараттық заманның рөлі кезінде дервиштерде болған. Олар қауымға ән, биін, елдердегі хат-хабарды жеткізеді, ал жұрт оларға махаббатын беріп құшақ жая қарсы алады. Атына заты сай деген қазақтың сөзі дәл келіп тұр екен мұндайда. Дервиши тобын қай елге барсын, тыңдармандары қуанышпен күтеді. Байрам түркі халқының қасиетті ай Рамазанның соңына есен-емен жеткеніне ырзалық білдіретін мерекесі. Бұлай аталуы наным түсінік пен өнердегі тығыз байланыстың көрінісі болар. Концерт Қазақстан халқы Ассамблеясы 30 жылдығы аясында өтті.
«Байрам» ән кеші студент шақтан үлкен мақсатқа ұмсынған өнер иелерінің сан жылдар бойғы еңбегінің жемісі. Үздіксіз даму мен оң жолдың арқасында «Дервишидың» негізін қалаушылар Ұйғыр ұлттық театрының басшылығына тағайындалды. Өнердегі рухи байланыс қашанда жалғасын табады. Ұйғыр ұлтының ғана емес, еліміздің таланттары.
Жиырма бес жылдық тарих ғасырлар тоғысында да тоқтамасын.
Бишер Дильназ